3.Вегетативтiк рефлекстер. Вегетативтiк жүйкелердiң әсерiмен әртүрлі iшкi ағзалардың қан айналу, тыныс алу, ас қорыту, бөлу, iшкi секрециялық қызметiнiң өзгеруiн вегетативтiк рефлекстер деп атайды. Вегетативтiк рефлекстер белгiлi бiр ағза мен ұлпадағы зат алмасу процесiнiң деңгейiн сыртқы орта немесе организм жағдайына қарай бейiмдей өзгертiп, жалпы организмнiң жағдайына бейiмделуiн, қоректенуiн қамтамасыз етуi.
Вегетативтiк рефлекстердiң бірнеше түрін ажыратады:
1.Висцеро-висцеральдық (iшкi ағза-iшкi ағза) рефлекстер. Белгiлi бiр интероцепторды тiтiркендiрсе, екiншi бiр ағзаның қызметi рефлекстiк жолмен өзгередi. Мысалы, қан тамырларының рефлекстiк аймақтарының тiтiркенуiнiң салдарынан жүрек қызметiнiң өзгеруi.
2.Висцеро-дермалық (iшкi ағза-терi) рефлекстер. Белгiлi бiр iшкi ағза рецепторын тiтiркендiрсе, терiнiң белгiлi бiр нүктесiнiң сезiмталдылығы шектен тыс көбейедi.
3.Дермо-висцеральдық (терi-iшкi ағза) рефлекстер). Әрбiр iшкi ағзаның терi бетiмен байланысқан жерi бар. Сол жерге әсер етсе, онымен байланысқан ағзаның қызметi өзгередi. Бұл рефлекстер организмде жылу алмасуды, қуаттың алмасуын қамтамасыз етедi.
4.Аксон-рефлекстер, ОНЖ қатынасуынсыз өтетiн рефлекстер. Бұл жағдайда қозу түйінге дейiн жетедi де, одан әрi эфференттiк симпатикалық немесе парасимпатикалық жолға ауысады.
Вегетативтiк жүйке жүйесiнiң қызметiн гипоталамус, ми қыртысының нейрондары бақылайды.
4. Жүйке жүйесiнiң трофикалық қызметi. Жүйке жүйесiнiң орталық немесе шеткi бөлiмi зақымдалса ұлпаның нәрленуi бұзылады. И.П.Павлов iлiмiне сәйкес әрбiр мүшеге үш тұрлі жүйке келедi. Бiрiншiсi – функциональдық жүйкелер- мүшенiң қызметiн реттейдi, екiншiсi – қан тамырлары арқылы қоректiк заттардың мүшеге келуiн реттейтiн жүйкелер, үшіншiсi – трофикалық жүйкелер- әрбiр клетканың қоректенуiн реттейдi.
Трофикалық жүйкелерге вегетативтiк пен соматикалық жүйкелер жатады. Егер бұлардың қызметi бұзылса, онда шаш түсiп, тырнақ сынып, жазылмайтын жаралар пайда болады.