5. Объектінің жер учаскесін таңдау, жобалау, реконструкциялау "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" 2001 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабының 23-16) тармақшасына сәйкес сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері бойынша уәкілетті орган бекітетін сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтердің (бұдан әрі – сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтер) талаптарымен айқындалады.
6. Жалпы білім беру ұйымдарының және білім алушылар мен тәрбиеленушілердың тұратын орындарын ұйымдастыратын объектілердің аумағында сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтер талаптарына сәйкес барлық периметрі бойынша қоршау болуы тиіс. Қоршау зақымдалмаған болуы тиіс.
7. Объектілердің аумағында білім беру процесімен функционалдық байланысы жоқ ғимараттарды, құрылыстар мен құрылысжайлар орналастыруға жол берілмейді.
Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Денсаулық сақтау министрінің 31.03.2022 № ҚР ДСМ-31 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
8. Көп қабатты тұрғын үйлерде, жеке үй иелігінде, ішіне-жапсарлас салынған үй-жайларда орналастырылатын мектептен тыс объектілерде жеке жер учаскесі болмауына жол беріледі.
9. Объектінің учаскесіне кіру жолдары, көлiкпен өту жолдары, шаруашылық құрылыстарға, қоқыс жинағыштарға арналған алаңдарға, САҚ-қа апаратын жолдар асфальтпен, бетонмен немесе тазалауға қолжетімді басқа да қатты жабынмен жабылады.
10. Жалпы білім беретін ұйымдардағы үй-жайлардың (сыныптар, оқу кабинеттері) ауданы оқытудың аралас нысандарында (фронтальды және топтық) бір білім алушыға шаққанда 2,5 шаршы метр (бұдан әрі – м2) нормасы белгіленеді. Халықаралық мектептерді (сыныптар, оқу кабинеттері) жобалау кезінде үй-жайлар алаңының нормасы жобалауға арналған тапсырмамен немесе "Стандарттау туралы" және "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңдарында белгіленген тәртіппен және халықаралық шарттарда, өңірлік стандарттарға немесе шет мемлекеттердің стандарттарына сәйкес белгіленеді. Технологияны және еңбекті зерделеу шеберханаларының, сондай-ақ бағыттар бойынша саралап оқытуға арналған мамандандырылған шеберханалардың ауданы бір білім алушыға шаққанда 3,75 м2.
11. Техникалық және кәсіптік білімнің (бұдан әрі – ТжКБ), орта білімнен кейінгі (бұдан әрі – ОБК), жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі (бұдан әрі – ЖОО) оқу кабинеттері мен дәрісханалары үй-жайларының ауданы:
1) 12 – 15 орын үшін 1 білім алушыға 2,5 м2;
2) 16 – 25 орын үшін 1 білім алушыға 2,2 м2;
3) 26 – 49 орын үшін 1 білім алушыға 1,8 м2;
4) 50 – 75 орын үшін 1 білім алушыға 1,5 м2;
5) 76 – 100 орын үшін 1 білім алушыға 1,3 м2;
6) 100 – 150 орын үшін 1 білім алушыға 1,2 м2;
7) 150 – 350 орын үшін 1 білім алушыға 1,1м2;
8) 350 және одан артық орын үшін 1 білім алушыға 1,0 м2 болып айқындалады.
Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Денсаулық сақтау министрінің 18.01.2023 № 9 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
12. Білім алушылар мен тәрбиеленушілердің саны объектінің жобалық сыйымдылығынан аспауы тиіс. Қашықтықтан оқыту нысаны бойынша білім алушылардың саны жалпы санға енгізілмейді.
13. Әрбір ауысымда 1 білім алушыға шаққандағы аудан нормалары және осы Санитариялық қағидалардың талаптары сақталған жағдайда оқудың екі ауысымдық режимін ұйымдастыруға жол беріледі.
14. Пайдалану режимі шумен қоса жүретін және білім алушылар мен тәрбиеленушілердің алаңдауын тудыруы мүмкін, педагогикалық, медициналық, әкімшілік персоналдың жұмысына кедергі келтіруі немесе оларды бұзуы мүмкін үй-жайлар (сорғы қондырғысы бар бойлерлер, өндірістік үй-жайлар, жөндеу шеберханалары, сорғы бөлімшесі бар салқындатқыш камералар, желдеткіш камералары, компрессорлық) жатын бөлмелермен, оқу, медицина кабинеттерімен көршілес, олардың астына немесе үстіне орналастырылмайды.
