Бақылау бірлігі дегеніміз статистикалық мәліметтер жиынтығын зерттеуге жататын объект құрамының бір бөлігі. Бақылау бірлігін анықтау зерттеуге жататын жиынтық құрылымына, оның алға қойған мақсатына, атқаратын міндеттеріне байланысты.
Статистикалық жиынтық бірлік-жиынтықтың құрамына кіретін жеке белгісі.
Статистикалық бақылау бағдарламасы дегеніміз зерттеу кезінде алғашқы мәліметтерді жинау үшін ұғымды жинақы, ойға қонымды бақылау бірліктеріне берілетін сұрақтар тізімінің жиынтығы. Статистикалық бақылау бағдарламасына енгізілген сұрақтар мөлшері статистикалық органдардағы есеп беру формасы арқылы жинақталған көрсеткіштерге байланысты болады, өйткені әрбір өнеркәсіп орындарының, мекеменің, ұжымның, шаруашылықтың есеп беру формаларындағы көрсетілген көрсеткіштердің өзі бақылау бағдарламасы болып саналады.Бақылау бағдарламасын жасау кезінде бельгия ғалымы Кетленің ұсынған келесідей ережелерін ескеру керек:
Бағдарламаға қажетсіз сұрақтар енгізілмеуі керек және онда көрсетілген сұрақтардың жауаптары бақылаудың алдына қойған мақсатын анықтау керек.
Бақылау бағдарламасына дұрыс және нәтижелі жауап алынатын сұрақтар енгізілуі керек.
Бағдарламаға енгізілген сұрақтар жауап берушілерге кері әсер етпейтіндей, яғни оның болжамы бойынша қисынсыз жүргізілетін сияқты күдік туғызбауы керек.
Статистикалық бақылаудың формалары және түрлері
Статистикалық бланк дегеніміз бақылау кезінде берілген сұраққа жауап жазуға және қажетті мәліметтерді жинауға арналған бет-қағаз. Статистикалық бланктің жекедара және тізімдік түрлері болады. Статистикалық бақылау кезінде қолданылатын құжаттар жұмыс жабдықтары деп аталады.
Статистика органдары алғашқы мәліметтерді жинауда ұйымның негізгі екі жолын қолданады: есеп беру және арнайы ұйымдастырылған бақылау. Есеп беру дегеніміз кәсіпорындар, ұйымдар, мекемелер, жұмшарлар мен кеңшарлар және басқа да кәсіпорындар өздерінің қызметтері туралы міндетті түрде арнайы бекітілген құжаттар үлгісінде және белгіленген уақыт аралықтарында қажетті мәліметтерді тиісті органдарға және статистика органдарына тапсырып отыруы. Бухгалтерлік есеп беру формалары статистикалық мәліметтерді жинаудың негізгі көзі болып саналады. Статистикалық есеп беру екі түрге бөлінеді: жалпы мемлекеттік, яғни барлық шаруашылық жүргізуші кәсіпорындар өзінің жұмыстары туралы керекті мәліметтерді жоғарғы органдарға міндетті түрде тапсырып отырады.Ішкі ведомствалық есеп беру мемлекеттік және ведомствалық есеп беру формалары қолданылуына қарай бірүлгідегі және мамандандырылған болып бөлінеді. Барлық халық шаруашылықтарындағы салаларда бірүлгідегі есеп беру формасында көрсетілген көрсеткіштер ортақ немесе бірдей болады.Есеп беру мерзіміне байланысты мәліметтер тапсыру келесідей түрлерге бөлінеді: шұғыл, айлық, тоқсандық, жарты жылдық және жылдық. Есеп беру формаларындағы мәліметтердің келіп түсуіне қарай: почталық, телеграфтық, телефакстік болып бөлінеді. Әлеуметтік-экономикалық құбылыстар мен процестер туралы мәліметтер есеп беру формаларында толық көрсетілмеген жағдайда немесе есеп беру арқылы мәліметтер жинауға мүмкіндік болмаса, онда қажетті ақпараттарды жинау үшін арнайы ұйымдастырылған статистикалық бақылау жүргізіледі. Статисттикалық бақылауды жүргізу кезінде зерттеліп отырған объектінің жиынтық бірліктерінің толық қамтылуына қарай бақылау жаппай және жартылай болып бөлінеді. Жаппай бақылау кезінде зерттеуге жататын жиынтық бірліктер толықтай тіркеуге алынады. Ал, жартылай бақылау кезінде зерттелген жиынтық бірліктерінің белгілі бір бөліктері ғана қамтылады. Статистикалық тәжірибеде жартылай бақылау зерттеу тәсілдеріне қарай ішінара, жеке ауқымды және жиынтықтың негізгі бөлігі болып бөлінеді. Егер жалпы жиынтық кездейсоқ немесе белгілі бір тәртіппен алдын-ала іріктеліп алынған бөліктер негізінде ғылыми жүйеде зерттелетін болса, оны ішінара бақылау деп атайды. Жеке ауқымды бақылау дегеніміз статистикалық зерттеудің алдына қойған мақсатына қарай қоғамдық құбылыстардың, объектілердің кейбіреулері ғана белгілі бір мақсатта егжей-тегжейлі, жан-жақты зерттелетін, айқын жазу арқылы көрсетттін бақылау. Статистикалық зерттеудің алдына қойған мақсатына қарай жалпы жиынтықтың негізгі бөлігін құрайтын, ал үлесі жағынан аса ірі бірліктер болып саналатын құрамы зерттелетін болса, онда оны жиынтықтың негізгі бөлігін бақылау деп атайды. Статистикалық бақылауды уақыт мерзіміне қарай тіркеу үзіліссіз немесе ағымдағы және үзілісті немесе кезеңдік болып екі түрге бөледі. Статистикада мәліметтерді жинаудың бірнеше түрлері бар. Олар: тікелей қатысу, құжаттар және сұрақ-жауап арқылы. Үзіліссіз немесе ағымдағы бақылау дегеніміз болған фактілердің пайда болуына қарай тұрақты жүйелі түрде белгілі бір уақыт мерзімінде тіркеуге алуды айтады. Үзілісті бақылау дегеніміз зерттеуге алынған құбылыстар менпроцестерді ұдайы, бірақ белгілі бір уақыт аралығында тіркеуге алуды айтады. Үзілісті бақылау мерзіміне қарай мерзімдік немесе кезеңдік және бір жолғы болып бөлінеді. Егер зерттеу жұмыстарын бір уақыт аралығында тұрақты түрде жүргізілетін болса, онда ол кезеңдік бақылау деп аталады. Егер зерттеу жұмыстары бір рет жүргізілген болса, ол бір жолғы бақылау деп аталады. Бақылау жүргізу кезінде оның шектік уақыт кезеңін анықтау ең негізгі болып саналады. Шекті уақыт кезеңі дегеніміз зерттеу жұмыстарын есепке алатын күн және уақыт мерзімі.