«РОССИЯНЫҢ БАРЛЫҚ АЗАМАТТАРЫНА! Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер! Азаматтар! Орыс патшалығының қамалы бұзылды. Еңбекші халықтың сүйегінің үстіне орнатқан патша талаушыларының рахат тұрмысы бүлінді. Астананы көтерілген халық қолына алды. Революцияшыл әскер бөлімдері көтерілісшілер жағына шықты. Революцияшыл пролетариат пан революцияшыл армия отанды патша үкіметі төндіріп тұрған қатер мен бүліктен аман сақтап қалуға тиіс.
Орыс халқы қаны мен жанын аямастан зор күш жұмсап, басынан өткерген ғасырлық құлдық бұғауын күл-талқан етті. Жұмысшы табы мен революцияшыл армияның міндеті: жаңадан туып келе жатқан республикалық құрылымының басында отыруға тиіс – Уақытша Революциялық Үкімет құру. Революциялық уақытша үкімет халықтың барлық праволары мен бостандығын қорғап, монастырьлар мен помещик жерлерін, кабинеттік және сыбағалы жерлерді конфискалап, оларды халықтың қолына беретін, сегіз сағаттық жұмыс күнін орнататын және жалпыға бірдей, төте, тең сайлау правосы негізінде жасырын дауыспен құрылтай шақыратын уақытша заң қабылдауды міндетіне алуға тиісті.
Уақытша революциялық үкімет халық пен армияны тезінен азық-түлікпен қамтамасыз етуді міндетіне алып, бұл үшін бұрынғы үкімет пен қалалық басқармалардың даярлаған астықтарын тегіс конфискалауға тиісті. Сұмырай реакцияның әлі де бас көтеруі мүмкін. Халықтың, және оның революциялық үкіметінің міндеті: халыққа қарсы контрреволюцияшыл арам ниет атаулының бәрін жаныштау.
Уақытша үкіметтің кезек күттірмейтін, жедел міндеті: бүкіл дүние жүзі елдерінің халықтарын өз қанаушылары мен құлданушыларына қарсы, патша үкіметі мен капиталистік итаршыларға қарсы революциялық күрес жүргізу үшін және құлдық бұғаудағы халықтарға зорлап жасатқан қантөгіс қырғын соғысты тезінен тоқтату үшін, соғысып жатқан барлық елдердің пролетарларымен қарым-қатынас жасау.
Фабрик пен завод жұмысшылары және көтеріліске шыққан әскерлер революциялық уақытша үкіметке өз өкілдерін тезінен сайлап жіберуге тиісті, бұл үкімет көтеріліске шыққан халық пен армияның бақылауымен құрылуға тиіс.
Азаматтар, солдаттар, әйелдер мен аналар! Бәріңіз де күреске шығыңыздар! Бәріңіз де патша үкіметі мен оның құйыршықтарына қарсы ашық күреске аттаныңыздар! Бүкіл Россияда көтерілістің қызыл туы көтерілді! Бүкіл Россияда бостандық ісін өз қолдарыңызға алыңыздар, патшаның малайларын құртыңдар, солдаттарды күреске шақырыңдар.
Бүкіл Россияның қалалары мен деревняларында революцияшыл халықтың үкіметін құрыңыздар!
Азаматтар! Қираған самодержавияның орнына бостандықтың жаңадан туып келе жатқан жаңа құрылымын көтерілісшілердің туысқандық, бірлік күшімен нығайтамыз!
Ұмтылыңдар алға! Өткенге қайту жоқ! Рақымсыз күрес күшейе түссін!
Революцияның қызыл туының астына бірігейік!
Жасасын, демократиялық республика!
Жасасын, революцияшыл жұмысшы табы!
Жасасын, революцияшыл халық пен көтеріліске шыққан армия!
Россия социал-демократ жұмысшы партиясының Орталық Комитеті» Көтеріліс жасаушылар мен полиция арасында қандай үлкен жанжал болғанмен, кейде баррикаданың екі жағынан революцияшыл халық пен патша айдап салған жалдама әскердің арасында қырғын соғыс болғанмен, талай ауыртпалықты басынан кешіргенмен, Асқар екі нәрсені қолына берік ұстады: біреуі – төрт бұрышты фанер тақтайға желімдеп алған жоғарғы манифест, екіншісі – винтовка.
Февральдың жиырма жетісі күні Петроградта құрылған жұмысшы және солдаттар депутатының Советі (Совдеп), сол күні кешке бірінші мәжілісім құрды. Ол мәжіліске Булатовқа еріп барған Асқар да қатынасты. Николайдың тақтан түскенін, орнына ағасы Михаилды ұсынғанын, буржуазия партиялары болашақ үкімет туралы Николаймен саудаласып жүргенін, революцияның жаршысы социал-демократияның большевиктер қанаты ғана екенін Асқар осы мәжілісте естіді.
Мәжілістің күн тәртібіне қойылған мәселенің біреуі – майдандағы солдаттар арасына империалистік соғысты азамат соғысына айналдыру туралы үгіт жүргізу еді. Совдептің бұл жөніндегі қаулысы: Минскідегі Михаил Васильевич Фрунзеге арнаулы кісі жіберіп, хат жазу.
Хатты Булатов әкететін болды.
Майданға алынған қазақ жігіттерінің халі туралы Асқардың қысқа информациясына Совдептің берген ақылы: майданға тез барып жігіттерді жеріне қайтару, жеріне қайтатын жігіттерге жергілікті Совдептерді қолдауды, Совдеп ісіне белсене қатынасуды тапсыру.
Осы тапсырмаларды орындау үшін Асқар мен Булатов сол күнгі поезбен жүріп кетті.
Петроградтан сөтке жарымда жететін Минскіге Булатов пен Асқар жеті жүнде зорға барды. Жолшыбайғы поезд өз уақытымен жүруден қалған. Ерсілі-қарсылы ағылған поездардың бәрінде де лық толған солдат. Паровоздардың, вагондардың қабырғасына іліп қойған: «Жойылсын патша!» «Бітсін соғыс!» «Жасасын революция!» «Жасасын бостандық!» «Жасасын барлық елдің еңбекшілерінің туысқандық бірлігі!» деген ұрандар. Солдаттардың лебізінде революция өлеңдері. Революция ұрандарына, революция өлеңдеріне дүние лық толып, қазанына сыймай тасып, төгіліп жатқандай.
– Қайда барасыңдар?–деп сұрағанға:
– Қайтып барамыз!–деп жауап береді солдаттар.
– Қайда қайтып барасыңдар?– деп сұраса:
– Жерімізге!–дейді.
– Сендерді кім босатты?– деп сұраса:
– Өзіміз!– дейді.
– Бастықтарың рұқсат етті ме?– деп сұраса:
– Рұқсатына қарағамыз жоқ!– дейді.
Петроградтан аттанғанда, «солдаттар әлі түк сезбей Германия әскерімен аңдысып, окопта «тиыш жатқан шығар?–деп ойлаған еді Асқар,– біз революция хабарын алып барғанда қалай қуанар екен?» деп ойлаған еді ол. «Өзіміз апара жатырмыз» деген революция, сұрапыл дауылда тасыған теңіздей, толқыны аспанға шапшып, алдынан шыға келгенде, Асқар қайран қалды.
Асқар мен Булатов Минскіге барса, онда да Совдеп құрылған. Бастығы Михаил Васильевич Фрунзе. Бірақ Фрунзенің өзі Минскіде жақ екен. Майданға кеткен.
Булатовпен Минскіде айрылып, Асқар Столбцы станциясына барса, қазақ жігіттері жұмыстарын доғарып, алда не боларына құлақ түріп қана тым-тырыс жатыр екен. Асқар барғанша олардың оғаш істері: маңайларындағы астық, кездеме складтарын талап бөлісіп алыпты. Майданды жиектей созыла жатқан қазақ жігіттерін Асқар бірнеше күн аралап, патшаға соғысқа қарсы үгіт жүргізді. Осылай аралап жүргенде оның білгені: патша түскенін қазақ жігіттері шала-шарпы естіген. Патшаның түсуін әркім әртүрлі ғып айтқан. Солардың ішінде Асқардың қызық көріп тыңдағаны үшеу:
Біріншісі – «Асқардың өзі барып, өз қолымен түсіріпті» деген әңгіме. «Осындай бір қауесет шықты, рас болса қалай түсіргеніңді, кәне, айтшы!» деген сұрауларды Асқар өз құлағымен естіді.
Екіншісі – «Патша ол заманда ит терісіне мөр басып солдат алмаймын деп қазаққа ант берген екен. Сол антын бұзып, қазақтан солдат алғасын ант соғып, тағынан түсуге сол себеп бопты» деген әңгіме.
Үшіншісі – «Болшебек, меншебек деген бар екен. Болшебек халықтың қамқоршысы екен. Ол патшаны тақтан түсіріп, халыққа бостандық әперуге аттаныпты. Болшебек кедейлермен бірігіп, патшаны тақтан құлатқанда, меншебек байлармен бірге, патшаның орнына өзі әкім болғысы келеді екен» деген әңгіме.
Большевик, меньшевик жөнінде жігіттердің кейбіреуі осылай түсінгенімен, көпшілігі бұлардың арасындағы күресті ашық түсінбейді екен.
Бұл екеуінің қайсысы жеңер екен деген сұрауға, жігіттер өзара әртүрлі жауап табады екен.
«Меншебек жеңер!» дейді екен біреулері.
«Жоқ, болшебек жеңер!» дейді екен біреулері.
«Бұл туралы кітапта ие айтады?» деп жігіттер молдалардан сұраған екен, олар:
«Бұл ақыр заман белгісі. Кітап: ақыр заман боларда халық осылай әкімге бағынбайды деген. Бұл алланың адам баласына бұзық ниеті үшін жіберіп тұрған кереметі» депті.
Болып жатқан саяси халдің анығын жігіттер бірінші рет Асқардан естіді. Асқар патшаның түсуі, бостандық күннің тууы туралы түсіндіре кеп, сол бостандықты қорғау үшін елде Совдеп ашуға жәрдемдесудің қажеттігін, Совдеп кедейдің үкіметі екені, Совдептің байға қас үкімет екенін де айтты. 16 жылы байлардың, болыстардың кедейге көрсеткен зорлығын айта кеп: «Үкіметке ие болсаңдар байлардың желкесіне енді сендер мінесіңдер!» деген Асқардың сөзіне ұюшылар көп болды.
– Осыдан елге аман бара қалсақ па?– деп кіжінді ол жігіттер,– байлардың бізге тартқан табақтарын біз өз алдарына тартамыз, «дүниенікі дүниеде қайтады» дейтін еді.Жақсылықтың исі шыға бастады. Тек арты қайырлы боп, ұзағынан сүйіндірсін. Ал енді, елге аман барсақ па... байларға!.. Әй, бәлем-ай!..
Майданды жиектей жатқан жігіттерді жағалап жүргенде Асқар солдаттарға да көп кездесіп еді, олардың революция туралы ұғымы қазақ жігіттерінен анағұрлым озық. «Революциядан не түсінеді екен?» деп ойлаған Асқар, жолыққан солдаттарға сұрау беріп еді, олар: «Патша жойылсын!», «Соғыс тоқталсын!» деген ұрандардан басқа алдарына болашақтағы үкімет туралы саяси мақсат қояды екен. Олардың тілейтіні – жұмысшы мен шаруа үкіметі екен. Капиталистің завод, фабрикасын, помещиктің жерін – еңбекші бұқараның, көпшіліктің мүлкіне айналдыру туралы пікірлері ашық екен.
Петроградтан басталған революцияның бірінші күндерінде көпшіліктің қимылын, 1916 жылғы қазақ қозғалысына ұқсатқан Асқар, Петроградтағы Совдеп жиылысына қатынасқаннан кейін, майдандағы солдаттардың талаптарын көргеннен кейін, екі уақиғаның арасында жер мен көктей айырма барын аңғарды: 1916 жылдың қозғалысы – қайда сарқарын білмеген мылқау күш ағыны сықылды; ал, февраль революциясын жасауға белсене қатынасып жүрген жұмысшы мен солдаттар арасында саяси мақсат барлығы көрінді, ол –патшаны, капиталистерді үкіметтен қуып, билікті халық уәкілінен сайлаған Совдепке беру. Совет үкіметін құру.
Петроградтағы революция қимылына, солдаттардың қозғалысына араласқаннан кейін көпшілікті ұйымдастырып, саяси бағыт беретін орынның қажет екенін Асқар айқын көрді. Сондықтан ол, қазақ жігіттерінің елдеріне қайту мәселесін бір ыңғайлағаннан кейін, Петроградқа қайтып келіп, Совдептен ақыл алып, жеріне қайтып, Совдеп ашуды арман етті.
Майдан жиегіндегі жігіттерді аралап түскеннен кейін ол Минскіге келді де, айға жақын отырып, жігіттердің көпшілігін жеріне қайтарып, қасына Кенжетайды ертіп, марттың 28 күні Петроград келді де, Булатовтың үйіне түсті.
5 Кенжетайды ертіп, майдың бесі күні еліне беттеп, поезға мінуге билет алған Асқар, майдың төрті күні іңірде Кенжетайды жолға азық алуға жіберді де, Булатовтың кішкене бөлмесінде нәрсе-қарасын жинастырды.
Нәрсе-қара дегенде Асқар мен Кенжетайда үстеріндегі солдат киімінен басқа, не төсек-орын, не басқа багаж жоқ. Олардың жолға алатын жүгі – ішетін тамақтан басқа: Петроград Совдепінен алған екі жәшік кітап, жарнама, ұран. Бұл қағаздарға әдейі арналып істелген, түбі белуардан қосқабат жәшіктер бар. Кітаптарды сол қос қабаттың арасына салып бетін жапса, жәшікті ашқан адам ішінде кітап барын байқар емес, кітаптың бетіне жапқан тақтайды, жәшіктің түбі деп ойлайтын.
Майдандағы қазақ жігіттерін жайғастырып, марттың аяғында Петроградқа келген Асқар бір айдың ішінде жабайы уақытта бір жүз жылда ала алмайтын білім алды. Ең алдымен ол Германия арқылы Швейцариядан Россияға қайтқан Ленинді Петроград жұмысшылары Финляндия вокзалында қарсы алғанда ішінде болды. «Ленинді өмірде бір көрсем!» деген арманына ол жетті.
Бұл апрельдің 3 күні еді. Ленинді қарсы алу үшін вокзал алдына мыңдаған жұмысшылар, солдаттар және матростар жиналды. Ленин вагоннан шыға келгенде олар зор қуаныш үстінде еді. Олар Ленинді қолмен көтеріп алып, өздерінің көсемін вокзалдың үлкен залына алып барғанда, осы думанның ішінде Асқар да бар еді. Вокзалда меньшевиктерден – Чхеидзе мен Скоболев «құттықтау» сөз сөйлей бастап еді, Ленин олардың сөзін тыңдамады, олардың қасынан өте шығып, сырттағы жиналған халықтың ортасына барды да, броневиктің үстінде тұрып ол өзінін, даңқты сөзін сөйледі. Асқар ұлы адамның айтқан сөзін бар ынтасымен тыңдап, бір сөзін де қалдырмай жадында сақтап қалуға тырысты.
Ленин бұл сөзінде еңбекшілерді социалистік революцияның жеңуі үшін күресуге шақырды. Ол дүниежүзілік социалистік революцияның таңы атқанын, Германияда да революция болып, Европа империалистерінің күл-талқан болғалы тұрғанын, оған орыс революциясы жол бастап беретіндігін айта келіп, сөзін «Социалистік революция жасасын!» деп аяқтады.
Лениннің сөзінен кейін вокзал маңайына лық толған халық уралап қол шапалақтап, Петроградты басына көтерді. Броне-автомобильге мініп, Ленин жүріп кетті.
Осыдан кейін Асқар, бірнеше партия жиылыстарына қатынасып, революцияның ұсақ ұлттарға беретін бостандығы туралы, ұсақ ұлттар революцияға қалай қатынасу туралы көп сабақ алды.
Асқардың және бір үлкен олжасы – большевик партиясының апрель конференциясында жасаған Левиннің, Сталиннің баяндамаларын, конференцияның қаулысын оқыды. Осы конференция кезінде Асқар, Булатов тұратын ячейкадан партияға мүшелікке етті.
Міне, осындай олжаларға ие боп, жаны шаттана жолға қамданған Асқар майдың орта шенінің бір кешінде жиынып-терініп алып, түнгі ұйқыға кетті.
– Аһ! Уһ!..– деген дауысқа оянса, тан, атып қалған екен. «Ыңқылдаған кім?» деп басын көтерсе –Кенжетай!
– Немене, Кенжетай?–деді Асқар.
– Денем күйіп-жанып, әкетіп барады...
Асқар Кенжетайдың денесіне қол тигізіп еді, оттай лыпылдап тұр екен.
– Кеше кешке, сусағасын көшеден бір суық сыра ішіп ем. Сол пәле болды,– деді Кенжетай, демін иығынан алып.
Кенжетайдың қатты ыңқылына Булатов та оянып кетті. Асқар Булатовқа айтып еді, Булатов көрші бөлмеде тұратын дәрігерді шақырды, дәрігер: «өкпесі іскен» деп тапты.
– Не істеу керек?
Петроградта бір ай тұрып, Асқарға ерген Кенжетай саяси сауаттанып қалған еді, елге қайтып Совдеп ұйымдастырғанда: «Кенжетайды пайдаланам, осыдан саяси кісі шығарам» деп Асқар қуанған еді.
Міне, енді ол қуаныштардың бәрі жоққа шыққандай болды. Енді «Кенжетай елге тірі бара ма, жоқ па?!» деген қауіп туды. Кенжетайды ауруханаға орналастырып Асқар 2–3 күн күтіп еді, дәрігерлер: «Ұзақ ауыратын түрі бар» дегенді айтты. Жақын арада ғана Ботагөзден хат келіп, ол хатта алашорда партиясы ұйымдасқандығы, алашордашылардың Совет үкіметіне қарсы жұмыстар істеп жатқандығы айтылған еді. «Тез қайтыңдар!» деп аяқтаған еді Ботагөз хатын. Асқар сасыңқырап, Кенжетайға «енді қайтем?» деп ақылдасқанда:
– Тез қайт,– деді ол,– маған қарама. Халық бостандығы менен қымбат.
Қайтпауына Кенжетай ренжитін болған соң, Асқар еліне жүріп кетті.