4 Екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңындағы Кеңес мемлекетінің сыртқы және ішкі саясатының негізгі бағыттары 1930-жылдардағы әлемдік дағдарыс көптеген мемлекеттердің экономикалық, әлеуметтік және халықаралық қатынастарын шиеленістірді. Бұл жағдай әлемдік билікке талпынған күштердің пайда болуына жол ашты. Осындай күштердің ішіндегі ең қауіптісі - Германияда орнаған фашистік тәртіп еді. Батыс мемлекеттері тарапынан ұйымдасқан қарсылықтың болмауы фашистік агрессияның күшеюіне жол ашты. 1937 жылы фашистік мемлекеттер - Германия мен Италияның милитаристік Жапониямен әскери-саяси одақ құруы екінші дүниежүзілік соғыстың негізі болды.
Екінші Дүниежүзілік соғыс 1939 жылы Германияның Польшаны жаулап алуымен басталды. Франция мен Англия Германияға қарсы соғыс ашқанын хабарласа, КСРО осы жылы Германиямен 10 жылдық бейбіт келісімге қол қойды. Бұл құжат тек 1989 жылы алғаш жарияланды. Құпия келісімге сай 1939 жылы Германия мен КСРО Еуропадағы билік жүргізу аймақтарын бөліп, жаулап алу шараларын бір мезгілде бастайды. Осының нәтижесінде Германия Польшаны басып алғаннан кейін, Кеңестер Одағына Польшананың 12 млн. халқы орналасқан 200 000 шаршы км. жері өтті. Кейінірек бұл аумақ Украина, Белоруссияға қосылды. 1940 жылы Германия Францияны басып алғаннан кейін Литва, Латвия, Эстониядағы мемлекеттік билікті Кеңестер Одағы иеленіп, Литва, Латвия, Эстония Кеңестік Социалистік Республикалары құрылды. Қызыл Армия Прибалтикаға кіргеннен кейін Кеңестер үкіметі Румынияға бұрын Ресей империясының құрамында болған Бессарабия аумағын қайтару туралы ультиматум жіберді. Нәтижесінде Буковина мен Бессарабияның жарты бөлігі Украина КСР-іне, Бессарабияның қалған бөлігі Молдавия КСР-не берілді.
Англия мен Франция Германияға соғыс жариялағанымен батыс майданда белсенді іс-қимыл танытпады. Бұл жағдайды Германия өз мүддесіне пайдаланып, 1940 жылы Дания, Норвегия, Нидерланды, Люксембург мемлекеттерін еш қарсылықсыз жаулап алды. Бельгияны жеңгеннен кейін негізгі күштер талқандалды. Нәтижесінде Франция Германиямен бейбіт келісімге қол қойса, Англия АҚШ-тан көмек сұрауға мәжбүр болды.
Сонымен Батыс Еуропадағы әскери іс-қимылды аяқтаған фашистік Германия бастапқы міндеттерінен бас тартып, Кеңестер Одагын басып алуга дайындықты бастайды. Басып алған мемлекеттердің экономикалық, әскери ресурстарын өз мүддесіне пайдаланып, әбден күшейген фашистік Германия Кеңестер Одағына қарсы соғысты аз уақытта жеңіспен аяқтауына күмәнсіз сенді. Ал, Сталин және оның төңірегіндегілер 1939 жылғы келісімге сеніп, Германия тарапынан соғыс қаупін күтпеді.
КСРО-ға қарсы соғыс жоспары «Барбаросса» деген атпен белгілі. «Барбаросса» жоспары 4 әскери топтың келісілген іс-қимылына негізделді. Финляндия фельдмаршалы Маннергейм мен генерал фон Дитла басқарған Финляндия тобы Мурманск, Беломорск, Ладогога бағытталды. «Солтүстік» тобына (басқарған генерал фельдмаршал фон Лееб) Ленинградты басып алу жүктелді. Генерал-фельдмаршал фон Бок басқарған ең күшті «Орталық тобы» Мәскеуге бағытталды. Генерал-фельдмаршал фон Рундштенд бастаған «Оңтүстік тобы» Украинаны басып алуға тиіс болды. Фашистік Германияның Кеңестер Одағын жаулап алу жоспарында Қазақстанға үлкен мән берілген. Осы мақсатпен Атлантикадан Сібірге дейін біртұтас Герман этнотерриториялық кеңістігін құру көзделді. Бұл аумақты славян халықтарынан тазарту және түрік-моңғол халықтарын жою көзделді. Сонымен қатар фашистік Германияга қызмет ететін Қарағанды, Новосибирск, Кузнецк индустриалды облыстарын құру жоспарланды.