Table of Contents тар жол, тайғАҚ кешу роман-эссе (1927) тарту



бет3/53
Дата22.09.2023
өлшемі419,1 Kb.
#109714
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   53
(Керенский заманында)
«Патша түсті» деген хабар келгенде, қазақ оқығандарының арасында, әсіресе оқыған жастардың арасында жүрегі жарыла қуанбаған адам аз шығар.
Патшаның не себепті түскеніне алғашқы уақытта қазақ елі түсіне алған жоқ. Бірақ қазақ елінің бәрі — ақ патшаның түскеніне жалпы қуанды. Патшаны қазақ елі «жерімізді алды, суымызды алды, өзімізді қорлады, солдат алатын болды, дінімізді жояйын деп жүр...» — деп, жек көруші еді. Орыс патшасымен соғыс қылған жұрттың тілеуін тілеуші еді. Жапониядан жеңілгенде қазақ елі «Ә-ә, бәлем!.. Шоқ!»—дегендей болып еді. Оның үстіне 1916 жыл қазақ жүрегіне қан қатырып, кек болып еді.
«Патша түсті» —деген хабарды алысымен Омбыдан, Ақмоладан хат ала бастадым. Омбыда, Ақмолада бірге жүрген, бір ниетті жолдастардың бәрі-ақ алды-артына қарамай, патшаның түскеніне мәз болып, жиылыстарға — топтарға араласып, «жалпы қазақтың пайдасын қорғап», әлеумет істеріне, саясат істеріне қатынаса бастаған көрінеді. Әрине, алғашқы күндерде большевиктерді білмейді.
Тез Ақмола қаласына келдім. Елде де, қалада да патша түскен соң топ-топ жиылыс. Гу-гу сөздер. Күн сайын жиылыс. Күн сайын митинг.
Екі күнде бір комитет сайлау. Екі жердің бірінде бюро сайлау.
Жиылыс сайын, митинг сайын сөйлейтін «ораторлар» — шешендер, көсемдер шыққан. Бұрын көп көрінбей, білінбей жүретін адамдар жиылыс майданына шыққан. Жиылыс сайын шығып сөйлейтін болған. Қала халқы гу-гу қайнаған. Екпіндеген. Барлы-жоқты, жөнді-жөнсіз сөз жүндей сабалған. Неше заманнан бері халықтың айтуға аузы бармай жүрген сөздер енді бүрк-бүрк қайнап шыққан. «Николай жауыз, қан ішкіш, Николай залым...» — деген сөздер әркімнің-ақ аузында. Бұрынғы приказшік, шолақ саудагер, алыпсатар, учитель, техник, мұғалім, хатшы, переводчик, фельдшер, доктор және басқа осындай адамдардың бәрі енді әлеумет пен саясат майданына шығып, «халық атынан» сөйлеп, көсем болып алыпты. Қала халқы жік-жікке бөлінген. Мәселен: казак-орыс, мещан, мұсылман (татар-қазақ), учительдер қауымы, қаладағы солдаттар. Бұлардың әрқайсысының өздерінің бөлек-бөлек жиылыстары бар. Қала менен даланы басқаруға жалпы комитет сайлаған. «Құрама комитет» (Коалиционный комитет) бұрынғы приставтарды түсіріп, олардың орнына жаңа кісілер сайлаған. Крестьянский начальниктер түсірілген. Уез түсіріліп, оның орнына комиссар сайланған.
Мен де келіп, қаладағы қайнап жатқан қалың сөздің ортасына кіріп кеттім. Мен қалаға келсем, қалалық-уездік құрама комитет сайланайын деп жатыр екен.
Сайлау туралы сөз болады деп қала қазақтарының «көсемдері» медреседе жиылып жатыр екен.
Мен де бардым. Медресенің бір үлкен бөлмесіне лық толған қазақ. Сөзді бастап отырған оқыған жігіттер. Мен де сөзге кірістім. Ортаға түскен әңгіме: «не қыламыз?» деген мәселе. Патша түскен соң халыққа саяси ерік тиген соң, бұқара халық не қыларын білмейді. Бұл мен киліккен жиналыста «не қыламыз?» деген мәселеден мынадай сөздер туған:
«Елде қазір үкімет жоқ... Оған не қыламыз? Елді билеу керек. Қалай билеу керек? Бұрынғы болыстарды не қылуымыз керек?.. Мына, қалада сайланайын деп тұрған уездік-қалалық құрама (коалиционный) комитетке қырдағы ел атынан кісілер кіре ме? Қанша кіреді, қалай?..»— деген талқыға түскен.
Әркім ойындағысын айтады. Әркім не қыларын білмейді. Тәжірибе жоқ, тәртіп жоқ, жоба жоқ.
Сөйлеген кісілер көбінесе күрмеліп, малтығып, көт айнала сөйлейді. Көбінесе тура ұсыныс кіргізе алмайды. Көбінесе бір сөзден бір сөзге көшеді. Бірақ әйтеуір сөз көп... Біраз сөйлеп отырып, ертең тағы да жиналмақ боп тарқадық.
Ертеңіне ноғай-қазақ болып тағы да медресеге жиналдық. Ноғайдың бір-екі оқыған шолақ саудагерсымақтары өзгеден гөрі «көсемдік» қылады екен: Сейіт Латыпов, Шәріп Ялымов, — бұлар ағып тұрған сөз. Өздері батыл, өздері екпінді, өздері «күллі мұсылман атынан» сөйлейді екен.
Бұл жиналыстағы әңгіме мынау: «Ертең қалалық жаңа уездік құрама комитет сайланғанда, көбіне-азына қарамай, әр халықтан, әр таптан, әр қауымнан, әр ұйымнан кісілер бірдей кіреді екен. Мәселен: мұсылманнан, казак-орыстан, мещандардан, славодкадан, солдаттардан, учительдер қауымдарынан — бәрінен құрама комитетке кісі бірдей кіреді екен.
