Тақырыбы: «Қызым-қызғалдағым, Ұлым – ізгі арманым»
Мақсаты: Балалардың «сыйластық», «достық», «отбасы» туралы түсініктерін кеңейту.
Міндеттері:
ұл бала мен қыз бала арасындағы сыйластық туралы түсінік қалыптастыру;
өзара сыйластық қарым – қатынастарын дамыту;
инабаттылыққа, достыққа, сыйластыққа тәрбиелеу.
Көрнекі құралдар: интербелсенді тақта, суреттер.
Барысы:
Құрметті оқушылар! «Қызым – қызғалдағым, ұлым – ізгі арманым» атты ашық тәрбие сағатымызды бастауға рұқсат етіңіздер. Бүгінгі тәрбие сағатымызда ұл бала мен қыз бала арасындағы сыйластық, әдептілік туралы сөз қозғаймыз.
Психологиялық дайындық.
Мұғалім балаларды шеңберге жинап, қолдарына гүлдерді таратып,оның нәзіктігіне, әдемілігіне назарларын аудартады.Мұғалім өз гүлін тілек айтып, жанындағы балаға береді,ол гүлді өз гүлімен қосып, тілегін айтып келесі оқушыға ұсынады.Гүлдер бірте – бірте үлкейіп, гүл шоғына «Тілек шоғына» айналып, мұғалімнің өзіне оралады.
-Көп рақмет сендерге балалар.Егер өздеріңе, бір – біріңе жақсылық жасасаңдар, тілесеңдер,ол – өз отбастарыңа, ауылдарыңа жасаған, тілеген жақсылықтарың. Әрбір жақсы ой, ізгі істерің осы гүл шоғы сияқты үлкейіп, өзіңе одан үлкен жақсылық болып оралады.Сондықтан ұлдар қыздарды, қыздар ұлдарды үнемі сыйлап,құрметтеп жүрулерің керек.
Қыз бен ер баланы тәрбиелеуге халқымыз ерте заманнан бері ерекше мән беріп келеді. Қыз бен ер баланы құрметтеп, олардың алдында дөрекі сөйлемей ізетті болуды, ер тұрманы әшекейленген сұлу жорғаларды қыздарына, қарындастарына, мінгізуді, киімнің сәндісін, алтынды бұйымдардың жақсысын қыздарына тарту етуді дәстүрге айналдырды. Ертеде ата-бабаларымыз, әлемдегі сұлулықтың көркем үлгісін ару қыздың тал бойынан көруді көксеген. Қыр гүліне тән нәзіктік пен батылдық бір бойына жарасқан қазақтың қыздарына тәнті болған жазушыларымыз шығармасына арқау етсе, ақындарымыз инабаттылығы мен нәзіктігін әнге қосып, өлең өрнектерімен көмкерген. Сонымен қатар, қазақ қыздарының бойындағы ерлігі, тапқырлығы, төзімділігі, қайраттылығы талай әндерге де арқау болғаны жасырын емес.
Бүгін мектеп партасында отырған ұл бала- ертеңгі жігіт, ер азамат. Ал, азаматтың жүгі ауыр. Себебі, «Мен қазақпын» дейтін азамат өзінің шықан тегін, кіндік кесіп, кір жуған ата жұртын қастерлеп, жеті атасын жадында тұтуы шарт. «Жеті атасын білген ұл, жеті рулы елді біледі» -деп атамыз қазақ тегін айтпаған.
"Жігіттіің екі сөйлегені-өлгені" дейді емес пе атам қазақ! Нағыз жігіт дегеніміз-айтқан сөзіне берік,былапыт сөйлемейтін,сегіз қырлы бір сырлы ,арлы-намысты, салмақты,қайратты,жігерлі,байсалды, қыздарды жалпы адамзатты қандай жағдай болмасын сыйлайтын,ұстамды,шыдамды адам. Нағыз жігіт ешқандай қызбен санасып,ұрсысуды білмейді!..
Мұғалім: Ал оқушылар біздің сыныптың бойларында осындай ізгі қасиеттер табыла ма? Біз әдептілік ережелерін білеміз бе? Жалпы «әдептілік» дегеніміз не?
