СЫР СҮЛЕЙІНІҢ ӘДЕБИ-ТІЛДІК МҰРАСЫНЫҢ ЭТНОМӘДЕНИ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
266
Медетбаев Т.С.
ф.ғ.к.,
«Болашақ» университеті,
Қызылорда қаласы.
Түйіндеме: Мақалада сыр сүлейінің әдеби-тілдік мұрасының этномәдени ерекшеліктері
қарастырылады.
Тірек сөздер: этномәдени, тілдік таным, грамматика, жәдит, қадим сөздер.
Аннотация: В статье рассматривается этнокультурные особенности литературно-языкового
наследия Турмаганбета.
Ключевые слова: этнокультурное, языковое познание, грамматика, жадит, кадим.
Annotation: The article deals with the ethno-cultural features of the literary and linguistic heritage of
Turmaganbet.
Keywords: ethnocultural, language cognition, grammar, jadit, kadim.
Әрбір халықтың өзіне тән мәдениеті: әрі тілі мен әдебиеті, өнері бар, ол т.б. салалармен біріге келіп,
біздің рухани қоғамымыздың санасын айқындайды. Ал поли мәдениет дегеніміз не дегенге келсек,
грекше: polу, [много] бірнеше тілді немесе көп тілді меңгеру деген мағынада қолданылады.
Әлемнің Екінші ұстазы әл-Фараби бабамыз бұдан он ғасыр бұрын тілдің заңдылығын жетік біліп,
әлемдік тілдің де қолдану ерекшелігіне арнайы тоқталған. ... «Граматика сөздер үшін заңдар жасап береді,
мұның логикадан айырмашылығы бар: өйткені, граматика бұл заңдарды тек белгілі бір халықтың
сөздеріне лайықтап жасайды, ал логика барлық халықтардың сөздеріне жарайтын жалпы қағидалалрын
жасайтынын айтқан» [1,138 б.].
Тіл барлық халықтардың рухани қатынас құралы болса, ұлттық тіл мен ұлттық әдебиетте тілдің
көркем бейнесі (образы) арқылы жеке субъектімен біріге отырып, бүкіл жаратылған әлемнің кеңістік
бейнесін көз алдыңа әкеледі.
Осындай суреткердің бірі емес-бірегейі, Сыр елінің сүлейі- Тұрмағамбет Ізтілеуұлы. Ол өз елін
өркениет биігіне жеткізу үшін алғы шарттар жасады: 1. Ол үшін әлемдік қатынас құралы болған араб
тілін және бірнеше (парсы, түрік, шағатай) тілдерін жетік меңгерді. 2. Ол кезінде Шығыстың ежелгі әдеби
этно- мұраларын мейірленіп оқумен бірге: Бируни, Әл-Фараби, Ибн Сина, Бабур, Ұлықбек сияқты
философтар мен тарихшылардың еңбектерін де ой зердесінен қайта өткізді. 3. Оның әлемдік шығыстың
даналығы мен ғылыми жетістіктерін жан-жақты игере білді.
Соның арқасында әлемге әйгілі Фердоусидің «Шаһнамасындағы оқиғалы сюжетті» назиралық дәстүр
негізінде алып, түркі халықтарының баға жетпес рухани мұрасына айналдырды.
Шығыстық көркем әдебиеттің атақты шығармалары «Шаһнама» мен «Тотынамасының», «Мың бір
түн» мен «Ескендір-наманың, Рабғузи мен Мақтұмқұлы кітаптарының бөлімдері, Тұрмағамбет ақын сол
кітаптарды оқып, өзін қызықтырған сондағы сюжеттерді негізге алып, қазақтың өз өлеңіндей,
тыңдаушыларын тамсандыра оқиғалы мысал, хикая, дастандар жазады.
Бұл айтылғандар ең алдымен әдебиеттану мәселесіне қатысты. Соның ішінде лингвистика арқылы
әдебиет пен фольклордың арасындағы қарым-қатынасты қамтиды. Ал әдебиет пен фольклордың өзара
байланысуы әдебиеттанушылық пен фольклортанушылықтан басқа мәдениеттанушылықтың да арна-
ларымен қатынасы бар. Нақтылай айтқанда ауыз әдебиетін негіз ету арқылы творчество иесі халықтың
төл мәдениетін өзіне танытады.Осылайша, мәдениеттанудың айырықша қызметі іске асады. Бұл мәдениет
философиясының рухани мұрадағы этномәдени негізді зерттейтін аса маңызды бір бағытты атқарады. Ол
жеке тұлғаның рухани мұрасындағы этномәдени дәстүрлер мәселесі әсте фольклормен шектелмейді. Бұл
мәселенің арнасы кеңірек: ол шығармашылықтағы дүниетанымдық, ағартушылық, педагогтық, мәдени,
әдеби дәстүр мен жаңашылдық т.б. салаларды қамтиды. Сайып келгенде осылардың баршасы
мәдениетттану тұрғысынан қарағанда фольклордан бастау алады.
Тұрмағамбеттің әдеби мұрасындағы этномәдени дәстүрлерді бірнеше арнада қарастыруға болады: 1)
ол шығыстың бірнеше ақындарының идеяларын ілгері апарушы озық ойлы ақын, 2) педагогикалық
мұрасындағы оқу және тәрбие мәселелері тұрғысынан, 3) халық педагогикасына көзқарасы жағынан, 4)
ақын творчествосында ұлттық психология мен таным жағынан қарау қажет.
267
Мұсылман халықтары арасында идеялық ағым «жәдидшілік» қозғалысы Тұрмағамбет мұрасына да
тікелей қатысты. Ол Әл-Фараби, Ш. Маржани, Ы.Алтынсарин, Абайлар негізін салып кеткен «Усул-и-
жәдид» («жаңа әдіс») әдісін ағартушылықтың іргетасына тұғыр ете отырып, жаңа дыбыстық әдіспен хат
танытуды жосығына (бағдарламасына) дүниәуи пәндерді енгізуді іске асырды.
Тұрмағамбеттің қазақ топырағында Шығыс әдебиетінің классиктері жырлаған даналық ой, асыл
сезімдерді дамытқан оның еңбегі аса құнды еді. Жыл жағынан қарағанда Тұрмағамбеттің ақындық
қызметі Абай мен Ыбыраймен қатар, ал Сұлтанмахмұт пен С.Дөненбаевтан бұрынырақ басталған. Баспа
жүзінде болмағанымен оның шығармалары халық арасында қолжазба түрінде тараған. Өзі секілді
ақындармен қатар ақындық қызмет атқарған, ол қазақ әдебиетінің арнасына өзінің рухани ізденіс
бұлағымен келіп қосылды.
Оның шығармашылығы Шығыс әдебиетінің үрдіс дәстүрлерін, қазақтың халық поэзиясымен
ұштастыра білді. Бұның өзін ұлттық мәдениетті әлемдік өркениетке ұластырудың бірден-бір жолы деп
қараған дұрыс. Жоғарыда айтып кеткеніміздей бірнеше халықтардың әдеби мұраларын «Мың бір түн»,
«Тотынама», «Шаһнаманы» қазақша сөйлеткен ақындардың ішінде Тұрмағанбеттің орны айырықша.
Оны М. Әуезовтың сөзімен айтсақ, «Сонымен Рүстемнің жайы туысқан тәжік әдебиетінің ұлы классигі
Фердоусидің «Шаһнамасынан» тікелей жасалған аударма демейміз, сол Фердоуси үлгісімен халық ақыны
Тұрмағамбеттің өзі өлең етіп жазған Рүстем жөніндегі дастанның қазақша варианты дейміз» [2,7-бет.].
Енді «Шаһнаманың» қалыптасу тарихына назар аударсақ. Ол біздің дәуірімізге дейінгі 600 жылды,
біздің дәуіріміздің 700 жылын қамтиды. Оқиға VII ғасырда Иран патшасы ІІІ Иездегерді арабтардың
жаулап алуымен аяқталады. Жыр елу династияның тарихын қамтып көрсетеді.
ХVIII ғасыр мен ХІХ ғасыр арасында өмір сүрген Ораз ақын «Шаһнаманың» алғаш аударушысы. Ол-
Сыр бойында туған М. Серәлин Ораздың «Шаһнаманы» аударғандығын 1914 жылы «Айқап»
журналында жазды [3. №22].
Ораздан 50-60 жылдан кейін оның екінші аудармасы жасалды. Мұны жазған Көкшетау төңірегінде
туған белгілі ақын Сердәлі Мырзаұлы. Оның бұл еңбегі 1901 жылы Қазан қаласынан «Қисса Рүстем»
деген атпен жеке кітап болып шықты. Жырдың көлемі 4340 жол. Егер Тұрмағамбет жырлаған
«Шаһнаманың» көлемі 40 мың жол жыр екенін ескерсек, Сердалы аудармасы соның оннан бір бөлігі ғана.
Тұрмағамбет поэмасында оқиға басы әйгілі Жәмшит патшадан басталып, поэманың орта шенінде Рүстем
туады да, оның 700 жылға созылған ұзақ өмірі, майдандарда көрсеткен сансыз ерліктері түгел қамтылады,
сөйтіп поэманың соңы Дарап патшаның дәуіріне келіп тіреледі. Негізгі түпнұсқаға сай келетін бұл сияқты
желі, тұтастық Сердәлі нұсқасында жоқ. Ол Рүсемнің кейбір жорықтарын ғана жырлаған. Сердалы ақын
көркемдікке де онша мән бермеген, оқиғаны бастан-аяқ баяндап, өз атымен әңгімелеген.
«Шаһнаманы» қазақ тіліне аударған үшінші кісі М.Сералин. Ол орыс тілінен Жуковский нұсқасынан
аударып, «Айқап» журналының 1914, 1915 жылдардағы сегіз нөмеріне жариялады [4. №22, 23, 24; №2, 3,
4, 5, 9].
Сонымен, қазақ тілінде Фердоуси шығармасының төрт нұсқасы бар. Тұрмағамбеттің өзі өлең етіп
жазған Рүстем жөніндегі жырды оны қазақша нұсқасы деп қараймыз. Бұл дастанда Иран жұртының
ежелгі замандағы шынайы немесе аңызға айналған тарихын негізгі арқауға алған Тұрмағамбет ақын
ондағы оқиғаларды басымырақ, қызығырақ сипаттап көрсетеді:
-
Шынында, осы болса туған балаң,
Қылам деп мұны бала болма алаң.
Көпке ұят көрсетуге, көміп кел, - деп,
Бұйырды шақырып ап бір-екі адам [2, 12-бет.].
Тұрмағамбеттің бұл орайда қазақ мәдениетіне салған олжасы негізінен аңызға негізделген шындық
ойдың идеясын алтын түйіршіктей іріктеп алуында. Соның ішінде түгел дерлік аңызды, мифті т.б. ауыз
әдебиеті мен фольклор үлгілерін арқау етіп алған көптеген шығармаларына Тұрмағамбет рухани
мұрасының фольклорлық поэтикалық бұл белгілер оны стиль жасақтаушы ретінде көрсете білді. Осы
жағынан Тұрмағамбет мифологияға халықтың рухани тәжірбиесіне тұрақты түрде жүгінуінің арқасында
стиль жасақтап, қазіргі әлемдік әдебиетте бірегей құбылыс болған Шыңғыс Айтматовтың да алдында тұр.
Ақын әдеби аңыздар арқылы фольклорлық үлгілер мен әдістерді пайдаланудың жаңа мүмкіндіктерін
көрсетті. Фольклорлық ой мен авторлық ойды тұтастырып ортақ мақсатқа бағындырады. Оның
шығармасындағы ұқсастық комизмі мен айырмашылық комизмі түрінде мәлім тәсілдердің жетілуі, дамуы
байқалады. Оның кейіпкерлері әрі фольклорлығымен, әрі заман тынысына сай келуімен ерекшеленеді.
268
Тұрмағамбет Ізтілеуов этномәдениет арқылы халықты өзіне-өзі таныту жолында ұлттық тарихтағы
қаһармандық эпикалық тақырыпты жаңаша игеру дәстүрін де бастап берді.
Әлем әдебиеті тарихында халықтық аңыздар сюжеті, олардағы кейіпкерлер авторлық дара ойдың
арқасында биік жаңа мәнге ие болғанына мысал аз емес. Айталық, алғаш Фердоуси көне аңыздар желісін
тірілтіп арқау етсе, Тұрмағамбет те сол аңыздарды жаңа желіде қайта жаңартып, араб-парсы сөз
маржандарын еркін меңгеріп, ақын көрікті бейнелерді көркем теңеулермен нақышталған сөз кестесін
жасап, қазақ ұғымына сай іскер шебердей еркін жеткізе білген. Бұл пікірімізді дастанның ұзына бойынан
мысал келтіріп дәлелдеуге болар еді, бірақ мұны «Шаһнаманы» оқыған жандар мысалсыз-ақ сүйсініп,
Тұрмағамбеттің хас шеберлігіне таңданып таңдай қағар.
«Рүстем-дастан» кейін Тұрмағамбет қаламының көмегімен сол халықтың санасында жарқын көркем
бейне болып орнықты. Тұрмағамбеттің жасампаздық еңбегімен Рүстем халқындағы халық аңызы
Фердоуси аңызы мен этномәдени тұрғыдан сабақтаса келіп классикалық деңгейге көтеріліп, әлемге
танылды. Осының арақатынасын ашу әлде де тереңірек зерттеуді қажет ететін мәселе. Қазақ фольклоры
сөз болған кезде Тұрмағамбетті «Рүстем-дастаны» да ойға оралады. Ол аңызды моральдық-психо-
логиялық тұрғыдан қайта саралады, мұны бір жағынан жанр заңдары қолқалады. Екінші жағынан, баяғы
замаңдағы жолбарыс жүректі, батыр білекті Тұран елі мен Иран еліне қажетті отаншыл ерлерін іздеп
қоғамдасу бірлігін ұстанады. Әдеби стиль мен дара мәдени стиль осылайша тоғысты. Фольклор мен
жазба әдебиет ұшырасқан сәтте қазақ мәдениеті үшін де ерекше құбылыс болған Тұрмағамбеттің
«Рүстем-дастаны» рухани дүние. Ол осы арқылы көркемдік контекст бойынша ұлт психологиясы мен
әлемдік психологияны батыл көтерді. Ол өзінің әдеби шығармасы арқылы мәдени мұраны, соның ішінде
ауыз әдебиет үлгісін өз бойында сақтап кейінгі ұрпаққа жеткізумен де ерекше бағаланады.
Енді мысалға бір ғана Әшкәбустың портреті мен сипатын келтірейік:
Тымағы басындағы елу тері,
Болмайды деуге ернін «пәлен елі»
Құлағы-киіз үйге үзік болар,
Түктері-болатұғын тартса желі.
Шынардың, саусақтары ағашындай,
Тырнағы-тұлпардың тағасындай.
Ауызы-үңгірінедей асқар таудың,
Мұрны-үлкен үйге шоқат шамасындай.
Көзі-ала, кейіп-жаман, сондай суық
Жанына барар емес адам жуық.
Көргендер көпке дейін таңырқайтын:
«Дүниеге келеді екен,-деп,-қалай туып?!»
Жүк еді қарулары жеті пілге
Мінуші ед тоқсан атты кезек күнде.
Болмаса белді бедеу, толық тұлпар,
Жаман ат жарамаушы ед жабы мүлде [2, 252-бет.].
Мұндағы «құлағы-киіз үйге үзік болар» деген тәрізді орасан күшті гиперболалар,«тырнағы-тұлпар-
дың тағасындай» деген тәрізді тың теңеулер мен «суық», «жуық», «пілге», «мүлде» секілді соны ұйқастар
Тұрмағамбеттің ақындық күшінің айғағы.
Сонымен,Тұрмағамбет-Шығыс әдебиеті мен мәдениетінің тарихын, олардың қалыптасу дәуірлері
мен жағдайларын айқын бейнелейді. Шығыс ақындарынның өлеңдерін қазақшаға аударғанда кейбір
себептермен ұмытылып бара жатқан атау сөздерді пайдалануға кейбір ақындардың батылдары бара
бермейтін еді.
Бұл іске барлығында болып қайран,
-
Білді,-деп қалысты аң таң,-мұны қайдан?
Жасы-жас болғанменен, барлық жаннан
Зейіні зият екен,-десті,-айдан [2, 36-бет.].
Соңғы кездерде әдеби тілімізден шығып бара жатқан құзыр, қапы, елһам, ғайып, мүскін, дәргәһ
сияқты сөздер қайта тіріліп, әдеби лексикамызда этнотанымдық тұрғыда өз орнын тауып отыр. Ұзақ
дастанның өн бойында мұндай мысалдарды көптеп табуға болады. Фердоусидей ұлы ақынның терең
сырлы, қат-қабат бейнелі, ұғымы астарлы сөз символдарын еркін игеріп, айшықты бейнелегеніне
еріксіз сүйсінесің.
269
Ұстап ед төрт гауһардың қолға бірін,
Білінді бала иісі сондай шырын.
Сорғалап көзінен жас, көл боп ағып,
Кеткендей болды алып көңіл кірін [2,19-бет].
Көреген ақын өз жырын асыл қазынаға балап, қалай дұрыс теңеп кеткен. Оның рухани қазынасы дара
ақынның дана ақынға айналуына жол ашты. Тұрмағамбеттің асыл мұрасы бүкіл ғалам жұртшылығының
ортақ дүниесі болған «Шаһнама» дастаны Сыр ақыны арқылы қазақ елінің рухани мұрасына айналса, енді
оны ағылшын тіліне аударса, оның шығармасы да Фердоусидай әлем әдебиетінің асыл қазынасына
айналар еді.
Достарыңызбен бөлісу: |