Қазақ халқында екіқабат кезінде әйелдер шашын кеспейді. Олай жасаса, іштегі бала кемтар болып туады.
Әйелдер тектен-текке шашын жайып жіберіп жыламайды, дауыс қылмайды. Бұрындары күйеуі өлген әйелдер ғана солай істейтін.
Қыз-келіншекті шашын жұлып, сабамайды. Бұл олардың басынан бағын тайдырып, шаңырақтың ырыс-құтын қашырады.
Мұсылмандар, егде тартқан кісілер ақ шашын боямайды. Олай істеу – күнә болып саналады.
Ерлер шашына әйелдердің орамалын ойнап та тартпайды, басына әйел-
дердің тақиясын, сәукелесін, кимешегін, бөркін кимейді, жаулығын, бөкебайын салмайды. Онда бағы мен бақытынан, ер мінезі мен күш-қайратынан айрылады.
Бұрымыңды кеспе, бойжеткен. Халқымызда: «Бұрымыңды кескенің – ақылыңды кескенің», «Бұрымыңды кескенің – өмір жолыңды кескенің» деген ғибратты сөздер бар. Ақ шашты әжелеріміздің айтуынша, бойжеткен кімге бұрымын кестірсе, соның тағдырын басында қайталап өткізеді. Егерде бұрымын кесе қалса, оны таза шүберекке орап, адам баласының табаны тимейтін жерге апарып жерлеуге (көмуге) тиісті. Өйткені, бұрым – бойжеткеннің ана құрсағынан өзімен бірге келе жатқан жолдасы, қарыншашы.