Тақырыбы: «Сайрам қаласының тарихы» Орындаған: Ист-33, Узбекова М. Н тексерген



бет3/4
Дата27.03.2023
өлшемі51,97 Kb.
#76477
1   2   3   4
Байланысты:
Сайрам

САЙРАМ ҚАЛАСЫ ТУРАЛЫ ЗЕРТТЕУЛЕР
2.1 «Сайрамда бар сансыз баб»
Қазақта «Сайрамда бар сансыз баб» деген сөз бар. Ежелгі Сайрам қазақ жерінің рухани орталығы болған. Ойшылдар, философтар, әулиелер, дін таратушылар осы жерден шыққан. Бірнеше рет көшіріліп, өзгеріске ұшыраған «Сайрам туралы рисала» атты ортағасырлық кітап біздің заманымызға жеткен. Мұнда Сайрамнан шыққан атақты адамдардың, қолбасшылардың, әулие адамдардың өмірбаяны, қаланың тарихы баяндалады.
Сайрамда бүкіл түркі халықтарының рухани көсемі Ахмет Иасауи 1103 жылы дүниеге келген. Әке-шешесі қасиетті Ибрагим ата мен Қарашаш ананың мазарларын халық әлі күнге дейін қадір тұтады. Сайрамның X-XIII ғасырлардағы аты — Исфиджаб, соғды тілінде «Ақсу» дегенді білдіреді.
Сайрам — орта ғасырларда қолөнермен атағы шыққан қала. Мұнда ақ мата, былғары, қару-жарақ шығарылған. Алтын-күмістен асыл бұйымдар дайындалған. Қаланың құл базарларында соғыстан қолға түскен құлдар сатылған. Қалада жер асты жолдары, хауыздар мен бақтар, үлкен мешіт, Нуджикет, Фархан, Шақпан, Бұхара дарбазалары болған.
Сайрам жөнінде ең алғашқы рет 629 жылы жазылған қытай саяхатшысы Сюань-Цзянның қолжазбаларында кездеседі, мұнда Сайрам – «Ақ өзен бойындағы қала» деп көрсетілген. Кейін Махмұд Қашқарий еңбегінде: «Сайрам – бұл Ақ қала (Аль маданият ал Байзо). Ол қаланы Исфиджаб және де Сайрам деп те атайды» деп жазған. Исфиджаб атауы соғды тілінен аударғанда «Ақсу» деген мағынаны білдіретіндігін орыс ғалымы В.К. Шуховцов ұсынған. Дегенмен де Сайрам атауының шығу төркіні жайлы жорамалдар өте көп.
Енді кейбір ғалымдардың жорамалдарына сүйенсек, Сайрам атауы сайрим атты тайпаның атауынан шыққан дейді. Бұл тайпа атауы алғашқы рет «Авестада» кездеседі. Авеста – б.э.б. ҮІ-ҮІІ ғ.ғ. жазылған Заратуштра дінінің кітабы. Мұнда Ария-тур, Дана, Сайна, Даха тайпаларымен бірге Сайрим тайпалары айтылады.
Қала атауының шығу тегі туралы жорамалдардың ішіндегі ең қызықтысын Сайрам мұражайының директоры М.Мирхалдарули ұсынды.
М.Мирхалдарули ұсынған жорамалға сәйкес, Сайрам атауының шығу тарихы Нұх пайғамбармен байланысты. М.Мирхолдорулинның айтуынша, «Аңызға негізделген және «Рисоля Сайрам» (Сайрам тарихы. Бұл кітап Сайрам қаласы тұрғындарында онға жуық түрі сақталған) атты еңбекте жазылған деректерге сәйкес Сайрам атауының шығуы Нұх пайғамбармен байланысты.
Нұх пайғамбар Алланың әмірімен пұтқа табынып келген өз халқын бір Аллаға сыйынуға шақырады. Біраз уақыттан соң адамдардың бір бөлігі оның насихатын қабылдайды. Сенбеушілер « егер пайғамбар болсаң, кереметіңмен бізді жазала» деп қасарыса түседі.
