2. Адвербиалдану Адвербиалдану процесінің негізгі ұйтқысы болып табылатын жекеленген сөз таптары. Адвербиалдану яғни, өзге сөз таптарының үстеулер қатарына өтуі басқа тілдік құбылыстар сияқты белгілі бір заңдылықтар мен тілдік нормаға сүйенеді. Әрбір сөз таптарының үстеулер қатарына өтуге бейім единицалары бар. Сол тілдік единицалардың үстеуге айналуына белгілі мөлшерде грамматикалық формалар ықпал етеді. Мысалы, мезгілдік және мекендік мағыналары бар зат есімдер, сапалық сын есімдер, сұрау және сілтеу есімдіктері, белгісіздік сан есімдер мен көсемшелер.
Зат есімдердің үстеулер тобына дайын единица күйінде ауысуы тілде аса қарқынды дамуға ие емес. Сөз немесе сөз тіркестерінің үстеулер тобына өз формасын еш өзгертпестен өтуі сол сөздің лексика-семантикалық ерекшелігінің әсері деп білуі шарт. Шындығында да мезгіл үстеулері уақыттың белгілі бір өлшемін, мезгілін білдіретін сөздермен байланысты, ал мекен үстеулері заттың мекенін, орнын білдіреді. Сөздердің мағыналық бөлшегіндегі осындай қасиеттерін қарастыра отырып, түрік тілін зерттеуші, профессор А.Н. Кононов зат есімдердің үстеулер қатарына өтуін төмендегіше сипаттайды: «Характерным признаком перехода имени существительного в наречие, точно так же, как и в русском языке, является следующее: имя существетельное утрачивает возможность сочетаться с определением» .
Сөз таптарының ішінде адвербиадану процесіне бейім сөздер сын есімдер. Түркі тілдерінде кездесетін көптеген үстеулер өздерінің шығу төркіні жағынан сын есімдермен негіздес, төркіндес болып келеді. Тілші Ж. Сарбалаев сын есім сөздердің үстеулер қатарынан орын алып, кейіннен толық үстеу болып қалыптасу тұрғысында мынадай дәләлдер мен сипаттамалар береді: Сын есімдер тобынан үстеулер қатарынан ауысқан сөздер, әсіресе, қимыл-сын және күшейіткіш үстеулердің құрамына жиі ұшырасады» . Жекелеген түркі тілдері деректерін салыстыра отырғанда сын есімдердің үстеулерге айналуының басты белгілерінің бірі ретінде коверсия құбылысы ерекше сипатқа ие. Өйткені, көп жағдайда сын есім сөздер өздерінің тұлғалық сипатын сақтай отырып, контекстік мағынасына, функциясына байланысты үстеуге айналады. Мысалы, башқұрт тілінде кездесетін алыс, қыйын, йәтеш, яқшы т.б. тұлғалар кейде контекске байланысты үстеу болса, кей жағдайда сын есім ретінде қолданылады. Мұндай сөздер тек башқұрт тілі емес, барлық түркі тілдеріне тән құбылыс.
Етістік пен үстеу категориялары бір-біріне өте жақын сипатқа ие сөздер тобы. Әрбір категорияның өзіне ғана тән ерекшклігі де бар. Олардың ара жігін ажыратып тұратын өлшемдері де нақты дәлелдермен беру шарт. Барлық к-шемше формаларын қабылдаған түбірлер үстеулер қатарына өте бермейді. Олардың біразы өздерінің бастапқы етістікке тән сипаты мен қасиетін сақтап қалады. Аталмыш процесс көне тілдерде ғана емес, қазіргі түркі тілдерінде де көп кездеседі. Бұлардың басын ажыратып тұратын белгілер тек сөйлем ішінде ғана көрінеді. Сөздің сөйлем мүшесі ретінде атқаратын қызметтеріне қара пысықтауыштық қатынаста жұмсалуы бар. Адвербиалданушы сөз сол функцияда тұрақты, ұдайы қолданылуының барысында лексикаланып барып үстеулер қатарына өтеді.
Жазба ескерткіштер дәуірінен белгілі адвербиалдану процесіне жататын көптеген етістікті түбірлерден үстеулер жасаған көсемшенің –а, -е, -й, -у, -ү, -ы, -і формалары. Аталмыш форманың ықпалымен лексикаланған сөз жаңа мағынаға ие болып, жаңа сөз табының ерекшелігіне сай қызмет атқара бастайды.
Сөз таптарының ішінде үстеулерді қалыптастыруға ықпал ететін сөз топтарының бірі – есімдіктер. Есімдіктің барлығы бірдей қалыптастыруға қатыса бермейді. Көбінесе сұрау есімдіктері мен сілтеу, жіктеу есімдіктері үстеулер қатарына өтіп жатады. Олар үстеу қатарына дайын единица күйінде де грамматикалық көрсеткіштер көмегіменде өтеді. Тілдегі кездесетін есімдіктен жасалған үстеулердің көбі грамматикалық көрсеткіштер негізінде қалыптасқан. Көне түркі тілдерінен белгілі бірқатар ғалымдар салыстырмалы септік формасы деп таныған –ча, -че (-ша, -ше) қосымшалары дәл осы үстеулерді, нақтығырақ айтқанда, мөлшер үстеулерін қалыптастыруда үлкен мәнге ие. Көне жазбалардан (анча, мунша), қазіргі тіл материалдарынан кездесетін (мұнша, сонша, қанша) тұлғалық үстеулер толық адвербиалдану құбылысын басынан өткізеді. Аталмыш сөздер үстеу ретінде толық қалыптасып, оның құрамындағы септік жалғауы түбірмен сіңісіп, құрамдас бөлігі болып қалған. Мұндай сөздерді тек тарихи тұрғыдан ғана түбір мен қосымшаға ажыратпаса қазіргі тіл тұрғысынан ешбір бөлшектеуге келмейді.
Пайдаланылған әдебиеттер: 1. Сарбалаев Н. Адвербилизация туралы.- Қазақ тілі мен әдебиет. Алматы, 1994. - 35-39 б.
2. Сарбалаев, Ж. Толғауы тоқсан қызыл тіл. – Алматы : «Арыс», 2001.
– 168 б.
3. Конверсия мәселелері (дәріс жинағы). – Павлодар : ПМУ, 2010.