Тақырыбындағы халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары



Pdf көрінісі
бет72/277
Дата07.01.2022
өлшемі4,33 Mb.
#20557
1   ...   68   69   70   71   72   73   74   75   ...   277
ТІЛ ӘЛЕМІНДЕГІ ЖЫЛДАР ЖЕМІСІ 
 
Смағұлова Г.Н.  
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры,  
филология ғылымдарының докторы 
 e-mail: smagulova.g@mail.ru  
 
Фаузия Шамсиқызы туралы ақ ниетті ойлар мен айтылатын игі сөздерді қағаз бетіне түсірерде, әрине, 
өткен күндер елесі көз алдыңа келеді. Менен бір жас, екі күн үлкендігі бар Фаукең әріптесіммен өткен 
ғасырдың  алпысыншы  жылдарының  соңынан  таныспын.  1968  жылдан  бері  жарты  ғасырға  жуықтап 
қалған қырық жылдан астам айлар мен жылдар еншісіне сіңіп кеткен зымыран уақыттың іздері... 
С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің үшінші курсының студенті кекілді қара торы 
қыздың  жүріс-тұрысы,  өзгеге  бірден  сыр  алдыра  қоймайтын  тұйықтау  мінезі  және  шығыстың  суығы 
дарыған  салқынқанды  мінезі  бірінші  курс  студенттерінің  «балмұздақ»  қыздарына  шынар  ағашын 
елестететін.  Биік  тауда  өсетін  шынар  ағашының  қасиетінің  бірі  ауыспалы  мағынада  биік,  асқақ  десек, 
шынында,  үлгі  тұтуға,  еліктеуге  болатын  бойжеткен  Фаузия  еді.  Біз  төменгі  курс  студенті  кезімізде 
алдыңғы  апай-әпкелеріміз  деп,  филология  ғылымына  соқпақ  із  қалдырған  қазір  өмірден  өткен  марқұм 
Алма Қыраубаеваға көп еліктедік. Сосын Сағат аға Әшімбаевпен оқу залында үнемі бас алмай бірге сабақ 
оқып отыратын жазушы әпкеміз Шәрбану Бейсенова еді. Олардың ізін ала, қатарына көп ұзамай Фаузия 
Шәмсиқызы қосылды.  
Өткен ғасырдың 60-70 жылдарында қазіргідей емес, филология факультетінде ұлдар көбірек оқитын-
ды. Сол ұлдар кейін небір атақ-даңқтың иелері, филолог маманның ұлтына қызмет ету үлгісін танытқан 
мықты  қайраткер  азаматтар  болып  қалыптасты.  (Қазір  есімдері  елге  белгілі  С.Елубай,  Н.Оразалин, 
Б.Мұқай т.б.) Бұл да атақты КазГУ-дің түлектеріне берген білім мен біліктіліктің көрінісі деуге болады.  
Кейінгі кезде филология факультеттерінде «арпа ішінде бір бидай» ұлдар қараң-құраң ететін жағдайға 
көз үйренді, ойға да сіңісті болды. Қазақ ғылымының тіл білімі айдынында лингвистикалық интуицияға 
шебер  бір  қауым  қыздар  алдымен  филология  факультеттерінде  білімдерін  шыңдаған,  кандидаттық, 
докторлық  диссертацияларын  табысты  қорғаған,  қазір  ғылым  көкжиегінде  ғалым  қыздар  шоғырының 
алды міне, жетпіске де келіп қалды. Солардың бірі емес-ау, бірегейі осы – Фаузия Шамсиқызы Оразбаева. 
Фаукең  және  біздер  университетті  бітірген  жылдар  өткен  ғасырдың  айтулы  тоқырау  жылдары  еді. 
Орыс тілінің мәртебесі  соншама асқақ, әлеуметттік  ортаның кез  келген  есігі  орысша ашылып, орысша 
жабылатын. Онымен қоймай, Алматы деген үлкен шаһарда тұрақтап қалып, жұмысқа тұру үшін қалаға 
тіркелуің  керек.  Бұл  қол  жетпес  арман  қаланың  шешуі  күрделі  көп  қиындығының  бірі  еді.  Бұл  да  ет 
үйренген көп қиындықтың бірі десек, пәтер жалдап тұрудың өзі тағы бір айтулы алынбайтын қамал. 


69 
Алайда  сол  тоқырау  жылдарында  қазіргі  қазақ  зиялыларының  алдыңғы  толқыны  өткелі  жоқ  асау 
өзеннің  қатты ағысына бой бермей, өз өмірлерінің  жағалауына жетті-ау әйтеуір.  «Ондай болмақ қайда 
деп, айтпа ғылым сүйсеңіз» демекші, біздің толқында күйректік, орта жолдан жалт бұрылу жат еді. Бәрін 
намыс пен жігер көгендеп тастағандай. Қазіргі жастардың ой-көзімен қарасақ, бүгінгі кемелдену, жетілу 
мен  толысу  парасат  биігінен  көріну  –  осылай  болуы  тиіс  дейтін  жеңіл,  оп-оңай  бола  салған  жетістік 
сияқты. Қазіргі жастардың айтатыны: сіздер жақсы заманда өмір сүрдіңіздер.  
Керісінше, тәуелсіз Отанда дәл қазіргі технологиялық мәдениет биігінде отырған жастардың өмірі мен 
бітім-болмысы, дүниетанымы, білім айдынындағы тереңдік, болашаққа деген еркін көзқарас кімді болса 
да қызықтырады. 
Ал Фаузия Шамсиқызы осындай жағдаятта білім алып жүрген жастарға қажырлы еңбектің, ғылыми 
ізденістің  қала  берді,  үлкен  моральдық  ұстанымның  үлгісін  көрсетіп  жүрген  ‒  ұстаз,  педагог,  ғалым, 
парасат иесі. Біле білсек, (әрине, бірен-сараны болмаса) білім деңгейі бәсекеге қабілетті, ел болашағына 
тұтқа болуға лайық деген бүгінгі жастарды ұстаз үміті қашанда сеніммен жетелеп жүреді. Дәрісханадағы 
қазіргі  таңдау  пәндері  студент  білімін  жан-жақты  жетілдіруді  ғана  емес,  оларды  тұлға  ретінде 
қалыптастыру, өмірдің кез келген саласында өз бетімен маңызды оқиғаларға байланысты конструктивтік 
ұсыныстар  жасай  алатын  маман  дайындау.  Демек  адамзаттың  әлемдік-тарихи  дамуымен  қазіргі 
Қазақстанның жаңа бағдары негізінде маман болуын мақсат ету. Осындай биік мінберлі ойды жүзе асыру 
үшін - ұстаз, педагог, ғалымның өз потенциалдық мүмкіндігі оның жазған еңбектерінен көрінеді. 
Профессор Фаузия Оразбаеваның ғылымдағы, оқу орнындағы өмірінің өрнектері оның – кітаптары.  
Кеше ғана біздің қолымызға профессордың өз қолтаңбасымен бес томдық кітабы тиді. Шынын айту 
керек, бұл лингвист ғалым үшін еңбектің зоры, білімнің тереңдігі мен жан-жақтылығы. Дегенмен де, бес 
кітап туралы тарата айтқанымыз жөн болар. Өйткені тіл  әлемінде ұзақ жылдар  еңбек  еткен профессор 
Фаузия  Шамсиқызының бұл кітаптары білім  ошағында жылынып жүрген жастар мен ғылымда ізденіп 
жүрген болашақ тіл білімінің тарландарына аса қажет дүние.  
Тіл  әлеміндегі  жылдар  белестерінің  жемістерін  педагогика  ғылымдарының  докторы,  профессор 
Ф.Оразбаева былай саралапты. 
«Ой  өрнегі  ‒  сөз»  деп  аталатын  1-кітапта  студент  кезінен  ғылым  көкжиегіне  бет  бұрғандығын 
көрсететін  диплом жұмысынан бастап, ғылым кандидаты дәрежесін алуға дайындаған «Қазақ тіліндегі 
сын есім синонимдер» зерттеу еңбектері енгізілген. Болашақ қыз балаға тән ұқыптылық па, әлде ғалымға 
тән сенім сергектігі ме, диплом жетекшісі болған Мырзатай Жолдасбеков жазған 1971 жылдан жоғалмай 
сақталған пікірдің өзі «бұл дипломдық жұмыстың университет бітіруші шәкіртіміздің болшағынан мол 
үміт  күттірер  елеулі  еңбек  екені, үлкен жолға бастар алғашқы соқпақ  екені  даусыз»  деп аяқталған. Ол 
кезде Мырзатай ағай кандидаттық жұмысын енді қорғаған, жалындап жүрген жас кезі. Филологиядағы 
біздерге  Орхон-Енесей,  көне  түркі  әдебиетінен  дәріс  оқитын.  Пікір  қорытындысында  жазылған  ұстаз 
тілегі болашақ ғалымның өмір жолында бағдаршам болғаны даусыз.  
Сөзді  ой  өрнегі  деп  таныған  ғалымның  екінші  кітабы  «Тілдік  қатынас»  деп  аталады.  Бұл  – 
монографиялық еңбек. Өз басым, профессор Ф.Оразбаеваның барлық еңбектерінің ең жоғары сатысында 
тұратын ғылыми еңбек деп бағалаймын. Қазақ тіл білімінде тілдік қатынастың теориялық проблемаларын 
зерттеуге  арналған  алғашқы  еңбек.  Тіл  білімінде  «Языковая  коммуникация»  деген  термин  бұрын  да 
айтылып, талданып жүргенімен, қазіргі кездегі тілдік қатынастың тек адамдар арасында ғана емес, оның 
бүкіл әлемдік маңызы, түрлі ұлттар арасындағы сөйлеу құралы - тілдің сипаты, оның құрамы мен басты 
қағидалары, қолданыстағы ерекшеліктері туралы қазақ тілінде жүйелі ғылыми сараланған іргелі зерттеу. 
Тілдік қатынастың ғылыми негіздерімен қоса, оның сөйлесім әрекеті және түрлері, әдістемелік теориясы, 
қатысым арқылы қазақ тілін оқыту сияқты басты тараулар сөз етіледі. 
Порфессор Ф.Оразбаева тек қазақ тіл білімінің теориясымен ғана шұғылданып жүрген жоқ. О бастағы 
филологиялық білім әдебиеттен қаланғанын еске алсақ, ғалымның ел, ұлт, қоғам, тіл, менталитет туралы 
ой  толғаныстары  публицистикалық  жанрдың  да  шебері  екендігін  мойындатады.  Тіл  кеңістігі  ‒  деген 
үлкен ұғым. Осы кеңістік 3-кітапта қамтылған тұлғатану, елтану, ұлттану сынды заманның күрделі бет-
бедері  ғалымның  ой  толғаныстарымен  дәйектелген.  Мұнда  тіл  мен  рух  бірлестігін  сақтаудың  жолы 
ұстаздың креативті тұжырымдары мен ғылыми пікірлерінен байқалады. 
Қазақ тіл біліміндегі тілдік деңгейлерді  сөз  еткенде  ауызға бірден  оралатын деңгей – лексикология. 
Фонетика,  морфология,  синтаксиске  қарағанда  ең  өзгермелі  сала  –  сөздік  қор  мен  сөздік  құрам. 
Жалтылдап,  жарығын  шашып  жүрген  кейбір  сөздер  (революция,  ұлы  Октябрь  сияқты)  тарих 
қойнауындағы  бір  кезеңнің  астында  қалып,  ал  күресінге  кеткен  (мырза,  әкім)  «ұнамсыз»  сөздер  қайта 
тұғырына  қонып  салтанат  құрады.  Тіпті  естімеген  сөздер  (интернет,  хайп)  күнделікті  өзіңді  оятып, 
тіршілікке  жегеді.  Міне,  бұл  лексикология  санатындағы  сөз  қолданыстарының  әдеттегі  тоқтаусыз, 
бітпейтін үдерістері. 


70 
Бұл  ретте,  тілші  ғалым  Ф,Оразбаеваның  «Тілтамыр»  атты  4-кітабына  осы  «Лексикология»  пәніне 
арналған  лекциялық  курсы  мен  практикалық  дәрістері  енгізіліпті.  Қазақ  сөздік  қоры  мен  сөздік 
құрамының  лексика-семантикалық  табиғатынан  бастап,  он  бес  дәріс  мазмұны  баяндалған.  Сондай-ақ, 
лексикологияны  оқыту  әдістемесі  де  алты  модульмен  берілген.  Маңызды  жағын  айта  кетсек, 
лексикология бойынша маманданған тілші ғалымдарға, ізденушілерге кітаптағы дәрістер мен әдістемелік 
жаттығуларды пайдалануға альтернатив-таңдау мүмкіндін беретіндігі.  
4-
кітаптағы орыс тілді азаматтарға қазақ тілін үйрету сабақтарының саны -27. Осы берілген сабақтар 
арқылы  да  қажетті,  үлгі  ретінде  алуға  болатын  мазмұнды,  пайдалануға  жарайтын  маңызды  сабақ 
үлгілерін таңдауға болады. 
 
Негізінде  осы  сабақтардың  жазылуын,  өзге  тілді  дәрісханада  өтілу  ерекшеліктерін  тәжірибемен 
ұштастыра  келе,  әдістемелік  тұстарын  шыңдай  жетілдіре  отырып,  «Мемлекеттік  тілді  деңгейлік 
оқытудың рухани тамыры – ғылыми әдістеме» деген қағидалы, аксиомалық тұжырымды қалыптастырған 
профессор Фаузия Шамсиқызы.  
Автордың  бұл  идеясы  «Деңгейлік  қазақ  тілі»  атты  5-кітапта  баяндалады.  Қазақ  тілін  өзге  тілді 
аудиторияда  үйрету  өткен  ғасырдың  сонау  90-жылдарынан  бері  қазақ  лингвистерін,  әдебиетші 
мамандарын  толғандырған,  тіпті  сынға  ұшырата  беретін  жағдай  еді.  Бірде  маман  жоқ,  бірде  оқулық 
сапасыз  дейтін  күңкілдердің  форматы  мен  мазмұны  әлі  күнге  дейін  өзгере  қоймағаны  белгілі. 
«Мемлекеттік тілді деңгейлік оқытудың рухани тамыры – ғылыми әдістеме» деген атынан белгілі, дұрыс 
тамырланған ғылыми әдістеме керек-ақ.  
Мұнда  алдымен,  Қазақ  тілін  деңгейлік  оқытудың  философиялық-мәдениеттанымдық  негіздерінен 
бастап,  оның  әлеуметтік  бастауына  үңілу  қажеттігі  ескерілген.  Кез  келген  іс-әрекеттің  психологиялық 
астары  бар.  Демек,  деңгейлік  оқытудың  психологиялық  жағы  қалыс  қалмау  керек.  Ең  соңында  тіл 
үйретудің  деңгейлік  сатысында  педагогикалық  негіз  жатады.  Тілді  жалаң  үйретіп  қана  қоймай,  тіл 
арқылы  білім  мен  тәрбиені  ұштастырып,  коммуникативтік  әрекеттің  рухани  мәдениетке  бағытталуын 
қамтамасыз  ету  деген  түйінді  аңғартады.  Ұстаз,  ғалым,  педагогикалық  әдістеменің  білгірі  профессор 
Фаузия  Шамсиқызының  біз  тілге  тиек  еткен  талданған  ғылыми  басылымдары  ‒  бүгінгі  күні  ғылыми 
көпшіліктің іздеп, пайдаланатын аса қажет кітаптары. 
Мерейлі жасқа келген әріптес ғалым Фаузия Шамсиқызы қазақ тіл білімінде өзіндік орны бар үлкен 
ғалым. Халқының қалаулы қызының еңбегі еленіп, түрлі марапаттарға ие болды. Ғылым деген тылсым 
дүниенің тұңғиығына еркін бойлаған,  тіл  әлемінен  тапқан  асылын  қазақ  тіл  біліміне  ғылыми  үлес  етіп 
қосқан әріптесіміз Ф.Оразбаеваның еңбегі үшін МЫҢ АЛҒЫС! 
 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   68   69   70   71   72   73   74   75   ...   277




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет