Table of Contents тар жол, тайғАҚ кешу роман-эссе (1927) тарту



бет5/53
Дата22.09.2023
өлшемі419,1 Kb.
#109714
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   53
Байланысты:
Тар жол, тайғақ кешу. Сәкен Сейфуллин

АҚМОЛАДА
Комитет ісі, жоғарғы айтқандай, бір қалыпта жүріп жатты. Жұрт басы ауырса да комитетке келетін болды. Қазақ комитетін ғана біледі. Сот та, милиция да — бәрі де комитет. Күндіз-түні топыр. Комитет қазандай қайнап жатты. Бірақ жоғарғы үкіметтен ешбір жоба жоқ. Ешбір нұсқа жоқ. Комитет қазандай қайнайды. Бірақ әкімшілік күші жоқ. Орыстардың комитетінде тіпті іс жоқ. Аты бар, ісі жоқ.
Ақмоланың әкімшілігі Керенскийдің комиссары прапорщик Петровтың қолында. Бірақ оның да күші жоқ. О да ештеңе істей алмайды. Бұл жалғыз Ақмолада емес. Керенский заманында барлық жерде-ақ жалпы солай болған. Жалпы қозғалған халықты Керенскийдің әкімшілігі тоқтата алар ма?.. Неше заманнан бері шеңгелдеп басқан қалың мұзды талқан қылып тасыған дарияны милиция мен сот тоқтата алар ма?
Алыс болса да, жалпы Қазақстанға құлақ күйін бұрап отыруға тырысқан Орынбордағы «Қазақ» газеті еді. Жалпы қазақ оқығандарының рухына жел беруге әрекет қылып отырған «Қазақ» газеті еді. Өйткені «Қазақ» газеті өзге газеттерден бұрынырақ шыққан (1913 жылы шыққан) өркенді газет болды. Өркендеген бұл газет қазақ халқы жақсы жерден, судан айырылып, патшадан қорлық көріп, тұрмысы өзгеріңкіреп: «Жерім-ай! Суым-ай!.. Қорлық-ай!» деген заманда шықты. Және сол тұрмыс өзгерістерінің әсерінен қазақтың оқуға ұмтылған жастары көбейіп, талпына бастаған қарсаңында шықты. Және бұл газеттің басындағы шығарушылар: «Жерім-ай!.. Суым-ай!..» деген зарды мұң қылып, жыр қылып айтушылар болды. Сондықтан олар қазақ оқығандарына көсемдік қылды. Сол көсемдікті бұлар 1913 жылдан «Қазақ» газеті арқылы үгіт қылып келіп, патша түскен соң күшейтті. «Алашорданың» ұраншысы осылар болды.
Бұлар патша түскен соң «Қазақ» газеті арқылы «жалпы қазақтың жиылысы болсын» деген сөзді таратты.
1917 жылы сәуірдің екісінен сегізіне дейін Орынборда Торғай облысының съезін жасады. Торғай съезіне Орал, Семей, Сырдария, Бөкей облыстық комитеттерінен өкілдер шақырды.
Торғай съезінде жалпы қазақ халқының мәселелерін қозғады. «Қазақстандық жалпы съезд құрылсын» деп қаулы шығарды. Съезге жоба жасап, шақырылатын уақытын, орнын белгілеуге сегіз кісіден бюро сайлады. Сайланған бюроның басы «Қазақ» газетінің шығарушылары: Бөкейханов, Байтұрсынов, Дулатов, Қадырбаевтар болды.
Сөйтіп, «Қазақ» газетінің жазушылары бас болып, Торғайдың облыстық жиылысында съезд шақырылатын бюро сайланып, жалпы қазақ жиылысын құрмақ болды.
Бюро кешікпей «Қазақ» газетіне «Жалпы съезд болады», — деп жар салды. Съезд — «Бірінші жалпы қазақ съезі» болмақ. Съезд Орынборда 1917 жылы шілденің 20-сы кезінде ашылмақ.