Осы оқиғаға байланысты діни аңыздар мен Құран Кәрімде Нұх пайғамбардың ақыры Құдайға жалбарынып, дінсіздерге қандай шара жасайтыны туралы медет сұрағандығы айтылды. Алла Нұх пайғамбарға кеме жасап, өзіне ергендер мен жақындарын және дүниедегі тіршілік иелерінен бір-бір жұптан кемеге мінгізіп алуына бұйрық береді. Сенбеушілердің иман келтірген адамдарды аздыруынан қауіпсінген Нұх пайғамбар олардың қатаң жазалануын тілейді. Содан кейін, «тандыр пештен қайнап шыққан су мен көктен саулап құйылған су» жер дүниені топан болып басады. Дінсіздер қырылып, Нұх пайғамбар кемесіндегі оның жақындары, оған сенгендер ғана аман қалады. Кеме таудай толқын арасынан аман қалып, су қайтқан соң тау басына тоқтайды. Әр халықтың аңыздары бойынша, Нұх пайғамбардың кемесінің тоқтаған жері де әр түрлі көрсетілген. Арабияда – Аль жуди тауы, Кавказда – Арарат тауы, Палестинада – Синай тауы, Орта Азия және Қазақстанда – Қазығұрт тауы. Қазақтар арасында «Қазығұртта кеме қалған» деген сөз осыдан шықса керек. Аңызға сәйкес, Нұх пайғамбар кемесі Қазығұрт тауына тоқтаған мыс. Топан су тартылғаннан соң адамдар таудан тау бөктеріне түсіп, жаңаша тіршілік етеді. Жаңадан қоныстанған жерді және адамдар бір бірін арабтың екі сөзімен атай бастаған. Ол – «Сони Айем» сөзі еді. Мұның мағынасы «Жаңа жер» дегенді білдіреді. Аңыз бойынша Сони Айем сөзі уақыт өте келе Сайрамға айналып кеткен.»

2.2 «Көне дүние күмбірі»


XV-XVIII ғасырларда қазақ хандықтары кезінде Сайрам ірі сауда, қолөнер және діни орталық болған. Исфиджаб – Оңтүстік Қазақстан облысының орта ғасырдағы ірі қалаларының бірі. Қазіргі Сайрам ауылының оңтүстік-батысында, Шымкент қаласынан 12 километр жерде орналасқан. Орта ғасыр дәуіріндегі Исфиджаб (Сайрам) X ғасырмен XIII ғасырдың бас кезінде Қазақстанның оңтүстігіндегі ең ірі қалаға айналған. Исфиджаб округі Сырдария бойындағы Кедер, Сығанақ, Сауран мен Янгикент қалаларын және Қаратаудың солтүстік бөктеріндегі Баладж бен Берукей қалаларын, Жетісудың Тараз, Құлан, Мирки (Мерке), Суяб қалаларын қамтыды.
Сайрам жөнінде ең алғаш рет 629 жылы жазылған қытай саяхатшысы Сюань-Цзянның қолжазбаларында кездеседі, мұнда Сайрам – «Ақ өзен бойындағы қала» деп көрсетілген. Сайрам жайлы мәлімет Махмұт Қашқаридің «Диуани лұғат аттүрік» атты еңбегінде кездеседі. Онда: «Сайрам – Исфиджаб деп аталатын ақ қаланың аты» делінген. Демек, Сайрам – Исфиджабтың кейінгі аты. Исфиджаб қалашығы туралы зерттеу жұмыстарын 1923 жылдары П.П. Иванов, 1925 жылдары М.Е. Массон, 1947 жылдары Н. Бернштам басқарған. Олардың археологиялық зерттеу жұмыстарының нәтижесінен қаланың бірнеше қақпа дуалынан тұрғанын байқаймыз.
Исфиджабтан басқа жерлерге ақ маталар, қару-жарақ, семсерлер, мыс пен темір жеткізіліп тұрды. Қала құл сату орталығы ретінде де бүкіл шығысқа әйгілі еді. Онда сол кездегі қырқысқан қыруар соғыстарда әр түрлі түркі тайпаларынан қолға түскен тұтқындар сатылып, құлдыққа әкетіліп жатты. Керуен жолдары бағыты бойынша алғанда, оңтүстік беттегі Бұхара қақпасы арқылы қалаға Шығыс елдерінің тауарлары әкелінетін. Шамамен, батыс бетте болған Нуджкет қақпасы Талас аңғарына орналасқан Дех Нуджикет қаласының атауымен аталған болса керек.
