Зерттеудің алдына қойған мақсат-міндеттері: - Сайрам қаласының тарихымен танысу;
- Сайрам қаласы туралы зерттеулермен танысу;
- Сайрам қаласының сәулет өнері және мәдени ескерткіштерімен танысу;
- Сайрам қаласының архитертуралық ескерткіштер жайлы баяндау.
Тақырыптың зерттелу деңгейі:Сайрам қаласының тарихы мен зерттеулеріне ізденіс жасап, түрлі энциклопеди, оқу – әдістемелік еңбектермен зерттеу.
Зерттеу әдістері: тарихи, энциклопедиялық, оқу - әдістемелік еңбектерге теориялық тұрғыда талдау жасау, жоғары педагогикалық оқу орындарында қолданылған әдебиеттерді зерделеу. Жинақтау, жүйелеу, салыстыру, талдау және басқа зерттеу әдістерін пайдалану.
САЙРАМ ҚАЛАСЫНЫҢ ТАРИХЫ. 1.1 Ақ өзендегі қала.
Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Қазақстан жеріндегі ең ірі қала - Испиджаб болған.
Испиджаб жазба деректерде VII ғасырдан –ақ белгілі. Сюань Цзяньннің жол көрсеткішінде аталған қаланы «Ақ өзендегі қала» деп атаған. Испиджабтың бұлай аталуы – кейінірек Махмұд Қашқаридің XI ғасырда келтірген мағұлматтарының арқасында айқын болды. Ол: «Сайрам – Испиджаб деп аталатын ақ қаланың (Аль-Мединат әл-Байда) атауы. Оны кейде Сайрам деп те атайды»,-деп жазған екен.
«Испиджаб» атауы соғды тілінде «Ақ су» дегенді білдіреді дейтіндер де бар. Бұл пікір «Ақ өзендегі қала» - «Испиджаб» - «Сайрам» дегендердің бір қала екендігінің қосымша дәлелі бола алады.
Ерте Орта ғасырлар дәуірінде, яғни X – XIII ғасырларда Испиджаб Қазақстанның оңтүстігіндегі аса ірі қалаға айналған. Испиджабтың билігі жүрген аймаққа Сырдария бойындағы Кедер, Сығанақ, Сауран және Жаңакент қалалары, Қаратаудың солтүстік баурайында орналасқан Берукет қаласы, Жетісудың Тараз, Құлан, Мерке, Суяб қалалары енген.
X ғасырда өмір сүрген географ Ибн Хаукаль: «Испиджаб шамамен Бинкеттің үштен біріндей (біріне тең) қала. Ол мединадан, цитательден және рабадтан тұрады. Цитадельі қираған, ал мединасы мен рабадында халық тұрады. Қала бақтары мен су рабадта орын тепкен. Құрылыстары саз балшықтан салынған. Ол жазық жерде жатыр және оған ең жақын қаланың арасы үш фарсах шамасында. Мединасының төрт қақпасы бар, олар Нүжкент қақпасы, Фархан қапасы, Шақуан қақпасы және Бұқара қақпасы. Базарлары мединеде, басқару үйі рабадта, түрме мен мешіт мединеде. Бұл адамы қаптған кең қала, бүкіл Хорасан мен Мәуеренахрда Испиджабтан басқа харад төлемейтін бірде-бір қала жоқ», - деп жазған.
Испиджаб аса ірі әкімшілік орталығы ғана емес, халықаралық сауда орталығы ретінде де белгілі болды. Қалада көптеген сауда құрылыстары, керуен-сарайлары мен «тимдер» жұмыс істеген. Керуен-сарайларды Нахшеб, Бұқара, Самарқанд көпестері иемденген. Халықаралық сауда Орта Азия және Шығыс қалалары шығарған теңгелер және XI – XII ғасырларда Испиджабтың өзінде соғылған шақалар арқылы жүргізілді. Испиджабтан сыртқа ақ маталар, семсерлер, қару-жарақ, мыс пен темір шығарылды. Қала бүкіл шығысқа құл саудасымен белгілі болды. Испиджабтың төңірегінде көптеген қалалар мен елді мекендер ораналасқан. Бұл туралы X ғасырда әл-Истахари: «...оның құрылыстары балшықтан тұрғызылған, базарлары жеміске толы, астық шағымы мол және пайдалы затар өте көп»,-деп жазды.
Қалада қолөнер жоғары дәрежеде дамыды. IX-X ғасырларда Испиджаб пен Қазақстанның Оңтүстігіндегі басқа да қалаларының көзешілері қорытпа керамикалық бұйымдар жасауды меңгерді. Шыны өндірісі, ұсталық, емшілік кәсіп, зергерлік бұйымдар шығару өріс алды. Қала ірі егіншілік шұраттың орталығы болды, оның тұрғындары егін егіп, қысқа көкөніс, жеміс-жидек дайындап, мүйізді ірі-қара өсірді, қой ұстады.
Испиджаб XIII ғасырдың басында моңғол шапқыншылығы басталып, Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азия және Орталық Азияның олармен көршілес аймақтары мәдениетінің даму барысын тежеген кезеңге дейін өркендей берді.
Сайрам тұрмысының XIV-XVII ғасырлардағы кезеңінен мағұлмат беретін жазба деректер мардымсыз. Дегенмен кейінгі орта ғасырларда Сайрамның Орта Азиядан солтүстікке, Орталық Қазақстан көшпелілеріне, Шығысқа, Моғолстанға апартын жол айрығында тұруының өзі қалалық және отырықшылық өмір салтын ұстанған бұл ауданның маңызын көтере түсті. Сайрам сауда жолдары ғана емес, сонымен қатар оңтүстікке, Орта Азия иеліктері мен қазақ даласына өтетін бағыттарды өз бақылауына алған негізгі стратегиялық орталық болды
1.2 Ерте заман «Метролары»
Сырдария мен Қаратау бойын жайлаған қазақтардың ең ірі қалалары Отырар, Сығанақ, Сайрам болғаны барша тарихшыға мәлім. Оны совет дәуірінің ірі оқымыстылары Массон, Григорян, Марғұландар да көптен бері жазып келеді. Осы арада оқушыларымыздың бір ескеретіні, жоғарыда аталған қалалардың үшеуі де бір мезгілде салынған емес. Олар бірінен соң бірі, әуелі Отырар, сонан соң Сайрам, сонан соң Сығанақ дүниеге келген. Бұл қалалар тарихи жағдайларға сай әрқилы дамыды, әрқилы дәуірледі, түрліше даңқы шықты.
Солардың бірі Сайрам қаласына тән бір ерекшелік — оның үлкен мәдениет орталығы болғандығында. Алғаш рет қазақ даласы топырағына араб мәдениеті осы Сайрам қаласы арқылы ауысқан. Мұсылман дінінің қазақтарға таралуы да осы қалаға тікелей байланысты.
Сайрамның ежелгі аты — Испиджаб. Испиджабты араб қолбасшысы Нух ибн-Асад 840 жылы басып алып, оның халқын мұсылман дініне кіргізеді. Ал Тараз қаласын Исмаил ибн-Ахмед 893 жылы жаулап алады. Қалада осы кезден бастап оның бұрынғы сауда-саттық ісімен қатар дінді уағыздау, мешіттер, медреселер салу жұмыстары қызу жүреді.
Тіпті жоғарыда аталған қалалардың ішінде кезінде базары мен мешіті көп болған да осы Испиджаб-Сайрам қаласы. Қазір ескі қаланың орнында қираған құрылыстардың қыруар қалдықтары жатыр. Бұл қала жөнінде араб тарихшылары арасында: «Испиджабқа жұма қонған кірекеш басына сәлде орап шығады» деген мақал да болған. Соған қарағанда қаланың тағы бір ерекшелігі дінді уағыздау орталығы болғанға ұқсайды. Мұндай пікірге өзек боларлық бір нәрсе Әбунасыр Фарабиге байланысты әңгіме. Бұған қарағанда, Бағдаттан қайтып оралған Әбунасыр Испиджабқа келеді. Медресе ашпақ болып, шәкірттер жия бастайды. Мұны сезіп қалған қала датқасы жас ғалымды дереу тұтқындауға жарлық береді. Әбунасыр қаладан кетуге мәжбүр болады. Ол дереу жерасты жолымен Ясыға өтті. Осы аз әңгімеден аңғаратынымыз, қаланың VIII— IX ғасырда қатал дін орталығы болып тұрғандығы еді. Қалада бертін келе IX ғасырдың аяғынан бастап, медреселер салына бастағанын байқаймыз.