Бұған жұрттың көбі риза емес. Жалғыз-ақ казак-орыс риза. Бұл сөз кеште әрбір жерде әңгіме болып жатыр екен.
Сейіт Латыпов бізге бұл әңгімені түсіндіріп айтты.
— «Біз мұсылман қазақ-татар халқы болып, бұған қарсы болуымыз керек. Біз көп бола тұрып, орыстың әр түрлі уақ бөліктерімен бірдей болмауымыз керек. Құрама комитет (коалиционный комитет) болмасын. Сайлау жалпы болсын. Жұрттың бәрі сайлауға бірдей кіріссін. Комитетке сайланатын кісілердің спискесін әркім өзі жазып берсін. Жазған қағазын бүктеп, сайлау жәшігіне әркім өзі салсын. Сонан соң «Кімде-кім дауысты көп алса, сол комитетке өтсін», — делінді.
Бұл сөзді бәріміз де мақұл таптық.
— Бұлай болса, ертең бұрынғы қала басқармасының үйіне (Управоға) Омбыдан осы комитет сайлауын басқаруға келген бір комиссар жұртты жинайды. Сол жиналған жерде сөз сұрап алып, «Құрама комитетке» біздің барлық мұсылман халқы риза емес», — деп айтайық. Онан соң осы риза болмауды бастап отырған учитель қауымының бастықтары: Горбачев, Колтунов деген кісілер. Олар семинарияда тұрады. Мұсылман атынан қазір бір-екі кісі соларға барып сөйлесіп қояйық, — деді.
Мұны да мақұл таптық.
Ертең мұсылман атынан сөйлеуге жұрт Латыповты сайлады, қасына мені қосып берді. Сол жиналыстан кейін семинарияға барып, әлгі учительдердің бастықтарымен сөйлесуді және сол Латыпов екеумізге тапсырды.
Біз семинарияға келіп, Горбачев пен Колтуновқа кірдік. Екеуі бір үйде отыр екен.
Бұларды менің көргенім сол еді. Екеуі де семинарияның оқытушылары. Революцияның нұсқауына түсінген адамдар екен. Жастары отыз, қырыққа келген. Біз «мұсылман халқының» құрама комитет туралы қылған қаулысын айттық.
Бұлар мұсылмандардың бұл қаулысын тәуір көріп қалды. Бізге сайлау реттерін және басқа да сондай тәртіп реттерін түсіндіріп айтты.
— Ертең бұл сөзді айтатын жалғыз сіздер болмайсыздар, ертең бұл наразылықты жұрттың бәрі де айтар. Біздің учительдер қауымы азғантай болып отырып, үлкен қауымдармен бірдей комитетке кісі кіргізіп, көпшіліктің ақысын жемейді. Бұл «құрама комитет» дегенді шығарып отырған бұрынғы жаман құлықты адамдар. Бұлардың мұнысын істетпеу керек. Енді бөлінетін ештеме жоқ. Сайлау жалпыға бірдей, көпке бірдей болуы керек», —деді.
Біз біраз сөз сұрап, қош айтысып шықтық.
Ертеңінде Омбыдан келген комиссар бұрынғы қала басқармасының үйінде жиылыс құрды.
Бізде келдік. Жұрт жиылып жатыр. Үлкен үйге жұрт лық толып, иін тіресіп тұр. Омбыдан келген комиссар — бір семізше офицер төрде отыр. Қасында төрт-бес кісісі бар. Алдарында көк шұға дастарқан жапқан әдемі үстел. Жиылыс ашылды. Жиылыс ашылған соң әркім сөз алып, әлгі «құрама комитеттің» сайлау тәртібіне риза еместігін айта бастады.
«Мұсылмандардың атынан» Латыпов айтты. Латыпов сөйлеудің ретін біледі. Өзі батыл және ысылыңқыраған жігіт.
Көпшілік бірыңғай наразы болған соң «құрама комитет» болмайтын болды. Уақытша комиссия сайланып, қайтадан жалпы құпия ретпен уездік-қалалық комитет сайланатын болды.
Орыс, қазақ, татар сөйлесіп списке жасадық. Және бір спискені орыстардың бір жігіті жасапты.
Сонан соң тағы да жік-жік болып, бес-алты списке жасалып, сайлау болды. Сайлаудың ішіне біз де кірістік. Қазақтан комитетке бір-екі-ақ кісі өтті. Қазақтан кісінің аз өткен себебі — қазақтың сайлау тәртіптеріне әбден түсінбегендіктері болды.
Сайланған комитет елге үгіт-насихат, баяндама қылдыруға кісілер жібермек болды.
«Комитет кісі жіберуді маған тапсырды», — деп Ялымов оқыған қазақтарды медресеге жинады. Бардық. Кейбір оқусыз адамдардың да жиналыстардан қалмайтыны келді. Ақмола жатақтарының пысық бір бастығы біздің Балапан деген кісі келді. Ялымов жиналысты ашып көпіріп, «өзім-өзім» деп сөйлеп отырды. Қырға бірнеше кісі шығаратын болдық.
Ялымов Ақмоланың ноғайы. Өзі біраз оқығандау. Өзі кіре конторында қызмет қылады. Және кішкене бақал дүкені бар. Шолақ көпес. Әрине, жүрген-тұрған саудагер қулар пысық келеді. Сол пысықтықпен, енді патша түскен соң «барлық мұсылмандардың атынан» сөйлеп жүр. Қалалық комитетке қазақтың, ноғайдың күшімен кірген, мінезі екіұрық, жындылау адам еді.
Қырға қазақ еліне кісі шығаруға әлгі медреседе жиылып, сөйлесіп отырғанымызда, бір сөздің ретінен Ялымов пен біздің Балапан қағысып қалды. Балапан:
— Қырға ылғи қазақ жігіттерін жіберу керек, — дейді. Ялымов ноғай жігіттерін көбірек шығарғысы келеді. Ноғай болғанда, көбі сол уақ балаған саудагерлері болады.
Осы ретте Балапан екеуі қағысып қалды.
Ялымов Балапанға ақырды. Үстелді қойып қалып, түрегеліп Балапанға ежірейді. Бапаң қанша көсем, пысық болғанмен, қаланың кедейі, жатағы... азырақ бәсеңсіп қалды. Бірақ қорыққан жоқ.
Ақырында, қырға қазағы бар, ноғайы бар бірнеше кісілер шығатын болып тарқадық. Тысқа шыққан соң кейбір жігіттер қалжыңдап Балапанға күлді:
— Ялымов сізге ақырып тастады-ау! — десті.
Ертеңінде Балапан менің пәтеріме келді.
— Ялымов деген бір ит қой өзі... Мұндай итті әнеугүні қайдан сайладық осы? — деді.
Мен қалжыңдап күліп:
— Бірақ өзіңіз кеше одан қаймығып қалдыңыз ғой! — дедім. Бапан:
— Жоқ, мен кеше өзім қапыда қалдым... Ол маған үйдеп айтуға «неимейіш права« (не имеешь право) екен. Оны өзім соңынан біліп қалдым! —деді.
Балапанның осы сөзі осы күнге шейін Ақмола жігіттерінің аузынан қалмайды.
Тез бұдан кейін тағы да комитет сайлауы болды.
Қысқасы, аз уақытта Ақмолада талай жиылыс болып, талай рет комитет сайлауы болды...
Уездік комитет атынан қырға кісілер шығып, қазақ арасына да комитет сайлауын кіргізе бастады. Сансыз жиылыстың, сансыз сайлаудың жуан ішінде жүрдік.
Сөз көп. Пәтуа жоқ. Жиналыс көп, тиянақ жоқ. Үкімет әлсіз. Үкімет комитеттің қолында болмай, ақырында Керенский үкіметінің уездік комиссары келді. Уездің әмірі соның қолында болды. Бірақ оның әмірі де қуатты, күшті емес. Жұрттың бәрі өзі бек, өзі төре. Сот дағдарып, милиция әлсіз бола бастады. Үкіметке бағыну азая бастады.
Николай заманында ел жеген болыстар, ел жеген приставтар, крестьянский начальниктер бос жүрді. Кейбіреулері бұрынғы орындарынан түссе де жазаларын тартпай, кеңшілікте жүрді. Оларды жазаландырайын деген үкімет жоқ болды. Бұрынғы-бұрынғы емес, әсіресе кешегі 1916 жылғы қазақтың бунтында, қазақ жастарын қара жұмысқа алған қарсаңда, қазақты жеген, қазақты қан қақсатқан жаман адамдардың, залым ұлықтардың жазаларын тартпай бос жүргендеріне іш күйетін болды. Не қылуға білмей, құр тек әр жерде айтып құр жүгіріп жүрдік.
Спасск заводында тұрып, 1916 жылғы қазақ жастарын «приемнан қалдырам», — деп, заводтағы бай Сейіткамалұлыменен бірігіп, елді тұздықтап соққан начальник Гаякович дегенді және Ақмолада тұрып, Ақкөл поселкесінде тұрып, жастарды қарағанда елді тоқтыша домалатып сойған Орлов деген начальникті тұтқынға алып, сотқа беріп, жазасын тартқызайық дегеніме ешбір демеу таба алмадым. Біраз тыпырладым да қойдым. Жазалы адамды жазаландыратын пәтуалы, қуатты, әділ сотты, күшті үкіметті табу қиын бола бастады. Жұрт өз бетімен кетті. Жұрттың көбі бостандықты өз еркімен, өзінше түсіне бастады.
Біреуді біреу басынып, бір лайықсыз іс істесе, «бұл қалай?» десең:
— Е, бұл слауода! (свобода) — дейтін болды.
Қазақстанның әр жерінде-ақ уездік, облыстық съездер ашыла бастады. Сәуір кезінде Омбы қаласында, Ақмола облысының облыстық қазақ жиылысы деген болды. Жиылысқа біз Құсайын фельдшер мен Байсейітті жібердік. Бұлармен бірге өз беттерімен қырдың бір-екі жуандары да кетті. Бірі Тама Жантөре, бірі жоғарыда айтылатын «Қоржынкөлдің» Олжабай болысы. Сол жиылыста Облыстық қазақ комитеті сайланды.
Жиылысқа Орынбордан, «Қазақ» газетінен Міржақып келді. Тез одан соң Ақмолаға облыстық комитеттен екі қазақ жігіті — Әділұлы, Кемеңгерұлы деген комиссарлар келді. Олар келген соң, уездік қазақ комитетін аштық. Қазақ комитеті қазақ істерін басқаратын болды. Бірақ күш, үкімет уездік комиссардың қолында.
Әлі де уездік съездер (жиылыстар) болып жатыр. Кеңестер болып жатыр. Әрбір кеңеске қазақ атынан, уездік қазақ комитетінен кісілер кіргізіп жатырмыз.
Қазақ комитетінің төрағасы — Дүйсенбайұлы деген қазақ адвокаты, оның орынбасары мен мүшелері: Әділұлы, Кемеңгерұлы, Шегенұлы, біраздан соң Айбасұлы және тағы басқалар. Ақмола уезінің бірсыпыра іс білетіндерін қызметке жинап алдық. Қазақша баспахана орнатып, газет шығармақшы болдық. Ақша жинап, Дүйсенбайұлын машина мен қаріп сатып әкел деп Қазанға жібермекші болдық. Мені уездік комитеттің төрағасы қылды. Енді қайтадан Ақмола уезінің барлық қазақ елдеріне комитет сайлаушы кісілер жібердік. Болыстық комитеттерді қалай сайлау керек екенін, елге қандай «уағыз» айтудың керек екенін айтып және бұрынғы елді езген, жәбірлеген адамдар болыстық комитеттерге сайланбауларын тапсырып, сайлауға шыққан комиссарларымызға нұсқа жасап бердік. Және шығаратын газетімізді елден алатын кісілерден ақша жинап келуге «газетке жазылу дәптерлерін» беріп жібердік.
Ақмола уездік комиссары мен қазақ комитетінің арасы енді жаман бола бастады. Өйткен себебі мынау: мен бір жұмыспен елге шығып кетіп едім. Бір күні бір митингіде уездік комиссар Петровты біздің Рахымжан Дүйсенбаев Қазаннан қайтып келген бетінде сөгіпті. Петровтың бір жаман сөзіне қарсы шығып сөйлеп, Петровты провокаторсың (провокатор) депті. Әрине, бұған комиссар шамданып, Дүйсенбаев «мені жәбірледі... балағаттады...» — деп сотқа берді. Біз Дүйсенбаевты қорғап, Омбыға — облыстық комиссарға, облыстық қазақ комитетіне, облыстық Совдепке Петровты айыптап, өзімізден басқаға білдіртпей телеграмма бердік.
Қазақ комитетінің үш-төрт мүшелері сол комитетте жататынбыз. Дінмұқамбет Әділұлы, Бірмағамбет Айбасұлы, Кемеңгерұлы, мен — төртеуміз бір бөлмеде жататынбыз.
Күндегідей бейқам ұйықтап жатыр едік... Түн еді. Біреу келіп есікті қақты. Ояндық. Есік аштық. Бұ кім десек, қағаз таситын поштабай екен.
— Немене? — дедік.
— Сіздерге повестке! — деді.
— Ә? Кәне?.. Не қылған түн ішінде повестке?..
Оқыдық. Рас, повестка. Орыстың уездік комитеті бізді асығыс мәжілісіне түн ішінде шақырыпты. Үрпиісіп бірімізге біріміз қарастық. Тағы поштабайға:
— Бұл не қылған жиылыс?.. Кім бар онда? — дедік.
— Білмеймін не қылған жиылыс екенін. Маған «шақырып кел» деп, осы қағазды берді. Комитеттің мүшелері өздері ғана жиылысып отыр! —деді.
— Барайық, — деп бәріміз де тез киініп алып жөнелдік.
Қазақ комитетінің мүшелерінің бәрін де шақырыпты. Тысқа шығып, жүгіріп, өзге мүшелерді де пәтерлерінен тұрғызып алдық. Жолшыбай Баймағамбет Өгізтайұлы деген қазақ комитетінің бір мүшелерінің есігін қағып оятып алдық.
Баймағамбет — патша заманында начальникке тілмаш болған кісі. Орысшаны тәуір білетін адам.
— Ойбай, қазір асығыс жиналысқа шақырып жатыр, жүріңіз! — дедік. Баймағамбет шошып кетті, састы.
— Е, немене екен? Немене екен? — дей берді.
Қорықса да болмай алып жүрдік. Ай қараңғы. Түн ішінде көше-көшемен дедектеп бір топ «қазақ комитеттері» келе жатырмыз. Қала жым-жырт ұйықтап жатыр. Көшеде адамдар көрінбейді. Аспан алабұлт. Ашылған бұлттардың араларынан күлімдеп жұлдыздар ғана қарайды. Албастының көзіндей, қараңғыда терезелері жылтырап, тұнжырап үйлер тұр.
Біз өңшең «қазақ комитеттері» сау аяңдап келеміз. Баймағамбет қорқып сөйленеді:
— Япырым-ай, ә?.. Неге шақырды екен?.. Не болып қалды екен?.. Бір сұмдық болды ғой. Ә-ай, балалар-ай! Осы байқаңдар деп талай айтып едім, болмаушы едіңдер. Ал енді! Бір сұмдық болған ғой. Патша орнына қайта мінген ғой, — дейді.
Орыс комитетіне келдік. Мүшелері жиылып отыр екен. Уездік комиссар отыр. Бәрі жай, ызбарлы. Асыққан кісілердің түрі жоқ. Іштерінде тағы да бір Мартылого деген жігіт отыр. Бұл комитет мүшесі емес, «эсер» партиясының хатшысы.
Жиылысты ашты. Сөзді қозғады.
Әңгіме былай екен: біздің Омбыға, үш адреске, комиссар Петровты қаралап соққан телеграммамызды Петров біліп қойған екен. Сол туралы орыс комитеті өзара сөйлесіп, түн ішінде бізді қолға алуға шақырған екен.
Салғаннан бізді бүріп алды да кетті. Петров та шешен, орыс комитетінің өзге мүшелері де шешен. Әсіресе Петров пен Колтунов деген семинарияның екеуі күжілдеп, жұлқынып бізге кәрлерін төкті.
— Бұл өтірік донос!.. Бұл үкімет кісісін өтірік қаралау!.. Дәлелмен, документпен Петровтың айыбын мойнына қойыңдар, әйтпесе өтірік жала үшін сотқа берілесіңдер! — деп, үстелді қойғылап шаптықты-ай келіп.
Бізде документті дәлел жоқ. Састық. Айтыстық. Петров шаптығып, жұлқынып сөйледі. Долданады.
Жазасыз өтірікпен мені айыптап, «провокатор» деп Омбыға телеграмма соқтыңдар. Провокаторды атады. Мені атылсын дегенді не дәлелмен айттыңдар? Қайда дәлелдерің? Салыңдар мынау үстелге. Енді не мен өлемін, не тегіс сотқа беріліп, тиісті жазаларыңды тартасыңдар!.. — деп қылышын жерге түйіп-түйіп қояды. Біресе жылайды. Ол жыласа, кейбір орыстар да жылайды.
— Менің революцияға еңбегім сіңген еді. Өз солдаттарымды ертіп, ең алдымен патшаға қарсы шыққанның бірі мен едім. Мен кәрі революционердің баласы едім. Патапенко деген жазушының пәлен кітабындағы «Саша» деген бала мен едім. Енді осынша қаралап, жазықсыз күйе жағатын, мен не қылдым!?—деп жылайды. Айтыс жаманға айналды. Шиеленді. «Қазақ комитеттері» қорқып қашуға айналды.
Баймағамбет «тысқа шығып келем» — деп кетіп, келмей өшті. Сұлтан кетті. Үсекең кетті. Құсайын кетті. Және басқалары кетті... Айтыста қалған: Бірмағамбет Айбасұлы, Дінмұқамбет Әділұлы, Кемеңгерұлы, мен —төртеуміз-ақ. Өзге комитеттері тайды. Ақырында, біз жеңілдік.
Артынан кешікпей, біздің телеграммамызбен Омбыдан екі комиссар келді. Бір орыс, бір қазақ (Хомутов пен А. Сейітұлы). Олар біздің комитеттің мәжілісіне келді. Мәжіліс «жанжал бітті» деген соң, олар қайтты.
Солайша іс бара берді. Әйтеуір даңмен комитет ісін жүргізген болып жатырмыз. Болмаса, қолда күш жоқ. Тіпті жалпы үкіметте күш жоқ. Закон жоқ. Біздің істеп жатқан үлкен бір ісіміз: қалыңмалды құртып, әйелдерді сүйгеніне жіберіп жатырмыз.
1916 жылы елдерін қақсатып жылатқан екі болыстың үстінен 120 шамалы арыз келді. Істері адам айтарлық емес. Біз не қыларымызды білмедік. Орыс сотына берейік десек: «Біз қазақ ісіне кіріспейміз», — деп орыс соты алмайды.
«Осы жүз жиырма арызды тексеріп, мына жазалы адамдарды жазаландырсаңыз екен», — деп, Омбыдағы қазақ комитетіне жібердік. Бұл облыстық комитетке біздің істеген үлкен бір сынымыз болды. Облыстық комитет бұл арыздарды біраздан соң, ешбір жөнді нұсқау айтпай, өзімізге қайтарды. Біз облыстық комитеттің мұнысына наразы болдық. Бұл үстінен жүз жиырма арыз берілген екі болыс уездік комитеттегілерге өте белгілі адамдар еді. 1916 жылы елді шулатқандары жұрттың құлағынан әлі де кеткен жоқ еді. Бұларға сот жасамаған соң, Ақмоланың облыстық қазақ комитетінің өзіне көңіліміз толмайтын болды. Бұл екі жауыз болысқа ештеңе істемеген соң, облыстық комитет «жауыздыққа қарсы болады» деп ойлаудан қалдық. Және облыстық комитеттің мүшесінің бірі, әлгі екі болыстың бірінің інісі Төлебай еді. Бұл әлгі 1916 жылы мен ауылына санақ алуға баратын «Қоржынкөл» болысының інісі Төлебай — менің оқып жүргендегі жақын танысым. Үстінен елі сексен арыз беретін болыс, сол Төлебайдың сондағы болыс болатын ағасы — Олжабай. Бұл Олжабай өзі шешен-пысық адам болған соң, алғашқы, патша түскен кезде Ақмолаға келіп, жиылыстарда сөйлеп, аз уақыт «көсемдік» қылған. Сол қарсаңда болған облыстық съезге өз бетімен барып, өзінің ауылдағы інісін облыстық қазақ комитетіне мүше қылып өткізіп келген. Бұған біз риза болған жоқпыз да. Елінен, үстінен сексен шамалы арыз келген соң, Олжабай қолға түспей, Ақмоладан қайтып кеткен. Олжабай болыстың үстінен арыз берушілер — көбінесе әлгі 1916 жылы патшаға қарсы қазақ ереуіл жасағанда Олжабайдың көрсетуімен шабылған, атылған қазақтардың айналасы.
Бұл туралы біз Ақмоланың облыстық комитетіне талай қағаз жазып, талай телеграмма жібердік. Облыстық комитетке «араларыңнан Төлебайды шығар» деп талай телеграмма соқтық.
Облыстық комитет біздің сөзімізді тыңдамады. Төлебайды шығармады. Міне, сонан соң әлгі арыздарды облыстық комитеттің өзіне «не қылар екен» деп жіберіп, оны да аяқсыз қайырған соң, облыстық комитеттің кімдікі екеніне енді әбден көзіміз жететін болды. Сонымен, Ақмоланың уездік қазақ комитеті мен облыстық қазақ комитетінің арасы жақсы болмай, бір-біріне қарсы бола бастады.
Іс сөйтіп бір қалыпта жүре берді. «Жас қазақ» деген жастар ұйымын ашқанбыз. Ұйымның мақсаты: халық арасында заң, білім тарату және саясат істеріне қатысу. Қауымның қысқаша жобасы болды. Қауымның басқармасы болды.
Төрағасы — Сәкен Сейфуллин, мүшелері: Әділұлы, Айбасұлы, Асылбекұлы, Серікбайұлы, Нұркеұлы.
