Қазақ диаспорасы – Қазақстан Республикасынан шет аймақтарда тұратын қазақтар. Қазақ диаспорасы сыртқы шекараларды кесіп өтіп, әуелі Қазақстаннан Қытайға, Орталық Азия мемлекеттеріне, Ауғанстан мен Иранға, одан әрі бүкіл дүние жүзіне тараған. Қазақстанмен іргелес шет жұртта қалың шоғыр күйінде қалған және шалғай аймақтарда шашырап жүрген Қазақ диаспорасы-ның жалпы саны 5,4 млн деп есептеледі (1997). Шет елде болса да өз ата мекендерінде тұрып жатқан ирредент Қазақ диаспорасы-ның, яғни Қазақстанмен іргелес, шектес, түрлі тарихи кезеңдерде одан зорлық-зомбылықпен тартып алынған, қилы замандардағы түрлі саяси айла-шарғы, белден басқан қиянат салдарынан Ресейге, Қытайға, Өзбекстанға қосылып кеткен ата мекендерде тұратын қазақтардың ұзын саны 5 млн-ға жуық. Ал бөтен жерлердегі бытыраңқы диаспора 0,5 млн адам. Қазақ диаспорасы шоғырлы диаспораға жатпайды. Батыс Еуропаның реципиент-елдеріндегі және АҚШ-тағы этн. қазақтар топтасып тұрмайды. Бірақ Шығыс елдерін (Түркия, Иран, Ауғанстан) мекендеуші қазақтар анағұрлым шоғырланып мекендеген. Бұған олардың бірлесіп тұру тілегі ғана емес, сонымен бірге реципиент-елдің олар жөнінде жүргізген саясаты да ықпал еткен. Қазақ халқының көшпелі тұрмыс-тіршілігінен қанға сіңген тамаша бейімделгіштік, жерсінгіштік, алғырлық қабілет-қасиеттерінің арқасында Қазақ диаспорасы жартылай этникалық, мультимәдени, мультидіни құрылымды елдерде жергілікті тіршілікке бейімделіп кете алды. Өздері тұрып жатқан аймақтарда этн. азшылық болғандықтан, сол елдің саяси құрылымында Қазақ диаспорасының айтарлықтай салмағы жоқ.