Ф.Кафка мен оның шығармасы XX ғасыр əдебиетіндегі ерекше құбылыс саналады. Ол өзінің сырлы тылсымдігімен жұртты таңырқатып, əдебиет шебінде ең көп талас тудырып, ең көп зерттелген, аса зор аңыс қозғаған жазушы. Ол туралы əрқайсы елдің беделді əдебиет зерттеушілері, сыншылары ұқсамаған тұрғыдан зерттеу жүргізіп, баға беріп халықаралық сипат алған «Кафка тану» ғылымын қалыптастырған. Оның шығармашылығы өте күрделі, символдық мəні терең, формасы өзгеше болғандықтан, əдебиет танушылар көп уақыттар бойына оған жіп таға алмай дағдарған. Оның сыр-сипатын кесетіп, бөгенайын ашып беруде дəрменсіздік еткен. Тіпті оның шығармашылығын əдебиеттің қайсы ағым, бағытына тəуелдеу керектігі жөнінде де пікір бірлігі қалыптаса алмаған. Қысқасы Ф.Кафка басқа ешкімге ұқсамайтын тың тəсілмен өзгеше идеялық мазмұнды бейнелеп, жұрт бірден байыбына бара алмайтын жұмбағы мол сырлы тұлғаға айналған.
Десе де Кафка шығармашылығы мүлде шешуі жоқ сырлы жұмбақ емес. Біз егер оның астарына тереңірек үңілсек, оның белгілі объектив жəне субъиектив себептер негізінде табиғи қалыптасқан заңды құбылыс екенін аңғара аламыз. Кафка жөнінен алғанда, Кафка шығармашылығы оның өзі жасаған тұрмыстық жəне қоғамдық ортасының, төл кешірмесі мен дəуір ауқымының əсерінде қалыптасқан даралык екенін аңғарамыз.
Ф.Кафка 1883 жылы Австрия-Венгерия империясы билеуіндегі Прага қаласында еврей саудагерінің отбасында дүниеге келген. Сол тұстағы Прагада тұратын басқа да ұлт перзенттері секілді ол да бастауыш, орта мектепті неміс тілінде оқиды. 1901 жылы Прага университетіне түсіп, неміс əдебиетін үйренген. Бірақ, артынан əкесінің зорлауымен заң кəсібіне ауысады. 1906 жылы ол заң докторы атағын алып университетті бітіріп шығады да, бір жыл практика көрген соң, белгілі қамсыздандыру компаниясында жұмыс істейді. Кейін өкпе ауруына шалдығып, 1922 жылы қызметтен кетеді. 1924 жылы науқастан қайтыс болады. Демес 41 жылдық қысқа ғана ғұмыры бұралаңдықтар мен көңілсіздіктерге толы болған. Айталық, оның əкесі отбасына өте қатал, балаларына мейірімі аз адам болған. Оның ожар мінезі мен қытымыр қылықтары, бала Кафканың сəби жүрегіне ақау түсіріп, рухани басым əкелген. Сондықтан да Кафка: «мен өмір бойы айдынды да айбарлы əкемнің көлеңкесінде жасадым» –дейді. Сонымен бірге, оның анасы да тұйық мінезді, кінəмшіл адам болғандықтан, ол да қам көңілді Кафкаға жақын тартып, жылылық, мейір бағыштай алмаған. Бұл жөнінде Кафка: «мен өз үйімде өзімді бейтаныс адамдардан ары бейтаныс сезінемін» –деген екен. Оның ата-анасы ғана емес, туыс-туғандары мен отбасындағы басқа адамдардың да оған жасаған мəмілесі жақсы болмаған. Мысалы, оның нағашысы жəне отбасындағы ас пысырушы əйел қатарлылар да оны дөрекілікпен кемсітіп, жолсыздықпен сес көрсетіп, қысым жасаған. Міне осы тектес жағдайлар Кафканың балғын жүрегіне көлеңке түсіріп, онда бір түрлі дертті психика қалыптастырған. Əрі бұл жəйт құдды бір қорқынышты аруақ сынды өмір бойы Кафканың қыр соңынан қалмай, оның жан дүниесін мазалаумен болған. Сондықтан, ол: «міне осылай балалық аңқаулық ішінде менің жасқаншақ, ұялшақ харектрім біртіндеп арта берді, мен де біртіндеп бейне бір жынаруақ соңымнан қуалап келе жатқандай үрейлену сезімі қалыптасты» –дейді.
Ал, махаббат, неке мəселесінде де оның басқан қадамы мен талпыныстары сəтсіз болып отырған. Ол өмірінде үш рет сөз байласып үйленуге əрекеттенсе де, соңында бəрінде жеңіліс тапқан. Əрине, оның үйленуден бас тартуы, бастысы, отбасылы болу шығармашылық жұмысына кесірін тіигізеді деп қарауынан болса да, бірақ, бұл жағындағы сəтсіздіктер, оның жан əлеміне салқынын тигізбей қалмаған. Бұдан сырыт, оның жасаған ортасы, айналасындағы əлеуметтік қатынас жақтарындағы келеңсіз жағдайлар, оның харектріне ықпал жасаған. Бұл туралы Германияның əйгілі əдебиет сыншысы Гюнтер Андер: «Кафка еврей болғаны үшін, христиан мүриттері арасында олардың өз адамы есептелмейтін; ал, қауымдастыққа кірмеген еврей болғаны үшін, еврейлер арасында да өз адамы есептелмейтін; неміс тілінде сөйлегендіктен ол бүкілдей австриялыққа да жатпайтын; қамсыздандыру компаниясының жұмыскері ретінде ол бүкілдей буржуазияға да жатпайтын; ал, буржуазияның баласы тұрғысынан бүкілдей еңбекшіге де жатпайтын. Ол үкімет қызметкері де емес еді, өйткені ол өзін жазушымын деп есептейтін. Тағы бір жағынан ол жазушы да емес еді, себебі, ол бар зейінін отбасына, жұмысына аударатын; бірақ, отбасында ол жат адам сияқты сезілетін» –дейді. Міне осындай күрделі кешірме мен жеке бастық салауаты онымен айналасындағы адамдар қауымының ортасындағы байланысты сұйқылдатып, оның жалғызсыраған, құлазулы, құсалы көңіл-күй қалыптастыруына себепші болған. Бұған қоса ол жасаған дəуірдегі қоғамдық, саяси ауқым да қайшылыққа толы, күрделі болды. Ол кез Австрия-Венгерия империясы үстемдігінің соңғы кезеңі болып, сол тұстағы Прагада ұлттық қайшылық, саяси қайшылық жəне экономикалық қайшылықтар барынша шиленісіп, қоғам шіріктесіп, бюрокараттық өршіген, кертартпалық шегіне жетіп, халық езіліп, азап шеккен жағдайда еді. Міне, осындай қатігез реалдыққа бей-жай қарай алмаған сезімтал жазушы, бұған наразы болып, кектенген. Осы айтылған жағдайлар Кафканың басқаларға ұқсамайтын дүние танымы мен өзгеше өмір түйсігін, қайшылық пен қапырыққа толы рухани əлемін қалыптастырған. Ал бұндай рухани азаптан құтылудың басқалай төте жолын таба алмай тығырыққа тірелгенде, ол əдеби шығармашылықты таңдаған. Оның өзі де: «мен тек жазушылық үстінде ғана өзімді хауіпсіз, алаңсыз күйде сезінемін. Бір сəтке болса да еркін тыныс алғандай боламын» – деген болатын. Кафка жан дүниесіндегі қапырық дертті қағаз бетіне кестелеп, жұртқа жария ету арқылы шығармашылық жұмыстан көңіл сергітіп, рухи тепе-теңдікке жетуге ұмтылады. Кафка қасірет ішінде қолына қалам алып, қасірет ішінде өмір кешіп, өзінің бақытсыз тағдырын əдебиетке көшіру жолымен қоғамды сақталған жалпы беттік кінараттарға, капиталистік түзімнің қатігездігі мен сол тұстағы өмірдің сорақы құбылыстарына қарата күшті наразылығы мен трагедиялы сезімін өзгеше сезіммен бейнелеген. Сондықтан оның басым көп санды шығармаларында қоғамдық кедергі салдарынан жаншылған, сүйенішсіз, жетімсіреген жандардың халкүйі суреттеледі. Ондағы бас кейіпкерлер автордың өзі сияқты күй кешіп өз тағдырларын өздері билей алмай, бейне қараңғы тұман ішінде жол таппай адасқан адамша сенделіп, үрейлі хал кешеді. Олар өздері көздеген мақсаттарына жету үшін, қаншалық жан таласса да, ылғи еңбегі селге кетіп, орта жолда мерт болады.
Кафка шығармаларында көбірек бейнелейтіні қоғамдық қысым алдындағы дəрменсіз адамның құлазуы, алаңдау сезімі мен жатсыну сезімі. Мұндай шығармаларында тегіс белгісіз бір тылсым күштің рөлімен өз еркінен, даралығынан, адамдық қасиетінен айрылған, тіпті бөгделеніп бейадамға айналған кейіпкерлер тағдыры тілге тиек етіледі. Оның бір қатар шығармаларындағы бас кейіпкерлерінің «К» əрпімен аталуы немесе олардың есімінің «К» əрпімен басталып жазылуының өзі де бұл кейіпкерлердің автордың өзіне өкілдік ететінінің дəлелі. Демек Кафканың əрбір шығармасы түгелдей оның ішкі тұрмысының, рухани əлемінің образды көрінісі немесе құбылтылған суреті. Ал, біз ендігі сөз ететін «бөгделену» бас тақырыбына келсек, бұл жұмбағы мол Кафка шығармашылығының бір қыры. Оның шығармаларында бейнелейтін негізгі мазмұндардың бірі саналады. Əдетте бөгделену бір философиялық атау болып, Батыста Гегел, Фербактан тартып Маркске дейін ол жөнінде құнды байымдаулар жасаған. Онан соңғы Батыс буржуазиясының ойшылдары мен философтары да оған көп тоқталған. Ол көп жақты мағынаны қамтитын аясы кең термин. Бірақ, əдетте көбірек ауызға алынатыны жəне əдебиет, көркемөнерде бейнеленгені негізінен адамның яғни «меннің» бөгделенуі болып келеді. Нақтылап айтқанда, мұндағы «бөгделену» — адамзаттың тіршілік күйінде сақталатын бір түрлі құбылыс. Оның басты мағынасы белгілі бөгде күштің құдіретімен адамзаттың «өзін» жəне өз мəнін жоғалтуын, өзінің субъектив сипаты мен рухани бостандығынан, даралығынан айырылуын, адамның бейадамға айналып, адамдық қасиеттің паршалануын меңзейді. Бұл құбылыс Батыс əдебиетінде ертеден тартып ішінара суреттеліп келген болса да, бірақ, оны қазіргі заманғы əдебиетте бас тақырып ретінде шын мəнінде, терең əрі өзгеше жолмен бейнелеп беру осы Кафка шығармашылығынан басталады.
Кафканың бөгделену құбылысын бас тақырып етіп жазған шығармаларының негізгілерінен «Құбылу», «Ашығу өнері», «Үңгір», «Ғылым акедемиясына», «Сүргіндер тұратын сүркей дала» сияқтыларды атауға болады. Ал осылардың ішіндегі өкілдік түс алатын туындысы «Құбылу» атты əңгімесі. Төменде біз осы əңгіме төңірегінде тоқталып, Кафканың «бөгделену» бас тақырыбын бейнелеудегі дара ерекшелігін қысқаша сөз етеміз. Компанияда жұмыс істейтін кезбе сатарман Григорий Самуссаның бір күні түнде ұйқтап жатып, дəу қоңызға айналып кеткендігі, оның қоңызға өзгергеннен кейінгі ой – сезімдері мен қимыл-қозғалысы, от басында болған өзгерістер жəне оның ақырында аянышты түрде өлгені баяндалады. Осы бір ақылға қонымсыз, сорақы оқиға баяндалған əңгіменің маңызды бола алуындағы негізгі себеп, оның капиталистік қоғамда жалпы беттік сақталған «бөгделену» құбылысын аса терең бейнелеп бергендігінде. Əңгімедегі Григорийдың адамнан қоңызға айналып кетуі сырттай қарағанда өмірде болуы мүмкін емес қисынсыз, сандырақ болғанымен, іс жүзінде, бұл автордың өз ойын дарыту мақсатында символдап көрсету үшін қолданған бір тəсілі. Мұнда автор шын мен жалғанды, реалдық пен елесті қатар қойып, қабыстыра суреттеу арқылы терең қоғамдық мəнді ашуға, бас кейіпкердің тұрмыстың қысымы жəне касіптік дағды күшінің еңселетуімен бөгделеніп, қоңызға айналып кету сынды құбылысты табиғи, нанымды етіп көрсетуге ұмтылады, яғни мұнда «құбылу» жалған елес болғанымен, ол реалдықтағы мəндік шындықпен тығыз қабысады.. Өйткені, капиталистік қоғамды жай адам, əсіресе, «кішкене кейіпкерлер» деп аталған қараша жандар, қай-қашанда түрлі қауіп-қатерге жолығып, өз тағдырын өздері меңгере алмай, күйреп жоғалу қаупіне дүп келіп отырады. Демек, Григорийдың құбылуы осы түйінді символдайды. Құбылудан бұрын ол бір үйлі жанның бар ауыртпалығын көтерген, тіршілік тірегі, кезбе сатарман болып жүрген кезінде, ол бастан-аяқ, көнпістікпен адал жұмыс істеп, өз жұмысына шөгел болып, басқаларға жəне қожайынға жағуға тырысса да, бірақ, қашанда бір түрлі басымдық пен алаңдау ішінде күн өткізеді. Сондықтан ол: «өзіңіз жақсы білесіз, кезіп жүріп бұйым сататындар жыл он екі ай дерлік байыздап кеңседе отыра алмайды. Олар ылғи өсекке ілініп, кінəланып, жалаға жолығып жатады. Мұны олардың өзі біле де бермейді. Сондықтан, сақтанамыз дегенмен, сақтана да алмайды. Əбден діңкелеп жүріп үйіне оралған кезде ғана ешбір себепсіз пəле-жаланың киіп əкеткенін бір-ақ біледі» –дейді. Өмірдегі мұндай тауқыметті жан дүниесінің түкпірінен терең сезінген Кафканың өзі де «тынымсыз қозғалыстағы өмір тегершігі бізді белгілі бір жаққа сүйреп əкетіп барады. Бірақ, біз оның өзімізді қайда алып бара жатқанын білмейміз, біз адамға ұқсамаймыз, керісінше, бір бұйымға немесе затқа ұқсаймыз» –деген. Демек, адамның қоңызға өзгеруі физологиялық жақтан айтқанда, қалыпсыз, қисынсыз нəрсе болғанымен, қоғамдық құбылыс жақтан алғанда, ол қалыпты, мүмкіндікке ие, шынайы нəрсе болып қалады. Капиталистік қоғамда адам тіршілік қабілетінен, тұрмыс тиянағынан айырылған соң, оның бейадамға айналып, мақұлықтан еш парқы қалмайтыны табиғи. Сонымен бірге, əңгімеде бас кейіпкердің тұлғасы қоңызға айналып кеткенімен, оның адамдық ой-санасы, айналасындағы өмір шындығы мен қоғамдық ортасы өзгермейді. Оның құбылғаннан кейінгі идеялық сезімі, құлазулы көңіл-күйі мен жатсыну сезімі жəне соңғы тағдыры сияқтылардың бəрі де ақылға қонымды, реал шындық. Сондықтан, мұндағы Григорийдың азуы адам мен қоғамның, адам мен адамның ортасындағы байланыстың бұзылуын, адамның бөгделенуін символдайды. Ал, əңгімедегі Григорий қоңызға айналып кеткеннен кейінгі жағдайлар, айталық, оның үй-ішіндегілер жағынан салқын мəмілеге ұшырауы, өзін ең жақсы көретін анасы мен қарындасының одан қорқып шошынуы, бұрын өздерінің ардақты, тіршіліктерінің арқауы болған одан біртіндеп жиренуі, одан құтылуға, оның көзін жоюға асығуы, əсіресе, əкесінің оған жасаған қатігездігі, ең соңында, ол өлгенде олардың бір пəледен арылғандай болып, көңілдерінің жай табуы сияқтылар сол қоғамдағы, адамдар арасындағы, жүйеден бір отбасы адамдары ортасындағы рахымсыз мүдделік қатынасты шынайы ашып береді де, шығарманың мəнін арттыра түседі.
Кафка бұл əңгімесінде де басқа шығармаларындағы сияқты елес пен реал шындықты өзара жымдастырып суреттеу шеберлігін танытқан. Мысалы, автор адамның қоңызға айналуы сынды көз көріп, құлақ естімеген жан шошырлық оқиғаны «бір күні тəңертең Григорий Самусса беймаза түс көріп жатып оянып кетті де, өзінің дəу қоңызға айналып қалғанын бір-ақ білді...» -деп жай ғана айта салғандай раймен баяндайды. Григорий өзінің қоңызға айналып кеткенін білген соң да, бұған онша таңырқап немесе үрейленіп кетпейді. Бейне бұндай сұрапыл өзгеріске алдын-ала дайындалып қойған адамдай пиғыл білдіреді. Тек «маған не болған?» –дейді де, төсегінде жайбірақат жатып ойға шомады. Денесінің ебдейсіздігі мен көңілінің қобалжығанын ғана сезінгендей болады əрі бұл өзгерісті «кезбе сатармандарда бола беретін касіптік аурудың, ауыр тұмаудың белгісі болар» –деп қарайды. Жалғасты өз қызметі жайында ойға кетіп таңертеңгі кезекті пойыздан қалып қалмауды, тезірек орнынан тұрып, нəрсе керектерін жинастырып, тамағын ішіп жұмысқа баруды ойлайды. Осыған жалғас автор оның идеялық сезімі мен қимыл қозғалысын, отбасында болған өзгерістер мен Григорийдың соңғы тағдыры сияқтыларды да кілең объективті, бір сарынды тəсілмен баяндайды. Оның тұтас əңгімесінде ешбір əсерлі суреттеу, лепірме сөздер мен сезім бояулар, көркемдік айшықтау тəсілдері қолданылмайды. Тек іс пен оқиғаның бүкіл барысы туралы самарқау, байыпты, тіке баяндау ғана жасалады.
Жиып келгенде, Ф.Кафка XX ғасырдағы Батыс əдебиеті шебінде бой көтерген күрделі де кесек тұлға. Батыс модернизмінің жол салушысы. Капиталистік қоғамда жалпы беттік сақталып отырған «бөгделену» («азу» десек те болар) құбылысын тұңғыш рет өзгеше тəсілмен бейнелеген дара стильді жазушы. Модернистік əдебиеттің одан кейінгі белді өкілдері, айталық, Ониел, Элиот, Юнеско, Беккет, Сартр, Камю, т.т. –дың бəрі де Ф.Кафканы өздеріне үлгі тұта отырып, капитализм қоғамының бойындағы ем қонбас сырқат болған бөгделену құбылысын жалпы беттік бейнелеуге ұмтылған.