4-тарау. Объектілердің үй-жайларын жөндеуге және күтіп-ұстауға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар
56. Жыл сайын объектіде ағымдағы жөндеу жүргізіледі.
57. Объектілер жұмыс істеп тұрған кезде авариялық жағдайларды жою жұмыстарын қоспағанда, күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарының түрлерін жүргізуге жол берілмейді.
58. Үй-жайларды әрлеу үшін олардың сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттары бар құрылыс материалдары пайдаланылады.
59. Вестибюльдерде, холлдарда, рекреацияларда, акті және мәжіліс залдарында, әкімшілік үй-жайларында конструкциясы әртүрлі аспалы төбелерді қолдануға жол беріледі.
60. Барлық үй жайлардың төбелері мен қабырғалары тегіс, саңылаусыз, жарықшағы жоқ, бүлінбеген, грибоктармен зақымдану белгілерінсіз болуы тиіс.
61. Қалыпты режимде пайдаланылатын үй-жайлардағы қабырғалардың, еденнің, жабдықтың беті ылғалды тәсілмен жинауға жол беретіндей тегіс, күңгірт болады.
Ылғалды режиммен жұмыс істейтін үй-жайлардың (медициналық мақсаттағы, ас блогы, санитариялық тораптар, кір жуу, жуыну орындары) қабырғаларын жуу және дезинфекциялау құралдарын қолдана отырып, ылғалды тәсілмен жинауға жол беретін тақтаймен немесе ылғалға төзімді басқа материалдармен, кемінде 1,5 м биіктікке, себезгі бөлмелерінде кемінде 1,8 м биіктікке қаптайды.
62. Терезе әйнектері, электр шамдардың плафондары және сыртқа тартып желдету жүйесінің жалюзді торлары таза ұсталады. Білім алушылар мен тәрбиеленушілерді жарықтандыру арматурасын тазалауға және терезелерді жууға тартуға жол берілмейді.
63. Желдету үшін ашылатын терезелерге, форточкаларға, фрамугаларға москит торлары орнатылады.
64. Объектілердің аумағы, ашық ауадағы дене шынықтыру және спорт алаңдары таза ұсталады, бөгде заттардан бос болуы тиіс.
65. Барлық үй-жайлар таза ұсталады. Ас блогын және дәретханаларды күн сайын дезинфекциялау құралдарын пайдалана отырып жинайды. Дәретханаларда еден, есік тұтқалары, кранның құлақтары, раковиналар және унитаздар күн сайын дезинфекциялауға жатады.
Үй жайларды ылғалды жинауды ұйымның техникалық персоналы жүргізеді. Білім алушылар мен тәрбиеленушілерді санитариялық тораптарды жинауға тартуға жол берілмейді.
66. Тазалауды жүргізу үшін дайындаушының қолдану жөніндегі нұсқаулығына сәйкес қолдануға рұқсат етілген жуу, дезинфекциялау құралдары пайдаланылады.
Дезинфекциялау ерітінділерін ерітіндінің дайындалған күнін көрсете отырып, таңбаланған сыйымдылықтарда дайындайды. Дезинфекциялау және жуу құралдары және олардың жұмысшы ерітінділері білім алушылар мен тәрбиешілердің қолы жетпейтін орындарда сақталады.
Ескерту. 66-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Денсаулық сақтау министрінің 05.04.2023 № 60 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
67. Жинау мүкәммалы (легендер, шелектер, щеткалар, шүберектер) таңбаланады және олар жекелеген үй-жайларға (санитариялық торап, медициналық пункт, ас блогының өндірістік үй-жайлары, тамақ ішетін залдар, рекреациялар, оқу кабинеттері, жатын бөлмелер, өндірістік шеберханалар) бекітіледі және арнайы бөлінген орындарда сақталады.
Барлық ұйымдардың санитариялық тораптары үшін жинау мүкәммалының белгілік таңбасы болады.
68. Объектілерде дератизациялау және дезинсекциялау бойынша іс-шаралар жүргізіледі. Жәндіктердің, кенелердің және басқа да буынаяқтылар мен кеміргіштердің болуына жол берілмейді.
69. Тығыз жабылатын қақпақтармен жабдықталған қоқыс жинағыштар шаруашылық аймақтағы үш жағынан қоршалған тазалау және дезинфекциялау үшін қолжетімді, су өткізбейтін төсемі бар алаңға орнатылады. Қоқыс жинағыштар (контейнерлер) тазаланады, жуылады және дезинфекцияланады.
Көп пәтерлі тұрғын үйдің бірінші қабатында, ішіне-жапсарлас салынған үй-жайларда орналасқан объектілердің қоқысын жинау үшін тұрғын үйдің ортақ қоқыс жинағыштары немесе контейнерлері пайдаланылады.