Испиджаб қаласының ертедегі өміріне тән тағы бір ерекшелік — алтын, күміс өндіру, металл балқыту орталығы болғандығында. Кен балқыту өндірісі қала тарихының ең бір маңызды тарауына жатады. Қала маңындағы кен байлықтары оның даңқын талай жерге жайды.
«Шельджи деген кішкене қалашығы және бірнеше қыстақтары бар Талас Алатауында күміс өндіретін кен орындары болды. Бұл кендер өз кезінде Ангрена аңғарындағы кендермен бәсекелесе алатын дәрежеде еді. Тіпті X ғасырдың соңында өмір сүрген тарихшы әр елдің байлығын есептегенде, Шельджиден күміс керуені жөнелтіліп тұратынын айтады да, Ангрена кені жөнінде ауыз ашпайды» — дейді, В. В. Бартольд. Ал бір ғажабы осы Шельджи қалашығы Испиджабтың қосымша бір бөлшегі тәрізді. Тіпті қазір де «Шелді-ІПел-жи» деген адырлар Испиджабтың оңтүстік бетін алып жатыр.
Шелді адырларын аралаған кісінің көзіне ескі арықтар, қазан-шұңқырлар түседі. Бірақ қазір бұл шұңқырлар жылғаларға, құламаларға ұқсаңқырап кеткен. Оны қазып, сырлы қазынасын, топырағын зерттеу ғылымның алдағы ісі. Кен қорытқан мұндай шұқанақтар Қазықұрт тауында да көп кездеседі. Сол дәуірдің мәдени, экономикалық дәрежесін көзге анығырақ елестету үшін академик Ә. Марғұланның «Орталық Қазақстандағы қола дәуірінің көне ескерткіштері» атты әйгілі еңбегіне жүгінейік.
Ғалым ертедегі қазақ елінің мәдени даму жүйесін былай белгілейді:
1. Қоныстану және отырықшылану;
2. Ежелгі рудниктер;
3. Қола дәуіріндегі суландыру жүйелері құрылыстарының қалдығы;
4. Ескерткіштер және зираттық құрылыстар;
5. Көлемді жерлеу орындары.
Міне, осы жүйеге қарай отырып Испиджабтың өмір сүру дәуірін дұрыс түсіне аламыз. Қала дүниеге біздің эрамызға дейінгі үшінші ғасырда келді. Бұл қола дәуірі еді.
Ал қыпшақтардың (қазақтардың) ескерткіштер және зираттық құрылыстар салу өнеріне келетін болсақ өнердің бұл саласы да күшті дамығандығы байқалады. Бұған қаладағы ескі мешіттер, зират құрылыстары дәлел бола алады.
Испиджаб кендерінде қалай жұмыс істеген, металды қалай қорытқан, соған келейік. Кен — қазан шұңқырлардың күллісі тау бастарына салынған. Мұның өзіндік себебі бар. Орталық Қазақстанның ежелгі кендері көбінесе тау басынан, не соған жақын аңғарлардан шыққан. Міне, сол сияқты Испиджаб кені де тау басына тақау келеді. Бұл кенді сол өндірілген жерде өңдеу жұмыс күшін онша көп керек етпейді. Тасымалдап жүруге кен қорытқыш зергерлердің шамасы жетпеген. Әрі тау басының ауасы жеңіл болады. Ойпаңға қарағанда металл балқытпалары тез қызады, тез қорытылатын сияқты.
Мыс, қорғасын, қола, темір өндіру өте күрделі жұмыс. Техникасы дамымаған сол кезде ешқандай домна пешінсіз, жоғары қызулы көмірсіз кен тасын балқыту әрине аса қиын еді. Қазан-шұңқыр жасап, оның ішіне кен салып, қызуды мың градусқа дейін көтеру үлкен тәжірибелілікті, білімділікті талап ететіні даусыз. Бірақ осы кен өндіру, қорытуды қалай жүзеге асырды? Әзірше ата-бабаларымыздың бұл тәжірибесі бізге құпия болып келеді.
Ата-бабаларымыздың кен балқыту әдісін зерттеу — көп нәрсенің кілтін тауып, сырын ашатынында сөз жоқ. Тек сол арқылы ғана олардың қызу жайлы, металдың қасиеті жайлы білім-өнерінен хабардар болар едік. Темір кендерін қалай балқытты, оларды балқытуға қандай отын пайдаланды,— мұның баршасы бізге өте сырлы жұмбақ. Біз әзірше, Жезқазған өңіріндегі Майлықұдық, Сорқұдық, Қазықұрттағы Атырау, Испиджабтағы Шелді кендерінің орнын ғана білеміз. Күлге айналған қазан шұңқырларды ғана көре аламыз. Ал, осы кен орындарының қайсысы болса да жеке-жеке тәптіштеп зерттеуді қажет етеді.
Испиджаб қаласы түріктер мен славяндарға көп уақыт бойы құл саудасын жасап келген. Бұл, әсіресе қанау атаулының ең озбыр, ең тағы түрі монғол шапқыншылығы кезінде күшейе түседі.
Шыңғысхан қолы Сайрамды 1219 жылы бағындырып алғанымен, ол Отырар, Сығанақ сияқты көп қираған жоқ. Бірақ мұндағы медресе атаулы түгелдей жабылды, кітаптар өртелді. Жоғарыда сөз болған кен орындары қаңырап қалды. Шетелдермен байланыс үзілді.
Осы кездегі Орта Азияның мүшкіл халін айта келіп, Карл Маркс: монғол езгісі «халықты жаншып қана қойған жоқ, ол қолына түскен халықты қорлап. оның жанына жара салды» деген болатын.
Испиджаб қаласы көп уақыт бойы бай-феодалдар мен саудагерлердің мекені болып саналды. Қаладағы барша байлық, оқу-білім орындары соларға ғана тиісті болды. Оның үстіне «... Адамдардың жаратылыспен күрестегі әлсіздігі құдайға, жын-шайтандарға, кереметке, т. с. нануды...» тудырып отырды. Мұның ауыр зардаптары халық басына түсті. Діни орындар — мешіттер көптеп салынды. Әулие атын жамылған қыруар зираттар, обалар жұрт санасына қараңғылық орнатты. Олардың творчестволық қабілетін, ой-арманын тежеді.
Бұл тұста медресе, мешіт салған зергер жандардың таңғажайып өнерін қадірлеп-қастерлеумен қатар, сол орындардың таптық астарын, оны иеленушілердің қайшылығын да ескермеуге болмайды. Алайда мәдениет, өнер — халықтікі. Оны ешқашан да бір ғана адамға телуге болмайды. Бұл тұрғыдан алғанда сәулетті сарайларға, өрнекті медреселерге, мешіттерге қанаушылардың емес, оның қышын қалап, тұрғызған халықтың тері тамып, еңбегі сіңген. Оларда өлмес өнерлі қолдың таңбасы бар. Мәселеге тап осылай қарасақ қана белгілі бір тарихи дәуірді түбегейлі түсініп, бейнелей аламыз.
Испиджаб қаласының дәуірлеп, гүлденген шағы X—XII ғасырлар болды. Бұл кезде қала өз маңындағы көптеген қыстақтар мен елді мекендерді біріктірді. Отырықшы ел жер жыртып, егіншілікпен айналысты. Арыс, Бадам өзендерінен қалаға құбыр жүргізілді, науалар салынды. Мұндай құрылыстарды қаланың қазіргі жатқан орнынан да айқын аңғарамыз.
Испиджаб (Сайрам) қаласының тағы бір артықшылығы — ол Отырар, Сығанақ секілді мүлдем өлі қалаға айналып кеткен жоқ. Қазір онда халық мекендейді. Сайрамның солтүстік-батыс бетіне жаңа қала, аудан орталығы орнаған. Ал қазіргі сайрамдық диқандардың көпшілігі ескі арық жүйелерін пайдаланады. Бұл кездегі тоғандар, тоспалар сонау бабаларымыздың кетпенінің ізімен жүргізілген.
Сайрам қаласын сөз еткенде оның мәдени өміріне елеулі ықпал жасаған Ахмет Яссауиді айтпай өту мүмкін емес. Ахмет Яссауи 1103 жылы сол Сайрамда туған. Оның жастық шағы жөніндегі деректер мүлдем аз. Ахмет өсе келе өлең жазып, ақын аталады. Мерв қаласында оқып, сонда діни білім алады. Бірақ көп ұзамай-ақ туған қаласына қайтып оралады. Қаланың өркендеуіне, медреселердің ашылуына ықпал етеді. Көлемді-көлемді жырлар жазады. Міне, сол жырлардың көпшілігі дінді уағыздау сарынында, халықтың «тәңірге жазбай», қожасының айтқанынан шықпауы жайы айтылады.
Алайда, ол ақындық дарыны кемелдене келе көптеген дастандар жазды. Соның ең бастысы «Диван әм Хикмет» («Даналық жайындағы кітап») деген дастандар жинағы болып табылады. Бұл дастандар философиялық ойлардан, нақыл сөздерден, тәлімі мол термелерден тұрады. Кітап бірнеше рет Бағдатта, Мекеде, Шамда араб тілінде басылып шыққан.
Біздің қолымызға жеткен Яссауидің өлеңдері жақында өзбекстандық ғалымдардың «Ежелгі Орта Азия ақындары» деген сериямен шығарған жинақтарына енгізілген. Оның бұл өлеңдерінде адамгершілік философиясы тебірене толғанған. Яссауи өз өмірінде медресе салу, ел басқару ісімен де көп шұғылданады.
Яссауидің ел басқару жөніндегі осындай істеріне байланысты Темірдің тарихшысы Шереф ад-дин-ал Язди де егжей-тегжейлі әңгіме етеді.
Темір оның қабірінің басына үлкен мавзолей орнатуға жарлық береді. Түркістан қаласындағы Ахмет Яссауидің мавзолейі деп аталатын бұл мекен-жайға қазақ хандары жерленетін дәстүр пайда болады. Қазір бұл мавзолейде Абылайдың, Саурық батырдың және басқа да көптеген білікті адамдардың, хан тұқымдарының сүйегі жатыр.
Сайрам қаласын зерттеу мақсатымен қазба жұмысы әлі жүргізіле қойған жоқ. Қазір Ленинград эрмитажында, Қазақ ССР Ғылым академиясы тарих, археология және этнография институтының музейінде құмыра, күпшек, балшықтан жасалған ыдыстар, жер бетінен табылған т. б. заттар сақтаулы тұр. Бұл мүліктердің бедеріне, әшекейлеріне қарай отырып, ежелгі сайрамдық шеберлердің аса талғампаз, қиялы аса бай болғанын көреміз. Мысалы, сусын құятын қос құлақтағы жалпақ құмыраның бетіндегі бедерге назар салсаңыз, оның өте әдемілігіне таңданасыз. Бірі мен бірі нәзік айқышпен жалғасқан ою-өрнектер асқан шеберліктің дәлеліндей. Бұл өрнектер құмыраның тұтқасына жақындаған сайын нәзіктене, кішірейіп кетеді. Әр жерінде тана бақырдың суреті бар. Екінші бір құмырадағы гүлдің суреті ерекше бір нақышпен салынған. Мұнда әлгі гүлдің түсі құмырадағы басқа бейнелердің түсіне қарама-қарсы боялған. Құмыраның түп жағы күңгірт-қара, ал осыған жақын салынған гүл қауызы ақшыл түстес. Құмыраның мойын жағы сарғыш бояумен өрнектелген — бұл бояуға қарама-қарсы салынған әлгі гүлдің сабағы аспан тәрізді көгілдір түстес. Осыдан барып бояудың өзі сыршыл симметрия жасап тұр. Қараған адамға күшті әсер етеді. Құмыра әшекейін быжырлатпай, керісінше, оның түсін аша түседі.
Ал тастан қашап жасаған, келі тәрізді ыдыстарға келетін болсақ, тас қашаған зергерлер талғамының жоғарылығына таң қаласыз. Бұл ыдыстардың қандай мақсатқа қолданылғаны бізге мәлім емес. Ал олардың сыртындағы қашап салынған құстың суреті, әшекейлі оюлар және т. б. түрлі сюжетті бейнелер аса қызық. Олар нәзік бедерлерге өзінше бір үндестік берген. Шебер қолы нені өрнектесе де, оның терең мағыналы болғанын көздеген тәрізді. Осыдан біз ежелгі Сайрам керамикасының үлкен дамуды басынан өткергенін білеміз.
Сайрам тарихы да түбегейлі зерттеуді күтеді. Біздіңше зерттеу жұмысының ең маңыздысы — мешіттер мен медреселерді қазу жұмысын жүргізу. Өйткені бұл құрылыстардың жер бетінде шашылып жатқан қазіргі қалдықтары бізді сонау өткен ғасырдың құм шөгінділеріне еріксіз үңілуге жетелейді.
Сайрам қаласы туралы біз көне кітаптарда жазылған деректерден білеміз. Мысалы, Кир мен Дарийдің жорықтарына байланысты осы көне қаланың аты аталады. Дарийдің қолы қазақ даласына келгенде қатты қарсылыққа ұшырайды. Оның қисапсыз қолы ыдырап, тоз-тоз болып, беті қайта бастайды. Енді әрі қарай жүре алмай, кейін шегінеді.
Екінші бір үлкен шығарма үнді халқының батырлар эпосы «Магабгаратта» үнді әміршісіне сый алып солтүстіктен келген сақтар жайлы айтылатын жер бар. Бұл жырда «әлгі сақтар Сырдарияның оң жағасы мен Талас Алатауының батыс қойнауын алып жатқан өлкеден келген» дейді.
Ерте дүние авторларын қатты қызықтырған Сайрам қаласының қазіргі тұрқы қандай? Көне Сайрамның қираған қалдығы қайда? Оның орнындағы ескерткіштердің сипаты қалай?.. Міне, енді осы сұрақтарға жауап берейік.
Қазіргі кезде ежелгі Сайрамның орнындағы өзінің архитектуралық, әрі көнелігі жағынан көңіл аударуға тұрарлық бірінші ескерткіш Әбділ әзиз бабтың мавзолейі. Бұл мавзолейдің құрылысын бірінші рет көруге келген кісі оның әдемі қақпасына, тепе-тең, қоржындана жасалған күмбезді арқалықтарына қызыға қарайды. Қақпаның биіктігі . Кенересі саусақты-бедерлермен өрнектеліп, жұмырлана өрілген. Бейне бір жуан есілген арқан секілді. Осы қақпаның төбесі тағы да бір жарым метрдей биіктетіледі де, одан арғы арқалық жайпақтанып кетеді. Ескерткіштің екінші бір маңызды құрылысы оның күмбезі. Күмбез өзінің әсемдігі жағынан Түркістан ескерткішінің күмбезінен қалыспайды. Бірақ мұнда әсем қаптағыштар қолданылмаған. Қыштың өзін қырлап өріп, киіз үйдің төбесіндей күмбез жасаған. Бас күмбезден төменіректе және тағы екі күмбез бар. Бұлардың биіктігі мен көлемі дәл алғашқыдай. Бірақ төменгі арқалықтардан көтерілгендіктен көзге кішірейіп көрінеді.
Ескерткіштің салыну уақыты және құрылысшы-зергерлер туралы еш жерде жазылмаған. Тек құрылыстың ішінде, қақпасы мен керегесінің қиылысқан жерінде оймыштап жасалған жылқылардың бейнесі салынған. Бұл бейнелер әйгілі француз суретшісі Делакруаның салған тұлпарларымен ұқсас секілді. Аспанға шапшып тұрған тұлпардың қара бұлттай жалы, күмбездің иір иінімен симметрия жасап тұрған бөкселері — суретшінің аса бай қиялының куәсіндей. Дәл осы көне ескерткіштің ішінде құпия жатқан әлгідей әсем бейнелерді жас суретшілер зерттеп, қазіргі құрылыстарға қолданса, нұр үстіне нұр болмас па еді?!
Қазіргі құрылыстарда салынып жүрген аң қуған, не бәйге шапқан ат бейнелерінен Әбділ ескерткішіндегі мүсіндердің бір айырмашылығы, мұнда үлкен күштің, жігердің, батылдықтың рухы білінеді. Құйындатқан асқақ күш, арқасына мінген жанды алып ұшқалы тұрған арын анық байқалады. Бірінші аттың арандай ашылған аузы өзінің жалына жармасқан қайдағы бір хайуанаттан шошынғанын аңғартады.
Көне Сайрамдағы екінші бір үлкен ескерткіш — Қарашаш ананың мавзолейі. Архитектуралық бұл құрылыс қазір жергілікті өлкетану музейі болған.
Қарашаш ана мавзолейі құрылысының салыну мерзімі белгісіз. Бірақ оған қолданылған қыштың құрамына, жасалу әдісіне қарай отырып, монғол шапқыншылығынан кейін, яғни XV ғасырда салынған деп жорамалдауға болады. Өйткені, дәл осындай қыштан XV ғасырда салынған Тараз қаласының құрылыстарын да көргенбіз.
Ескерткіштің архитектуралық құрылысы әсем. Төрт жағы да тепе-тең, жарылған гүл қауызындай өрнектеліп келеді. Төрт қабырғасына да оймалы қақпа тәрізді, ішке қарай ойық етіп бір метрдей қыш өрілген. Қыштар жалпағынан қаланған. Бұл құрылысшылардың мавзолейдің кеңдігін емес, ең әуелі беріктігін ойлағандығы деп білеміз. Ескерткіштің төрт жағы да әсем, симметриялы көріністі сақтаған.
Құрылыстың тағы бір ерекшелігі, мұнда бірде-бір тіреу, не тұғыр қойылмаған. Ескерткіштің төбесі қабырғаның ішкі жағынан екінші рет өріп биіктетілген күмбездің жалпы қалпағымен жабылған. Сонда құрылыс қабырғасы екі қабат болып шыққан. Дәл мұндай әдіс Орта Азия ескерткіштерінің бірде-бірінде кездеспейді.
Ескерткішті салған архитектордың құрылыс есебіне жетік жан болғандығы байқалады. Құрылыстың тең бұрышты төрт қабырғасы бар. Әр қабырғада төрт қырдан, ал мавзолейде барлығы 16 қыр нақышталып өрілген. Осы қырлардың күллісі өзіне қарама-қарсы беттегі бұрыш қырымен тең түседі. Дәл осылайша, бұрыштардың өзін қырлап, әсемдеп өру құрылысқа тамаша көрік-сән беріп тұр.
Қарашаш ана ескерткішінің тағы бір аңғартатын ерекшелігі — құрылысқа ешқандай металл, не ағаш жабдықтары пайдаланылмаған. Оның іргесіне жалпақ тастар қаланған да, төбесіне жеткенше күйген қышпен өріп шыққан. Төбедегі күмбез таспен, қышпен араластыра қаланып тұрғызылған.
Сайрамдағы тағы бір көне ескерткіш — жергілікті адамдар «Мыралы» мавзолейі деп атайтын құрылыс Бұл құрылыстың салыну мерзімі бізді XVI ғасыр шамасына алып барады. Өйткені, осы кезде, ежелгі Отырардағы «Арыстанбапқа арналған ескерткіш» дейтін құрылыс салынады. «Мыралы» құрылысы мен «Арыстанбап» құрылысының қыш құрамы да, архитектуралық стилі жағынан болса да бір-біріне жақын. Әсіресе, қыш қалау тәсілі, әрбір бесінші қатардан кейін қайталанып отыратын өрнек, екі құрылыста да бірдей айшықтар жасаған. Екеуінің де қыш өру тәсілі бірдей.
XVI — XVII ғасырлардағы қазақ (қыпшақ) жеріндегі құрылыстардың салыну мәнер әдісі бір-біріне соншалықты жақын. Олардың қақпаларының биіктігі, ені көбінесе бірдей болып келеді. Құрылысшы сәулетші бұл ескерткіштердің баршасында да ең әуелі қақпаға ерекше мән берген. Қалпақ, күмбез, кереге секілді қалған бөлшектер түгелдей дерлік қақпаның құрылысына байланысты жасалатын болған. Міне, осындай тәртіппен, әдіспен салынған құрылыстар қатарына біз «Мыралы», «Арыстанбап» мавзолейлерінің құрылыстарын жатқыза аламыз.
Көне Сайрамның орнында бұлардан басқа да ірілі-ұсақ ескі құрылыстар көп-ақ. Олардың көпшілігі — қабыр басына орнатылған ескерткіш, медресе, мешіт, сарайлардың қираған қалдықтары. Бұлар ғасырлар сынынан, табиғат құбылыстары әсерінен, күтімсіздіктен қатты бүлінген. Күмбездері қақырап, төбелерін шөп басып кеткен. Әдетте, ескерткіштердің іші бос келетін болса, мұнда қойылған қабырлар әлде қашан жермен жексен болып, едендеріне төселген қыштар ығы-жығы боп үйіліп, араларынан топырақ шығып жатады.
Мысалы, біз қазіргі Сайрам селосындағы ең жас құрылыс деп есептелінетін бір ескерткіштің ішіне кірдік. Ескерткіштің іші қара көлеңке. Жарық жағып, іргелерді қарағанда, ертедегі тұрғындардың ыдыстарының қалдықтары, сынған қылыш сабы табылды. Құрылыс ішінде ешқандай өрнек жоқ. Бірақ жергілікті тұрғындар оның ортасында жатқан ұзын тастың астында қайдағы бір үңгірге апаратын есік бар дегенді айтты. Тас өте ауыр болып шықты. Тастың астына темір салып көтермек болғанымызда ол жарылып кететіндіктен, біз тасты бұрынғы күйінде қалдырдық.
Жергілікті халық аталған құрылыстарды, олардың салынуын, батырлардың басына орнатылған ескерткіштерді сан құбылтып әңгімелеп отырады. Өзге қалаларға қарағанда Сайрамдағы құрылыстардың көптігі, оның табиғи-қолайлы жағдайда орналасқандығынан деп шамалауға болатын сияқты. Өйткені Сайрам жартылай таулы, жартылай далалы жерге орналасқан. Егінге де, малға да қолайлы. Оның үстіне Сайрамда құрылысқа аса керекті өте берік материал боларлық саз балшық шығатын жерлер бар. Тастар да мол кездеседі. Мұны өз кезінде В. В. Бартольд, М. Е. Массон секілді ғалымдар да байқап, әңгіме еткен болатын.
«Қытай саяхатшысы Чан-Чунь 1221 жылы Хорезм мемлекетіне келген сапарында Сайрам қаласын басып өтеді. Саяхатшы осы жылдың 20 ноябрінде Сайрамға қайта соғады. Ол қалада үлкен мереке өтіп жатқанын, жергілікті халықтың бірі-бірінің үйіне кіріп құшақтасып, қуанысып жатқанын жазады», — дейді, В. В. Бартольд. Шындығында, бұл кезде Сайрам қаласы монғол шапқыншылығынан кейін қайта бел жазып, өзінің қалыпты өміріне араласқан болатын. Қаланы XIII ғасырдан бастап жергілікті халықтан шыққан адамдар басқарып тұрды. Бұл жағдай қаланың өркендеуіне игілікті ықпал жасады.