11-тақырып. Шегерімдердің түрлері және олардың есебі Салық төлеушiнiң табыс алуға бағытталған қызметті жүзеге асыруға байланысты шығыстары салық салынатын табысты айқындау кезiнде шегерiмге жатады.
Шегерiмдердi салық төлеуші өзінің табыс алуға бағытталған қызметіне байланысты шығыстарды растайтын құжаттары болған кезде жүргiзедi. Бұл шығыстар, халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес айқындалатын болашақтағы кезеңдердің шығыстарын қоспағанда, олар іс жүзінде жүргiзiлген салық кезеңiнде шегерiмге жатады.
Болашақтағы кезеңдердiң шығыстары олар қатысты болатын салық кезеңінде шегерiмге жатады. Егер шығыстардың бір және сол түрі шығыстардың бiрнеше баптарында көзделсе, онда көрсетілген шығыстар салық салынатын табыстың есеп-қисабы кезiнде бiр-ақ рет шегерiледi.
Сонымен қатар шегірмдерге:
- таңылған немесе танылған айыппұлдар, өсімпұлдар, тұрақсыздық айыптары шегерімге жатады.
- құрылысқа алынған, құрылыс кезеңінде есепке жазылған кредиттер (қарыздар) үшін сыйақылар құрылыс объектісінің құнына енгізіледі.
- әлеуметтік сала объектілерін пайдалану кезінде шеккен шығыстар шегерімге жатқызылуға жатады.
- Кодекстің 260-бабына сәйкес қосылған құн салығы жөніндегі декларацияның деректері бойынша есепке жатқызылуға жатпайтын қосылған құн салығы шегерімге жатқызылуға жатады.
Шегерім қосылған құн салығы жөніндегі декларация табыс етілген қосылған құн салығы бойынша салық кезеңін қамтитын салық кезеңінде жүргізіледі.
Қызметтік іссапарлар кезінде өтемақылар сомасының шегерімі
Қызметтік іссапарлар кезінде шегерiмге жататын өтемақыларға:
жол жүру мен броньға (оның ішінде құнының төлену фактісін растайтын құжат болған кезде электрондық билетке) жұмсалған шығыстарды растайтын құжаттар негізінде, броньға жұмсалған шығыстардың төлемақысын қоса алғанда, iссапарға баратын жерге жетуге және кері қайтуға іс жүзінде жүргізілген шығыстар;
тұрғын үй-жайды жалдауға және броньға жұмсалған шығыстарды растайтын құжаттардың негізінде, броньға жұмсалған шығыстардың төлемақысын қоса алғанда, тұрғын үй-жайды жалдауға іс жүзінде жүргізілген шығыстар;
қызметкерге iссапарда болған уақытта салық төлеушінің шешімі бойынша белгіленген мөлшерде төленетін тәулікақы жатады. Іссапарда болу уақыты: жұмыс берушінің қызметкерді іссапарға жіберу туралы жазбаша өкімі; жол жүруді растайтын құжаттарда көрсетілген, іссапар орнына кету күні мен кері қайтып келу күнін негізге ала отырып іссапар күндерінің саны негізінде айқындалады. Мұндай құжаттар болмаған кезде іссапар күндерінің саны салық төлеушінің салықтық есепке алу саясатында көзделген, іссапар орнына кету күні мен кері қайтып келу күнін растайтын басқа да құжаттар негізге алына отырып айқындалады;
салық төлеуші келу визасын ресімдеген кезде жүргізген шығыстар (визаның, консулдық қызметтердiң, мiндеттi медициналық сақтандырудың құны) келу визасын ресімдеуге арналған шығыстарды (визаның, консулдық қызметтердiң, мiндеттi медициналық сақтандырудың құнын) растайтын құжаттар негізінде айқындалады.
Өкілдік шығыстарға мынадай:
өзара ынтымақтастықты орнату немесе қолдау мақсатында;
салық төлеушінің атқарушы органдарынан басқа, директорлар кеңесінің, өзге басқару органының отырыстарын ұйымдастыру және өткізу мақсатында, көрсетілген іс-шаралардың өткізілу орнына қарамай жүргізілетін, тұлғаларды, оның ішінде салық төлеушінің штатында тұрмайтын жеке тұлғаларды қабылдау және оларға қызмет көрсету жөніндегі шығыстар жатады.
Өкілдік шығыстарға аталған тұлғаларды көлікпен қамтамасыз етуге, келіссөздер уақытында тамаққа, ұйымның штатында тұрмайтын аудармашылар көрсететін қызметтерге ақы төлеуге жұмсалатын шығыстар да жатады.
Бос уақытты, көңіл көтеруді немесе демалысты ұйымдастыруға арналған шығыстар өкiлдiк шығыстарға жатпайды және олар шегерiмге жатпайды.
Өкiлдiк шығыстар Кодекстің 163-бабына сәйкес айқындалатын еңбекке ақы төлеу түріндегі шығыстар сомасының 1 процентінен аспайтын мөлшерде, өкілдік шығыстардың сомасы ескерілмей, шегерімге жатқызылады.
Төленген күмәнді міндеттемелер бойынша шегерім
Егер салық төлеушi бұрын табыс деп танылған күмәндi мiндеттемелердi кредит берушiге төлесе, онда жүргiзiлген төлемнiң шамасында шегерiм жасауға жол берiледi. Мұндай шегерiм төлем жасалған салық кезеңiнде бұрын табысқа жатқызылған шама шегiнде жүргізіледі.
Күмәндi талаптар деп заңды тұлғалар мен дара кәсiпкерлерге, сондай-ақ тұрақты мекеме, филиал, өкілдік арқылы Қазақстан Республикасында қызметiн жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлғаларға тауарлар өткізу, жұмыстар орындау, қызметтер көрсету нәтижесiнде туындаған және туындаған кезден бастап үш жыл ішiнде қанағаттандырылмаған талаптар танылады. Сондай-ақ, өткiзiлген тауарлар, орындалған жұмыстар, көрсетiлген қызметтер бойынша туындаған және салық төлеушi-дебиторды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес банкрот деп тануға байланысты қанағаттандырылмаған талаптар да күмәндi талаптар болып танылады.
Салық төлеушiнiң күмәндi талаптарды шегерiмге жатқызуы бір мезгілде мынадай талаптар сақталған кезде жүргізіледі:
талаптар туындауын растайтын құжаттардың болуы;
шегерімдерге жатқызу кезіне бухгалтерлік есепте талаптардың көрсетілуі не осындай талаптарды алдыңғы кезеңдердегі бухгалтерлік есептегі шығыстарға (есептен шығаруға) жатқызу.
Теріс бағамдық айырманың сомасы оң бағамдық айырманың сомасынан асып кеткен жағдайда асып кету шамасы шегерімге жатады.
Бағамдық айырманың сомасы халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес айқындалады.
Салықты және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді шегеру
Мыналардан:
жылдық жиынтық табыс айқындалғанға дейін алып тасталатын салықтан;
Қазақстан Республикасының және басқа мемлекеттердің аумағында төленген корпоративтік табыс салығынан және заңды тұлғалардың табыстарына салынатын салықтан;
жеңілдікті салық салынатын елдерде төленген салықтан;
үстеме пайда салығынан басқа, салық төлеушінің салық салу объектілері бойынша Қазақстан Республикасының немесе өзге мемлекеттің бюджетіне төленген салықтар есептелген және есепке жазылған шекте шегерімге жатады.
Алдыңғы салық кезеңдері үшін есепке жазылып, есептеліп, ағымдағы салық кезеңінде төленген салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер ағымдағы салық кезеңінде шегерімге жатады.
Шегерімге жатпайтын шығындар
Мыналар:
табыс алуға бағытталған қызметке байланысты емес шығындар;
соттың заңды күшіне енген үкімінің немесе қаулысының негізінде жалған кәсiпорын деп танылған салық төлеушімен жасалған операциялар бойынша сот белгілеген қылмыстық қызмет басталған күннен бастап жүргізілген шығыстар;
Кодекстің 579-бабында айқындалған тәртіппен әрекетсiз деп танылған салық төлеушімен уәкілетті органның ресми сайтында деректер жарияланған кезден бастап жасалған операциялар бойынша шығыстар;
сот жеке кәсіпкерлік субъектісі кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру ниетінсіз жасады деп таныған мәміле (мәмілелер) бойынша шығыстар;
мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша бюджетке енгізілуге жататын (енгізілген) тұрақсыздық айыптарын (айыппұлдарды, өсімпұлдарды) қоспағанда, бюджетке енгізілуге жататын (енгізілген) тұрақсыздық айыптары (айыппұлдар, өсімпұлдар);
Кодексте шегерімге жатқызу нормалары белгіленген шығыстардың көрсетілген нормаларды қолдана отырып есептелген шегерімнің шекті сомасынан асып кету сомасы;
Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген мөлшерден тыс есептелген (есепке жазылған) және төленген, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің сомасы.