«Қазақ» газетінде Қазақстанның әр облысында съезге қанша өкілдер шақырылғаны жарияланды. Іле Орынбордан телеграмма келді. Съезде қаралатын мәселелерін қозғады. Қаралатын мәселелер:
1) Жалпы Россияның мемлекет құрылысы.
2) Қазақ облыстарының автономиясы.
3) Жер мәселесі.
4) Милиция мәселесі.
5) Земство.
6) Оқу.
7) Сот.
8) Дін мәселесі.
9) Әйелдер мәселесі.
10) Учредительное собраниеге даярлану.
11) Жалпыроссияның мұсылман советі.
12) Қазақтың саясат партиясын жасау.
13) Жетісу оқиғалары.
14) Жалпыроссия федералистерінің Киевтегі съезіне қазақтан кісі жіберу, Петербордағы оқу комиссиясына кісі жіберу.
Міне, съездерінде қаралатын мәселелер осылар.
Съезге әр облыстан «сайлап жібер» деген өкілдерінің саны аз. Бұл өкілдерді уездік комитеттер жібермек. Немесе облыстық комитеттердің өзі-ақ жібере салмақ. Комитеттердің жіберетін адамдарынан басқа съезге тағы телеграмма арқылы арнап кейбір белгілі кісілерді шақырды.
— Кім шақырды?..
— Әлгі Бөкейхановтар шақырды.
— Қандай белгілі кісілерді шақырды?
— Манағы айтқан, Салық болыс тәрізді «дүние тұтқасын ұстағандарды» шақырды. Қуанай қазіреттер тәрізді «әулиелерді» шақырды.
Біздің Ақмола облысының атынан баратын екі өкіл болып облыстық комитеттің екі мүшесі кетті: Омбыда отырып өздерін-өздері сайлап кетті. Асыл Сейітов (доктор), Мағжан Жұмабаев (учитель). Біз Ақмоланың уездік комитетінде отырып, тек әншейін болып жатқан істі телеграмма, хат, газет арқылы ғана біліп отырдық.
Кешікпей Омбыдан фельдшер Шаймерден Әлжанұлынан хат алдым. Мен Шаймерденмен Омбыға оқуға барған жылымда таныс болып едім. Ол Омбыда адам фельдшерінің школында оқыған еді. Шаймерденмен өте жақын дос болып кетіп едім.
1913 жылы Омбыда ең әуелі жасырынып жастар ұйымын — «Бірлікті» ашқанымызда, Шаймерденді ұйымның басқармасының төрағасы қылып сайлап едік. Шаймерден сонда-ақ төңкерісшіл еді. «Бірліктің» бір орман ішінде болған жиылысында Шаймерден: «Кішкене баспа машина алайық, баспаға басып қазақ арасына патшаға қарсы сөз тараталық»,—деп ұсыныс кіргізіп еді. Және «революция болса қайтеміз» деген сөз болғанда: «Революция болса, қолымызға қару алып, революцияшылдармен бір боламыз», — деп еді.
Бұл сөздерді көпшілік жаратпап еді. Жалғыз-ақ Шаймерденге мен қосылып едім.
Мұнымызды кейбіреулер күлкі қылып еді. Міне, енді сол Шаймерден маған Омбыдан жазған хатында былай депті:
«Сәкен!
Мен Орынборға ана мырзалардың жиылысына кетіп барамын. Мақсұтым — Бөкейхандарға қарсы шығып, олардың жолының теріс екенін айтпақ.
Сен де олардың кім екенін жұртқа жариялап, түсіндіріп айта бер! Қош! Тағы да хат жазармын...
Шаймерден».
Біз де енді қарап отыра алмадық, бұл жиылған съезден не күтуге болатынын айта бастадық.
Уездік комитеттің жалпы жиналысын аштық. Комитеттің ортасына Орынборда болып жатқан съездің — I жалпы қазақ съезінің қарайтын мәселелерін салдық.
Баяндама жасап пікір алысқаннан кейін, Орынбор съезінің қарайтын мәселелері туралы қаулы шығардық. Қаулымыз «Жас қазақ» ұйымының жобасымен болды. Біздіңше, ең зор мәселе — Россияның болашақ үкіметінің түрі. Мұны біз үлкен қауіпті мәселе деп білдік. Қауіпті болмай қайтеді? — Съезде ылғи жуан болыстар (жаман да болыстар емес, жуан болыстар), үлкен ақсақалдар, қазіреттер болса, олар қандай үкімет жасамақ?..
Міні, сол себепті болашақ үкімет құрылысын үлкен зор мәселе деп білдік.
Бұл туралы біздің комитеттің шығарған қаулысы бойынша, Орынбордағы съезге телеграмма соқтық. Телеграмманы жазған Бірмағамбет Айбасұлы еді.
Телеграмманың мазмұны мынадай еді: «Біз федеративная республикаға ғана дауыс береміз. Басқа түрге қарсы боламыз».
Біздің телеграмма съездің ашылуына дәл барыпты. Біздің осы телеграмманың жөнімен Ақмола облысының атынан барған Сейітов федеративная республиканы қуаттап сөйлепті. Съезд шақырушылардың ағасы Бөкейханов кадет партиясының жобасын съезге алғызбақ болыпты, едәуір далбасалапты. «Россия үкіметі Англия үкіметіндей патшасы бар, парламентті болуы жөн»,—деп таласыпты. Бірақ көпшіліктен жеңіліпті. Съезд федеративная республиканы дұрыс тауыпты. Бұл сөзді съезден кейін Ақмолаға келгенде Сейітов сөйледі.
Іс солай жүріп жатты. Қажы, молдалар, болыстар бізге қас болып алды. Бізді «дінсіз», «елді бүлдіргіш» деп сөз жүргізіп жүрді.
Қайтып келіп «Тіршілік» деген газет шығара бастадық.
Кешікпей тамызда Ақмоланың уездік съезі болды. Съезге Ақмоланың әр болысынан өкілдер келді. Омбыдан облыстық комитеттен әлгі Орынбордағы съезге барған Асылбек Сейітұлы келді. Орынбор съезінің баспаға басылған қаулыларын әкелді. Съездің қалай болып өткенін сөйледі.
Съезде Бөкейхановтардың кадет партиясының жобасын жүргізбек болғанын айтты. Россия мемлекетінің үкімет құрылысы ағылшындікіндей, конституция парламент болғаны дұрыс деп таласқанын айтты. Ақырында жеңіліп, (федерацияға) федеративті республикаға көнгенін айтты. Және жалпы қазақ («Алаш») партиясын жасауға қаулы қылғандарын айтып, баспаға басылған қаулыларын оқыды. Болашақ учредительное собраниеге (жалпы Россия мемлекетінің үкімет құрылысын жасайтын съезге) Қазақстанның барлық облыстарынан қазақ өкілдерін белгілегендерін айтты. Маған: «Сені де Ақмола облысынан белгілеген өкілдердің спискесіне (тізіміне) кіргіздік», — деді.
— Және Рақымжан Дүйсенбаевты белгіледік, — деді.
— Белгілеген кісілеріңнің бетін білмей, белгілеп қоюларың жөн бе?.. Соңыра әркім орыстың әр партиясымен кетсе қайтесіңдер?.. — дедім.
— Неге өйтсін!.. Жалпы қазақтың өз партиясы болады ғой, — деді.
— Олжабай тәрізді адамдардың батасын алған партияда біз болмайтын шығармыз, — дедім. Біраз Сейітовпен қағысып, айтысып қалдық.
Ақмоланың уездік қазақ съезі ашылды. Съезге келген адамдардың көбі не болыстардың «атұлтандары», не інілері, не құдалары болып шықты. Өздері өкіл болмаса да, бізге тістерін қайрап жүрген болыстар, байлар, молдалар жиналып келіпті.
Съездің маңайы сыбыр-сыбыр сөз. Топ-топ жиылыс. Съездің көпшілігі ірі болыстар мен ірі молдалардың ықпалына түсіп алған тәрізді.
Бізбен «бір жолдамыз» деп жүргендер, комитетте бізбен бірге қызмет қылып жүрген, бұрынғы орыс төрелерінің переводчик-тілмаштары болған қазақ оқығандары болыстармен, молдалармен жампаңдасып, сөйлесіп, құшақтасып алды.
Комитет сайлауы болды. Комитетке «Жас қазақтың» бастықтарынан ешкімді кіргізбеді. Сөйтіп, біз комитеттен шығып қалдық.
Комитетке ылғи байлардың, бұрынғы азулылардың, молдалардың адамдары кірді. Төрағасы доктордың фельдшері Құсайын Қожамбердіұлы. (Құсайын сайлау боларда ауып кетті.) Мүшелері: Мәтен молда, бұрынғы судьяның переводчигі Ерденбаев және судьяның переводчигі Сарман Шүленбаев, бұрынғы болыс және переводчик Үсен Қосаев, басқа осындай адамдар.
Жаңарған қазақ комитеті өзінің кім екенін тезінен-ақ іс жүзінде көрсете бастады.
Бостандық, теңдік, әділдік іздеген адамдарға қазақ комитетінің енді ешбір пәтуасы болмады. Ондай адамдар «Жас қазақ» ұйымына келетін болды.
Біз «Тіршілік» газеті мен «Жас қазақ» ұйымын күшейте бердік.
«Тіршілік» газетінде байларға, болыстарға, молдаларға қарсы жазып жаттық. Комитеттің кімдікі екенін бұқараға сездіріп жаттық. Менің «Тіршіліктің» бір нөміріне басқан «Күзетші иттер» деген өлеңіме комитеттің төрағасы Құсайын Қожамбердіұлы едәуір шамданып жүрді. Бірақ не қылсын?.. Комитет, губерниялық комитеттің әмірі бойынша, елден ақша жинамақ болды. Үй басына жеті жарым сомнан. Байдан да жеті жарым сом, кедейден де жеті жарым сом. Өздерінің батагөйлері, мың-мың жылқылы байлар — Сағынайдың Нұрмағамбеті, Олжабайлардан да жеті жарым сом, Ақмоладағы жатақ Балапаннан да жеті жарым сом!
Комитет ісінің бәрі де осындай. Бұл әншейін жүзден бірін ғана келтірген мысал.
Әрине, біз бұған қатты қарсы тұрдық. «Тіршілік» арқылы да, әсіресе ауызша сөз жүргізіп, комитетке жөнді ақша бергізбедік.
Осы күні кейбіреулер «Ақмолада шыққан «Тіршілік» газеті «кедейшіл» болса да, діншілдіктен аман емес еді», — дейді.
1925 жылы жазғытұрым Ташкенде «Ақжол» газетінің Жалпықазақстандық тілшілер съезінде, Байтасұлы деген жігіт «Қазақ баспасөзінің тарихы туралы» деген баяндама жасапты. Баяндамасында алғашқы революция кезінде шыққан газеттердің қандай болғанын өзінше бұза, шала-пұла айтып келіп:
«... Ақмоладағы «Тіршілік» сондағы газеттердің бәрінен кедейшіл болды. Бірақ бұ да діншілдік, ұлтшылдықтан аман болған жоқ», — депті.
Бұл — әншейін бос сөз. Әрине, ол уақытта тәжірибесіз, білімге кедей кезде шыққан газет сүрінбей, жығылмай кетті деу де қате. Әуелі осы уақытта да газеттердің талайының кейде шектен шыға жайылғандарын көреміз. «Тіршілік» діншіл де болған жоқ. Ұлтшыл да болған жоқ. Ұлтшыл болса, «алашқа» қосылар еді. Ал діншіл болды ма, жоқ па? Мынадан аңғаруға болады.
«Мүфти керек» деген сөздер Орынбордағы «Қазақ» газетіне 1917 жылы жазылып жатты. Міне, осы туралы сол 1917 жылы «Тіршілік» газетінің бас жазушысы Рахымжан Дүйсенбаев «Тіршіліктің» бір нөміріне басмақала жазды.
Бұл мақаланы «Тіршіліктен» «Қазақ» газеті алып көшіріп те басты. Басқанда «біздің пікірімізге қарсы пікір» деп басты. Сол мақаланы енді «Қазақ» газетінен алып, біз мұнда келтірейік. «Қазақ» газеті былай деп көшіреді:
Газеттерден:
«...Ақмолада жаңа шыға бастаған «Тіршілік» газеті «Мүфти қазаққа керек пе» деген басмақаласында қазір мүфтиге қарау керек еместігін жазады.
Біз қазақ мүфтиге кірісу керек деген пікірдеміз.
Бірақ бұ да бір газеттің пікірі болғандықтан оқушының сынына салуды мақұл көрдік. «Тіршілік» газеті жазады: «Біздің қазақтың көбі мүфтиге қарамайды», — деп талпынады.
Оның неге керек екенін өзі де көп анық білмейтін сықылды. Көбінің мүфтиге кіреміз дейтіні ноғайлармен сөйлескенде, әзілдескенде айтатын сықылды:
«Сендер, қазақ, мүфтиге қарамайсың, орысқа қарайсың», — деп, соны қайсыбіреулері бойына мін көреді. Расында, ноғайдың мүфтиі де орысқа қарайды. Орысқа, патшаға қарамай кеткен бұған шейін ешкім жоқ.
Ноғайлардың мүфтиі қайта орысқа, ұлыққа сөз тасып, халыққа жақсылық ойлағандарының үстінен көрсетіп тұратын қулар, шпион екен. Ол жақында Николай патша түскен соң ашылды. Мүфти болғанмен ноғайларда артықша дін күшейіп, не білімі артылып кеткен ешнәрсені біз бұл күнге шейін байқамадық.
Біздің қазақ әуелде мүфтиге қараған да еді. Онан шыққалы отыз жылдай-ақ болды. Шыққан мәнісі: мүфтидің жер турасында қылғандары. Қазақтың атқамінерлерінің жер дауларынан алатын пайдасы кетіп, көп жұмыстар өз уқалауынан шыққан себепті.
Орыстар дін турасында архиерейлер сайлауды патшалық жұмысы емес біліп, әркімнің дін – өз жұмысы деп қалдырып тұр.
Біз біреудің ескісін кимесек жүре алмаймыз ғой. Бұлар дін бастығын қалдырып жатқанда, біз оны жаңадан сайлап жатырмыз.
Ғылымнан көрініп тұрады: дін бастығы зорайған сайын, халық надан болып бұзылады, ғылым, білімнен қалып, дінді тұту керек, бірақ аса шиелендірмей тұту. Жалпы қара халыққа неғұрлым төре, чиновник, ұлық аз болса, соғұрлым пайдалы. Молдалардан мүфти қылып, қазақ қоқырайтып бір ұлық шығарып алса, қайтып құтылуы қиын болар. Талай жұртта солай болған.
«Не хақты бер, ат қоярыңды бер, ысқат-жаназаңды бер!..» — деп, жалғыз сиырдың бұзауын қуып кетіп отырса, сол қиын болар.

1891 жылы, 25 мартта шыққан Степное положение бойынша, молда белгіленіп шығарылмады. Сөйтсе де әліпті таяқ деп білмейтін ауылнай старшина жаназаға, некахқа, ат қойғанға әр жерде-ақ патшалық алымнан кейін қалмай, белгілі алым алып тұратын әдет шығарған еді.