Бұл шағын қалашық алқаптық тура даламен шектесетін шекарасында тұрды да, ет пен мал саудасы сол арқылы жүрді. Солтүстік қақпа арқылы шығатын керуен жолы Сырдария бойында отырған Отырар, Сауран, Дженд пен Янгикент қалаларын аралап өтетін. Қала өз заманына қарай жақсы бекініс салған. XV-XVI ғасырлардың тарихшысы, «Мехман наме-и Бухара» шығармасының авторы Рузбихан Исфахани былай жазды: «Қаланың негізгі бөлігін қоршаған дуалдардың биіктігі сонша, иемденіп алмақшының қолы оның қабырғасына тез жете қоймас; оны айнала қазылған ордың тереңдігі сонша, одан аттауға қазақтың аяғы да бармас».
Қала және оның аймағын жергілікті түркі тайпалары биледі. Исфиджаб аймағы өте үлкен болды. Оның шекарасы солтүстік-батыста Сауранға дейін, ал шығыста Талас аймағына дейін созылды. Исфиджаб аймағына саманилер арқылы мұсылман діні тарады да, енді ол оңтүстіктегі ірі сауда және мәдениет орталығы ғана емес, сонымен қатар үлкен діни орталыққа айнала бастады. Х ғасырдың ақырында, яғни 990 жылы Исфиджаб Қарахан мемлекетінің қарамағына енді. Қарахан әскері болса, саманилерді Исфиджаб аймағынан түгелдей ығыстырды. Сайрам тек сауда жолдарын ғана емес, сонымен бірге ортаазиялық иеліктерге және Қазақ даласына қарай оңтүстікке өтетін өткелдерді де бақылауға ұстаған маңызды стратегиялық орталық болды. Сондықтан болар, деректер көрсетіп отырғанындай, Сайрамды жеке иелену үшін қазақ пен өзбек феодалдары өзара үздіксіз арпалысып келген. Сайрам халқының этникалық құрамы әр түрлі болатын. Қалалықтар құрамында иранша да, түрікше де сөйлей алатын ежелгі қалалық тұрғындар әулеті де, сондай-ақ қалада тұрақты отырықшылана бастаған көшпенділер де бар еді. Орта ғасырдың аяқ шеніндегі қалалар, сол бұрынғысынша, саяси экономикалық және мәдени орталықтар болып қалды әрі Қазақ хандығы өмірінде маңызды роль атқарды.
Мұсылман әлемінің қиыр шығысында орналасқан Испиджабтың дәуірлеу уақыты IX ғ. басталады. Әл-Белазуридің мәліметіне сәйкес, бұл – саманидтер әулетінің өкілі Нұх ибн Асадтың Қазақстанның оңтүстігіне жасаған жорығынан кейін болған. Ол туралы былай деп жазылған: «…Испиджабтың бекінісін алу ежелде болды, кейін оны түріктер және олар- мен бірге Шаш тұрғындарының бір топ адамдары иеленіп алды, сосын оны әл-Мутасим Биллах әмірдің діндар халифатындағы Нух ибн Асад жаулап алып, оның айналасына жүзімдігі мен егістігін тұрғындарымен бірге қоршаған қабырға тұрғызды».
IX ғ. екінші жартысында жазылған Әл-Белазуридің шығармасындағы Испиджабтың жаулап алуына байланысты оқиғалар жөніндегі мәліметтер 833–844 ж.ж. жатады деген мәтін мазмұны бойынша осы кезде Қазақстанда ислам діні белсенді тарала бастаған деп айтуға болады.
Нұх ибн Асадтың жорығынан кейін Испиджаб көшпелі дала шекарасындағы ұлы шекара бекінісі мен «дін үшін соғыс орнына» айналады. Испиджаб сол уақытта салықтан босатылған және шын мәнінде еркін экономикалық аймақ мәртебесін алған жалғыз қала болды. Осыған қатысты арабтың ұлы географы әл-Макдиси X ғ. былай деп айтады: «Бұл – шекаралық тамаша аймақ және дін үшін соғыс елі. … Олар құрғақшылық пен харадждың не екенін білмейді [төлемейді]».
