Публицистикалық стиль де әртүрлі стильдік бояуға ие тілдік құралдардың кең қолданысымен ерекшеленеді. Олардың ара қатынасы шығарманың жанры мен стиліне байланысты. Мысалы, очерк жанры көркем стильге жақын болса, ақпараттық мақала іс қағаздары стиліне жақын.
Жалпы, бір тілдік құралдың өзі барлық стильде де қолданыла беруі мүмкін, бірақ олардың рөлі әрқайсысында әр түрлі болады. Сондықтан әр стиль басты және қосымша белгілерге ие: мысалы ғылыми стильдің басты және тұрақты белгісі – терминдердің көп қолданылуы болса, бейнелелік – көркем сөздің басты белгісі.
Сөйтіп функционалды стильдің әрқайсысы өзіндік тілдік құралдарының ерекше жүйесімен сипатталады.
Функционалды стильдерге байланысты айтылғандарды жинақтай келгенде мынадай қағидалар басты назарда болады:
функционалды стильдер-тілдік құралдардың бейтарап және стилистикалық бояуға ие түрлерінен құралатын жүйелер:
стильдер тұйықталған емес, өзара байланысты, қатынаста болып, бірінен-біріне өте береді;
стильдер тілден тысқары (қатынас саласы, сөйлеу жағдайының сипаты, сөйлеу актісіне қатысушылардың саны т.б). және лингвистикалық факторлардың әсерінен пайда болады;
белгілі бір стильдің ерекшеліктерін зерттеу тілден тысқары жағдайларды ескерумен бірге әр деңгейдің (фонетикалық, лексикалық, грамматикалық) тілдік құрамаларды қарастыруды қажет етеді;
функционалды стильдер одан әрі ұсақ стильдік (стильшілік) тармақтарға бөлінеді.
Функционалды стильдердің стильдік белгілері
Әр бір функционалды стильдердің өзіндік белгілері болады, олар тілдік бірліктердің белгілі бір түрлерінен және сол стильдің өзіне тән жүйелік ерекшелігінен құралады. Алайда, ол ерекшеліктер көп емес және кей бір жақтарынан бірнеше стильге ортақ та болып келеді.
Функционалды стильдерге тән стильдік белгілерге дұрыстық, дәлдік, бейнелік, қисындылық, анықтық, мәнерлілік, деректілік, дерексіздік, көп мағыналылық, бір мағыналылық, стандарттылық жатады. Бұлардың кейбірі қай стильге жататынына қарамастан жалпы нормативтік сипатқа ие. Мысалы, кез келген сөз дұрыс, анық, қисынды, дәл, белгілі дәрежеде мәнерлі болуы керек. Бұлар жалпы тіл әдеби нормасына қойылатын талаптар. Бірақ олардың кейбірінің мәні функционалды стильдердің түрлеріне қатысты бірдей сипатта түсіндірілмейді, бір стильдегі бір белгі екінші стильдегі сол белгіге сәйкес келмейді. Басқаша айтқанда, әр стильдің дәлдігі, өзінің қисындылығы, өзінің бейнелілігі бар, белгілі дәрежеде олар бір-біріне қарама-қарсы да қойыла алады.
Мысалы, көркем сөз стиліндегі дәлдікті іс-қағаздардағы дәлдікпен бірдей деп қарауға болмайды. Көркем сөздегі дәлдік – образды бейнелеудегі дәлдік, бұл тұста ол шеберлікпен астасып жатады. Көркем шығармадағы сөз мазмұнын әр оқырман өзінше түсініп жатуы қалыпты жағдай, тіпті, мұны сол сөздің көркемдігі деуге болады. Ал, іс қағаздардағы дәлдік – бұл сөздің бәріне ортақ бір ғана мағынада жұмсалуы. Мысалы, заң мәтінінде сөзді өзге мағынада түсіну немесе түсіндіру адам тағдырын шешуде зардабы ауыр жағдайларға әкеліп соқтыруы мүмкін. Сол сияқты ғылыми стильдің де өзіндік дәлдігі бар. Мысалы белгілі бір ғылыми теорияны әр түрлі көзқарастағы адамдар әр түрлі түсіндіреді. Ғылымда ғылыми зерттеулердің нәтижелерін сыни көзқараспен қабылдап, оны тәжірибе арқылы сынақтан өткізу, содан кейін ғана бұлтартпас қағида ретінде ұсыну орныққан.
Стильдік белгі ретіндегі қисындылықты да әр түрлі түсінуге болады. Жалпы қандай сөз болмасын қисынды болу керектігі түсінікті, алайда көркем сөзде бұған қарама қарсы келетін жағдайлар да болуы мүмкін, мұндағы қисындылық тағы да көркем бейнемен, оның сомдалуындағы қисындылықпен, шеберлікпен («қиыннан қиыстырар ер данасы») байланысты. Ал ғылыми шығарманың қисындылығы бұлтартпас дәлелге, бірінен бірі туындап отыратын шындыққа құрылатындықтан, ғылыми мәтіннің тілдік құрылымы да соған сәйкес келетін лексикалық, синтаксистік бірліктерден таңдалып, сұрыпталып алынады. Іс қағаздарына келетін болсақ, оның мазмұнын талқылауға, дәлелдеуге емес, орындалуы тиіс талап-тілектерге, міндеттілікке құрылатындықтан, ондағы қисындылық та мазмұны жағынан болсын, бейнелеу тәсілдері жағынан болсын басқаша сипатта болады.
Бейнелілік туралы да осыны айтуға болады. Көркем сөздің бейнелілігі-эстетикалық сипаттағы, дараланған, ешқашан қайталанбас нақты бейнелілік. Ғылым түрінде де бейнелілік жоқ деуге болмайды. Бірақ табиғаты мен қызметі жағынан екеуіндегі бейнелілік екі түрлі.
Ғылыми танымға бейнелілік о бастан тән, бейнелі ойлау ғылыми шығармашылықтың айнымас қасиеті. Алайда, көркем сөздегі бейнеліліктен ерекшелігі-ол типтенген, жалпыланған, дерексізденген сипатқа ие. Қоғам мен табиғаттағы жалпы заңдылықтарды ашатындықтан, ғылым тіліне нақтылық, жекелік, даралық сияқты белгілер тән емес, бұл – ғылыми стильдің ерекшелігін құрайды. Әрине, әр түрлі ғылым салалары өкілдерінің ішінде тілі даралық сипатқа ие, бейнелі көркем тілде жазатын ғалымдардың да болатынын айту керек. Ол ғалымдардың өздерінің мүмкіндіктеріне байланысты.
Әдетте, функционалды стильдер жоғарыдағы белгілердің бірінде бар, бірінде жоқ болуы мен, олардың бір-біріне қарама-қарсы қойылуы мен сипатталады, соған орай бір-бірінен ерекшеленеді (бейнелі – бейнелі емес, дараланған – жалпыланған, көп мағыналы, бір мағыналы, шаблонды –шаблонды емес) Сонымен қатар, функционалды стильдердің ерекшеліктері стильдік белгілердің иерархиялық қатынасымен, бастапқы және кейінгі, негізгі және қосымша дәрежелі болу сипаттарымен анықталады. Мысалы, іс- қағаздарындағы дәлдік (бір мағыналық), міндеттілік сипат негізгі де алғашқы белгілердің қатарында болса, шаблонға құру, тұрақтылық, маңыздылығы кем болмағанмен,екінші дәрежелі стильдік белгі. Соңғысы қоғамдық сана ретіндегі іс қағазы түрінің өзіне тән емес, бірақ оның пайда болуының алғышаты ретінде қаралады. Өйткені стандарттылық, тұрақтылық іс қағаздарын жүргізуді жеңілдетеді, сондықтан ол қажеттіліктен пайда болған.
Осы жағдай іс қағаздарды мәтінінің тілдік ерекшелігін де қалыптастырған.
Жоғарыда айтылған жайлар әр стильге тән тілдік белгілерді, бір жағынан, тілден тысқары жағдайлар мен, екінші жағынан, оларды белгілеуші тілдік құралдар мен байланыстыра құрау қажеттігін көрсетеді.
Достарыңызбен бөлісу: |