Шу мен дірілді оқшаулау жөніндегі іс-шаралар орындалған жағдайда жатын бөлмелерін, оқу және медициналық кабинеттерді, адамдар тұрақты болатын үй-жайларды, желдету жүйелерінің техникалық үй-жайларына тігінен және көлденеңінен жанасатын үй-жайларды орналастыруға жол беріледі.
15. Мектептен тыс объектілер үй-жайларының жиынтығы қосымша білім беру бағдарламаларының іске асырылуына, бір жолғы сыйымдылығына, білім беру технологиясына, инженерлік-техникалық жабдыққа, қажетті жиһазбен жарақтандырылуына қарай белгіленеді.
16. Спорт залының жылыту жүйесінің радиаторлары терезе астындағы қуыстарда орналастырылады және торлармен жабылады немесе еденнен биіктігі 2,4 метрде (бұдан әрі – м) орналастырылады. Терезелерде және жарықтандыру аспаптарында қоршау құрылғылары көзделуі тиіс.
17. Барлық үй-жайлардағы еденнің беті тегіс, саңылаусыз, ақаусыз және механикалық зақымданбаған болуы тиіс.
Оқу үй-жайларындағы, кабинеттердегі және рекреациялардағы еденнің тақтай немесе паркет төсемі болуы тиіс. Едендерге ылғалды тәсілмен өңдеуге және дезинфекциялауға жол беретін синтетикалық полимерлі материалдар, жылы линолеум төсеуге болады.
Спорт залының едені ағаштан болуы немесе арнайы төсемі болуы, еденнің беті тегіс, саңылаусыз және ақаусыз болуы тиіс.
Еңбекке баулу шеберханаларындағы еден механикалық әсерге төзімді, химия кабинеттері мен зертханаларында – химиялық реагенттерге төзімді материалдан жасалады.
18. Объектілер жеке тұрған ғимаратта немесе бірнеше жекелеген ғимараттарда пайдаланылады.
Объектілерді бейімделген ғимараттарда, ішіне-жапсарлас салынған үй-жайларда пайдалануға жол беріледі. Жалпы білім беру ұйымдарын бейімделген ғимаратта пайдаланған кезде оқу үй-жайларының және кабинеттердің есептік сыйымдылығы 1 білім алушыға шаққанда 2,5м2 аудан нормасы ескеріле отырып айқындалады.
19. Объектілерді тұрғын үй ғимараттарында, ішіне-жапсарлас салынған үй-жайларда орналастыру сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтермен айқындалады.
20. Көп пәтерлі тұрғын үйдің бірінші қабатында пайдаланылатын объектілердің тұрғын үйдің кіреберісімен қосылмаған бөлек есігі болуы тиіс.
21. Объектінің жертөле және цокольдық қабаттарындағы үй-жайлар сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтердің талаптарына сәйкес орналастырылады.
Ескерту. 21-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Денсаулық сақтау министрінің 18.01.2023 № 9 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
22. Барлық үй-жайлар функционалдық мақсатына сәйкес пайдаланылуы тиіс.
23. Авариялық ғимараттарда және үй-жайларда орналасқан объектілерді пайдалануға жол берілмейді.
24. Объектілерде мектепке дейінгі ұйымдар, компьютерлік сыныптар, мамандандырылған медициналық және стоматологиялық кабинеттер, шаштараздар, кір жуатын орындар, бассейндер, оқу-өндірістік шеберханалары, тамақтану объектілері болған жағдайда Ереженің 16-тармағының 132-1) тармақшасына сәйкес бекітілетін санитариялық қағидалардың, гигиеналық нормативтердің (бұдан әрі – нормалау құжаттары) талаптары қолданылады.
25. Объектілерді реконструкциялау кезінде осы Санитариялық қағидалардың 6-24-тармағы аралығындағы талаптардың сақталуы көзделеді.