3.Халықаралық ұйымдар Халықаралық ұйымдар - мемлекеттердің немесе олардың құрылымдарының, сондай-ақ қоғамдық ұйымдардың, ұлттық қоғамдардың, үкіметтік емес сипаттағы қауымдастықтардың, әртүрлі мемлекеттердің атынан жүретін жеке мүшелердің бірлесуі; қоғамдық өмірдің әртүрлі (саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени, ғылыми-техникалық және т.б.) салаларында ортақ мақсаттарға жету үшін құрылады және халықаралық әріптестіктің аса маңызды түрі болып табылады.
Халықаралық ұйымдар XIX ғ. екінші жартысында пайда болды, ол ұлттық мемлекет шеңберінен шыққан дамыған экономикалық және әлеуметтік-саяси қатынастардың түбегейлі жаңа мәселелердің, трансұлттық міндеттердің шешімін табуда бірлесудің, халықарaлық күшті жұмылдырудың объективті қажеттілігінен туды. Алғашқы бұқаралық халықаралық ұйымдар - 1863 ж. швейцарлық Анри Дюнан негізін қалаған Қызыл Крест және Бірінші интернационал - 1864 ж. Лондонда К. Маркс пен Ф. Энгельс негізін қалаған Халықаралық жұмысшылар жолдастығы. Алғашқы Халықаралық үкіметаралық ұйым -1874 ж. қүрылған Жалпы пошталық одақ. Халықаралық ұйымдардың құрылуына түрткі болған I және II дүниежүзілік соғыстар. Олар аяқталғаннан кейін әлем оның зардабын талқылап, енді болдырмау үшін тиімді, оңтайлы халықаралық қауіпсіздік жүйесін қүруға талпыныс жасады. Осылайша, 1919 ж. Ұлттар Лигасы қүрылды. 1945 ж. Сан-Францискода Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы қабылданды. XX ғасырдың екінші жартысында күрт күшейген жаһандану процестері, оған сәйкес әртүрлі елдер мен халықтардың өзара қарым-қатынасының дамуы жаңа халықаралық ұйымдардың қүрылуына септігін тигізді. XXI ғ. басында әлемде қызметі, мақсат-міндеттері, бірлесу түрі, қатысушылар саны, өкілеттігі алуан түрлі ондаған мың халықаралық ұйым бар. Бірлесу түріне байланысты халықаралық ұйымдар үкіметаралық және үкіметтік емес болып бөлінеді. Үкіметаралық халықаралық ұйымдар мемлекеттер арасындағы келісімдер мен шарттардың негізінде құрылып, қызмет етеді.
3.1 Біріккен Ұлттар Ұйымы
Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) — халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға, халықтар арасындағы достық қатынастарды дамытуға, халықаралық ынтымақтастыққа қол жеткізуге және мемлекеттердің іс-әрекеттерін үйлестіру орталығы болуға бағытталған үкіметаралық ұйым.
Ол – әлемдегі ең ірі, халықаралық деңгейде ұсынылған және ең қуатты үкіметаралық ұйым.
Бас кеңсесі – Нью-Йорк, АҚШ-та орналасқан. Қазіргі уақытта БҰҰ-ның құрамына 193 мемлекет кіреді.
«Біріккен Ұлттар» атауын АҚШ президенті Франклин Делано Рузвельт ұсынды.
Декларациясы Сан-Францискода 1945 жылы 24 қазанда қабылданды. Сол күн БҰҰ күні деп жарияланды.
Біріккен Ұлттар Ұйымының ең басты әрі негізгі құжаты оның Жарғысы болып табылады. Тарихи деректерді алға тартсақ, Ұйым Жарғысының жобасы КСРО, АҚШ, Қытай және Ұлыбритания мемлекеттері өкілдерінің қатысуымен жасалған.
Құжат бес тілде – орыс, ағылшын, қытай, француз және испан тілдерінде дайындалып, оған 1945 жылдың 26 маусымында Сан-Франциско конференциясында 51 мемлекет қол қойды.