Әдеп сөзі-қазақ тіліне араб тілінен енген сөздердің бірі.Әдеп дегеніміз-адамдар арасындағы қарым-қатынаста сыпайы болу, жұмсақ сөйлеу және оқыс қылықтардан аулақ болу дегенді білдіреді. Яғни, бір кісінің басқа кісілермен инабатты түрде қарым-қатынас жасауы және сөйлеген сөздері мен істеген істерінде, көрсеткен қылықтары мен жасаған әрекеттерінде сыпайы, мәдениетті болуы әдептіліктің нышаны болып табылады. Сондай-ақ, әдеп сақтау-туған халықты, елді, жерді, Отанды және жалпы
адамзатты ардақтау болып табылады. Өйткені, бұл-ұрпақтық парыздың нақты көрінісі.
Сұрақ-жауап:
Қыз бала мен ұл бала өзара сыйластыққа қалай қол жеткізді?
Қыз бала мен баланың өзара сыйластығы туралы не айта аласыңдар?
Ұл бала мен қыз баланың достығы дегенде нені түсінесіңдер?
Ата – анамен қандай қарым – қатынаста болу керек?
Әдепті бала қандай болу керек деп ойлайсың?
Әдепсіз дегенді қалай түсінесің?
Үлкен кісімен қалай сөйлесу керек?
Мектепте, сынып ішінде қалай жүру керек?
Автобусқа мінгендегі әдепті баланың іс-әрекеті қандай?
Қандай қауіпсіздік ережелерін білесіңдер?
- Дұрыс айтасыңдар. Мектепте қыздар да, ұлдар да бірдей білім, тәрбие алады, «оқушы» мәртебесі бәріңе ортақ. Сыныпта тату - тәтті болып, сыйластықты қарым - қатынас жасай білу - әдептіліктің бір белгісі. Тек мектепте ғана емес, аулада да көршілеріңмен ұл, қыз болып сыйласып, дос бола білген жөн.
Шығармашылық жұмыс:
Оқушылардың ұл бала мен қыз бала арасындағы сыйластық қарым - қатынастарын дамыту мақсатында шығармашылық жұмыс ұйымдастырылады.
Ұлдарға: «Қыз баланың бойынан қандай жақсы қасиеттерді көргің келеді?»
Қыздарға: «Ұл баланың бойынан қандай жақсы қасиеттерді көргің келеді?»
Мысалы: Қыз бала: әдепті, сұлу, нәзік инабатты, ақылды, әдемі, мейірімді, ұқыпты т. б Ұл бала: әдепті, батыл, ержүрек, қайратты, шыдамды, әділ, ақылды, бір сөзді т. б
Дәйексөз:
«Ел ұлымен берік, қызымен көрік» яғни қазақ халқы ұл дүниеге келгенде ел қорғайтын азамат туды деп мақтанып, масаттанады. Сондықтан да ұл баланы асқар тауға, алынбас қамалға, алмас қылышқа, қайратты бүркітке теңейді. Батырлардың көпшілігі ұлдардан шыққан. Қобыланды батыр, Алпамыс, Райымбек, Абылай, Сырым және т. б. Қыздардан шыққан батыр болса, халық оларды ер мінезді дейді. Ал қыз дүниеге келгенде елге, өмірге көрік берер қыз туды, деп мәз - мейрам болады. Өйткені қыз бала тән сұлулығымен ғана емес жан сұлулығының байлығымен өмірді мәнді де, сәнді етеді. Оларды гүлге, күнге, айға теңейді. Даналықтары ерлерден кем түспеген қыздар да жоқ емес. Мыс: Ұлдай хан, Қарашаш сұлу, Айша бибі, Домалақ ана және т. б
Ойын:
Ұлдардың қыздар туралы, қыздардың ұлдар туралы жақсы ойларын білу мақсатында «Егер ұл болсам....., егер қыз болсам...» атты ойын ұйымдастырылады.
Оқушылар кезектесіп ұл болса «егер мен қыз болсам» дегенді жалғастырып айтады, қыз болса «егер мен ұл болсам..»дегенді өз ойымен жалғастырып айтады. Айта алмай қалған оқушы айып тартады.
Қорытынды:
Мұғалім: Құрметті оқушылар! Бүгінгі тәрибе сағатынан соң кейбір оқушылар өз бойындағы кемшіліктен арыла білуі керек, бүл әрбір адам болам, азамат болам деп құлшынған жанның қолынан келер нәрсе. Бүгінгі бозбала – ертеңгі қамқор әке, баланың панасы, әулеттің тірегі, бүгінгі бойжеткен - ертеңгі аяулы ана, ақылшы әже, әулеттің ұйтқысы. Қыздарымыз қызғалдақтай құлпыра берсін, ұлдарымыз ізгі армандарымызды орындай берсін деген тілекпен бүгінгі тәрбие сағатын тәмәмдаймыз.