Қытайдағы қазақ диаспорасының қалыптасу ерекшеліктері
Қытайдағы қазақ диаспорасының қалыптасуы XVII ғасыр мен XVIII ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ-жоңғар соғысына тікелей байланысты болды. Жоңғарлардың басқыншылық шабуылы барысында қазақтар Жетісу, Тарбағатай аймақтарындағы шұрайлы жайылымдарының едәуір бөлігінен айырылып қалды. Мұның өзі ұлы жүз бен Орта жүз қазақтарының бұрыннан дәстүрлі қалыптасқан көші-қон бағыттарының бұзылуына соқтырды.
Қытай-жоңғар және қазақ-жоңғар соғыстарының барысында Жоңғар мемлекеті тарих сахнасынан кетті. Қазақтар өздерінің байырғы дәстүрлі мал жайылымы жерлерін қайтарып алуға тырысты. Бірақ жоңғарлардың көзін жойған негізгі жеңімпаз ретінде қытай үкіметі қазақтардың ондай талабын қабыл алмады. Жоңғар хандығының орнына Қытайда Синьцзянь атты аймақ құрылды. Онда бекініс-қамал түріндегі қалалар салына бастады.
Абылай хан бастаған қазақ билеушілері Қытай өкімет билігі орындарымен бірнеше рет келіссөздер жүргізіп, қазақтардың ежелгі жерлерін қайтарып беру мәселесін қайта-қайта қозғаумен болды. Сонымен бірге қазақтар жаңа аумақтық құрылымның жеріне өз беттерімен қоныстануын да тоқтатпады. Ақырында Қытай өкімет билігі орындары 1767 жылы қазақтардың Синьцзяньға көшіп, қоныс аударуына рұқсат етті. Бірақ оның есесіне қазақтар ондағы жайылымды пайдаланғаны үшін ақы төлеуге тиісті болды. Төлемақының мөлшері әр түліктің 100 басына жылына бір малдан беріп тұру болып келісілді.
XIX ғасырдың аяқ кезінде Қытайда 100 мыңға жуық қазақ тұрды. Бұдан кейінгі жылдардағы халықтың қоныс аудару үрдісі барысында ондағы қазақтардың саны арта түсті. Қазақтардың Қытай шекарасына үдере қоныс аударуының басты себебі патша үкіметінің жергілікті халықтың қолындағы құнарлы жерлерін тартып алуы болды. Сонымен 1911 жылы Қытайдағы қазақтардың жалпы саны 225 мыңға дейін жетті. Ресейден Қытайға 1911 жылға дейін өткен қазақтардың барлығы да 1914 жылы Қытайдың қол астына өтіп, Қытай азаматтығын алды. Өзгелері ел аумағынан күштеп шығарылды. 1916 жылғы ұлтазаттық көтеріліс кезінде патша үкіметінің қудалауына төзе алмаған 300 мыңға жуық қазақ Қытайға өтіп кетті.
Қытайдағы қазақтар мал шаруашылығымен айналысты. Соңғы кезде Шыңжаң қазақтары шекара маңындағы қазақ-орыс саудасын Дамытуда маңызды рөл атқарды.
Қазақтардың көптеп қоныстанған аумағы Құлжа мен Қашғария өңірі. Осы өңірлер жайлы жалпы мәлімет:
Достарыңызбен бөлісу: |