Каспий теңізі - жер шарындағы бірден-бір тұйық су айдыны. Оның көлемі - 380 мың км². Каспий теңізі солтүстіктен оңтүстікке дейін 1030 км, батыстан шығысқа дейін 196-435 км аралықты қамтиды.
Мұнда «Қызыл кітапқа» енген өсімдіктер мен жануарлар көптеп кездеседі. Тұйық су айдыны болғандықтан мұндағы организмдердің көпшілігі эндемиктер. Теңіздің құнды байлықтарының бірі - бекіре тұқымдас балықтар. Олардың 5 түрі тіршілік етеді. Бекіре тұқымдастардың дүниежүзілік қорының 70% осы теңіздің үлесіне тиеді. Каспий ойпаты өзінің табиғи ескерткіштерімен, өсімдіктер және жануарлар әлемінің көптүрлілігімен ерекшеленеді. Мұнда өсімдіктердің 945, балдырлардың 64, фитопланктондардың 414, зоопланктондардың 100-ден астам түрі тіршілік етеді.
Каспий теңізі кәсіптік балықтарға да бай. Теңізде балықтың 76 түрі, жағалауларында 3-3,5 млн құстар қыстап қалса, ал жыл құстарының саны 10-12 млн-ға жетеді.
Соңғы жылдары Каспий теңізінің экологиялық жағдайы су деңгейінің көтерілуімен, мұнай өнімдерін көптеп өндіру арқылы теңіздің ластануымен байланысты.
Каспий теңізінің бірде көтеріліп, бірде төмендеуі жердің табиғи-тарихи эволюциясына байланысты. Оның себептерін ауа райының құбылысымен және антропогендік факторлармен түсіндіруге болады.
Еділ өзені теңізге құятын барлық судың 80%-ын құрайды. Сондықтан теңіз суының толысуы Еділ өзенімен тығыз байланысты. Соңғы жылдары теңізден Қарабұғазкөл шығанағын бірде бөліп, бірде қосу адам әрекеті арқылы Каспий экожүйесіне араласу болып отыр. Теңіз суының ырғақты өзгеруі табиғаттың заңдылығы екенін адам баласы кейін түсінді. 1978 жылдан бастап теңіз деңгейі өздігінен көтеріле бастады. XX ғасырдың аяғында оның деңгейі 3 метрге жуық көтерілді. Судың көтерілуінен жүзден аса мұнай ұңғылары, мұнай қоймалары, 6 мұнай-газ кешені, жүздеген елді мекендер, коммуникациялық желілер, өнеркәсіп орындары су астында қалды. Мұнай мен басқа да ластағыш заттар теңіз суына араласып, оның аумағы 300 000 гектарға жетті.
Каспий теңізінің көтерілуі оның маңындағы мемлекеттерге көптеген проблемалар туғызып отыр. Біріншіден, су деңгейінің көтерілуі теңіз жағалауындағы табиғи жайылымдардың көлемін тарылтып, құстар мен жануарлардың мекенін басып қалды. Суға тосқауыл үшін соғылған бөгеттер жағалаудың фаунасы мен флорасына зор шығын келтірді. Балықтардың уылдырық шашу аясы мен құстардың ұя салу тығыздығы кеміп, биологиялық алуантүрліліктің азайып кету проблемасын туғызып отыр.
Екіншіден, су деңгейінің көтерілуі ауа мен топырақтың ластануына апарады. Судың мұнай өнімдерімен ластануы 80-ші жылдан бастап күшейе түсті. Су құрамындағы пестицид және ауыр металдардың көбеюі бекіре тұқымдас бағалы балықтар, теңіз мысығы, құстардың жаппай ауруларға ұшырап, қырылып қалу фактілеріне алып келуі жиілеп кетті. Соңғы мәліметтер бойынша бекіре балықтарын аулау 40%-ға азайды.
Үшіншіден, судың көтерілуі теңіз жағалауларындағы мұнай ұңғылары, мұнай қоймаларын, мұнай өңдейтін өнеркәсіп орындарын, балық комбинаттарын, елді мекендерді су басып, орасан зор шығын келтіре бастады.
Төртіншіден, мұнай игеруге шетелдік инвесторларды тарту Каспий теңізінің экологиясын одан әрі шиеленістіре түсуде. Теңіз жағалауларының тозуы техногендік процестерді жылдамдатып, аймақтың шөлге айналуына себепші болып отыр. Ең бастысы Каспий теңізінің фаунасы мен флорасының алуантүрлілігін сақтап қалу. Каспий проблемасы БҰҰ деңгейінде көтерілуде. Ол проблема тек Қазақстан ғана емес Ресей, Әзірбайжан, Түркіменстан және Иран мемлекеттерінің де ортақ ісі.
Су және оның ластану себептері Дүниежүзілік су қорларының ластануы бүкіл адамзат қауымын алаңдатып отыр. Бұл мәселе Қазақстанға да тән. Судың ластануы көп түрлі әрі ең соңында су экожүйесін бүлдірумен аяқталады.
Су айдындарының ластануын былайша топтайды:
биологиялық ластану: өсімдік, жануар, микроорганизмдер және аш бейімді заттар
химиялық ластану: уытты және су ортасының табиғи құрамын бүлдіретіндер
физикалық ластану: жылу-қызу, электр-магнитті өріс, радиоактивті заттар
Судың сапасы, ластану деңгейі үнемі бақылауға алынып отырады. Судың құрамындағы химиялық қоспалар, тұздық құрамы, еріген бөлшектер, температура әр түрлі болуы мүмкін.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ауыз судың 100-ден астам сапалық көрсеткішін ұсынған. Ал Қазақстанда ауыз су сапасы МемСТ 287482 бойынша 30 міндетті көрсеткішпен анықталады. Су бассейнінің ластануының негізгі себептері — тазартылмаған ағын суларды өзен-көлдерге жіберу. Бұған жол беретіндері:
тұрғын-үй коммуналдық шаруашылықтар;
өнеркәсіп орындары;
ауыл шаруашылығын химияландыру:
халық шаруашылығының басқа да салалары.
Ағын суларға құйылатын лас сулар да бірнеше топқа бөлінеді. Оларды қоспалар (ерімейтін, коллоидты, еритіндер), лас сулар (минералдық, органикалық, бактериалдық, биологиялық) деп жіктейді. Лас сулардың ішінде тұрмыстық сарқынды суларда органикалық заттар 58%, минералдық заттар 42 тей болады. Өнеркәсіпте пайдаланылатын сулар мен синтетикалық жуатын заттармен сулардың ластануы өте қауіпті. Бұлар –химиялық ластану көздері. Соның ішінде сулы экожүйелердің пестицид, гербицид және басқа да химиялық улы препараттармен ластануы Қазақстанда кең етек алған. Мәселен, мақта мен күріш, жеміс- жидек, бау-бақша, теплица (жылы жай) зиянкестеріне қарсы бұрынғы Кеңес үкіметі кезеңінде өте көп химиялық заттар пайдаланылған Нәтижесінде, су ластанып, оның сапасы мен микрфлорасы және микрофаунасы, ірі хайуанаттар, құстар зардап шеккен. өз кезегінде химиялық заттардың зиянды қосылыстары азық –түлікпен адам организмін кері әсерін тигізді. Қазіргі кезде ашық өзен, көл суларымен қатар жер асты сулары да сарқынды, шайынды сулармен және еріген зиянды заттармен ластанып отыр. Оның негізгі ластану көздері мыналар: