Студенттердің терең білім алуы үшін бірқатар пәндердің кейбір тақырыптарын меңгеруіне тура келеді


Ауызекі сөйлеу стилінің жалпы сипаттамасы



бет29/106
Дата16.10.2023
өлшемі1,24 Mb.
#116524
1   ...   25   26   27   28   29   30   31   32   ...   106
Байланысты:
367986 (2)

Ауызекі сөйлеу стилінің жалпы сипаттамасы
Функционалдық стильдердің ішінде ерекше тілдік жүйеге құрылған ауызекі сөйлеу стилі қазақ ұлттық әдеби тілінің жіктелуінде айырықша орын алады.
Тұрмыстық қарым-қатынаста ауызекі сөйлеу тілі қолданылады. Оның өзіне тән фонетикалық, лексикалық, морфологиялық, синтаксистік еркшеліктері бар. Ол тұрмыстың күнделікті қарым-қатынас тілі болса да, функционалдық стильдердің негізгі жүйесін құрайды. Ауызекі сөйлеу стилінің өзіне тән ерекшелігі алдын ала дайындықты қажет етпейтіндіктен, еркін қолданысқа түседі, сондықтан ауызекі сөйлеу тілімен тығыз байланысты жұмсалады.
Ауызекі сөйлеу стилін Е.А.Заемская және т.б зерттеушілердің бірқатары ауызекі сөйлеу стилі ерекше тіл деп санайды [16]. Ал басқа ғалымдар тобы, мысалы, О.А. Лаптева ауызекі сөйлеу стилінің жалпы ерекшеліктері функционалдық стильдердің ауызша түрінің бәрінде ұшырасатындығын айтады [17].
Қазақ ғалымдарының ішінде Р.Сыздықова ауызекі әдеби тіл, ауызша әдеби тіл деп екіге бөледі. Ауызекі әдеби тілге қазіргі функционалдық стильдердің ресми, ғылыми, публицистикалық стильдердің ауызша формасын жатқызуға болады, себебі, ауызекі әдеби тілге Р.Сыздықова былайша анықтама береді: «Ұлттық әдеби тілдің жазу өнері шыққанға дейінгі үлгісі, сөз өнері хатқа түспей тұрған ерте дәуірдегі қазақ елінің қоғамдық-әлеуметтік реттеу үшін тұтынылған бейнелі, асқақ стильге құрылған сөз саптау үлгісі» [18, 148-б.]. Олай болса, ұлттық әдеби тілдің жазбаша түрі шыққанға дейін дамыған түрі бүгінгі ауызекі сөйлеу стилінің негізі болып табылады.
Ауызекі сөйлеу стилінде сөйлеу объектісі – адресант және қабылдаушы, адресат. Адресат пен адресант прагматикалық факторға жатады, ерекше стиль түзуші тәсіл болғандықтан прагматикалық орталық категориясына кіреді. Ауызекі сөйлеу стилінде адресант стилистикалық мүмкіндіктерді адресатқа ықпал етіп жеткізу үшін жаңа білім қорын игеру қажет, ол стильдік фон деп аталады.
Ауызекі сөйлеу стилінде прагматикалық фактордың қатарына жататын тыңдаушыға айырықша көңіл аударуды қажет етеді. Мысалы, айтушы ыстық десе, тыңдаушы шөлдедің бе деп, айтушының айтқысы келген сөзін айтып бере алады. Ауызекі сөйлеу стиліндегі прагматикалық фактор деректі ситуацияны білдірмейді, бірақ коммуникативтік актінің маңызды бөлігі болып саналатын тілдік емес ситуацияны өзара әрекеттестік үстінде толық есепке алып отырады. Олай болса, ауызекі сөйлеу стилі ерекше стиль түріне жатады.
Ауызекі сөйлеу стилінде стилистикалық бейнелі лексика жиі қолданысқа түседі. Бейнелі лексика номинативті мағынасынан коннотативті мағынаға ауысуы тек қана эмоционалды-экспрессивтік тудыру соған қажетті тілдік бірлік ретінде алынбайды, эктролингвистикалық факторлармен қоса стиль жасайтын мәнерлі форма тудыратын қызметіне, тәсіліне де байланысты болып келеді. Қарым-қатынас ортасы, оның тақырыптық өзегі, жанрлары, сөйлеудің мазмұны мен мақсаты, сөйлеуші мен қабылдаушының өзара қарым-қатынасы, сөйлеушінің құбылыс пен затқа көзқарасы, пікірі т.б. тілдік қатынасына да байланысты.
Ауызекі сөйлеу стилі негізгі тілдің қызметімен қарым-қатынас функциясын атқарады, тікелей хабар берудің айырықша формасын құрайды. Ауызекі сөйлеу тілінің тілдік белгілері оның қызметінің ерекше шартын анықтайды. Олардың бастылары мыналар:
- бейресмилік;
- сөйлеу еркінділігі;
- сөйлеу қарым-қатынасының экспрессивтілігі;
- тілдік тәсілдерді сұрыптаудың қажетсіздігі;
- сөйлеудің автоматтығы;
- сөйлеудің мазмұны: диалогтық форма мен қарапайымдылық.
Ауызекі сөйлеу стиліне ерекше ықпал ететін реалды ситуация, сөйлеудің заттық психологиялық жағдайы. Ситуация сөйлеудің шегін қысқартып отырады. Сөйлемнің кейбір компоненттері қатыса алмайды, бірақ сөйлеушілердің коммуникативтік жағдай ондағы сөйлеу фразасын дұрыс қабылдауға еш кедергі жасамайды. Мысалы, Астанаға екі билет, бір адамға екі орын, бір кісілік т.б. (ауызекі сөйлеу тілінің материалдарынан).
Ауызекі сөйлеу стилінің күнделікті қарым-қатынасында сөйлеу сипатының экспрессивтілігі тікелей ассоциативтік деректі ойлау қабілетінен туындайды, сондықтан ауызекі сөйлеу стилі стилистикалық коннотацияның ерекше формасын беріп отырады. Ауызекі сөйлеу стиліне тән стильдік белгілер оның композициялық жанрының түрлерімен қатар стилистикалық мүмкіндіктері мына мәселелерге тікелей қатысты болып келеді: сөйлеудің еркінділігі, бейресмилік, сенімділік, дауыс тоны оның астарындағы ашық және жасырын прагматикалық бағдар кітаби стильге қарағанда, стилистикалық мүмкіндіктердің ерекше тобын құрайды.
Ауызекі сөйлеу стилінде ерекше реңк атқаратын сөйлеудің дыбыстық жағы. Ауызекі сөйлеу стилінде фонетиканың ролі ерекше болады: дағды әрекеті, орфоэпиялық норманы бұзу, керісінше орфоэпиялық норманы сақтау, орфоэпиялық норманы безендіру немесе әсем дыбыстау т.б.
Ауызекі сөйлеу стилінің лексикасы эмоционалды-экспрессивті сөздердің қатарын құрайтындығы М.Серғалиев еңбектерінде қарастырылып жүр [19]. Оккозионал сөздер, фамильярлық еркелету, ирониялық, эротикалық сөздер т.б. жиі ұшырасады. Ауызекі сөйлеу стилінде хабарлаудағы ең маңызды сөз бірінші орынға қойылып айтылады: Компьютер алдым, ақша керек, ақша ең бәлесі ақша болып тұр, ең сұмдығын айтпайын, немесе Сіз домбырада тамаша ойнадыңыз деген сөйлем ғажап, өте тамаша деген формада беріледі.
Ауызекі сөйлеу стилінде тілдік тәсілдерді үнемдеу заңы үстемдік етеді. Сондықтан сөз-сөйлем ретінде қолданылады: келдім, жарайды, ат, жақсы, әрине, мүмкін, келіс т.б.