Түріктерде исламды қабылдағанға дейін өздерінің құдайлары мен культі болғандықтан, олар бірден емес, тек ғасыр өткенен кейін ғана ескіліктен бас тарта бастайды. Тіпті XIII ғ. басында Якут әл-Хамави өз шығармасында Испиджаб қаласы туралы былай деп жазады: «Не Хорасанда, не Мәуреннахрда Асфиджабтан басқа харадж төлемейтін бірде бір қала жоқ, себебі ол шекаралық ұлы бекініс болғандықтан, оның тұрғындары өзінің хараджын қару мен осы елде болатын шығындарды төлегендігі үшін харадждан босатылды».
Салықсыз саясат пен қаланың Ұлы Жібек жолының бойына ыңғайлы орналасуы аймақтың экономикасына оң әсерін тигізеді. Испиджаб белсенді дамып, кеңейе бастайды. Мәуреннахрдың барлық жерінен түрлі халықтар ағылып қана қоймай, олар қаланың айналасына рабад пен шаруашылық аймағын қалыптастырады. Худуд әл-Алемнің ортағасырлық анонимдік географиялық шығармасында Испиджаб әлемнің барлық саудагерлері үшін кен орны болды деп жазылуы кездейсоқ емес.
Сайрам бұрыннан киелі орын деп есептелген. Махмұд Қашқари көрсеткендей: «Сайрам – Испиджаб деп айтылатын ақ қала атауы (ал-Мединат ал-Байда). Ал Сарьям оның өзгертілген нұсқасы». Бұл жердегі ақ түс дегеніміз түсіне байланысты айтылмаған. Ал-Мединат ал-Байданы сөзбе-сөз – Ақ қала / қасиетті қала, киелі қала деп түсінуге болады.
Сайрамда культтік сәулет ескерткіштерінің едәуір мөлшері шоғырланған. Олар шартты түрде төмендегідей топтарға бөлінеді:
– ислам дінін таратушылардың есімімен байланысты ескерткіштер (Әбділ Әзіз баб, Мірәлі баб, Падшах Мәлік баб);
– Қожа Ахмед Ясауи есімімен байланысты ескерткіштер (Ибраһим ата, Қарашаш ана, Махмұдхан ата, Мұстафақұлы ата/Сузик ата және т.б.);
– Інжіл мен Құранда кездесетін пайғамбарлардың есімімен аталатын ескерткіштер;
– Сайрам тарихында өз ізін қалдырған (ғалымдар мен тарихшылар, ақындар мен дін мамандары) тарихи және аңызға айналған тұлғалардың, қайраткерлердің жерлеу орындары, сондай-ақ киелі маңыздылыққа бөлінген, қасиетті деп табылған орындар (Қази Байзаби, Қожа Хамид ата Байзаби, Куйбиддин-вали Гулама, Хасан Байзаби, Жүсіп Сайрами, Ахмет әл-Испиджаби және т.б.).
В.В. Бартольд, П.П. Иванов, М.Е. Массон жинаған сауалнама мәліметтерінің негізінде Сайрамның кейбір әулиелері Інжілге, онда да барлық анықтамалары – шығу тегі христиандық Мәриям бибі мазарына қатысты екенін көрсетеді. Ыдырыс, Иош, Қызыр, Салих – бұл есімдер толығымен белгілі бір семантикалық қатарда тізбектеледі. Мұнда аңызға айналған Қызырдың анасы Бибигияс ана есімі де кездеседі.
Қарастырылып отырған Сайрам әулиелерінің шағын тізімі пайғамбарлардың есімімен төрт топқа бөлінеді:
1) Інжілде, Құранда кездесетін (Ыдырыс пайғамбар, Інжілдегі Енохпен теңестіріледі);
2) Салих, оған Құранда тұтас сүре арналған, бірақ оның есімі Інжілде кездеспейді;
3) Иош, Інжілде айтылатын Ескі Өсиет кітабы авторларының бірі, Иисус Навин пайғамбармен баламаланады, бірақ Құранда оның есімі кездеспейді;
4) Қызыр пайғамбар Інжілде белгісіз, ал Құранда Мұсаның (Моисей) беймәлім серігі ретінде айтылады.