Қазақ әзір мүфтиді қоя тұрып, өзге бас билігін түзетсін.
Мүфтилікті қоя тұру керектігін және не екенін түсінбегендігін Ақмолаға ахон сайлауы көрсетті.
«Қазақ ».1917 жыл.
Рахымжан Дүйсенбайұлы
2 декабрь. № 253»
Міне, осы мақала діншіл газеттің мақаласы ма?.. Ол уақытта осындай мақаланы «Тіршілік» газетінен басқа ешбір қазақ ойына алған жоқ та. Өйткені олардың тар жолына мұндай мақалалар дұрыс емес еді.
Олардың туы да «алаш», ұраны да «алаш» болды. Қуаты, батагөйі— бай-ақсақалдар, мықты болыстар, «әулие» қазіреттер болды... «Тіршілік» газетінің жазушылары «Жас қазақ» ұйымы еді. Қуаты Ақмола жатақтары еді. Ақмоланың қаласына да, уезіне де қазақ комитетінен «Жас қазақ» ұйымы қадірлі бола бастады. «Жас қазақ» басқармасы реті келіп қалғанда кейде комитетке бұйрық жазатын да болды. Әсіресе әйел мәселесін комитеттің бұрмалауына «Жас қазақ» ұйымы жібертпеді.
Қазақ комитетінің халық алдында қадірі қалмады. Ірі мәселелерді «Жас қазақ» ұйымының ұйғаруы болмаса, өз бетімен істей алмады. Комитет кеңесін «Жас қазақтың» бір мүшесі бақылап отыратын болды.
Қазақ комитеті қалайша қадірлі болсын?.. Комитетке кіріп алып, бұрынғы ел жеуге үйреніп қалған переводчик, молда, мырзалар тағы да елге тұмсықтарын тықты. Тағы да бұрынғы жуандар, молдалар тайраңдайтын болып алды. Тағы да жауыздық істеле бастады.
Ал бұлардың бәріне біздің «Жас қазақ» қарсы тұрып, терістікті жұртқа әшкере қылып жариялай берді. Ондай түрде комитетте не қадір қалсын!..
«Жас қазақ» ұйымы қанша алысқанмен комитет аздап бұқпантайлап, өзінің бықсыған шатақ істерін істей берді.
Бір күні «Жас қазақ» ұйымы комитетпен белдеспек болды. «Комитетті қуу керек!» деген сөз қозғалды. Кеңеспек болдық.
Сол күзге қарсы Ақмолада екі класты орыс-қазақтың школасы ашылған. Школдың бір оқытушысы мен. Пәтерім школмен бірге. «Жас қазақ» жиылысын кешке жасырын сол біздің школда жасамақ болдық.
Іңірде жұрт саябыр болған кезде, жұрт біздің школға жиналды. Жиналысқа бірен-саран «Жас қазақ» ұйымында жоқ адамдарды да шақырдық.
«Жас қазақтың» бастықтары тегіс болды. Сол кезде Омбыдан келген Байсейіт Әділұлы да болды. «Тіршілік» газетінің бас жазушысы Рахымжан Дүйсенбайұлы болды.
Жиылысты аштық. Жиылысқа мен төрағалық қылдым. Байсейіт хатшылық қылды. Біраз кеңескеннен кейін, комитетті қууға қаулы қылдық.
Комитеттің не себепті қуылатынын, терістіктерін айтып, қағазға тізіп жазып, қарар шығардық. Бұл шығарған қарарды төрт-бес қағазға даралап көшіріп жазып, қаланың, орыстың мекемелеріне мағлұмат үшін тапсырмақ болдық.
