СТУДЕНТТЕРДІҢ ОҚУДАҒЫ ЖЕТІСТІКТЕРІН БАҒАЛАУ ЖӘНЕ БАҚЫЛАУ МАТЕРИАЛДАРЫ
«ХХ ғасырдың 40-60-жылдарындағы қазақ әдебиетінің тарихы» пәні бойыншаемтихан сұрақтары
XX ғасырдың бас кезіндегі қоғамдық жағдай және әдебиет
XX ғасыр – шырғалаңы көп ірілі-уақты оқиғаларға толы
ғасыр болды. Бұл ғасырда екі үлкен дүниежүзілік соғыс, бірнеше
төңкеріс өтті. Әсіресе дүниені дүр сілкіндірген Ресейдегі Қазан
төңкерісі қоғамның бейбіт дамуын асты-үстіне шығарған үлкен
өзгерістер әкеліп, оның зиянды зардаптарын талай халық, талай
ұлт бастарынан кешірді.
Оның басты себебі бұл ғасырдың өзі кеңес өкіметі
құрылғанға дейінгі және одан кейінгі кезеңдердегі ұлттық деген
көзқарастың, тіл саясатының өзгеріп тұруымен байланысты еді.
XX ғасырдың 20-30 жылдары болса, қазақ
әдеби тілі дамуындағы «алтын ғасыр» (кезең) деп саналса, 40-
50-жылдар, керісінше, әдеби тіл дамуына кері әсерін тигізген
кедергілер мен қыспақтардың орын алған жылдары болды.
XX ғасырдың басында қазақ даласында ұлт-азаттық
қозғалыстармен қатар түрлі саяси-идеялық бағыттар да кең өріс
алды. Мұның негізгі себебі – қоныс аударушылар келуімен
байланысты елдің ата-қонысынан айрылуы, халықты
орыстандыру саясатының ашықтан-ашық сипат алуы болды.
XX ғасырдың басында қазақ тілінде жарық көрген прозалық
шығармалар, ауыз әдебиеті шығармалары мен шығыс
әдебиетімен тақырыптас қисса-дастандар, оқу-педагогикалық
сипаттағы кітаптар, аударма әдебиет үлгілері, жеке ғылым саласы
бойынша жарияланған ғылыми-көпшілік әдебиеттер, ресми
материалдар мен әдебиеттер, газет-журналдар беттеріндегі
публицистикалық материалдар сол тұстағы әдеби тіліміздің
сапалық жағынан өсіп, стильдік жағынан саралана түскенін
танытады. Алайда, аталған жазба әдебиет нұсқалары мазмұн
жағынан ғана емес, тілдік ерекшеліктері, әдеби тілге тән сипаты,
оның әрі қарай дамуына үлес қосуы жағынан да әркелкі болды.
Мәселен, XX ғасыр басында халық арасында ерекше
сұраныс туғызып, бірнеше рет басылым көрген қисса-хикая
аталған поэзиялық шығармалар мазмұны жағынан діни наным-
сенімді, азаматтық, адамгершілік қасиеттерді насихаттап,
оқиғасы көбінесе қиял, ертегі іспеттес, көркемдік сапасы төмен
болуына қарамастан, қазақтың жазба әдеби тілінің даму тарихынан белгілі дәрежеде орын алды.
XX ғасыр басындағы нағыз қазақ романының үлгісі дерлік
шығармалар – С.Көбеевтің «Қалың мал», С.Торайғыровтың
«Қамар сұлу», Ж.Аймауытовтың «Қартқожа», М.Дулатовтың
«Бақытсыз Жамал» т.б. болды. Бұл шығармалар тілі көркемдік
құралдарға бай, халық тілінің небір шұрайлы, образды сөз
тіркестері шебер пайдаланылған.
Қазақ әдеби тілін қалыптастырып, дамытуда мерзімді
баспасөздің ерекше рөлі болғаны сөзсіз.