Дегенмен Сайрамның әулиелерін інжіл кейіпкерлерімен сәйкестендіру абсолютті емес болса да, олардың арасында көптеген факторлармен, бірінші кезекте оның киелі Сайрам қаласында орналасуы жалғыз орын екендігіне себепші болатын белгілі бір семантикалық байланысы бары айқын. Інжіл және Құранда кездесетін пайғамбарлар есімдерінің қосарластық қатарын толық айтуға болады: Нұх – Ной, Ибраһим – Авраам, Яғқұб – Иаков, Мұса – Моисей, Дәуіт – Давид, Зәкәрия – Захария, Йахйа – Иоанн Креститель және т.б. Кейбір есімдердің жазылуында ұйқасымдар да байқалады, мысалы: Жәбірейіл – Гавриил. Бұл агионимдер Сайрамда әртүрлі жолмен пайда болуы мүмкін:
1) Құран және мұсылмандық хикаяларда; олар, бірінші кезекте, араб және яһуди-христиан мифологияларының көптеген сәттері оңай және жылдам игеріліп, өңделген, өйткені олардың бастауында көптеген ортақ дүниелер тұрды. Белгілі, «…Мұхаммедтің өзіне таныс ауызша берілген мәліметтерді христиандықтан және яһудиліктен пайдаланды» (ол мәліметтерді ең алдымен несториандықтан алғанын қоса айта кету керек);
2) Інжілден тікелей христиандарға берілген; Сайрамның (Испиджаб) полиэтникалық екенін ескере отырып, онда христиандықтың сол немесе басқа ағымынан бөлек, әртүрлі дінді ұстанушылардың бірқатар өкілдері өмір сүгендігін болжауға болады.
Сайрамдық інжілдік және құрандық мифология өзара тығыз сабақтасып бірыңғай күрделі кешенді құрайды, олардың өзіндік шынайы тарихи негізі бары сөзсіз.
Сафи ад-Дин Орын Қойлақының XIII ғ. екінші жартысымен мерзімделетін «Насабнаме» шығармасы Испиджабты арабтардың жаулап алу қарсаңындағы діни-этникалық ахуалын әлдеқандай шамада жарыққа шығарады. Нақтырақ айтқанда, онда Ысқақ баб (сириялық қолбасшы және Қазақстанның оңтүстігінде ислам дінін таратушылардың алғашқыларының бірі іспетті) Сайрамға келгенде ол жерде бір билеуші болғандығы айтылады. Оны Көркөз деп атайды, лақап есімі – Нахибдар. Сайрам иелігінде 160 мың тарса үйі және 300 мың рустак болды. Олардың бәрі – тарса. Нахибдар оның 70 әулетінің ата тегі тарса болғандығын Ысқақ бабқа айтады. Бұл шығармадағы көптеген мәліметтер – бірыңғай аңыздық сипатқа ие. Ал саны болса, асыра арттырылғандығы сөзсіз. Дегенмен тарса туралы мәтіннен алынған мәліметтер көңіл аударуға лайықты және олар Сайрамда христиандық қауымдастықтың өмір сүруі мүмкін екендігін көрсетеді. Көптеген ғалымдардың пікірі бойынша тарса термині Азияда кең тараған христиандық топтың анықтамасы болып табылады.
Сайрамда Жаңа Өсиеттегі Иса пайғамбардың анасы Дева Мариямен теңестірілетін Мәриям бибі қабірінің бар болуы ерте кезеңде Испиджабта христиандық қауымның (немесе қауымдардың?) болғандығын көрсетеді.
Испиджабтағы исламға дейінгі культ қандай сипатта болуы мүмкін? Олардың атауларында інжілдік тақырыптар шет қалмайды. Орта Шығыс және Орталық Азия аймағына христиандықтың таралуы исламның әлемдідін ретінде қалыптасуына дейін басталғандығы белгілі. Ақырында исламға дейінгі культтер өзара қандай болса, ортодоксалдық исламмен де сондай шырмалады, тіпті Қызыр культі сопылық түрді анық қабылдаған.
Сайрам қаласы «киелі» мәртебесін әлі күнге дейін сақтап, Қазақстанның зиярат ететін ірі нысандарының бірі болып келеді. Сайрам тұрғындарының: «Сайрамда бар сансыз баб» деп айтуы кездейсоқ емес.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет