Тақырыбы: «Бәрінің бастауы - махаббат» Мақсаты: Оқушылардың әлемге деген сүйіспеншілігі мен мейірімділік сезімдерін ояту; бауырларына, туған –туысқандарына, достарына, қоршаған ортаға деген махаббатын оятып, дамыту.
Көрнекіліктер: тақырып жазылған плакат, ұлағатты сөздер, шарлар, гүлдер т.б;
Барысы. Мұғалім: Адамзатпен бірге жаратылып, адамзатпен бірге өлетін мәңгі тақырып –ұлы махаббат туралы миллион рет жазылған шығар. Жер бетінде қанша миллиард адам болса, солардың әрқайсысында өзінің дара махаббаты бар. Махаббат –адам жүрегін нұрлы қуанышқа бөлеп, рухына қанат бітіретін ең күшті, ең тұрақты, ең асқақ сүйіспеншілік сезімі.
Сүйіспеншілікті адам алғаш шыр етіп дүниеге келгеннен бастап сезіп –көре бастайды. Мейірімін төккен ата-анасының ыстық құшағында, олардың аялы алақанын сезіне жүріп өмірге төселеді. Есейе келе толағай сүйіспеншілікті айналасынан көріп- көрмеуі екіталай. Әйтсе де адам өмір бойы сүйіспеншілікті іздеп, дауыл алдындағы шағаладай шарқ ұрып өтері анық.
Оқушылар: Дүниені ұстап тұрған – ыстық махаббат,
Махаббат бар жерде ғана өмір бар. (М.Ганди)
Махаббат демімен үрленбесе,
Тіршіліктің шырағы жанбас болар. (Махтымқұлы)
Мүмкін сен бұл өмірде жай ғана адам шығарсың, ал біреу үшін бүкіл әлемнің өзісің. (Маркес)
Махаббат адамды танымастай ғып өзгерте алады. (Теренций)
Махаббат сыртқы құбылыс емес, ол үнемі біздің ішімізде.
(Луиза Хей)
Махаббат жастар айтпақшы құмарлықпен емес, сенімділікпен, баяндылықпен өлшенеді. (Цицерон)
Мұғалім: Бәрінің бастауы махаббат,
Жаныңа нұр құйған махаббат.
Еңбектің рахатын сездірген,
Гүлдерге құлпыртып түр берген,
Сәбидің шырағын жандырған,
Бұлағы мейірін қандырған,
Шуағы жылытқан жүректі,
Жаңғыртып айтамын қайталап,
Бәрінің бастауы махаббат!
Махаббаттың 25-ке тарта түрі бар екен. Осы махаббаттың қайсысы сіздің бойыңызда бар?
- Ананың махаббаты (сенің табаныңа кірген шөңге менің маңдайыма қадалсын)
- Әке махаббаты (жауға қарсы кеткен ұлын мойнына бұрша салып, соқыр көзінен жас парлап күткен әкенің махаббаты)
- Бауырға махаббат (басына іс түскенде «Әйел жолда, бала белде, бауырды қайдан табасың?» дегізген бауырмалдық махаббат)
- Отанға деген махаббат (туған жерден, атажұрттан алыстап бара жатып бір уыс топырақты түйіп әкеттірген махаббат)
- Достық махаббат
- Өмірге махаббат
- Табиғатқа деген махаббат
- Екі адам арасындағы т.б
Қатысушыларға таратып беріп, түсінік бергізу
Ержан: Адамзатты аялаған ақ арман,
Барлық ғалам махаббаттан жаралған.
Өмір- өзен сан тарапқа ақса да,
Жақсылықтан шуақ алып, нәр алған.
Махаббаттың тоймай ішіп дәміне,
Адамзаттың талмай айтар әні ме?
Өзіңді де, өзгені де сүйе алсаң,
Жете аларсың махаббаттың мәніне.
Анар: Әкем- біреу, анам да біреу менің,
Мен жығылсам, сүйенер тіреулерім,
Олар барда мереке, көрген емен
Қабақтарын шытқанын, түнергенін.
Әке -білек, саусағы- балалары,
Қантамырмен жалғасқан аралары.
Ана- тамыр бойымен бәріне де
Тіршіліктің жылуы таралады.