Статистикалық бақылаудың тәсілдері
Статистикада мәліметтерді жинаудың бірнеше жолдары бар. Бақылауға жататын объектінің әрбір жиынтық бірліктерін адамның өзі өлшеу, санау арқылы есепке алатын болса, ол тікелей қатысу арқылы мәліметтер жинау тәсілі деп аталады. Статистикалық бақылау кезінде қажетті мәліметтер тиісті құжаттармен куәләндірілсе, яғни есеп беру формаларының негізінде жиналса, ол құжаттар арқылы мәліметтер жинау тәсілі болып табылады. Кейбір жағдайларда қажетті мәліметтерді тікелей өлшеу, санау құжаттар арқылы жинауда мүмкіндік болмайды. Мұндай жағдайда мәліметтерді жинау үшін сұрақ-жауап тәсілі қолданылады. Сұрақ-жауап тәсілі дегеніміз қажетті мәліметтерді сұралушы адамның айтқаны бойынша сұрақ немесе санақ қағаздарында жазып алу арқылы жинау. Бұл тәсілдің экспедициялық, тілшілік, сауал-сұрақ, өзін-өзі тіркеу сияқты бірнеше жолдары бар. Экспедициялық тәсілмен мәліметтерді жинау екзінде арнайы дайындықтан өткен адамдар сұралушымен келісілген уақытта кездесіп, қажетті мәліметтерді ауызша сұрау арқылы қағаздарға толтырып статистика мекемелеріне өткізеді. Бұл тәсілмен мәліметтерді жинау үшін статистика мекемелерінің қызметкерлері сұралушыларға арнайы үлгідегі сұрақ қағаздарын таратып береді және оны толтыру тәртібін түсіндіреді. Тілшілік тәсілмен мәліметтерді жинау байланыс бөлімшелері арқылы ерікті түрде жүргізіледі. Сауал-сұрақтық тәсілмен қажетті мәліметтерді жинау сұралушының келісімі бойынша ерікті түрде жүргізіледі.
5.Статистикалық бақылау кезінде жіберілетін қате және оны тексеру тәсілі
Статистикалық қате дегеніміз нақты факты зерттеу нәтижесі көрсеткіштер арасындағы сәйкессіздік айырмашылықтарды дұрыс санамау, түрлі себептерге байланысты бұрмалаушылықтар. Бақылау мәліметтерінде жіберілген қателер екі түрге бөлінеді: репрезентативті және тіркеу кезіндегі қате. Тіркеу кезіндегі қате әлеуметтік-экономикалық құбылыстар мен процестердің өзгеруіне әсерін тигізетін фактілердің дұрыс анықталмауы нәтижесінде пайда болатын қате. Ол дұрыс жазбағандықтан, тіркеулерді дұрыс жүргізбегендіктен, бұрмалау мен қате есептеудің салдарынан болады. Бұл қателердің өзі фактілердің біртектілігіне қарай кездейсоқ және жүйелі түрде жіберілетін қате болып есептелінеді. Жүйелі түрде ұдайы жіберілетін қате қасақана, әдейі жіберілген және абайсызда, байқаусызда жіберілетін болып бөлінеді. Абайсызда, байқаусызда жіберілетін қате әдейі жасалмайды, ал қасақана немесе әдейі жіберілетін қате алдын-ала ойластырылған, көбейтіп немесе кемітіп жазу арқылы жасалған қателер. Тексеру қисынды түрде тексеру және есептеу арқылы тексеру болып бөлінеді. Қисынды түрде тексеру дегеніміз статистикалық бағдарламаларда көрсетілген сұрақтарға қайтарылған жауаптардың өзара байланысын бір-бірімен салыстыру арқылы жіберілген қатені түзету. Есептеу арқылы тексеруде жалпы жиынтық көрсеткіштердегі жіберілген қателерді түзету үшін орта шаманы және процентті қайта есептеу тәсілін қолдану арқылы түзету енгізіледі. Статистика органдары осы тексерулерден басқа жоспарлы түрде әрбір шаруашылық жүргізуші субъектінің есеп беру формаларындағы көрсеткіштердің дұрыстығын тексереді. Оның өзі тақырыпты, кешенді және жаппай болып үшке бөлінеді. Тақырыпты тексеруде жеке кәсіпорынның белгілі бір формасы немесе оның көрсеткіші алынады. Кешендік тексеруде кәсіпорынның барлық есеп беру формалары түгелдей тексеріледі. Жаппай тексеруде барлық есеп беретін кәсіпорынның белгілі бір есептеу формасы немесе көрсеткіші толығымен тексеріледі.
Өзін-өзі тексеру сұрақтары немесе тесттер
1.Статистикалық бақылау дегеніміз не?
2.Статистикалық бақылаудың қандай негізгі формалары бар?
3.Статистикалық бақылаудың қандай түрлері бар?
4.Статистикалық бақылаудың қандай тәсілдері бар?
5.Статистикалық бақылау кезінде қандай қателіктер кездеседі?
6.Қателерді түзетудің қандай әдістерін білесіз?
Достарыңызбен бөлісу: |