Атомдық орбитальдар симметриясы. s-күйіне (l=0) магнит квант санының бір ғана мәні (ml =0) сәйкес келетіндіктен, s-электрондардың электрондық бұлттарының кеңістікте орналасуы біркелкі болады (сурет 3.6). p-орбитальдардағы ml мәні үшеу, осыған сәйкес олар кеңістікте үш түрлі орналасады. Үш p-электрондық бұлттар бір-біріне перпендикуляр бағыттар бойымен, яғни (x,y,z) координаталар осьтерімен бағытталады. Егер атомдық орбиталь x осімен бағытталса, онда рx орбиталь; осыған сәйкес py-, pz-орбитальдар анықталады. d-Орбитальдарда (l=2) магнит квант санының мәндері бесеу, ендеше d-электрондық бұлтының кеңістікте орналасуы бес түрлі болады (сурет 3.8). d-атомдық орбитальдардың атаулары мен симметриялы өзара сәйкес. Мысалы индексі ху орбиталь x және y остері аралығындағы диагональ бойымен бағытталады; ал dx2-y2 орбиталі х және у бойымен бағытталған. Спиндік квант саны. Дирак теория жүзінде көрсетіп, ал атомдық спектрлерді зерттеулер нәтижелері эксперимент жүзінде дәлелдегеннен кейін төртінші квант саны ұсынылды. Бұл квант саны электронның ядро айналасында қозғалуымен байланыссыз оның өзіндік күйін анықтайды. Аталған шама спиндік квант саны немесе спин (ағылшыннан аударғанда spin - айналу) деп аталады; спин әдетте ms деп белгіленеді. Спиндік квант саны электронның өзіндік қозғалыс моментін анықтайды. Электронның қозғалыс мөлшері өзіндік моментінің белгілі бір бағытқа (мысалы z осіне) проекциясы спин деп аталады. Спиндік квант саны екі мәнге ие болады:
ms = +1/2 немесе ms= -1/2.
Формулаларды немесе энергетикалық диаграммаларды құрғанда спиндік квант сандарының мәндері ↑ немесе ↓ бағыттары түрінде көрсетіледі.
Көпэлектрондық атомдардағы электрондардың орналасу тәртібі үш түрлі ережелерге негізделген: энергияның минимум принципі, В.Паули принципі және Ф.Хунд ережесі.
Достарыңызбен бөлісу: |