XX ғасырдың бас кезіндегі оқу-ағарту жүйесі және баспасөз («Қазақ», «Айқап» т.б)
XX ғасыр басында бірер саны шығып, әр түрлі себептермен
жабылып қалған «Серке», «Қазақ», «Мұғалім», «Сары Арқа»,
«Тіршілік», «Үш жүз» т.б. газет-журналдарды есептемегенде,
1911-13 жылдары 17 саны шығып тоқтап қалған «Қазақстан»
газеті, 1911-15 жылдары шығып тұрған (барлығы 88 нөмірі
шыққан) «Айқап» журналы, 1913-18 жылдары үзбей шығып
тұрған «Қазақ» газеті қазақтың жазба әдеби тілін дамытуда, оның кейбір стильдік тармақтарын жетілдіруде зор қызмет
атқарды. Бұл газет-журнал беттерінде әдебиетіміздің әр түрлі
жанрлары сараланып, қалыптаса бастады, публицистика тіліне
тән көптеген сөздер, сөз тіркестері, грамматикалық тұлғалар
тұрақталды. Бұл кездегі жазба әдеби тілді сипаттайтын
нұсқалардың қатарына аударма әдебиеттер де жатады.
XX ғасыр басындағы ағартушы-демократтардың үлкен
тобы, негізінен алғанда, өмір жаңалықтарына бейімделуге, жерге
орналасып, мәдениетті елдер қатарына жетуге, өнер-білімге
шақырды. Өз шығармаларында халық тұрмысындағы ірілі-уақты
қайшылықтарды бейнелеп, ел алдындағы маңызды проблемаларды көтерді.
Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов т.б өз ұлтының сана-сезіміне сәуле шашып, қазақ халқын азаттық, бостандық, теңдік жолындағы күреске шақыру үшін ұлттық баспасөздің, ұлттық басылымдардың
қазақша шығуына ат салысты. Сол кездегі қоғамдық-саяси ойды бір
арнаға бағыттап, халық санасын оятуда, әлеуметтік мәселелерді шешуге
ұлттық баспахана мен ұлттық бапасөз ашу қажеттігін жақсы түсінген.
М.Сералин, Ш.Бөкеев, Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов
т.б. қазақтың көрнекті зиялылары ана тілінде баспасөз ашып,
оқулықтар жазып шығару жұмысын қолға алды.
Қазақ әдебиетінде проза жанрының тез өркендеуіне XX
ғасырдың басында қоғам өміріне батыл араласа бастаған баспасөз
ісінің жедел өркендеуі ерекше ықпал етті. Сол кезеңде жарық
көрген газет-журнал беттерінен көркем әңгіме, очерк, шебер
аудармаларды жиі кездестіруге болады. Мысалы, «Айқап»
журналы бетінде Ә. Ғалымовтың «Бейшара қыз», Ж.Тілеулиннің
«Ат үстінде көрген түс», С.Торайғыровтың «Ауырмай есімнен
жаңылғаным» т.б. әңгімелер жарияланды.
Қазақ тілінде толыққанды тұңғыш басылымдар дүниеге келе
бастады. Бұларға 1911-13 жылдары 17 саны шығып тоқтап қалған
«Қазақстан» газеті, 1913-18 жылдары үзбей шығып тұрған
«Қазақ» газеті жатады. Бұлар қазақ халқының бостандығы мен
қазақ жерлерін біріктіру, қазақ тілінің өркендеуін түпкі
мақсаттарына айналдырды.
XX ғасырдың басында қазақ зиялыларының көрнекті өкілдері
іс-қағаздарын қазақша жүргізу мәселесін де қолға алады.
