танымдық, зерделік, ізденімдік және көрсетімдік оқылым [1; 305]. Адам баласына тән төрт түрлі әрекетпен байланысқан бұл
оқылымның әрқайсысы тек студентке ғана емес, оқытушыға да жаңа ізденіс арналарын, таным
көкжиектерін, зерделеу бағыттарын, көру мүмкіндіктерін ашары сөзсіз. Эмоционалды қабылдаудан гөрі,
рационалды ойлауға көбірек бағытталған Назарбаев Университетінің студенттері пән силлабустарында
көрсетілген бағалау тапсырмаларын, олардың нақты апталық мерзімдерін және тапсырманы орындау
нұсқаулығын жіті қадағалауда ұстайды. Силлабус – университетте әрі пәннің паспорты, әрі толық
сипаттамасы тіркелген құжаты. Осыған орай, 100%-дың кем дегенде 10%-ын иемденетін оқылымның
тапсырмасы да, орындалу ережесі де нақтылығымен өзгешеленеді, сондықтан дайындық барысында
оқытушының өзі де әрі іздеу, әрі тану, әрі зерделеу жұмыстарын қоса атқарады. Студенттермен тығыз
байланыста, олардың мүдделерін ескере жинақталатын материал бағалауға тиімді, ұтымды және
қолданбалы сипатта болу үшін оқылымнан кейінгі тапсырмалар да шығармашылыққа, логикаға негізделе
отырып, қызық болғаны дұрыс.
«
Оқылым – графикалық таңбалар арқылы қағаз бетіне түскен сөздер мен тіркестердің мағынасы мен мазмұнын ой мен сананың нәтижесінде қабылдай отырып, сауатты, дұрыс, мәнерлеп, ұғынықты оқу және одан қажетті деректі түсініп, сұрыптап алу» [1; 302] болып табылатындықтан, «Жаңа
гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында дайындалған кітаптардың
ғылыми айналымға енуі қазақ тілінің ғылыми әлеуетін арттыруға, академиялық дәрежесін көтеруге әрі
қоғамдық қызметін салалық деңгейде, кәсіби негізде тереңдетуге көмектесетіні сөзсіз. Кәсіби
мамандандырылудан гөрі көпшіліктің танымдық сауаттылығын арттыруға негізделген басылымдардың
мазмұны да, құрылымы да, материалды ұсыну ерекшелігі де назар аудартады.
«Құндағында жатып бесік жырын тыңдаған, ананың уыз сүтіне қанып, ұлы дүние дауысын да ана тілінде естіп, өміртану, адамтану, қоғамтану мектебін де ана тілі арқылы таныған, қабылдаған алаш өкілдерінің бәріне тән қасиет – қазақтың шұрайлы, бейнелі көркемсөзіне деген құрмет пен құштарлық» [7; 76]
деген ғалым Ф.Оразбаеваның тұжырымына сүйене, Алаш азаматтарының бойындағы қасиеті
халықтық тәрбиенің, білімге құмар жаратылыстың, оқу, көңілге тоқу, талдау, тереңнен пайымдау
әрекеттерінің жемісі деп білсек, бүгінгі студенттің де ертеңгі қайраткер, ел азаматы болып тәрбиеленуі
сусындаған кітабынан, дұрыс ұсынылған оқылымнан бастау алатынын есте сақтауымыз керек. Студент
таңдауында басымдық тілі түсінікті, аудармасы көңілге қонымды, сөйлемдері қазақи қабылдауға
үйлестірілген материалдарға берілетін болса, оқытушы тарапынан оқылым талаптары кітаптың пән
мазмұнына сәйкес келуін қадағалаумен, ақпараттың дәйектілігімен, тұжырымдардың қазақи танымға
түсінікті әрі жат болмауымен, ең бастысы, кітаптың ойға ой салар танымдық мазмұнымен толыққаны
абзал.
Жаңа оқулықтардың құрылымында көңіл аударатын мәселелердің бірі – тараулардан кейін
ұсынылатын авторлық тапсырмалардың жаңа педагогикалық ізденістер мен зерделеу кеңістіктеріне
бағдар бере алуы. Айталық, ДиМаттео Ларридің «Халықаралық бизнес құқығы және заңнамалық орта:
транзакциялық тұрғыдан зерделеу» атты еңбегінің (https://openu.kz/kz/book/halyqaralyq-biznes-quqygy-zh- ne-zangnamalyq-orta-tranzakciyalyq-turgydan-zerdeleu) басында арнайы мысалдар тізбегі де, кітапты
пайдалану жолдары туралы түсініктеме де, жалпы оқырмандарға бағытталған бөлімдердің жазылу стилі
мен кітап құрылымы да, пысықтау сұрақтары да, интернет-жаттығулар да, қосымша интернеттегі ақпарат
көздері де арнайы нұсқаулықпен түсіндірілген. Мәтін ішіндегі ұяшықтармен бөлінген ұғымдық немесе
терминдік түсініктемелер де көзге түседі. «Бизнес қазақ тілі» курсының оқылым материалдарына
енгізілген бұл басылым, біріншіден, халықаралық бизнеске қатысты қызық мысалдардың топталуымен,
екіншіден, жағдаяттық тапсырмалардың берілуімен, үшіншіден, оқылым нәтижелерін сыни ойлау
форматында сызбалармен қорытындылау мүмкіндігімен қызықтырады.
Бүгінгі оқылым – студентпен тығыз байланыс орнату, кәсіби қазақ тілін дамыту, ақпаратты қабылдау
мен талдау, ойлау мен айрықша жүйелеу кепілі, сол себепті мәтін мазмұнына қолданбалы сипат беру,
оның өмірмен байланысын өзектеу, өзге дереккөздермен салыстыру, тұжырымдардың хронологиялық
эволюциясын зерделеу, түрлі жағдаяттарға бейімдеу өз нәтижесін беретіні анық.
Қорыта келгенде, кітаппен жұмыстың екінші тынысын ашу, оқылымның қолданыс аясын тың
тапсырмалармен кеңейту, мемлекет тарапынан ұсынылып жатқан жобалардың ғылыми айналымға енуіне
ат салысу, сол арқылы қазақ тілінің академиялық әлеуетін көтеру – жауапкершілігі мен құндылығы қатар
жүретін мәселелер. А.Байтұрсынұлының «Басқадан кем болмас үшін білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға – оқу керек. Бай болуға – кәсіп керек. Күшті болуға – бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деген ойларын басшылыққа алсақ, ұрпақ болашағын білім сапасымен,
біліктілік ұстанымдарымен сабақтастыру, өркениет биігіне бастау, ұлт тағылымын ғылым жаңалығымен
119
байланыстыру бағытында оқылым қызметін өзектеу – бүгінгі күннің шынайы келбетін ертеңгі күннің
заңды талабына жалғастыру, адамзат капиталының өзгеше әлеуетін дамыту кілті. «Кітап оқымайтын қоғам тіл тәрбиесін әлсіретеді» [8] деген ақын, қоғам қайраткері Н.Оразалиннің сөзіне жүгінер болсақ,
оқылым – бүгін тіл киесін, сөз құдіретін бағалаудың, қазақ тілінде жарық көретін басылымдардың тарихи
қызметін, халықтық аманатын түсінудің, тілдік таңбамен қашалған ақпараттың танымдық пәлсапасын
бағамдай білудің басты құралы, білім беру жүйесінің маңызды діңгегі.
... Уақыт өте келе әкем мен анамның тағдырларын тоғыстырған сөз құдіреті әулетіміздің киесіне, балалардан немерелеріне берілген қасиетті бастаудың, өнегелі тағылымның құндағына айналды. Біз үшін қазақтың тілі, қазақтың сөзі – жанымыздың рухани пернесі, көңіліміздің шабыттанар сәті, ойымыздың тұңғиыққа бойлар өмірлік пәлсапасы. Оған анамыздың жинақтауымен дүниеге келген «Сөзтұмар» кітабы куә. Бұл – «Өмір көркі – үйлесім мен келісім» [9] деген ғұмырлық қағиданы ұстанған екі адамның сұлу одағы, «Қазақ жері – Мәңгілік бойтұмарым» деп жырлаған ақынның берік ұстанымдар жинағы.