Жапырақтың негізгі бөліктері. Жапырақ, жапырақ тақтасы ( алақаны ), сағақ, бөбешік жапырақтар, қынап, тілше және т.б. бөліктерден тұрады. Бұл аталған бөліктер барлық өсімдіктердің жапырағында бірдей кездесе бермейді.
Жапырақтың негізгі бөлігі – оның тақтасы. Бұл бөліктің пішіні атына сәйкес тұқымды өсімдіктердің басым көпшілігінде тақта тәрізді болып келеді және жапыраққа тән қызметтер негізінен осында жүреді. Атқаратын қызметіне сәйкес жапырақ тақтасының пішіні, мөлшері алуан түрлі болады.
Сағақ – жапырақ тақтасы мен оның негізін қосып тұратын бөлігі. Жапырақ негізі дегеніміз – жапырақ тақтасының сабаққа бекінетін төменгі бөлімі. Сағақ жапырақтың сабақта күннің түсу бағытына қарай орналасуын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар сағақтың өткізгіш шоқтары арқылы су және онда еріген минералдық заттар сабақтан жапырақ тақтасына өтіп, онда фотосинтез жүреді. Нәтижесінде пайда болған органиалық қосылыстар сабаққа қарай жылжиды. Сағағы жоқ жапырақтар сағақсыз немесе қондырмалы жапырақ деп аталады.
Жапырақ қынабы – жапырақ тақтасының сабақты түтік тәрізді қоршап орналасқан төменгі бөлігі. Қынап жапырақты сабақпен байланыстырып қана қоймай, таяныш қызметін де атқарады және төбе бүршігін, буын аралығының қыстырма меристемасы орналасқан төменгі бөлігін ортаның әр түрлі қолайсыз жағдайларынан қорғайды. Егер қынаптың реңі жасыл түсті болса, онда ол фотосинтезге қатынасады деген сөз. Реңі мөлдір, үлпек немесе қоңыр тері тәрізді ( қияқөлеңдерде ) қынаптар да бар. Қынапты жапырақ негізінен астық тұқымдастарға тән. Жапырақ негізінің пішіні әр түрлі. Кейде ол айтарлықтай байқалмайды немесе шамалы ұлғайып, қалыңдап кетеді, мұны жапырақ жастықшасы деп атайды.
Жапырақ формациялары. Жоғары сатыдағы өсімдіктердің вегетативтік мүшелерінің ішінде әсіресе жапырақ өзінің пішіні, көлемі, реңі, өмір сүруі және т.б. ерекшеліктері жағынан өзгергіш. Әлемдегі өсімдіктердің түрлеріне қарай, оның жапырақ пішіндері де әр түрлі болады.
Жапырақтың үш формациясы бар: төменгі жапырақ, ортаңғы жапырақ және жоғарғы жапырақ. Төменгі жапырақтар – қорғаныштық немесе қор жинаушы және т.б. арнаулы қызметтер атқаруға бейімделіп, түрін өзгерткен және толық жетілмеген жапырақтар. Сол сияқты тұқым жарнақтарының жапырағы, бүршіктердің жабын қабыршақтары және тамырсабақтар мен жер бетіндегі өркендердің қабыршақ жапырақтары да төменгі жапырақтар саналады. Ортаңғы жапырақтар – белгілі өсімдік түріне тән нағыз жасыл жапырақтар. Олардың негізгі қызметі – фотосинтез, транспирация ( суды буландыру) және ауа алмастыру ( тыныстану ). Жоғарғы жапырақтарға гүл жапырақтар, гүл жапырақшалар жатады. Бұлар, әдетте, толық жетілмеген және жапыраққа тән қызмет атқармайды.