«Жас қазақ» ұйымын ашқан сағаттағы жазылған мүшелерінің саны қырық-елу шамасындай еді. Соңынан одан көбейді. Бәрі қазақтың азды-көпті оқыған жастары. «Жас қазақ» ұйымының ісін жүргізетін хатшысы, ақша есебін басқаратын казначейі болды. Мөр, штампы болды. Күзге қарсы шапеграппен «Айна» деген журнал шығарды. Ұйымның баспаға басылған, таралған жобасы болды. Жобада ұйымның саясаты ретінде, мемлекет құрылысы ретінде қабыл алған жолы мынадай еді:
...«Жас қазақ» Россияның ең дұрыс жобалы төңкерісшіл партиясымен бірге майданға шығады. Онсоң Россияның құрама (федеративная) республика болуын қуаттайды»... Міне, осындай еді.
Бұл «Жас қазақ» ұйымы 1913 жылы Омбыда оқып жүргенде өзіміз ашқан «Бірлік» ұйымы тәрізді. Айырмасы сол: «Бірлік» патша үкіметінен жасырын ұйым еді. Ал «Жас қазақ» жасырын емес. Және «Жас қазақ» әлеумет, үкімет істеріне де көріне қатынасатын болды.
Жақсы болсын, жаман болсын, қазандай қайнап, қазақ комитеті мен «Жас қазақ» істері жүре бастады.
Қырдағы елдерде болыстық, комитеттер сайланды. Көп жерде бұрынғы ел жеген адамдарды комитеттерге кіргізбей тастадық. Әйелдерді сайлауға кіргіздік. Әйелдердің бостандығын еркін қорғадық, қалыңмалды құрығымыз жеткен жерде алғызбайтын болдық. «Атастырып» қойған күйеуін жақтырмаған қыздарды, қатындарды босатып, сүйген жігіттеріне тоқтаусыз жіберетін болдық. Ақмола уезінің қазақтарының соты да, милициясы да, үкіметі де уездік қазақ комитеті болды.
Қазақ комитетінің алдынан қазақтардың топ-топ аты кетпейтін болды. Шұбап қазақтың қыз-келіншектері комитетке келіп, «бостандық қағаздарын» алып кететін болды. Бір күнде он сегіз әйел «бостандық қағаз» алған кезі де болды.
Комитеттің ісі солайша жүре берді. Ақмола облысының басқа уездерінде де осындай уездік комитеттер ашылған. Бәрі де әлінше істерін жүргізуде. Әр уездің және қазақтың әр облысының істеп жатқан істері газеттер арқылы және кей жерлерден алып тұратын хаттар арқылы белгілі. Қазақтың әр уезінде-ақ, әр облысында-ақ әлінше іс жүріп жатыр. Бәрінде де осындай комитет бар. Істің жүрісі бір жерде екпінді, бір жерде баяу, шабан.
Әр жерде-ақ газет шығара бастады. Семейде «Сарыарқа» газеті, Ташкентте «Алаш» газеті, соңынан «Бірлік туы». Бөкейлікте, Астрахань қаласында «Ұран» газеті, Ақмолада «Тіршілік» газеті, Орынборда бұрынғы белгілі «Қазақ» газеті.
«Сарыарқаны» басқарған — Қалел Ғаппасұлы. Жазушылары: Ермеков, Бөкейханов, Тұрғанбаев және басқалар.
«Алашты» басқарған — Көлбай Тоғысов.
«Бірлік туын» басқарған — Мұстапа Шоқайұлы. Жазушылары: Болғанбаев, Төреқұлов, Қожанов және басқалар.
«Ұранды» басқарған — А. Мұсаұлы. «Тіршілікті» — басқарған — Рақымжан Дүйсенбаев пен Садуақас Сейфоллаұлы (мен). Жазушылары: Асылбеков, Өмірбай Дөнентаев және басқалар.
«Қазақты» басқарған — Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов. Жазушылары: Бөкейханов тағы солар. Бұл газеттер, «Тіршіліктен» басқасынын бәрі, бір бетте болды. Бәрі Орынбордағы «Қазақ» газетінің ықпалымен жүрді. Бәрінің құлақ күйін «Қазақ» газеті бұрап беріп, нұсқау беріп отыратын болды. «Қазақтың» басындағылар Қазақстанның әр жеріндегі ниеттес адамдарына нұсқа беріп, хат жазып жатты. Газеттердің бәрі көзжұмбай ұлтшыл болды. Ұлтшыл болған соң, еріксіз байшыл газет болды. Бәрінің ортақ туы «Қазақ» газеті болды.
Міне, осы газеттерді оқып, Қазақстанның қай жерінде не болып жатқанын сырттан бақылап жаттық. Қазақ комитеттерінің көбінің-ақ саяси жолы, әлеуметтік ісі, біздің Ақмоланың облыстық комитеттерінен өзгеше емес, көбі-ақ бір қалыпта. Комитеттердің басында қазақтың бұрынғы үлкен оқығандары: адвокат, судья, доктор, чиновник, переводчиктер — байдың балалары. Ал бұларды билеуші — молдалар, ишандар, бұрынғы жуан болыстар. Мысал келтірейік.
«Алаштың» «тіреулері» — жуандар, қазіреттер.
Орал облысында. Сол қарсаңда қазақтардың облыстық съездері болды. Орал облысының уез-уезінен облыстық қаласына (Орал-Текеге) қазақтар жиналды. Жиылыс қаланың ат ойын үйінде (циркте) болды. Съезд ашылды. Басқарма сайланды. Басқарма цирктің ортасында үстел құрып қойып отыр, съезд адамдары цирк ішінде жағалай толып отыр. Және цирк ішінде айнала иін тіресіп, съезді көруге, тыңдауға келген көп халық тұр. Іштерінде бірен-саран оқыған әйелдер де бар. Қарап тұрсаң, съезге Орал губерниясының қазақтарының «қаймағы» жиналған. Ылғи «қасқа мен жайсаң». Съезді меңгеріп отырған, барлық Қазақстанға белгілі, зор оқығандар: Қалел Досмұқамбетов, Жанша Досмұқамбетов, Ғұбайдолла Әлібеков тағы да көп зор оқулылар. Құрылып отырған съезге қарап жібергенде, осының бәрін көріп, ә дегенде кісінің көңілі толғандай. Көңілі толмай қайтеді!.. Ылғи зор, оқыған, көзі ашықтар. Іштерінде оқыған әйелдер де бар... Жұрттың бәрі тізіліп орындықта отыр... Бірақ өзгеден бөлек бір-ақ кісі жерде. Жерде болғанда, ол кісі қара жерде емес, астында төселген кілем бар. Екі иініне екі кісі мінгендей ұзын бойлы, толық. «Мәйегі аузынан шыққан» манаураған манаптай. Үстінде шұға шекпен. Белінде күміс кемер белбеу. Басында кәмшат бөрік. Шүйдесі тоқпақтай. Шекесі торсықтай. Төңірекке көзінің астымен қарап қояды. Съездің басқармасына қарап қояды. Съезді басқарып отырған алты-жеті білгіштер де иесіне қараған аңшының иттеріндей әлгі «жердегі жалғызға» қарап қояды.
Міне, «жердегі жалғыз» цирктің төңірегіне қарады. Қаһарлы көзі орысша киінген бір-екі қазақ әйеліне түсті. «Жердегі жалғыз» қабағын түйді.
— Әне бір селтигендер кім? — деді.
Съезд селк ете түсті. Ортадағы басқарма да селк етті.
— Ол, біреуі Исаның үйіндегі келініңіз... Біреуі Айтжанның үйіндегі келініңіз! — десті.
— Тәйт, әрі! Шықсын!.. Бұл әйелдер жиналатын жер емес! — деді «жердегі жалғыз»...
Тез съезден әйелдерді шығарды...
Бір мәселе бітіп, екінші мәселе басталғанша жұрт жай әңгімелесе бастады.
«Жердегі жалғыз» да әркімге сөз тастап отыр.
Мұның сөзін жұрт жерге түсірмейді. Тастаған сүйекті қаққан тазыша қағып алады. Біреу жауапты ұнамсыз қайырса, «жердегі жалғыз» сөзін қайтадан найзағайдай қылып тастайды. Бір кезекте Әлібековке:
— Ей, Ғұбайдолла! Петрборға бардым деп жүрсің ғой, бара бер! Бірақ Орал облысында қыртпай жүр! — деді.
Бір кезекте молдаларға:
—Ей, молдалар! Шылым тартпаңдар, бастарың ауырмайды, —деді.
«Жердегі жалғыз» жұрттың бәріне зіл тастайды. Оған қарсы келер білгіш жоқ.
Бұл кім?
Бұл — Сырым батырдың ұрпағы Салық, белгілі жуан Салық болыс. Патшаның болысы...
Міне, енді съезд (кеңес) бітті. Салық болыс съездің басқармасына, білгіштерге қарап: «Ей, қазір әлгі он алтыншы жылы өлгендердің моласына барып құран оқимыз, жүріңдер, бірің қалмаңдар!» — деді. Жұрттың бәрі Салықтың көтінен шұбырды. Цирктен шығып, қаптап молаға барды. Облыстық съезд жүгініп отырды. Қалел, Жанша, Ғұбайдолла және басқа «көсем» білгіштер алдында. «Табарақ» басынан аяғына шейін оқылды.
Міне, жуанның үкімі осындай еді!.. Бұл жалғыз Оралда емес, әр облыста-ақ осындай еді. Тек бір жерде өте күшті, бір жерде бәсеңдеу еді. Әлгі біздің Ақмоланың облыстық комитеті үстінен сексен арыз бар Олжабай деген күшті болысқа ештеңе қылмай, қайта оның туған інісін комитетке мүше қылып ұстап отырғандығы өзге жерде болмаған іс емес еді.
Жаңағы Оралдағы Салық болыс сол бетімен соңынан Күнбатыс Қазақстандағы «Алашорда» үкіметінің мүшесі болды. Ал Олжабай болыс Колчак уақытында Ақмолада Алашорданың Уездік әкімінің бірі болды.
Ақмолада. Оралдағы Салық тәрізділер біздің Ақмолада да тыныш қарап жатқан жоқ, олар да біз отырған комитетті қамады. Олар да біздің көзімізді жоғалтуға күштерін салып бақты. Бізді «дінсіз» деп, «елді бұзушылар» деп сөз жүргізіп бақты. Талай жерде бізбен айқасып, ереуілдеп жүрді. Бірақ оларды біз топтап, қуалап жүрдік. Бір күні мынадай іс болды.
Біздің комитеттің кеңесі еді. Күндіз сағат он екі кезі. Комитет кеңесіне «Жас қазақ» ұйымының да мүшелері келіп отыр еді. Кеңес құпиялау болған соң, бөтен кісілерді кіргізбей, есік алдында поштабай тұр еді. Комитеттің айналасында, алдында, күндегідей қақтыққан, қайнаған жұрт. Бір мезгілде есіктің сыртынан тасыр-тұсыр шықты. Күжілдеген сөздер естілді. Есіктің сыртында тұрған поштабайдың даусы шықты. Есікке таласқандай болды. Күжілдеген дауыстар көбейіп, есікті солқылдатты... Қызарып, қысылып, есікті қысып ашып поштабай үйге кірді.
— Бірталай кісі «кіреміз» деп болмайды, — деді.
— Ол кімдер? — дедік.
— Басы Сыпан болыс, — деді.
Сыпан болыс — Ақмолада мықты, атақты, белгілі болыстың бірі. Патша заманында жиырма бес жыл болыс болған. Бірақ Салықтай емес, қу, «ақылды», «сыпайылау» адам.
— Кіргізбе, кеңес құпия, — дедік.
Поштабай шықты. Тағы да күжілдеген дауыстар шықты. Шаң-шұң, опыр-топыр болды. Есікті жұлып алып, комитеттің кеңесі үстіне бір топ кісі, Сыпан болыстар кіріп келді.
— Сіздерге не керек? — дедік.
— Не керек болсын, біз де осы сөздеріңнің ішінде боламыз, — деді Сыпан.
— Жоқ, біздің кеңесіміз қазір құпия, сіздерге отыруға болмайды, —дедік.
— Қазір не құпия бар? Қазір құпия болмайды. Біз де отырамыз, — деді.
Азырақ қызараңдастық. Біздің комитеттің мүшесі қазнашымыз Нұржан Шегіұлы деген жолдасымызға Сыпан болыс:
— Ей, Нұржан! Сен былшылдама! Көтіңді қыс! Сенің ол отырған орның керек болса, маған оп-оңай! — деді.
Сүйтіп, біраз ереуілдесіп, комитеттің сөзін бөліп, Сыпан болыс нөкерлерімен шықты.
Оралдағы, Жымпитыдағы Салық болыс тәрізді емес, Сыпан жанжалға бармайтын адам. Салық Жымпитыда, бір ретте, уездік комитетті көп кісілермен келіп шауып, бір комитет мүшесінің көзін ұрып шығарған.
Енді бір күні мынадай іс болды:
«Жас қазақ» ұйымының жиылысы еді. Жиылыс қазақ комитетінің кеңсесінде болып жатыр. Жиылыстың төрағасы болып отырған мен. Жағалай отырмыз. Менің екі жақ жанымда ұйым басқармасының хатшылары, мүшелері: Әділов, Айбасов, Нұркин, Асылбеков. Біздің алдымызда бізге қарап, Серікбаев, Дөнентаев және басқалар отырған.
Күн батуға таянған. Үйдің іші лық толған иін тірескен кісі. Олардың терлеген лебінен үйдің іші қапаланып ысыған. «Жас қазақ» ұйымының көп мүшелері және жай кісілер де есіктен төрге шейін сығылысып, орын жетпегендері самаладай самсап түрегеп тұр.
Кеңес болып жатыр. Бір мезгілде иін тіресіп тұрған жұрт қозғалды.
— Бұл кім? Неге итересіңдер? Қайда кимелеп барасың?
— Е, не керек? Не болды? — десті.
Кейбіреулер кимелеп, омыраулап, төрге қарай өрлеп келеді. Сөйленіп отырған сөз бөлінді. Аңырайып қарадық.
Молдалар кие-жара омыраулап, біз отырған төрге келді. Бес-алты молда — бәрі де Ақмола уезінің атақты молдалары, әулиелері, Ғалауетдин қалпе, Омар молда, тағы да басқа молдалар.
— Е, шаруаларың бар ма еді? — дедік.
Молдалар күмілжіңкіреп:
— Көп шаруамыз жоқ, — деді.
Біз сөзімізді сөйлей бердік, молдалар отырды. Ғалауетдин менің қасыма келіп отырды.
Сөз сөйленіп жатыр.
Бір мезгілде Ғалауетдин молда маған:
— Сәкен «мырза», кішкене сөздеріңізді бөле тұрыңыздар! — деді.
— Неге? — дедім.
Сөйленіп тұрған сөз өзінен-өзі қойыла қалды.
Жұрт қарай қалды.
— Қазір енді күн кешкірді. Намаздыгер уақыт болды. Сөздеріңізді қоя тұрып, кешкі намазға барыңыздар! — деді.
— Біздің қазір уақытымыз жоқ, қалпе! — дедім.
— Неге уақытыңыз болмайды? Бұл сөздерге уақытыңыз болғанда намазға уақытыңыз болмай ма? Жүріңіздер намазға! — деді Ғалауетдин.
— Біздің дәретіміз жоқ еді, қалпе! — дедім тағы да.
Қалпе түсін суытып:
— Дәрет аласыздар, тастаңыздар енді сөздеріңізді, жүріңіздер, намаз өтіп кетеді! — деді.
Пәле бүйірден қадалды. Мен ыза болып, тез жолдастарға айнала қарап жіберіп, қарсы алдымда отырған Бәкен Серікбайұлына қарадым. Бәкен маған қарап қойып, қып-қызыл болып, қалпеге көзімен қадалып отыр екен. Бәкен менің бетіме қарап жіберді де қалпеге:
— Ей молда! Шатпа!.. Шайнама! — деді.
Бәкенге таяу, терезенің алдында отырған Өмірбай:
— Маған сөз берші, Сәкен! — деп ұшып түрегелді.
Сөз бердім.
Молдалар қалш-қалш етеді. Иін тірескен жұртта үн жоқ. О-ой, сөкті-ай кеп Өмірбай молдаларды!
— ...Сендер, елді алдаушы арамтамақтар... Сұм, көлгір, былжыраған қаяр бұзылғандар!.. Өздеріңнің не қылып жүретіндерің естеріңде бола ма?.. Бізде не ақыларың бар?.. Біз тозақта күйіп жатсақ, сендер қолдарыңның ұшын бермей-ақ қойыңдар! — деп, молдалардың ит терісін басына қаптады.
Быт-шыт болып молдалар кетті.
Молдалар мен болыстардың, барлық жуандардың беті, ниеті бір. Бәрінің шабуылы да бір.
Міне, сөйтіп, Қазақстанның көп жерінде комитет істері осылардың ықпалымен жүрген.
Міне, «Алашорданың» тіреуінің зоры молдалар мен болыстар болған. Тағы да мысал келтірейік.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   53




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет