Ресми іс қағаздар стилі. Өткен ғасырдың 20-30 жылдарынан қазақ әдеби тілінің әр стильдік жүйесінің: публицистикалық стильдің, көркем әдебиет стилінің, ресми стильдің, ғылыми стильдің сараланып, жеке-жеке қалыптасып, дами бастағанын әдеби тіл тарихынан білеміз.
Сонау XVIII ғ. ІІ жартысында негізі қаланған ресми іс қағаздар стилі бүгінде тілі байып, стильдік дәрежесі жетіле түсті.
Стильдің бұл түрінің қолданылу аясы мен практикалық қажеттілігі әр түрлі, Мысалы, іс қағаздары – басқару орындарындағы, белгілі бір мекемелердегі кеңселік құжаттар, ал ресми құжаттар басқару, ұйымдастыру, өкім шығару қызметіне қатысты құжаттар. Ресми іс қағаздары стиліне тілдік тұрғыдан қойылатын талаптар:
1) түйіндеменің дәлдігі немесе бір мағыналылығы;
2) айқындық немесе жүйелілік;
3) логикалық;
4) баяндаудың ықшамдылығы, артық сөздің болмауы. Таза лингвистикалық тұрғыдан да мәтінге қойылатьш талаптар болады. Лексикада – ресми құжаттар мен іс-қағаздарына тән сөздер мен сөз тіркестерін орнымен қолдану; синтаксистік құрылымында себеп, мақсат, шартты бағыныңқылы сабақтастарды мазмұнына қарай жұмсау, т.б. Ресми стильдің 3 шағын түрі бар: кеңсе (іс қағаздары) шағын стилі, дипломатиялық шағын стиль, таза заң шағын стилі [23, 326-б.].
Кеңселік іс қағаздарына өмірбаян, өтініш, хабарландыру, хаттама, анықтама, жеке іс парағы т.б. жатады. Бұдан басқа азаматтық қатынтастарды реттейтін сенімхат, қолхат, келісімшарт, тапсырыс қағаздары, т.б. Бұл белгілі бір үлгіде жазылады, тұрақты сөз орамдары болады: өтінемін, мәлімдеймін, хабарлаймын, сұраймын т.б.
Қазақ тілі заңдылықтарына сәйкес құрылған, өзіндік лексика-грамматикалық жүйесі бар стиль түрі, іс қағаздарын, әр түрлі құжаттарды толтырғандағы басты талап – қазақ тілінің табиғи нормаларын жетік меңгеру.
Тағы бір ерекшелігі: бұл стиль түрінде эмоционалды-экспрессивті сөздер мен сөз тіркестері өте сирек қолданылады, тек құттықтаулар мен үндеулерде кездеседі.
Таза ресми құжаттарға заң, жарғы, жарлық, қаулы-қарарлар, мемлекетаралық шарттар, дипломатиялық ноталар, үндеу т.б. жатады. Ресми құжаттар да белгілі бір қалыпқа түскен үлгі бойынша жазылады да, онда саяси-публицистикалық лексика, әкімшілік терминдер жиі қолданылады. Логикалық жүйелі құрылған ой құрмалас сөйлемдер арқылы беріледі. Сөйтіп, мазмұны қысқа әрі тұжырымды түрде жазылатын, сөздері тура, нақты мағынада жұмсалатын, тұрақты сөз орамдары бар стиль.
Достарыңызбен бөлісу: |