XX ғасыр басындағы қазақ әдебиеті мен мәдениеті
тарихында Ыбырай, Абай негізін қалаған дәстүрді
жалғастырушылардың: Шәкәрім Құдайбердиев, Сұлтанмахмұт
Торайғыров, Спандияр Көбеев, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып
Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Сәбит
Дөнентаев, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет
Майлин, Ғұмар Қараш, М.Әуезовтердің т.б. ағартушы бағыттағы
көптеген ақын жазушыларымыздың алатын орны айрықша. Олар
Абай дәстүрін жалғастырып қана қойған жоқ, сонымен бірге түр
жағынан түрлендіріп, мазмұн жағынан байытып, дамыта түсуге
де ықпал етті.
Ағартушылық, азаматтық идеялардың халық арасына кең
тарауына сол кезеңде көптеп ашыла бастаған мектептер мен түрлі
оқу орындары, баспа мен баспасөз ісінің жолға қойылуы зор
ықпал етті.
1914-15 оқу жылында жалпы білім беретін мектеп саны
2006-ға жетіп, оларда 105,1 мың оқушы оқыды. Сонымен бірге
қазақ балалары Орынбор, Ташкент, Троицк, Уфа, Қазан,
Самарқанд, Бұқара, Омбы т.б. қалалардағы орта дәрежелі
медреселер мен оқу орындарында оқыды
Діни-ағартушылық бағыт өкілдері.Шығармашылықтарының ерешеліктері.
Діни-ағартушы ақындар шығармашылығына негіз болған қазақ поэзиясының арғы арналарындағы Ахмет Яссауи, Рабғузи, Ахмет Игүнеки т.б. шығармашылықтары мен әдебиеттегі діни сарындар. Жалпы алғанда, діни-ағартушы ақындар өз дәрежесінде қазақ поэзиясының көркемдік деңгейін биікке көтерді. ХХ ғасыр басындағы поэзияның жанрлық тұрғыдан баюына елеулі үлес қосты.
Діни-ағартушы бағытта шығармашылық мүмкіндіктері әртүрлі ақындар еңбек етті. Бірақ шығармасының мазмұны, түрі әрқилы, идеялық көзқарастары сан алуан, шеберлік деңгейі түрліше болғанымен, бұл бағыттағы ақындарға тән бірнеше басты белгілер бар. Бірінші белгісі – бұлар – діни мектептерде оқып мұсылманша білім алған ақын-жазушылар. Олардың орыс оқуымен, орыс жазушыларының шығармаларымен атүсті ғана таныстығы болды. Екіншіден, бұлар – шығыс әдебиетін, оның түрлі әдеби мектептерін жетік біліп, озық үлгілі дәстүрін, көркемдік тәсілдерін өз бойына үйір етіп, өз шығармаларын сол деңгейде жазуға талпынғандар. Үшіншіден, бұлардың көпшілігі ірі медреселерде білім алып, Ташкент, Бұқара, Қазан, Стамбул сияқты діни орталықтарда болып, ислами әдебиеттің классикалық үлгілерімен танысып, діни ілімнің қыр-сырын меңгергендер.
Бұл бағыттағы ақын-жазушылардың кейбірі Шәді Жәңгіров, Ақылбек Сабалұлы, Жүсіпбек Шайхысламұлы, Шораяқтың Омары, Мәулекей Жұмашев және т.б. бірыңғай қиссашылдықпен айналысып, шығыс, ислам сюжеттеріне шығарма жазып, нәзирашылдықты дамытты. Олардың шығыс сюжетінен, діни кітаптардан аударып, өз бетінше жазған шығарма-дастандарын мынадай топтарға бөлуге болады. Діни тақырыптағы қиссалар: «Зарқұм», « Кербаланың шөлінде», «Сал-Сал», «Мұхамед-Ханафия», «Сүлеймен пайғамбар», «Жұм-Жұма» т.б. Қиял-ғажайып ертегі іспетті қиссалар: «Шәкір-Шәкірат», «Шаһмарал», «Абушахма» т.б. Ғашықтық қиссалар: «Жүсіп-Зылиқа», «Таһир-Зухра», «Ләйлі-Мәжнүн», «Боз жігіт» т.б. Батырлық қиссалар: «Рүстем-Дастан», «Кескен бас», «Ескендір», «Қисса Баһрам» т.б.