План мынадай:
Ертең ерте мекемелерде қызмет басталған кезде, бәрі бір уақытта, біздің кісілер әр жерге барып, зор ұйымдарға, мекемелерге әлгі шығарған қаулыны тапсырмақ. Сонан соң жиылмақ жер қылып белгілеген комитеттің қасындағы Асылбекұлының үйіне жиылмақ. Сол жерден жазу жазған екі-үш ту көтеріп, комитетке бармақ болдық.
Әркімге міндетті іс тапсырдық. Байсейіт пен Жұмабай уезный комиссарға барып, біздің қарарды тапсырмақ. Мен бір жолдаспен гарнизондағы солдаттарға барып қарарды тапсырып, ауызша да қысқаша баяндама қылмақпын. Біреулері орыс комитетіне барып, қарарды тапсырып, баяндама қылмақ. Бір-екі жолдас керек сөздерді жазып, ертең ерте жиналатын Асылбековтың үйіне екі-үш туды даярлап тұрмақ.
Дүйсенбаев пен Серікбаев және біреулер жатақтағы қара бұқара қазақтардың жиналатын базарына барып, топ жиып, қысқаша сөздер сөйлеп, қарарды оқып, бұқара халықты комитетке қарай алып келмек.
Сөйтіп, түнде «Жас қазақ» жиылысы тарқады.
Ертеңі жасалған план бойынша әркім өз міндетін істеп, уәделі жерге жиналдық.
Гарнизон маған «сендердің тілеуіңдеміз» деген сөз айтты.
Асығып уәделі үйге келдік. Туларды да әкелді. Жолдастар жиналып жатыр. Жиналып болды. Уездік комиссарға барған кісіміз келді.
Комиссардың түрі жаман. «Ереуіл жасатпаймын, қойыңдар!.. Тыңдамасаңдар, арестовать етем бәріңді!» — деп айтты деп келді. Енді көшеге шығу ғана қалды дегенде, комитетке астыртын жіберген бір жолдас жүгіріп келді.
— Ойбай, комитетке үш-төрт милиционер және бір-екі орыс пен комиссар келді, —деді.
— Е, қайтеміз, келсе!.. Бәрібір!.. Барамыз!.. — деп дуылдап көшеге шықты.
Комитетке бардық. «Жас қазаққа» бірталай жатақ бұрыла қосылды. Топталып шұбырып комитетке келдік. Топырлап, сиғанымызша комитет үйіне кірдік.
Комитеттің мүшелерінің көбі астыңғы үйдің есігінен шығып, қашып кетіпті. Керенскийдің комиссары бізге қарсы шықты. Біздің сөйлеуге белгілеп қойған екі кісіміз Керенский комиссарымен шартта-шұрт айтыса қалды. Комиссар комитетті қорғайды. Біздің екі кісі қаралайды. Біз өзгеміз иін тіресіп ентелеп тұрмыз. Комитетке симаған көпшілігіміз тыста. Көп тұрмай, комиссармен айтысуға мен де кірісе кеттім. Сөйлеткен екі кісіміздің екеуі де ел жігіттері еді. Екеуі де тайсалмай сөйлеп тұр. Бірі Құсайын Жалмағамбетұлы деген, бірі тағы бір ел кісісі.
Комиссарлар қасында Ақмоладағы «эсер» партиясының жауапты хатшысы бар екен. Ол бір сөйлемпаз адам екен. О да сөзге кірісті. Бірақ ол әншейін жай ғана тоқтау айтты. Ал комиссар аузынан жалыны шығып, бұрқылдап сөйледі. Бізді қорқытады. Ақырында комиссар түсін, дауысын өзгертіп сөйлеп, он бес күнге мұрсатана сұрады. Он бес күнде комитетті қайта сайламақ болды. Біз тарқадық...
Енді сол күннен кейін халыққа «комитеттің бұты бес тиын да болмай қалды. Тиындай да қадірі қалмады».
Он бес күн өтті. Комиссар комитетті тарқатпады. Біздің кісілер тағы да сөз жүргізді...
Базардағы жиылған бұқараға Рахымжан Дүйсенбаев барып, комитеттің байдікі, болыстікі екенін айтып сөз сөйледі.
Школада отырған мені шақырды. Біз де бардық. Жұрт тағы да қызып, «комитетті күштеп тарқатамыз...» деп, тағы да комитетке қарай гу-гулеп топтанып, шұбап жөнелді. Тағы да топырлап барды.
Комитет мүшелері қорқып, комитетті құлыптап кетіп қалған екен.
Үйдің қожасы бір шал есік алдында шығып тұр екен.
Жұрт тағы да тарқады...

IV. СОВЕТ YKIMETI ЗАМАНЫНДА


Кешікпей «Петроградта Керенский үкіметі құлап, үкіметті большевиктер алды» деген телеграмма сап ете түсті.
Октябрь төңкерісінен кейін әлеумет, саясат майданындағы күрестеріміз бұрынғыдан да екпінді болды. Мыс қазандай қайнады.
Жиылыс-митинг, талас-тартыстар жиіленді.
Дүйсенбаев, Асылбеков, Серікбаев, Нұркин, Бекмұқамбетов, Әділов, Қангелдин Уәли мен Көшербай тағы басқа жолдастар, фронттан қайтқан Монин, Гривогоз, Лозной, Коломейцев, Репшнейдр деген солдаттармен және Екібастұз заводының жұмыскері Бачок дегенмен, Трофимов деген левой эсерадвокатпен, Горбачев деген семинария учителімен, Ақмоладағы эсер партиясының хатшысы әлгі Мартылого деген левой эсер және басқа орыс жолдастармен бәріміз бірыңғай Ақмолада Совет орнату жолында талас-тартыс майданына шықтық.
Талай жиылыс, талай митинг өткіздік. Совет орнатуға «қалпымен» қазақ-орыс қарсы. Әрине, байлар, төрелер, офицерлер қарсы. Алаш ниетіндегі қазақ комитеті қарсы. Керенскийдің өзі жойылса да, Ақмоладағы отырған комиссары қарсы.
Қысқасы, қарсы күш қалың. Біз тіпті азбыз.
Жұрт гулейді. Жиналыстарда иін тіреседі. Ұрысады, керіседі.
Орынборда болған бірінші қазақ жиылысының қарары бойынша күллі Қазақстанда «Алаш» партиясы деген жасалды. Оның губерния-губернияда облыстық комитеттері ашылды, уез-уездерде комитеттері ашылды. Біздің «Тіршілік» газетінен басқа газеттерде «Алаштың» жобасы жарияланды. Бұл газеттер күпірген мақалалар жазып, «алаш, алаш!» деген күйге бастады. «Алаш» партиясының жобасын эсер, меньшевик партияларының, Кадет партиясының жобаларынан құрастырып алды.
Бірақ «Алаш» өзінің бұл құрғақ жобасын да іс жүзінде қолданған жоқ, іс жүзінде Колчак ағасының тәртіптерін қолданды...
Барлық Алаш ағасы деп Әлихан Бөкейханды оқығандар көкке көтерді. «Алаш» бастықтары да тыпырлап, аласұрып сөз таратып, бар күштерін салып, әрекеттерін жасады.
Дон-Кихотша, Бөкейхан Сібір съезіне келді. Омбыға келді, Семейге келді, баяндама жасады. Оқыған мырзалар, оқып жүрген мырза болам деушілер Бөкейханның жолын тосып қарсы алды.
Омбыда, Семейде Әлекеңді Құдайдан сұрап алған жалғыздай құттықтады. Мұны аз ғана көз алдына келтіру үшін 1917 жылғы қарашаның 21-індегі «Қазақ» газетінің 251-нөміріндегі Бөкейханды Семейде қалай, кімдер күтіп алғанын жазған «Сарыарқа» газетінен көшірген мақаланы келтірейік.
Газеттерден:


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   53




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет