Әр түрлі жапырақтылық ( гетерофиллия грекше гетерос — әр түрлі ) бір өсімдікте әр түрлі пішіндегі жапырақтардың болуы. Жапырақ – сыртқы орта жағдайларының өзгеруін тез сезінетін өсімдік мүшесі. Жарық, жылу, ылғал, қоректену және т.б. жағдайлардың әсерінен жапырақ пішіні өзгеріске түседі. Мысалы, су сарғалдағы, жебежапырақ сияқты су өсімдіктерін алайық, олардың су астындағы жапырақтарының су бетіндегі жапырақтарынан айырмашылығы бар. Су астындағы жапырақтар таспа тәрізді немесе жіп тәрізді тілімделіп, жіңішкеретін болса, ал су бетіндегілері бүтін немесе тілімделген тақталы болады. Гетерофиллия құрлық өсімдіктерінде де байқалады. Мысалы, інжір, тұт ағаштары.
Жапырақтар – жапырақ тақтасының ұшының пішініне қарай: доғал, үшкір, сүйір, ойыс, ал жапырақ тақтасының негізіне қарай: сына тәрізді, дөңгелек ( жұмыр), жүрек тәрізді, бүйрек тәрізді, жебе тәрізді және т.б. болып келеді. Тақтасының жиегіндегі тілектердің аумағына қарай жапырақтарды телімді, тілімді, және бөлімді деп жүйелейді.
Жапырақтың жүйкеленуі. Жүйкелену – жапырақ тақтасында өткізгіш шоқтардың орналасу реті. Жүйке жапырақ тақтасының астыңғы бетінен анық көрінеді және ол өзі өткізгіш шоқтардан тұратындықтан, жапыраққа суда еріген минералдық заттарды жеткізіп, жапырақтан органикалық заттарды төмен қарай өсімдіктің мүшелеріне, сабағына, тамырына тартады. Жапырақ тақтасына мықтылық қасиет беріп, жыртылудан сақтайды.
Жапырақ тақтасының ортасы арқылы өтетін білеуленген қуатты негізгі жүйке оның сағағынан сабаққа өтеді. Негізгі жүйкеден шетке қарай қашықтаған сайын жүйкелер тармағы жіңішкере береді. Жапырақ тақтасының жүйкеленуі әр түрлі болады. Олар қарапайым, дихотомиялы, торлы, доға тәрізді және параллель жүйкелену.
Қарапайым жүйкеленуде жапырақтың негізінен ұшына дейін созылған бір ғана жүйке өтеді. Жай жүйкелену жоғары сатыдағы споралы өсімдіктер: мүктерге, плаундарға және ашық тұқымдылардың ( қылқан жапырақтылар ) көбіне, сол сияқты жабық тұқымдылардың кейбір өкілдеріне тән.
Морфологиялық құрлысы. Жапырақтың мөлшері (көлемі) қатты өзгеріп отырады. Көп жағдайда тіптен бір өсімдіктің өзінде мөлшері әр түрлі болып келетін жапырақтар кездеседі.