8 ТАҚЫРЫП. МЕМЛЕКЕТТІҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ САЯСАТЫНЫҢ НЕГІЗГІ БАҒЫТТАРЫ.
1. Мемлекеттің ақша-несие саясаты.
2. Фискалды саясат және оның мақсаты.
3. Мемлекеттің әлеуметтік саясаты.
1. Мемлекеттің ақша-несие саясаты.
Банк жүйесі – бұл қандай да бір елдің территориясында бір-бірімен өзара байланысқан түрде әрекет жасайтын банктік мекемелердің жиынтығы.
Банктік жүйе әдетте, екі деңгейлі болып табылады, бірінші деңгейде әрқашанда Ұлттық банк (эмиссиялық) тұрады және екінші деңгейге коммерциялық банктер (депозиттік) мен арнайы мамандандырылған қаржы-несие мекемелері (инвестициялық, жинақтаушы, ипотекалық, сыртқы саудалық және т.б.) жайғасады.
Банк жүйесінің маңызды буыны болып Ұлттық банк табылады.
Ұлттық банк –бұл үкіметтің қарыздық және несиелік операцияларын ұйымдастырудың делдалы, ақша нарығының тепе-теңдігін қамтамасыз ететін банк жүйесінің басты буыны.
Ұлттық банк ұлттық валютаны айналымға енгізеді, елдің алтын валюталық резервтерін сақтайды, банкаралық есептесу орталығы ретінде жұмыс істейді. Ұлттық банк Үкіметтің қаржылық агенті рөлін атқарады және коммерциялық банктер үшін кредитор болып табылады. Сонымен қатар, Ұлттық банк халықаралық ақша нарықтарында сатушы және сатып алушы қызметін атқарады және жеке банктердің шетелдік қызметтерін реттеп отырады.
Әлемнің барлық елдерінде Ұлттық банктер ақша-несие саясатын қалыптастырады және жүзеге асырады, коммерциялық банктердің қызметтерін бақылайды және реттейді.
Ұлттық банктің, коммерциялық банктердің операциялары және банктік емес сектордың шешімдері нәтижесінде экономикада ақша ұсынысы өзгеріп отырады. Біз білетініміздей, Ұлттық банк ақша ұсынысын ақша базасы мен ақша мультипликаторына әсер ету жолымен бақылайды. Ал ақша ұсынысының нақты көлемі коммерциялық банктердің салымдарды қабылдау және несиелерді беру бойынша операцияларының нәтижесінде қалыптасады.