Шығыстық үлгідегі қисса-дастандарды көбірек жазу арқылы қалыптасқан өзгеше әдеби дәстүр қазақ даласына кеңінен қанат жайды. Ол Алатауда да, Атырауда да, Сырда да, Жетісуда да өз жемісін беріп, небір майталман жүйріктерді еліктірген. Ал бұл бағыттағы көрнекті өкілдер діни ағарту тұрғысынан ұлттық поэзиямыздың өресін биікке көтеріп, әдебиет тарихында өзіне ғана тән ақындық қолтаңбасын қалдырған өнерпаздар.
Берілген өлең жолдарының авторын анықтап, ол жайлы мәлімет беріңіз.
Үзіндіге идеялық-тақырыптық талдау жасаңыз.
Ағартушы-демократтық бағыт өкілдері. Шығармашылықтарының ерекшеліктері.
XX ғасырдың бас кезінде демократтық ағартушылық бағытта дамыған қазақ әдебиеті бір ғана белгілі кезеңнің жемісі емес, қайта өткен ғасырда Ыбырай, Аьайлар негізін салған прогресшіл демократиялық-ағартушылық бағытта дамыған жаңашыл әдебиетіміздің заңды жалғасы, жаңа кезеңдегі көрінісі болып табылады.
XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиетінің көптеген өкілдерінің шығармалары өз кезінде баспасөз беттерінде, әсіресе “Айқап” журналында жарияланып немесе өз алдына жеке кітап болып басылып шығып, жарық көріп отырды.Мысал ретінде осы дәуір әдебиетінің көрнекті өкілдері болып табылатын С. Торайғыров, С. Дөнентаев, С. Көбеев, Т. Жомартбаев, М. Сералин, Ә. Тәңірбергенов, Б.Өтетілеуов, Ә. Ғалимов шығармаларын атауға болады. Бұл аталған ақын, жазушылардың, демократтық бағыттағы әдебиет өкілдерінің шығармаларында XIX ғасырдағы классикалық әдебиетімізде, әсіресе Ыбырай мен Абай творчествосы арқылы келіп қалыптасқан жаңашыл дәстүрлер әрі қарай дамыды.
Бұл дәуірдегі демократтық-ағартушылық бағыттағы әдебиет өкілдері өздерінің шығармаларында қазақ тұрмысындағы ескілік қалдықтарын, патша үкіметі мен қазақ феодалдарының халыққа, еңбек адамына істеп отырған озбырлықістерін батыл сынады.Әйелдердің бостандығы мен теңдігін сөз ете отырып, қалың мал тәрізді ескі салт-сананы, қожа-молдалардың бойындағы теріс істерді әшкереледі. Халықты еңбекке, оқу-өнерге, мәдениетке шақырды. Олар осы тәрізді қоғамдық, тарихи үлкен маңызы бар соны тақырыптарды кеңінен сөз ете отырып, жаңа өмірді, әділет заманын, бақытты тұрмысты болашақтан күтті, келер күнге зор үмітпен, сеніммен қарады.
Сөйтіп, XX ғасырдың бас кезіндегі, ұлы төңкеріс қарсаңындағы демократтық бағыттағы әдебиетіміз сол кезеңнің ілгерішіл сипатымен сана-сезімі ояна бастаған халқымыздың қоғам дамуы алып келе жатқан жаңалыққа барынша бой ұрып, еркіндікке ұмтылу талаптарымен тығыз байланысты болады. Қазақ халқы өзін ілгері ұмтылып іргелі, мәлениетті ел болуға, еңбекке, өнер-білімге, ғылымға шақырған демократ жазушылардың, ақындардың прогресшіл үніне қатты құлақ қойып, олармен бірге келер жаңа заманды, әділдіктің туан көтерер еркіндік заманын асыға ынтыға күтті.
XX ғасыр басындағы демократтық-ағартушылық бағытта жазған ақын, жазушылар саны жағынан да, шығармашылық сапасы жағынан да біршама баршылық.
Ақмолла Мұхамедиярұлы өмірі мен мұрасы.
Ақмолла, Муфтахетдин Камалетдинұлы Мұхамедияров (26.12.1831, қазіргі Башқұртстан Республикасы Белебей ауданы, — 8.10.1895, Миас ауданы, Сарласан ауылы) – айтулы башқұрт ақыны және ағартушысы.
Өзін “жәдитшілдік” ағымның бастаушысы Ш.Маржанидің шәкіртімін деп есептеп, оның ағартушылық жолын дәріптейді. Ақынның көзі тірісінде 1892 жылы “Дамулла Шиһыбеддин хазіреттің мәрсиясы” (қазақша “мәрсия” — жоқтау) деген жалғыз кітабы жарық көрген. Бұл кітап Ақмолла есімін қазақ, татар, башқұрт арасына кеңінен таратты. Ақынның бірсыпыра өлеңдері 1904 жылы “Ақмолла” деген атпен, біршама толық жинағы 1907 жылы “Мәшһүр шиғыр Ақмолланың өлеңдері” деген атпен жарық көрді. Ақын өз өлеңдерінде жаңа ағымның басшысы Маржаниді мадақтады, жаңашылдықты, өнер-білімді, қоғамдық пәндер мен орыс тілін медресе жүйесіне енгізу туралы мәселелерді жырлады. Ақмолла өлеңдерінде араб, парсы, кітаби сөздер жиі кездессе де, ойы орамды, тілі бейнелі, көркем кестелі келеді. “Көктем”, “Жаз”, “Күз”, “Табиғат құбылыстары” тағы басқа өлеңдері арқылы қазақ поэзиясындағы табиғат лирикасының дамуына айтарлықтай үлес қосты. 1911 — 1916 жылдары Троицкіде шыққан сатиралық журналдың “Ақмолла” аталуы да ақынның халық арасына кең тараған шығармашылық беделінің айғағы. С.Сейфуллин 1935 жылы Ақмолла өлеңдерін құрастырып, “Ақмолла” өлең жинағы деген атпен жеке кітап етіп шығарды. Оған өзі алғы сөз жазды. 1981 жылы Ақмолланың туғанына 150 жыл толуы салтанатпен мерекеленді. Мәскеуде оның өмірі мен шығармашылығына арналған жұртшылық өкілдерінің жиналысы өткізілді. 1986 жылы ақын өлеңдері “Күндер мен түндер” деген атпен қазақ тілінде басылды. Ақын кісі қолынан қаза тапқан. Миас қамалының зиратында жерленген. Ақмолланың туған ауылында мемлекеттік мұражайы жұмыс істейді.
Өлеңдері сыни-философиялық, ағартушылық көзқараста жазылды.Башқұрт ақыны С. Қүдаш: «Үш ақынның алған бағыттарына үңіле қарасақ, Абай мен Ыбырай, Ақмолла творчестволары өзара үндесіп жатқанын байқаймыз»деп Ақмолланың өлеңдерін («Жастық ізімен», М., 1967) жоғары бағалады. 1911-16 жылдары Троицкі қаласында «Ақмолла» атты әдеби журнал шығып тұрды, С. Сейфуллин Ақмолланың өлеңдер жинағын құрастырып, алғы сөз жазып, 1935 жылы Алматы қаласында қазақ тілінде бастырып шығарды. Әдебиет және өнер институтының фольклор бөлімінің меңгерушісі, абайтанушы ретінде Әуезов Ақмолланың шығармаларын жинауға, зерттеуге үлкен көңіл бөлді.Д.Қашқынбаев, Т. Ізтілеуов, О. Шипин тапсырған Ақмолла өлеңдерінің қолжазбалары институттың қорында сақтаулы. «Зар заман» ақындары» мен «Абайдың ақындық мектебі», «Кітаби ақындар» туралы 1949-53 жылдары саяси-идеологиялық қысым тұсында Ақмолланың мұралары да қатты сынға алынды. Алайда Әуезов өзінің ғылымдағы шәкірттеріне жазған хаттарында бұл ақынға ерекше көңіл бөліп, зерттеуге кеңес берді. «Ақмолла» журналының атына еліктеп, Ж. Аймауытов екеуі 1918 жылы «Абай» ғылыми-көпшілік журналын шығарды
Мәшһүр Жүсіп Көпеев мұрасы.
Қазақ тарихында Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының алар орны ерекше. Жас кезінде Шығыс әлемінің білімімен сусындаған, кейіннен орыс тілін меңгеруі арқылы Батыс өркениетінің де ғылыми жаңалықтарымен танысқан ол тарих, этнология (шежіре нұсқалары), фольклористика (жинастырған ауыз әдебиет үлгілері), әдебиет (ақындығы), тіл тарихы, этнография (қазақ халқының салт – дәстүрі туралы шығармалары), философия, медицина (емшілік, дәрілік өсімдіктер туралы), космология ғылым салаларына арналған еңбектерді жазып қалдырды. Мәшһүр Жүсіп 1858 жылы Баянауылдағы Қызылтаудың Найзатас деген жерінде ережеп айы, жұма күні, бесін кезенде Көпей шаңырағында дүниеге келді.
Мәшһүр Жүсіп жасында ауыл молдасынан дәріс алып, хат таниды. Бес жасында Баяндағы Байжан Смағұлұлының медресесінде Нәжімалдин хазіреттен, кейін 8 жасында Қамариддин хазіреттен оқи бастайды.
1865 жылдан 7 жасар кезінен халық әдебиеті үлгілерін жинай бастағанын анықтарлық дерек жанұялық архивте сақталған. Мәшһүр Жүсіптің жырлауындағы «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Алтынбас-Күмісаяқ» жырларының варианттары бар. «Қамбар батыр», «Ер Тарғын», «Ер Көкше», «Сайын батыр», «Нәрік ұлы Шора батыр» да сүйікті жырлары болған. Әлкей Марғұлан жазбасында «Сүйіндік: Олжабай батыр» ертегісінде «Сақау ақынның айтуынан 1865 жылы жазып алған Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы» деген мәлімет бар. Сонымен қатар ақынның мұрасын жинаушы Жолмұрат Жүсіпұлы жазбасында сабақ беруші Қамар хазіреттің бұл өнірге белгісіз төрт түрлі өлең-қисса әкелгендігі, оларды сегіз жасар шәкірт Мәшһүр-Жүсіптің қолжазбадан көшіріп, жаттап алып, ел-жұртқа жайғандығы әңгімеленеді.
1870 жылдары Хамеретдин хазіреттің медресесін бітіріп, мұсылманша орта білім алып шығады. Ауыз әдебиеті нұсқаларымен ерте танысып, халықтық жыр – дастандарды жаттап өседі. Өзінің алғырлығын, сөз өнеріне бейімділігін ол ерте – ақ танытады. Ақындық жолға бой ұруы, түсуі – 15 жасында басталған.
Мәшһүр Жүсіп 1875 жылдан бастап біраз уақыт ауылда бала оқытып, қаражат жинайды. Білімін толықтыру мақсатымен 1886 жылы Бұхараға келіп, діни жоғары оқу орнында оқиды. Сосын оқуын Ташкентте жалғастырады. Осы жылдары Орта Азияны аралап, Самарқанд, Ташкент, Түркістан, Бұқара т.б. қалаларда болды. Ол осы жылдары түрколог – академик В.В. Радловпен танысып, ауыз әдебиетінің нұсқаларын жинап бастыру ісімен айналасты. Мәшһүр Жүсіп 1887-1890 жылдары бірнеше рет Орта Азияны аралап, Самарқанд, Ташкент, Түркістан, Бұхара қалаларында болады. Араб, парсы тілдерін үйреніп, Шығыстың классикалық әдебиетінен сусындаған. Ол осы жылдары Қазанға сапарға аттанып, түрколог ғалымы В. Радловпен танысып, ауыз әдебиетінің үлгілерін жинаумен айналысты. Кейін келе Мәшһүр қазақ фольклорының ең жүйелі жинақтаушысы болды.
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының саналы ғұмырында бір сәт те қолынан қаламы түсіп көрмеген, бір жағынан жазып, екінші жағынан өнер-ғылым үйреніп, жатпай-тұрмай ізденіп жүріп, Қазан төнкерісіне дейін 1907 жылы бір жылдың ішінде үш бірдей кітабы жарық көрген алғашқы «Хал-ахуал» кітабы төрт бөлімнен тұрады: 1. «Хал-ахуал» (208 жол), 2. «Баяннама» (248 жол), 3. «Патша хақында» (144 жол), «Ғибратнама» (4 бөлімнен тұрады). 1906 – 1907 жылдары – М. Ж. Көпейұлы шығармашылығының идеялық жағынан терендей түскен дәуірі. Бұл жылдары жазған шығармалары тегісінен қазақ халқының бостандық, саяси-экономикалық құқықтарымен байланысты болып келеді.
1912 жылы патша әкімшілігінің цензурасы назарына Мәшһүрдің 1907 жылы бастырылған кітаптары алынып, татар аудармашысының тәржімалауынан кейін 3 кітаптың екеуінің мазмұны Ресейдегі патша билігіне қарсы мақсатта жазылған деп танылып, 1912 жылы екінші рет басылған 3 кітап баспахананың өзінде «тұтқындалынып», 12 000 сом айып салынып, 14 кісі айыпқа тартылады. 1912 жылдан бастап қудалана бастағанда, өзінің жинаушылық жұмысын тоқтатпайды.
Мәшһүр Жүсіп өмірінің соңғы жылдарында, дәлірек айтқанда, Кеңес өкіметінің тұсында өзінің жазған шығармалары мен ел аузынан жинап-терген ауыз әдебиеті үлгілерін қағазға түсірумен шұғылданады. Ақын 1931 жылы өзінің ауылында дүниеден қайтады. Айта кететін бір жай – ол қайтыс боларынан бір жыл бұрын өкімет саясатына қарсы оғаштау бір мінез көрсетеді. Күні бұрын бейітін тұрғызып, жаназасын шығарып, өзінің көзі тірісінде өзіне ас бергізеді. «Жетпіс үшке шыққанша балталасаң да өлмеймін, жетпіс үшке шыққан соң сұрасаң да тұрмаймын», – деген сөзі дәл келеді. Осы бір жайлар ел арасында әңгіме аңыз боп тарап, ауыл адамдарды өлгеннен кейінгі жерде Мәшһүр Жүсіпті әулие тұтып, басына келіп тауап өтуді, түнеуді шығарады. Ал, саяси идеология үстемдік құрған кезеңде бұл жағдай көпе-көрнеу ақынға пәле болып жабысты. Оның әдеби мұрасын тексеріп, дұрыс тануға көпке дейін залалын тигізеді.
Бүгінде қасиетті әулиенің мұраларын насихаттау бағытында түрлі шаралар ұйымдастырылып келеді. Мәшһүртану мен Мәшһүр Жүсіп оқулары жылдағы дәстүрге айналып, жас ұрпақ ұлы ғұламаның еңбектерін саналарына тереңнен сіңіруде.
2001 жылы Павлодар қаласында қасиетті Мәшһүр Жүсіп атындағы орталық мешіт ашылды. 2003 жылы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің алдындағы алаңда қолдан бюст-ескерткіші орнатылды. 2006 жылы Мәшһүр Жүсіп әулие басына зәулім кесене тұрғызылды.
«Әділ-Мария» романының тақырыбын, авторын анықтаңыз, кез келген кейіпкерге мінездеме беріңіз.
Ш.Құдайбердіұлы “Әділ мен Мария” романын 1925 жылы жазған. Бұл көрнекті қаламгердің кемеліне келген, көлемді, күрделі шығармалар жазуда мол тәжірибе жиған шағы. Алайда, түрлі қоғамдық, әлеуметтік және шығармашылық мәселелерге байланысты бұл романның қолжазбасымен қаламгер алаңсыз айналыса алған жоқ. Шығарманың тұңғыш рет жарық көруі 1988 жыл.
“Әділ мен Мария” – ХХ ғасыр басындағы көркемдік ізденістерді көрсете алатын қазақ романдарының бірі. Автордың “Қайғылы роман” деуіне қарағанда романдағы сентименталды пафосты қаламгердің айрықша көрсеткісі келген тәрізді.
Романда болған уақиғаның уақыты мен орны, қатысқан адамдар аталады. Қаламгердің уақиға желісін сақтай жазуға ұмтылғаны да аңғарылады, алайда, замана, уақыт тілін түсіне алғаш Ш.Құдайбердіұлының өз толғамдары мен ой әуендері де аз емес.
Жастардың сүйгенімен қашып, артының үлкен айқай-шуға, дауға ұласуы, уақиғаның көбіне трагедияға айналуы қазақ әдебиетіндегі дәстүрлі тақырып. Ал дәулетті әкелері атастырып, бірін бірі сүйіп қосылған жастардың, ерлі-зайыптылардың арасын, отбасын бұзу - әдебиетіміздің тарихында сирек кездесетін нәрсе. Әдетте, мұндай әрекет шығарма мазмұны арқылы да, авторлық (кең мәнінде) көзқарас тұрғысынан да айыпталады, Ш.Құдайбердиев те осы дәстүрді қолданады.
“Әділ мен Мария” романында біреудің некелі әйелін зорлықпен тартып алмақ болу, жаңа қоғамдық қатынастарға байланысты ғана мүмкін болып отырғаны жүйелі түрде суреттеледі. Осыны жақсы білетін Еркімбек ешнәрседен тайынбаса, әкесі амал іздейді. Пәленің бәрін заңдастыруды ойластырады. Сол заңдардың арқасында Әділ отбасын трагедияға ұшыратып, екі бірдей адамды жазықсыз құрбан қылып, теңдік бермей кетіп отыр.
Жазықсыз жер аударылған, қашып келіп некелі әйеліне жолығып жүрген Әділ-ресми үкімет алдында қашқын. Оны өлтірген Еркімбек өзін үкіметке қашқынды ұстаушы тәрізді көрсетеді. Жаңалықтарды өзінше пайдаланған билік басындағылар, зорлықтары қаншалықты ірі болса да теңдік бермей құтылып кетеді. Автор мақсаты Еркімбектердің жазаға ұшырағанын көрсету, дәстүрлі қазақ әдебиетіндегідей ақтық финалды суреттеу, әңгімені түйіндеу емес. Мақсат өзгеде. Шығарманың идеялық бағыты, тақырыптық мазмұны, тек қана әйел теңсіздігіне, махаббатқа арналып отырған жоқ. Мәселе, қазақ әйелінің, қызының рухани әлемі, мақсаты, сүйгені, махаббаты бар деген түсінікке келе алмаған қазақты ескі салт-сананың жаңа заманда да қандай сұмдық трагедияға бара алатынын көрсетуде.
Нұржан Наушабаев өмірі мен шығармашылығы.
Достарыңызбен бөлісу: |