Ауызекі сөйлеу стилі функционалдық стильдердің ішінде өзіне тән фонетика, лексика, грамматикасы бар күрделі әрі әмбебеп стиль түрі болып саналады.
Ауызекі сөйлеу стилі лексикасында сөйлеушілердің ең басты көп қолданатыны – эмоционалды-эксперссивті лексика. Б.Қалиев: «Күнделікті ауызекі тілде, көркем әдебиет тілінде де сөйлеу тіліне тән сөздер мен қарапайым сөздер тобы жиі ұшырасады. Олар тілде экспрессивтік стильдік қызмет атқарады» [20, 130-б.], - дейді.
Ауызекі сөйлеу стилінде сөздік қордың барлық саласы түгел қатысады, фразеологизмдер де, метафора да ұшырасады. Шошақай үйде тұрмас; қаңғыбас қайда қаңғып жүр; ақымақ, өзі кінәлі; көк мылжыңды көргім келмейді; көз сорасын ағызып отыр; еңірегенде етегі толады; көрсем көзім шықсын; қалтасы қалың; несіне бұрқылдай береді; аш өзегіне түсуге айналды; қалтасы тесік; қалтасы көріну; қалтасы жұқа; жүйкесі жұқарып жүру; жүйкесі тозу; жүйке тамыры солқылдау; зықысы шықты; еті тірі; қойдан жуас; өлермен екен; өзіне-өзі істеп жүр; амал жоқ; қайтсем екен; барсам ба екен (ауызекі тілден жиналған материалдардан).
Р.Сыздық ауызша функционалды стиль деп әдеби тілдің құзырындағы құбылыс, яғни ол әдеби тілдің ауызша жұмсау түрі, айталық, көпшілік алдында ауызша ұсынылатын сөздерді айтады. Осы пікірлерді жинақтай келіп, ауызекі сөйлеу стилі басқа стильдердің ауызша түрінің де стильдік қызметіне ортақ деп тануға болады.
Ауызекі сөйлеу стилінде сөздердің қолдану ерекшелігі жағымды, жағымсыз эмоцияға тікелей қатысты. Сөйлеуші әр уақытта өзі баяндаған құбылыс пен затқа өзінің әр түрлі көзқарасын, ниет-пиғылын, ойын, көңіл-күй сезімдерін айтатындықтан қарама-қарсы көңіл күй сөздері қолданылып, олардың қолдану үлес салмағы молынан ұшырасып отырады.
Ауызекі сөйлеу стилінің әдеби тіл формасына қайшы келетін тұстары жоқ емес. Мысалы, бір ғана жаңағы деген сөзді алайық, бұл сөз көп айтылатындықтан жауыр болған әрі көп адамдар өз ойын толық жеткізе алмаған уақытта жиі қолданылатын сөзі, мысалы, әр жерден ауызекі сөйлеуде жиналған мәліметтер бойынша орфоэпиялық қатемен айтылатын тұстары кездесіп қалады: жаңағы, жәнағы, жаңанеке, жаңеғы, жанеғы, жаңғы, жаңақы, жәнегі т.б.
Ауызекі сөйлеу стилінде кейбір грамматикалық тұлғаларының стильдік қатемен айтылатыны оқта-текте ұшырасып отырады. Кешкісін, кештетіп, кешкілік, кешкісін жолығармын, кештетіп келермін, кешкілік жолығармын немесе таң азанмен жолығармын, таң атысымен, таңертеңгісін, таңертеңгілік деген сияқты грамматикалық тұлғалардың әдеби тілдік нормадан ауытқыған түрлерін кездестіруге болады.
Ауызекі сөйлеу стилінде қайталаулар да молынан ұшырасады. Қайталаулар – көркем әдебиет стилінде суреткердің стильдік ерекшелігі ретінде танылатын стилистикалық тәсіл, ауызекі сөйлеу стилінде мәнерлілік қасиеті айтылған ойға параллельдік қатар түзу үшін пайдаланылады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   25   26   27   28   29   30   31   32   ...   106




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет