7-тақырып. Қосылған құн салығының (ҚҚС) салық есебі: ҚҚС бойынша есепке тұру және есептен алып тастау Жоспар:
1. Қосылған құн салығы: объектілері, салық төлеушілері
2. ҚҚС бойынша есепке тұру
3. ҚҚС бойынша есептен алып тастау
1. Ұлттық салық салу жүйесінде қосылған құн салығының алатын орны ерекше. Мемлекеттік бюджеттің табыс бөлігінің негізгі қайнар көзі ретінде өндірістің және тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің айналымының барлық кезеңдерінде қосылған құнның нақты бөлігін бюджетке алыну нысаны ретінде болып табылады. Бюджетке төленуге тиісті қосылған құн салығы өткізілген тауарлар, жұмыстар мен қызметтер үшін есептелген ҚҚС сомалары мен сатып алынған тауарлар, көрсетілген қызметтер мен орындалған жұмыстар үшін төлнуге тиісті сомалар арасындағы айырмасы.
Қосылған құн салығы салықсалу жүйесінде жанама салықтарға жатқызылады, яғни тауарлар, жұмыстар мен қызметтердің бағасына еңгізу жолымен алынытан салық.
ҚҚС төлеушілері:
1) Қазақстан Республикасында қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне тұрған мынадай тұлғалар:
дара кәсiпкерлер;
қызметiн Қазақстан Республикасында филиал, өкілдік арқылы жүзеге асыратын резидент еместер;
сенімгерлікпен басқару құрылтайшыларымен не сенімгерлікпен басқару туындайтын өзге жағдайларда пайда алушылармен сенімгерлікпен басқару шарттары бойынша тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу бойынша айналымды жүзеге асыратын сенімгерлікпен басқарушылар;
2) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағына тауарларды импорттаушы тұлғалар қосылған құн салығын төлеушiлер болып табылады.
Қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қою Салық Кодекстің 568, 569-баптарына сәйкес жүргізіледі.
Салық салу объектілері
1) салық салынатын айналым;
2) салық салынатын импорт қосылған құн салығы салынатын объектілер болып табылады.
Тауарларды өткізу бойынша айналым:
1) тауарға меншік құқығын беруді, оның ішінде:
2) тауарды бөліп-бөліп төлеу шартымен тиеп-жөнелтуді;
3) мүлікті қаржы лизингіне беруді;
4) тауарды комиссия шарты бойынша тиеп-жөнелтуді;
5) кепіл берушінің кепілге берілген мүлікті (тауарды) борыштың төленбеуі жағдайында беруін;
6) бұрын экспорт режимінде шығарылған тауарды кері импорт режимінде қайтаруды білдіреді.
Жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу бойынша айналым жұмыстарды кез келген орындауды немесе көрсетілетін қызметтерді, оның ішінде өтеусіз орындауды (көрсетуді), сондай-ақ тауарды өткізуден ерекшеленетін, сыйақы үшін кез келген қызметті, оның ішінде:
1) мүліктік жалдау шарттары бойынша мүлікті уақытша иелікке және пайдалануға беруді;
2) зияткерлік меншік объектілеріне құқықтар беруді;
3) жұмыс берушінің қызметкерге жалақы есебінен жұмыстарды орындауын, қызметтер көрсетуін;
4) аванстарды және айыппұл санкцияларын қоспағанда, тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізумен байланысты талап ету құқықтарын беруді;
5) сыйақы үшін кәсіпкерлік қызметті шектеуге немесе тоқтатуға келісім беруді білдіреді.
Мыналар:
1) мүлікті жарғылық капиталға салым ретінде беру;
2) жарғылық капиталға салым ретінде алынған мүлікті қайтару;
3) бiрлiгiнiң құны тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептiк көрсеткiштің 2 еселенген мөлшерінен аспайтын тауарды жарнамалық мақсатта өтеусіз беру не сыйлау;
4) тапсырысшының мердігерге дайын өнімді мердігердің дайындауы, ұқсатуы, құрастыруы (монтаждауы, орнатуы), жөндеуі және (немесе) объектілер салуы үшін алыс-беріс тауарларын тиеп-жөнелтуі;
5) қайтарылатын ыдысты тиеп-жөнелту;
6) бұрын экспорт режимiнде шығарылған тауарды керi импорт режимiнде қайтаруды қоспағанда, тауарды қайтару;
7) шартта белгiленген талаптар мен мерзiмдерде қайта алып келуге жататын тауарларды көрмелер, басқа да мәдени және спорт шараларын өткiзу үшiн Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерге әкету, егер бұл Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес «Тауарларды уақытша әкету» кеден режимiмен ресiмделсе т.б.
Салық салынбайтын айналым
Салық Кодекске сәйкес қосылған құн салығынан босатылған;
өткізу орны Қазақстан Республикасы болып табылмайтын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу бойынша айналым салық салынбайтын айналым болып табылады.
Қосылған құн салығын төлейтін барлық төлеушiлер үшiн мiндеттi құжат шот-фактура болып табылады.
Қосылған құн салығын төлеуші тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткiзу бойынша айналымдарды жүзеге асырған кезде, шот-фактураны ресімдеуге мiндеттi.
Қосылған құн салығын төлеуші шот-фактурада:
қосылған құн салығы салынатын айналымдар бойынша – қосылған құн салығының сомасын;
қосылған құн салығынан босатылған айналымдар бойынша «ҚҚС-сыз» белгісін көрсетеді.