6 Қазақстандықтардың майдан шебіне, партизан қозғалысына қатысуы
Қазақстандықтар жау тылындағы партизан қозғалысына да белсене қатысты. 1941 жылы КСРО ОАК мен БКП(б) ОК-нің 1941 жылдың 29 маусымындағы дерективасында жау басып алған аумақтарда жау армияларының бөлімшелерімен күресу үшін партизан отрядтарын құру көзделді. Осы жылдың 1941 жылдың 18 шілдесінде БКП(б) ОК «Германия әскерінің тылында күрес ұйымдастыру» туралы қаулы қабылдап, партизан қозғалысын ұйымдастырды. 1941 жылдың жазынан бастап жау тылында құрыла бастаған партизан отрядатарының құрамындағы жауынгерлер саны 1943 жылдың соңында 1 миллионға жетті. 1942 жылдың мамырында Қызыл Армия мен партизан қозғалысының ұштасуын қадағалайтын Орталық, кейінірек республикалық және облыстық партизан қозғалысы штабтары құрылды.
Енді партизан қозғалысы қатарында жаумен шайқасқан қазақстандықтар құрамына тоқталайық. Украина аумағындағы партизан бірлестіктерінде 1500 қазақстандық жаумен шайқасты. Атап айтсақ, М.И. Шукаевтың партизан отряды құрамында 79 қазақ, Ұлы Отан соғысының Батыры С.А. Ковпактың партизан отрядында 70 қазақстандық болды. Ленинград облысы аумағындағы партизан бірліктері құрамында 220, ал Белоруссия аумағында 1,5 мыңға тарта қазақстандықтар жаумен шайқасты. Қазақстандық партизандар жаумен шайқаста үлкен ерлік танытты. Мысалы, 1941 жылы Киев облысы, Македон селосында жасырын партизан орталығы құрылады. Бұл орталыққа соғысқа дейінгі жылдары Павлодар облысында оқытушы қызметін атқарған Қасым Қайсенов коммунистік жолдамамен жіберіледі. 1942 жылы Қ.Қайсенов Чапаев атындағы партизан отрядтарының командирі сайланып, Украина аумағында жаумен шайқаста үлкен ерліктер көрсетті. Қ.Қайсеновпен қатар Украина аумағында Қарағанды облысынан Д.И.Сагаев, Талдықорған облысынан П.С.Шленский, Қызылордадан - Байдаулетов, Шымкент облысынан - Ж.Омаров, алматылық - А.С.Егоров және т.б. қазақстандықтар әртүрлі партизан құрылымдары қатарында шайқасты. Отанын қорғаудағы асқан ерлігі үшін Қ.Қайсеновке «Халық Қаһарманы» атағы берілді.
Белоруссия аумағын жаудан азат етуге де қазақстандық партизандар үлкен үлес қосты. Тек 1941 жылы Брест облысындағы Старосельск орманында 9 қазақстандық партизан жаумен шайқасты. Белоруссия аумағында ерлікпен шайқасқан отандас партизандар: Ф.Озмитель, Е.Омаров, Н.Қайсеитова, Н.Салықов, Х.Исмағұлов, Н.Сыдыкова, М.Стрельников, И.А.Бұлаев, И.Данияров, И.А.Ерещенко, К.Темірханов, Е.Балабеков, Т.Жұмабаева және т.б. Смоленск облысында құрылған партизан бірлестіктерінің құрамы 45 ұлт өкілінен тұрды. Соның ішінде 2-Кляжнянск партизан бригадасында 19, С.Лазо атындағы партизан полкінде 40, ерекше партизан бірлестігі «Тринадцать» құрамында 48 қазақстандық болды. Смоленск облысында қазақстандық партизандар А.Шарипов, Ж.Агадилов, И.Өтебаев, М.Мұқанов, А.Төлегенов, Қ.Ахметов және т.б ерлікпен көзге түсті.
Жаумен шайқаста көрсеткен ерліктері үшін қазақстандық партизандар әртүрлі мемлекеттік марапаттарды иеленді. А.С.Егоров пен Ф.Ф. Озмительге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Соғыстан кейінгі жылдары орталық партизан штабының шешімімен тәжірибелі партизандарды шетел мемлекеттері аумағын аттандырды. Оларға партизан отрядтарын ұйымдастыру тапсырылды. Осы мақсатпен Қ.Қайсенов Румыния мен Чехословакияны, ал А.С.Егоров Словакияны, С.О.Төлешов, Н.Супронов, Сарсенгалиев, А.Е.Акимин - Польшаны жаудан азат етуге ат салысты. Жүздеген қазақстандық соғыс түтқындары Франция, Италия, Бельгия, Югославия, Греция және т.б. Еуропа мемлекеттері халықтарының азаттық күресіне белсенді қатысты. Соңғы мәліметтерге сай, тек Франция, Бельгия, Италия аумақтарындағы партизан құрылымдары қатарында 180 қазақстандық болған.
Соғыстың алдында Розенберг идеясы бойынша, Қазақстан, Орта Азия, Солтүстік Иран, Ауғанстан аумақтарын біріктіріп «Гросс Туркестан» немесе «Үлкен Түркістан» мемлекетін құру көзделеді. Бірақ та идеясы жүзеге аспа- ды. Оның орнына рейх 26 жаяу батальон, 111 рота және жүк тасушылар колоннасынан тұратын Түркістан легионын құруды жоспарлады. 1942 жылы құрылған Түркістан легионы құрамында неміс әдебиеттерінде 1 миллион, тарихшы Раух 650 000 адам, ал қазақстандық мамандар 180 000-250 000 адам болған деген мәлімет береді. Түркістан легионын қолдаушы қазақ зиялысы - М.Шоқай Түркістан легионы құрамындағы әскери құрылымдарды қажет деп таппаған. М.Шоқай фашистер лагерінде зардап шеккен жандарды қайтадан майданға жіберу адамгершілікке жатпайды, керісінше, оларды Германия зауыт-фабрикаларына жіберіп, болашақ Түркістан мемлекетіне маман-кадрларды даярлау идеясын ұсынады. Өкінішке орай, М.Шоқай 1941 жылы 27 желтоқсанда қайтыс болып, бұл идеясы жүзеге аспайды. Фашистер Түркістан легионы құрамындағы бір батальонды 1942 жылы алғаш рет Воронеж майданы маңында Қызыл Армияға қарсы соғысқа қатыстырады. 193 легионер соғыспай Қызыл Армия жағына шығып кетеді, ал батальон басшысы Бақыт Байжановты фашистер тұтқындайды. Өйткені, легион құрамына әскери түтқындардың басым бөлігі фашистік концлагерьлерден шығу мақсатымен ғана кірген. Олардың көбі жергілікті партизандармен байланысып, фашистерге қарсы партизан қозғалысы құрамында соғысады. Майданға түскен жағдайда Қызыл Армия жағына өткен. Өкінішке орай, бұл жағдай ескерілмеген. Отанында олар «РКФСР Қылмыстық істер кодексінің» 58-1 б, 58-3, 58-9, 59-10, 58-11 баптарымен жазаланып, «сатқын» деген лақапқа ие болып, үрім-бұтақтарына дейін қудаланды. Француз тарихшысы Клод Дельпла түркістандықтар партизандық қозғалыстарға көптеп тар- тылып, үлкен ерліктер танытты дейді. Ал, неміс тарихшысы Патрик фон Мюллер олардың қиын тағдырын аяп, свастика мен қызыл жұлдыз арасында қалғандар деген сипат береді.
Қорыта келе, Ұлы Отан соғысына тартылған қазақстандықтар санына тоқталайық. Соғыстың алдында Қазақстанда 6,2 млн. адам тұрды. Соғыс жылдары қолына қару алып, майданға 1,9 млн. адам аттанды. Сталиндік тәртіп 1916 жылғы патша үкіметінің тәжірибесін пайдаланып, арнайы құрылыс батальондарын да құрды. Бұл батальондар Орта Азия және Қазақстанның жергілікті халқынан және қуғын-сүргінге түскен халықтардан жасақталды. Қазақстаннан әскери комиссариат арқылы еңбек армиясына 700 мың адам жіберілді. Олар соғыс шебіне жақын аудандарда оқ астында қорғаныс объектілерінде еңбек етті. Осылайша әрбір төртінші қазақстандық қорғаныс және майдан объктілеріне тартылған. Республиканың мобилизациялық деңгейі тіпті Германиядан да жоғары болды, Германия халқының 12% мобилизацияланса, Қазақстанда халықтың 24% мобилизацияланған. Мобилизацияланған халықтың 50-60% қазақ ұлтынан еді. Қорғаныс, көмір, ауыр өнеркәсіп жұмысшылары соғысқа тартылудан босатылса, Қазақстан тұрғындары түгелімен дерлік армияға шақырылды. Өйткені Қазақстанда шаруалар басым болды.
Ұлы Отан Соғысы майдандарында қаза болған қазақстандықтар санына байланысты түрлі пікірлер бар. Кейінгі жылдардағы мәліметтерде соғыстан оралмаған қазақстандықтардың саны 601 000-ға дейін жетіп отыр, оның 350 мыңнан астамы қазақтар. Бұл қолға қару алып, ұрыс даласында қаза тапқандардың саны. Егер осы тұстағы халықтың жалпы саны мен соғыста қаза тапқан өкілдердің санына шағатын болсақ, қазақтардың шығыны көршілес өзбек, татар, азербайжан, грузиндерден анағұрлым жоғары. Бұл пайыздық шығын жағынан қазақ халқы өз жерінде соғыс қимылдары болған орыстармен, украиндермен, белорустермен деңгейлеседі.
Кеңестер Одағының құрамдас бөлігі ретінде жаумен шайқаста қазақстандықтар үлкен ерлік көрсетіп, жеңіс күнін жақындатуға өз үлестерін қосты. Майдандағы ерлігі үшін 520 қазақстандықтың, оның ішінде 100-ден астам қазақтың Кеңес Одағының Батыры атағын алуы - ортақ Отанын қорғауда қазақ ұлтының суырылып алға шыққанын көрсетеді.
6. Республика экономикасын соғыс мүддесіне бағындыру
Соғыстың алғашқы айларында Кеңестер мемлекеті соғысқа дейінгі жылдары салынған өндіріс қуатының көп бөлігінен айырылды. Бұл жағдаймен бір мезгілде мемлекет экономикасын әскери өмірге бейімдеу іс-шаралары жүзеге асырылды. Қысқа мерзім ішінде республика халық шаруашылығын соғысқа бейімдеп қайта құру қиын болды. Бірінші кезекте елдің қорғаныс мұқтажына жұмыс істейтін халық шаруашылығы материалдық және адам ресурстарымен қамтамасыз етілді. Халық шаруашылығы салаларында негізінен әйелдер, қариялар, жасөспірім балалар еңбектенді. Соғыс уақытының талабына сай жұмыс күні ұзартылды және еңбек демалыстары жойылды. Барлық азық-түлік пен шикізат қорлары майданға жіберілгендіктен, халық азық-түлік және өнеркәсіп өнімдерімен белгіленген мөлшерде ғана қамтамасыз етілді.
Соғыстың алғашқы күндерінде КСРО үкіметі жанынан эвакуация жөніндегі Кеңес құрылды. Ал, Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесі жанынан эвакуациямен келген халықты, өнеркәсіп орындарын орналастыру жөніндегі бөлімдер ашылды. 1941 жылдың жазынан бастап Қазақстанға көшірілген халықты әкелген эшалондар келе бастады. Қазақ Республикасына әсіресе, 1941 жылғы тамыз-желтоқсан айларында халық көп келді. 1941 жылдың аяғында тылға көшірілген 12 млн. халықтың 386492-сі Қазақстанға орналастырылды. Бұл көрсеткіш 1942 жылы 532,5 мыңға өсті. Жергілікті өкімет ұйымдары эвакуациямен келген халықтың мұқтажын қанағаттандыруға бағытталған шараларды жүзеге асырды.
Соғыстың алғашқы айларынан бастап Қазақстанға батыс аудандардағы өнеркәсіп орындары көшіріле бастады. 1941 жылы 28 қыркүйекте Ақмолаға ең алғашқы Мелитополь станок зауыты көшіп келді. Петров атындағы мұнай жабдықтарын жасайтын зауыт Гурьевке, Пархоменко атындағы шахта жабдықтарын жасайтын зауыт Қарағандыға көшірілді. Қазақстан аумағына көшірілген өнеркәсіптер жоспарлы түрде шикізат көздеріне жақын жерлерге орналастырылды. Ақтөбе ферросплавл зауыты Запорожье ферросплавл зауыты жабдығын, Өскемен қорғасын мырыш комбинаты, Орджоникидзе түрлі-түсті металл зауытын, Ворошилов ауыр машина жасау зауытын Алматы авторемонт зауыты қабылдады. Алматыдағы құрылысы толық аяқталмаған авторемонт зауыты Луганск ауыр машина жасау зауытын, республикамыздың оңтүстігі Украинаның 14 қант зауытын қабылдады.
Өнеркәсіп орындарын көшірудің екі кезеңі болды: 1941 жылдың соңынан 1942 жылдың басына дейін, 1942 жылдың басынан күзіне дейін. 1941 жылдың күзінде Қазақстанға УКСР-нен, БКСР-нен, Ленинград пен Москвадан өнеркәсіп орындары көшірілді. Тек Украинадан 70 шақты зауыт, фабрика, электростанция, депо, механикалық шеберханалар келді. Олардың ішінде Қазанның XX жылдығы атындағы станок жасайтын зауыт, № 24 зауыттың Харьковтік ұшақ цехы, Днепропетровск вагон жөндеу зауыты, «Трансвязь» электромеханикалық зауыты, Пархоменко атындағы Луганск машина жасау зауыты, Киев ет комбинаты және т.б. болды. Мәскеу және Мәскеу облысынан рентген, Дзержинский атындағы электротехникалық зауыт, Курчатовск мехзауыты, «Изолит» зауыты, «Красный факел» зауыты көшірілді. Тек Гурьев арқылы 1942 жылы тамыз-қыркүйек айларында Қазақстанға 24 000 тонна әр түрлі өнеркәсіп жабдықтары көшірілді.
Жеңіл өнеркәсіп орындары да Қазақстан, Орта Азия аумақтарына көптеп көшірілді. Атап айтқанда, Киев, Азов, Артемов аяқ-киім фабрикалары негізінде Семей аяқ-киім фабрикасы, «Парижская коммуна» аяқ-киім фабрикасы негізінде Қарағанды, Қызылорда, Алматы аяқ-киім фабрикалары құрылды. Қазақстанға 53 жеңіл өнеркәсіп орындары көшірілді. 20 шақты машина жасайтын, металл өңдейтін, аз литражды двигатель, радиоприбор, таразы, тігін машинасын жасайтын зауыттар әскери жабдық, қару-жарақ шығаруға негізделіп қайта құрылды. Көшірілген өнеркәсіп орындарымен бірге республикаға 3200 тау-кен мамандары, 200 Донбасс шахтасының құрылысшылары, Воронеж, Луганскіден 2000 машина жасаушы мамандар, 1000 теміржолшылар, 7000-ға тарта инженер-техник мамандары қоныс аударды. Жау уақытша басып алған жерлердегі өнеркәсіп орындары Қазақстанға көшіріліп, орналастыру шаралары 6 айға созылды.
Отанға төнген қауіп Кеңестер Одағының барлық ұлттары мен халықтарын тығыз біріктірді. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап Қазақстан еңбекшілері жоғары ұйымшылдық көрсетіп, Отанының бостандығы мен тәуелсіздігі үшін еңбектенуді басты мақсаты деп шешті. 1941 жылдың 16 тамызында БКП (б) ОК-мен КСРО ХКК Повольжье, Орал, Батыс Сібір, Қазақстан және Орта Азия аудандарына 1941 жылдың 4- тоқсанына және 1942 жылға арналған жоспарды бекітті. Бұл жоспар бойынша әскери техника, жабдықтар, оқ-дәрі өндіруді ұлғайту және металлургия, көмір салалары өнімдерін асыра өндіру, стратегиялық шикізат шығаруды арттыру көзделді. Өйткені 1941 жылдың өзінде жау КСРО аумағының көп бөлігін жаулап алды. Жаулап алынған аумақтарда өндірілетін шикізат ендігі жерде Қазақстанда бірнеше рет көп мөлшерде өндірілді. Донецк, Москва түбіндегі көмір бассейндерінен көмір өндіру мүлдем тоқталды. Сондықтан соғыс мүддесіне көмір өндірудің барлық ауырлығы Қарағанды көмір бассейніне түседі. Қарағанды көмір бассейні соғыс жылдарында алдағы жылдармен салыстырғанда көмірді төрт есе артық өндірді. Соғыс жылдары 18 жаңа шахта ашылды. 1945 жылы конструктор С.С.Макаров әлемдегі ең алғашқы көмір комбайнын Қарағанды жерінде ойлап тапты. Қарағанды көмірі Орал, Орск-Халиловск, Поволжье өнеркәсіп орындарын, темір жол транспортын отынмен қамтамасыз етті.
Соғыс жылдары мұиай өндіру 3 есеге көбейді. «Қазақстан мұнай» ұжымы тәулігіне 12 сағат жұмыс істеді. «Ақтөбе мұнай» ұжымы Жақсымай мұнай шығару объектісін жұмыска қосса, Гурьев облысының мұнай құбырларында мұнай өндірісін арттыруды қолға алды. Ұжымдар арасында социалистік жарыстар кеңінен қанат жайып, жарысқа қатысқан 9340 мұнайпіының 5800-і жұмыс нормасын 101-200%, 218-сі 200-300 %, 23 мұнайшы 300 % асыра орындады. Ембі-Қулсары мұнай өндірісін басқарған мұнайшы инженер Сапы Өтебаев 1941 жылы 29 ұңғыны жұмысқа қосып, тәуліктік өнімді осы жылы соғысқа дейінгі көрсеткіштен екі есеге көбейтті. Соғыстың тек алғашқы жылы жаңа 4 мұнай өңдеу орындары жұмыска қосылды.
1942 жылы неміс-фашистер әскері Волгаға шығып, Солтүстік Кавказ аумағын басып алуына байланысты, мұнай өнеркәсібінің жағдайы қиындады. Сондықтан Мемлекеттік Қорғаныс Комитеті мұнай өндіруде Қазақстанға үлкен үміт артады. Ембі мұнайшылары 1942 жылы тәулігіне 2500 т. мұнай өндірсе, 1943 жылы - Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің тапсырмасын орындау барысында мұнай өндіруді 4500 тоннаға жеткізуді ұйғарды. 1943 жылы 18 мамырында Мемлекеттік Қорғаныс Комитеті «Қазақстан мұнай комбинатында мұнай өндіруді жүзеге асыру шаралары» деген қаулы қабылдайды. Қаулы бойынша мұнай өндіруді барынша күшейту және комбинат жанынан барлау бөлімін ашу жолға қойылды. Нәтижесінде осы жылы Кавказ және Қазақстан мұнайын майданға жеткізу жолдары салынып, майдандар өз мерзімінде жанармаймен қамтамасыз етілді. 1943 жылы «Қазақ мұнай» ұжымы Мемлекеттік қорғаныс комитетінің Қызыл Туын 5 рет иемденіп, мұнай өңдеуде жоғары көрсеткіштерге жетті. 1944 жылы «Қазақстан мұнай комбинаты» ұжымы 15 рет Бүкілодақтық жарыстардың жеңімпазы аталып, 10 рет ОАК мен Қазақстан коммунистік партиясының Туларын иемденді. 1944-1945 жылдары бұл ұжым 11 рет Қорғаныс Комитетінің Туын иемденіп, бүкілодақтық жарыстың 2, 3-орындарын жеңіп алды.
Соғыс жылдары қорғаныс өнеркәсібі үшін Қазақстан металлургтері күні-түні еңбек етті. Өндірілген 100 т. молибденнің 60 тоннасын Шығыс Қоңырат руднигі өндірді. Қазақстан соғыс жылдары Одақ бойынша өндірілген барлық қорғасынның 85%, полиметалдың - 70 %, висмуттің - 50%, вольфрамның 20% өндірді.
Тоталитарлық тәртіптің қылмыстарының бірі - халықты депортациялау, яғни оның этноәлеуметтік және аумақтық бірлігін күштеп бұзу болды. 1930- жылдары жүзеге асырыла бастаған депортациялау науқаны екінші дүниежүзілік соғыс жылдары күшейе түсті. Негізсіз айыппен 1941 жылы поляктар мен 361 мың Волга бойының немістері шұғыл түрде көшіріліп, Қазақстанның 12 облысына жер аударылды. Қазақстанға жер аударылар алдында олардың мал-мүлкі толығымен тәркіленіп, өкімет тарапынан ешқандай көмек көрсетілмеді. Олар тек жергілікті халық тарапынан қолдау тапты. Кеңестік немістерге әкімшіл-әміршіл жүйе Отанын қорғауға рұқсат етпеді. Сондықтан қолына қару алып, фашистермен соғысу үшін көптеген немістер фамилияларын өзгерткен. Мысалы, Вольдемар Венцель Венцов деген фамилиямен Соғысып, көптеген медальдар мен Қызыл Ту орденімен марапатталған. Павлодарлық П.Шмидт азербайжан тілін білгендіктен Али Ахметов деген атпен, Иван Гарвард Громов деген фамилиямен соғысқа қатысады. Соңғысы Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді. Оның есесіне 1942 жылдан бастап 15-60 жас аралығындағы немістер еңбек армиясына мобилизацияланады. Еңбек армиясы күшпен еңбек ету лагерьлерінде тұрды және оларды ІІХК-ның қарулы әскер бөлімшелері күзетті.
1943-1945 жылдар аралығында республиканың 4 облысы мен 145 ауданына 507 мың карашайлықтар, балкарлар, шешендер, ингуштар, қалмақтар, 110 мың месхеттік түріктер мен күрдтер, 180 мың Қырым татарлары жер аударылады. Әкімшіл-әміршіл жүйе бұл халықтарды азаматтық құқықтарынан айырып, жойып жібере жаздады. Бұл фактілер Кеңестер мемлекетінде сөз жүзінде халықтар достығы, теңдігі туралы көп айтылғанымен, іс жүзінде ұлттық саясаттың бұрмалағандығын көрсетеді.
Осындай халықтың жанқиярлық ерлігінің нәтижесінде кеңестік экономиканың өсу қарқыны соғыс алдындағы бес жылдықтар көрсеткіштерінен жоғары болды. Нәтижесінде тек 1942 жылдың өзінде КСРО Германиямен салыстырғанда танкті 3,9 есе, ұшақты 2 есе, артиллериялық қару-жарақты 3 есе артық өндірді. Ал, 1944 жылы кеңестік индустрия сөткесіне бір танк бригадасы мен полкін, 3 авиация полкін жабдықтауға жарайтын әскери техника шығарды. Оған Қазақстан экономикасы да өз үлесін қосып, соғыс өнімдерінің басым бөлігін өндіріп, уақытымен майданға жеткізіп тұрды.
Халықтың тылдағы ерлігі.
Майдандардағы жеңіске тыл еңбеккерлерінің қосқан үлесі зор. 1939 жылғы санақпен салыстырғанда 1942 жылы Қазақстанда ауыл шаруашылығы еңбекшілерінің саны 600000 адамға азайған. Ауыл шаруашылығында еңбектенген ерлердің майданға тартылуымен олардың орнын қариялар, әйелдер мен балалар басты. 1944 жылы қолхоздағы еңбекке жарамды ерлердің сандық үлесі - 20%, әйелдер - 58%, жасөспірімдер - 22% болды. Яғни, майданды азық-түлікпен, шикізатпен іс жүзінде әйелдер, балалар мен қарт адамдар қамтамасыз етті.
Соғыс жылдарында колхоздар мен совхоздар майданға тек азық-түлік емес, сонымен бірге тірі мал, тіпті, ауыл шаруашылық техникасын жіберіп отырды. 1942-1943 жылдар аралығында республика ауыл шаруашылығынан 4111 трактор, 1184 жүк машиналары, 30318 жылқы майданға жіберілді. Сондықтан да соғыс жылдары егін салу жұмысының 50%-ін ірі қара атқарды. Тылдағы еңбекшілер жоғарыдан берілген жоспарды орындау барысында күні-түні еңбек етті. Соғыстың бірінші жылы мемлекетке 100 млн. пұт астық тапсырылды. Бұл көрсеткіш 1940 жылмен салыстырғанда 24 млн. пұтқа артық. Колхозшылар мен совхозшылар өз еркімен еңбек күнін таңғы бестен, кешкі 22.00-ке дейін ұзартқан. Әрбір шаруа 2-3 адамның жұмысын атқарды. Әйелдер балаларын үйге тастап, күні-түні жұмыс істеп, колхоз жұмысын белсене атқарды. Мысалы, Алматы облысының 9 ауданының 277 колхозында соғысқа дейін 64369 адам еңбек етсе, соғыс жылдары олардың саны әйелдер, қариялар және балалар есебінен 68598 адамға дейін өскен.
Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент ауданының Куйбышев атындағы колхозында 74 жастағы қарт ана - Анар Садықова - жұмыс істесе, Семей облысы, Абай ауданының «Шолақ еспе» артелінде 70 жасар қария - Кенебаев еңбектеніп, жоспарды асыра орындады. 1941 жылы Ақтөбе облысы, Ойыл ауданының «Құрман» колхозының егіншісі Шығанақ Берсиев 1 гектардан 155,8 ц. тары алып, әлемдік рекорд жасаса, ал 1945 жылы - 1 га-дан 202 ц. тары алып, өзінің алғашқы көрсеткішін бірнеше рет өсірді. Шиелі ауданы, «Авангард» колхозының даңқын шығарған күріш егуші Ким Ман Сам 1 га-дан 154,9 ц. күріш өндірді. Күріш өсіруші Ыбырай Жақаев 1943 жылы 1 га-дан 172 ц. күріш өнімін алып әлемдік рекорд жасады. Астық өнімі үшін алған 106000 сомды Ы.Жақаев қорғаныс майданына жіберді. Республикада Ш.Берсиев, Ким Ман Сам, Ы.Жақаевтың жолын қуушылар аз болмады. «Ойыл» ауданы, «Кемерші» совхозының Зауре Баймулдина звеносы, Шелек ауданы «Төңкеріс» колхозынан Малжегерова звенолары 1 га-дан 95-100 ц. тары мен күріш алды. Соғыс жылдарындағы әйелдер ерлігі ерекше. Мыңдаған арулар тіпті тракторға, машина рульдеріне отырды. Мысалы, Ақтөбе облысы, Мартук ауданының Дзержинский атындағы қолхозында Агафья Швалькова соғысқа кеткен күйеуінің комбайнын жүргізіп, 2 күнде 87 гектардан астық жинады.
1942 жылы 450 мың гектар тың және тыңайған жер жыртылып, егін салатын жер ауданы 17%-ке өсті. Осы жылы Қазақстанда 6809 колхоз болды, оларда еңбек етуге жарамды 4912001 ерлер, 593407 әйелдер еңбектенді. Нәтижесінде 1942 жылы Қазақстанда егін жақсы шығып, республика бойынша 84,3 млн. пұт астық жиналды. Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы, Қызылорда, Қарағанды, Семей облыстары астық жинау жоспарын 102,2-тен 114,9-ке асыра орындады. 1943 жылдан бастап республикада егін егісі қысқара бастады. 1940 жылы егістік 6808,6 мың га болса, 1945 жылы 6039,9 гектарға кеміді. Себебі, 1943 жылдан бастап жаудан азат етілген жерлерге егін салу жандана бастады. Керісінше, картоп, бау- бақша өнімдерін егетін жер көлемі жылдан-жылға өсті. Бұл өнімдер 1940 жылы 214,2 мың гектар егістікке егілді. Сондықтан 1944 жылы колхоздар мен совхоздар мемлекетке 1943 жылмен салыстырғанда 18,2 млн пұт қант қызылшасын, 7 ц. көкөніс, 150 000 ц. мақта артық өткізді. Бұл жылдары республиканың барлық колхоздары мен совхоздары жоспарларын орындаумен шектелмей, асыра орындауға бар күштерін салды. Мысалы, Қарағанды облысының Осакаровка ауданы 1943 жылы 1944 жылмен салыстырғанда мемлекетке 2 млн. пұт астық артық тапсырды.
Соғыс жылдары бір адам майданға кеткен бірнеше адам орнына жұмыс істеу қозғалысына, жұмыс өнімділігін арттыру барысында мемлекет тарапынан ұйымдастырылған әртүрлі жарыстарға қазақстандық малшылар да көптеп тартылды. Мысалы, 1942 жылы бүкілодақтық малшылар жарысынан қазақстандықтар бірінші орын алды. Сандық көрсеткіш бойынша 1942 жылдың соңында мал басы 1,5 млн. немесе 1942 жылдың басындағы көрсеткіштен 17%-артты. Мал басын өсіруден Қызылорда, Қарағанды, Павлодар облыстары алда болды.
Соғыс жылдары колхозшыларға қарсы тоталитарлық тәртіп тарапынан көптеген шаралар жүзеге асырылады. 1941 жылдан бастап әрбір колхоз-совхоздарда жергілікті саяси бөлімдер құрылып, олар ауылшаруашылық жоспарларының орындалуын қадағалап, жоспарын орындай алмаған шаруаны жазалап отырды. Сонымен бірге 1942 жылдан бастап колхоз-совхоздарда 12-16 жас арасындағы жасөспірімдердің еңбегі заңдастырылып, жұмыс жоспарын орындамаған жасөспірім қылмысты ретінде жазаланды. Осыған қарамастан халықтың патриоттық серпіні тоталитарлық жүйе тәртіптерінен жоғары тұрды.
Қазақстандықтар соғыс жылдары майданға өз қаржысына алынған қару-жарақ, техника да жіберіп тұрды. Мысалы, Шымкент теміржол жүйесінің комсомолдары Мәскеу түбіндегі майданға танк колоннасын жабдықтау үшін қаржы жинауды бастайды. Шымкент комсомолдарының бұл бастамасын бүкіл Қазақстан қолдап, жиналған 11 650 мың сомға жасалған 45 танк 1942 жылдың қыркүйегінде «Қазақстан комсомолы» деген жазумен Сталинград майданына жөнелтілді. Жүздеген оқушылар егіс алаңдарында жұмыс істеп, металл қалдықтарын жинап, «Қазақстан пионері» фондына 4 млн. сом ақша жинады. Бұл ақша «Қазақстан пионері» атты коллоннаны жабдықтауға жұмсалды. С.И.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті студенттерінің ұйымдастыруымен жоғары оқу орындарының студенттері «Кеңестік студент» деген танк колоннасын жабдықтауға 600 мың сом ақша жинады. Танк колонналары мен ұшақ бөлімдерін жасақтауға Республикада 480 млн. жуық ақша жиналып, Қорғаныс Комитетіне тапсырылды. 1943 жылы Алматы қаласында С.Луганскиймен кездесу ұйымдастырылып, бұл кездесуден кейін Алматы жастары 400 мың ақша жинап, батырға жаңа ұшақ сыйлады. Сондай-ақ, соғыс жылдары жинаған қаржыға И.Павловқа, Н. Добровольскийге, Р.Бекетовке арнайы ұшақтар, Кеңес Одағының батыры Қ.Сыпатаев атындағы суасты қайығы жасалынды. Республика тұрғындары өздерінің жеке жинағынан майдан қорына 4,7 млн. сом ақша беріп, 20-дан астам құрамалар мен әскер бөлімдерін шефтікке алып, жауынгерлерге 2 млн. астам жылы киім, 1600 мың сомның сыйлығын жөнелтті.
Сонымен қатар, қазақстандықтар қоршауда қалған қалаларға қамқорлық көмек көрсетті. Қазақстан жаудан азат етілген Орал облысының 10 қаласын, 35 ауданын, Ленинград облысының 12 қаласын, Калинин облысының аудандарын қалпына келтіруге көмектесті. Сол сияқты Москва, Курск облыстары, Солтүстік Кавказ, Белоруссия, Украина және т.б. республика тұрғындарына көмектесті. Қазақстан комсомолдары қамқорлыққа алған Сталинградта трактор зауыты мен «Красный октябрь» зауытын қалпына келтіру жұмыстарына 1943 жылы 1439 қазақстандық комсомол аттанды. Түрксіб теміржолшылары батыстағы темір жолдарды қалпына келтіру үшін 20000-нан астам мамандарды жіберді.
Жауды жеңуге республиканың зиялы қауым өкілдері де үлкен үлес қосты. Олардың қатары Кеңес Одағының батыс аудандарынан уақытша көшірілген ғылым мен өнер қайраткерлері негізінде толықтырылды. Соғыс жылдары Қазақстанға 20 ірі ғылым институттары көшіп келді. Олардың ішінде КСРО Ғылым Академиясының физиология институты, Украина Ғылым Академиясының физика-механика институты, Мәскеу, Ленинград, Киев институттары болды. Осы жылдары Қазақстанда В.Вернадский, В.А.Обручев, А.Бах, Л.С.Берг, А.Е.Фаворский, Б.Д. Греков, С.Н.Бернштейн және т.б. атақты ғалымдар жұмыс істеді. Қазақстанға Ресей, Украина, Белоруссиядан 100-ден аса жазушылар уақытша көшіп келді. Олардың ішінде А.Толстой, С.Маршак, С.Михалков, К.Паустовский, М.Зощенко, О.Форш, С.Сергеев-Ценский, Л.Квитко сияқты атақты жазушылар болды. Соғыс жылдары партизан-ақын Ж.Саинның топтамасы, Қ.Аманжоловтың «Ақын өлімі туралы аңызы», М.Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясының бірінші кітабы, С.Мұқановтың «Өмір мектебі», Ғ.Мүсіреповтың «Қазақ солдаты», Ғ.Мұстафиннің «Шығанақ» повесі, Ж.Жабаевтың «Ленинградтық өрендерімі» дүниеге келді.
Сонымен бірге Қазақстанға 20-дан аса театрлар мен музыкалық мекемелер, өнер қайраткерлері көшірілді. 1941-1945 жылдары Алматының біріккен орталық киностудиясында кеңес киноматографиясының алтын қорына енген фильмдер түсірілді. Олар: «Секретарь райкома», «Они защищают Родину», «Воздушный извозчик», «Два бойца», «Фронт», «Жди меня», «Парень из нашего городка» т.б. Соғыс жылдары Қазақстанда 500-ге тарта кино қызметкерлері мен әртістер еңбектенді. Мысалға, С.Эйзенштейн, Г.Рошаль, Э.Тиссе, Н.Черкасов, Г.Александров, С.Васильев, И.Пырьев, Л.Орлова, Н.Крючков, В.Марецкая және т.б. Орталық киностудия қызметкерлерімен бірігіп, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Ә.Тәжібаевтің қатысуымен «8-гвардиялық», «Абай өлеңдері», «Жауынгер ұлы», «Саған, майдан» фильмдері түсірілді.
Соғыс жылдары КСРО Ғылым Академиясының Қазақстандық бөлімінде астрономиялық обсерватория, тіл, әдебиет пен тарих, химия-металлургия, топырақтану мен ботаника, зоология және өлкетану институттары ашылды. Қ.И.Сәтбаев бастаған қазақстандық ғалымдар қара, түсті және жиі кездесетін металдарды, тау пайдалы қазбаларын, су және гидроэнергетикалық ресурстарды соғыс қажетіне қолдану бағытындағы ғылыми жұмыстар жүргізді.
Соғыс жылдары Қазақстанға жоғары оқу орындары көшіріліп, көптеген орыс-қазақ, қазақ-украина мектептері, балалар үйі мен интернаттар ашылды. Олардың ішінде - Мәскеу авиация институты, Мәскеу түсті металл және алтын институты, біріккен Украина мемлекеттік университеті болды. Сонымен бірге соғыс жылдары Алматы мемлекеттік шет тілдер институты, Шымкент технологиялық институты, Қазақ мемлекеттік консерваториясы, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институты ашылды.
Кеңес халқының Ұлы Отан соғысындағы жеңісі адамзатты фашизм қаупінен құтқарды. Қазақ халқының бұл жеңіске қосқан үлесі зор. Соғыстың ауыртпалығын көтеріп, бостандықты қорғаған қазақстандық батырлардың есімі әрқашан ел есінде сақталады. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап «Барлығы майдан үшін, барлығы жеңіс үшін!» деген ұранмен соғысқа аттанған ерлердің орнын әйелдер, қариялар мен балалар алмастырды. Тыл еңбеккерлерінің де жауды жеңудегі рөлі жоғары. Олар соғыс күндерінің барлық ауыртпалықтарын қажырлылықпен көтеріп, патриотизм үлгісін танытты.
1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы Кеңес Одағы үшiн бастан кешкен барлық соғыстардың iшiндегi ең ауыры болды. Соғыс елдi бiртұтас жауынгерлiк лагерге айналдыруды, бүкiл экономика мен Кеңес халқының күш-жiгерiн майдан мүддесiне, жауды жеңу мақсатына жұмылдыруды талап еттi. Қазақстан еңбекшiлерi бұл мiндеттi толығымен қолдады. Соғыстың алғашқы күндерiнде-ақ Алматы, Жамбыл, Оңтүстiк Қазақстан, қырғызстаннан шақырылған жiгiттерден 316-атқыштар дивизиясы жасақталды. Оның командирi болып азамат соғысына қатысушы генерал М.В Панфилов тағайындалды.
Соғыстың бастапқы 3 айының iшiнде 238, 310, 314, 387, 391-атқыштар дивизиялары құрылды. 1941 жылдың аяғына дейiн мұнда тағы бiр дивизия, 3 бригада жасақталды. Соғыс кезiнде республикада 12 атқыштар және төрт атты әскер дивизиясы, жиырмадан аса атқыштар және атты әскер бригадалары, әуе күштерiнiң зеңбiрекшiлерiнiң полктерi, әр түрлi соғыс саласының 10-даған батальондары құрылды. Республика адам күштерiмен тек Қазақстандық құрамалар мен бөлiмшелердi ғана емес, сондай-ақ Қазақстаннан тыс жердегi басқа да құрамалар мен бөлiмдердi толықтырып отырды. Қарулы күштер мен еңбек армиясының қатарында барлығы 1,8 млн. казақстандықтар болды. Республика майданға 14,1 мың жүк және жеңiл автомашина, 1,5 мың трактор, 110,4 мың жылқы және 16,2 мың арба жiбердi.
Қазақстан офицер кадрларын және армия мен флот үшiн резерв даярлау iсiне лайықты үлес қосты. 1941-45 жж. әскери оқу орындарына 42 мыңнан астам жас Қазақстандықтар жiберiлдi, Республика жерiнде тұрған 27 әскери оқу орны 16 мыңдай офицер даярлап шығарды. Ұлы Отан соғысының даңқты тарихының беттерiне жазылған Қазақстандықтардың ерлiк iстерi аз болған жоқ. Елiмiздiң басқа да халықтарының ұл-қыздары мен қатар бiздiң республиканың жастары да жаумен Балтық теңiзiнен қара теңiзге дейiнгi майдан шептерiнде ерлiкпен шайқасты. Даңқты Брест қамалын қорғаушылардың қатарында мыңдаған Қазақстандықтар болды. Олардың арасында Жұматов, Иманқұлов, Е.Качанов тағы басқалар жаумен жан аямай шайқасып, ерлiктiң үлгiсiн көрсеттi.
Әсiресе, Мәскеу түбiндегi шайқаста Қазақстандықтардың жауынгерлiк даңқы шықты. 1073-ұлан атқыштар полкiн басқарған майор Бауыржан Момышұлы, 316-дивизияның командирi Кеңес Одағының батыры И.В. Панфилов, панфиловшылар дивизиясы бөлiмдерiнiң саяси жетекшiлерi В.Клочков (Ресей байтақ, бiрақ шегiнер жер жоқ, артымызда Мәскеу), П. Вихров, М.Ғабдуллин, автоматшылар Т.Тоқтаров Р. Амандкелдиев гитлершiл басқыншылардың Мәскеу түбiнде талқандалуына зор үлес қосып, мәңгi өшпес iз қалдырды.
Қазақстандық жауынгерлер Курск иiнiнде, Днепр, Ленинград үшiн шайқастрда жанқиярлықпен соғысты. Ленинград қоршауындағы әскери бөлiмдерде қызмет еткен Д.Шыныбековтың, С.Жылқышиевтың есiмдерi мақтанышпен айтылып жүрдi. 1942 жылы шайқастардың бiрiнде батыс Қазақстан облысындағы Жаңақала ауданының түлегi Арыстан Ахметов өз есiмiн өшпес даңққа бөледi. Қуатты жарылғыш минамен жау танкiсiнiң астына түскен Қарсыбай Сыпатаев, капитан Н.Гостелонның ерлiгiн қайталаған Нұркен Әбдiров, жаудың пулементтен оқ шашып тұрған дзотының аузын өз кеудесiмен жапқан ленинград қорғаушысы Сұлтан Баймағанбетов қазақ жауынгерлерiн ерлiкке рухтандырды. Қазақстандық жауынгерлер Украинаны, Белорусияны, Балтық бойын, Молдавияны азат етуге қатысты. Мыңдаған қазақ жiгiттерi Кеңес әскерiнiң құрамында шығыс Европа халықтарын Гитлердiң тепкiсiнен азат етуге атсалысты. Қазақстандық жауынгерлер Берлиндi алуға қатысты. Лейтенант Р.Қошқарбаев қатардағы жауынгер Г. Бұлатовпен бiрге Рейхстаг қабырғасына қызыл жалау тiктi.
Ұлы Отан соғысы майдандарында көрсеткен ерлiктер үшiн 96640 Қазақстандықтар Кеңес Одағының орден медалдарымен марапатталды. 500 ге жуық Қазақстандыққа Кеңес Одағының Батыры атағы берiлдi. Олардың 101 қазақ.
Ұлы Отан соғысы жеңiспен аяқталғаннан кейiн Қазақстан еңбекшiлерi бейбiт құрылысқа қайта оралды. Экономиканы бейбiтшiлiк жағдайға бейiмдеп қайта құру еңбекшiлердiң қоғамдық-саяси белсендiлiгi жағдайында жүргiзiлдi. Республикада ауыр индустрияны жедел дамыту, сондай-ақ, жеңiл және тоқыма өнеркәсiбiн одан әрi өркендету көзделдi.
Достарыңызбен бөлісу: |