3. Сіңірлік және периостальды рефлекстердің күшеюі (гиперрефлексия) Мұндай гиперрефлексия пирамидалық жолдардың зақымдану белгісі болып табылады. Ахиллес нүктесі (өкше), тізе, басқа сіңірлік және периостальды рефлекстер өте жоғары, оларды туғызатын аймақтар (рефлексогендік аймақтар) кең. Сіңір рефлекстерінің жоғарылауының ең жоғары дәрежесі, клонус көріністерінен білінеді, яғни, бір бұлшық еттің күрт созылуынан кейін ырғақпен, ұзақ жиырылумен, қайтадан қалпына келуі. Пирамидалық жүйенің зақымдануында, табан мен тізе клонусы үнемі болады.
4. Синкинезиялар Бұл ырықты қимыл-қозғалыстармен қатар жүретін, яғни солармен бірлескен қимыл-қозғалыстар. Синкинезияның физиологиялық және патологиялық түрлері болады. Физиологиялық синкинезияларға, мысалы, жүріп келе жатқандағы қолдың қабаттаса қозғалуын жатқызуға болады. Патологиялық синкинезиялар, пирамидалық жүйенің зақымдануы кезінде пайда болады. Патологиялық синкинезияларға мысал ретінде, адамның төсектен тұруға әрекеттенгенде, сал болып семіп қалған аяқтың, өздігінен ырықсыз көтерілуін; сал болып қалған аяқ-қолдың, сау аяқ-қолдың қимылын қайталауын; бір қимыл жасағандағы, тіл мен еріннің қабаттаса қимылдайтынын келтіруге болады. БЦП балаларда патологиялық синкинезиялар жиі кездеседі, яғни, кез келген ырықты қимыл–қозғалыстың, оның ішінде сал болған мүшенің қимылының өздігінен қабаттасуы. Бала бір затты алуға қолын созса, жұдырығын түйсе, бір қолын көтерсе, екінші сал болған қолы, өздігінен қатар созылады, буындары бүгіледі, аяқтары түйіседі, иықтарында пронация пайда болады. Бұл қимылдар орталық жүйке жүйесі тарапынан бақылауға көнбейді. Патологиялық синкинезиялардың болуы, ырықты қимыл-қозғалыстардың қалыптасуын тежейді, әртүрлі іс-әрекеттерді меңгеруге кедергі жасайды.
5. Тізбекті тіктелу рефлекстерінің жеткіліксіз дамуы (статикалық-кинетикалық рефлекстер) Бұл рефлекстер дененің вертикальды күйін және ырықты моторикасын қамтамасыз етеді. Бұл рефлекстердің жеткіліксіз қалыптасуы, баланың денесін, басын қажетті күйде ұстауына кедергі келтіреді. Нәтижесінде, бала оқу, еңбек ету, өзіне-өзі қызмет ету дағдыларын меңгеруде қиындықтарға ұшырайды.