Ал Жарғы сол жылдың 24 қазанында аталмыш конференцияға қатысушы елдердің Жарғыны ратификациялауларына байланысты күшіне енгізілді. Содан бері 24 қазан халықаралық қоғамдастықта Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылған күні ретінде кеңінен аталып өтіп жүр.
Көпшілікке жақсы таныс, Ұйымға мүше барлық мемлекеттер кіретін Бас Ассамблея Біріккен Ұлттар Ұйымының бас органы саналады. БҰҰ-ға мүше елдердің әрқайсысы шешім қабылдау кезінде бір дауысқа ие болады. Жалпыға ортақ ерекше маңызды мәселелер, атап айтқанда, бейбітшілік пен қауіпсіздік, Ұйымға жаңа мүшелер мен оның бюджетін қабылдау мәселелері БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің үштен екісі қатысып, дауыс беру қорытындысы бойынша шешіледі.
Сондай-ақ, Бас Ассамблея Ұйымның бюджетін қарап, бекітеді. Ұйымның әртүрлі органдарына мүшелер Қауіпсіздік Кеңесінің ұсынуымен БҰҰ-ның Бас хатшысын сайлайды. Қазіргі таңда, Қауіпсіздік Кеңесіне Ресей, АҚШ, Қытай, Ұлыбритания және Франция мемлекеттері тұрақты мүше болып келеді. Сондай-ақ, біраз жылдардан бері Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері қатарын көбейту жөнінде мәселе қозғалып жүр. Бірақ ол әлі шешімін тапқан жоқ.
Жарғысына сәйкес, БҰҰ өз қызметінде келесі 4 мақсатты көздейді:
халықаралық мәселелерді шешуде халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру мен адам құқығын құрметтеуді қолдау;
осы мақсаттарға қол жеткізуде ұлттардың бірлесіп әрекет ететін орталығы болу.
БҰҰ өзінің көп қырлы функцияларын қосқанда әлемдік қауымдастық қызметінің барлық дерліктей салаларын қамтиды. Оның өзектілігі, әсіресе өсіп келе жатқан ғаламдық тәуелділік пен мемлекетттердің халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде күш-жігерін біріктіруді талап етумен ерекшеленетін қазіргі заманның қақтығыстарын шешудегі рөлі өте зор.
БҰҰ мүше-мемлекеттері үшін басты маңыздылық Ұйымның халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау, қарусыздану мен жаппай қырып-жою қаруын таратпау секілді өзекті мәселелерді шешуге қатысуы болып табылады. Ұйым, сонымен қатар лаңкестік, есірткінің заңсыз айналымы мен ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бойынша халықаралық күш-жігер бастамасын көтерді.
Бүгінгі таңда ол халықаралық қауымдастықтың көкейкесті мәселелерін шешудің өзінше бір орталығына айналды: БҰҰ адам құқығын құрметтеуді қолдау, қоршаған ортаны қорғау, аурулармен күрес, жоқшылық ауқымын тежеу, босқындарға көмек, миналарды залалсыздандыру және ЖҚТБ-мен күрес бойынша жүйелі жұмыс атқаруда.
БҰҰ-ның басты мақсаттарының бірі - бүкіл әлемде бейбітшілікті сақтау. Көптеген жылдар бойына ұйым халықаралық дағдарыстардың алдын-алу және ұзаққа созылған қақтығыстарды шешуде маңызды рөл атқарып келеді. Бейбітшілікті орнату мен сақтау және гуманитарлық көмек көрсету жөніндегі кешенді операцияларды жүзеге асырды. Сонымен қатар ол өршіп келе жатқан қақтығыстардың алдын-алу шараларын қолға алды. Қақтығыс соңынан кейінгі жағдайларда ол зорлықтың түп негізгін жою мен тұрақты бейбітшілік негізін салуға бағытталған ұйымдасқан шараларды жиі қолға алуда.