Тақырып: Жапырақтың морфологиялық құрылысы. Жапырақтың анатомиялық құрылысы. Дәрістің мақсаты


Жапырақтың формациясы, әртүрлі жапырақтылық (гетерофилия)



бет4/5
Дата10.10.2022
өлшемі23,15 Kb.
#42222
1   2   3   4   5
Жапырақтың формациясы, әртүрлі жапырақтылық (гетерофилия). Әдетте бір өркенде мөлшері, формасы, түсі жағынан әртүрлі болып келетін жапырақтар пайда болады. Жапырақтың үш түрлі формациясы болады: төменгі, ортаңғы және жоғарғы. Жапырақтың төменгі формациясы әдетте арнаулы қызмет атқаруына байланысты (қорғаныштық, қор жинайтын) жетілмеген немесе түрі өзгерген болып келеді. Жапырақтың ортаңғы формациясы өсімдіктердің жапырақтарының негізгі массасын түзеді. Жапырақ-тың жоғарғы формацияның жапырақтары гүл беретін өркендерде (гүл шоғырында) орналасады.
Жапырақтың бөліктері. Өсімдіктердің көбі жапырақтардың сағақтары арқылы (сағақты жапырақ) сабаққа бекінген, азды көпті жалпақ тақтадан тұрады. Сағақ жапырақ тақтасын күнге қарай бағыттайды. Егер сағағы болмайтын болса, онда мұндай жапырақтарды отырмалы деп атайды.
Жүйкеленуі. Жүйкеленудің мынандай типтері белгілі. Қарапайым жүйкелену - бұл жағдайда жапырақ тақтасының түбінен жоғарғы ұшына дейін тек бір ғана жүйке (өткізгіш шоқ) өтеді; дихотомиялық жүйкелену - бұл жағдайда жапырақтың жүйкелері аша тәрізді болып тармақтанады; торлыжүйкелену - бұл жағдайда бір немесе бірнеше үлкен жүйкелер көптеген бүйірлік тармақтар береді, нәтижесінде олардан қалың тор түзіледі; доғалыжәне параллель жүйкелену - бұл жағдайда жапырақ тақтасының түбінен жоғарғы ұшына дейін бірнеше мөлшері жағынан бірдей, жан-жаққа бүйірлік тармақтар бермейтін жүйкелер өтеді, бір жағдайда тек параллель, екінші жағдайда доға тәрізді болып табылады.
Анатомиялық құрлысы.
Жоғары сатыдағы өсімдіктер жапырағының анатомиялық құрылысы негізгі үш бөліктен тұрады. Олар: 1) жапырақ тақтасын үстіңгі және астыңғы бет жағынан жауып тұратын жабындық ұлпа – эпидерма; 2) ассимиляциялаушы қоректік ұлпадан тұратын негізгі бөлігі – мезофилл; 3) мезофилл бөлігінде орналасқан өткізгіш шоқтар. Жапырақтың бұл анатомиялық құрылысында жапырақ формацияларына, өсімдіктердің жүйелілік топтарына және өсіп тұрған орта жағдайларының әсеріне байланысты азды-көпті өзгерістер болады.
Жапырақ тақтасын сырт жағынан жабындық ұлпа – эпидерма жауып тұрады. Эпидерма клеткалары тірі, бір-бірімен тығыз тіркесіп бір қатар, екі қатар, сирек жағдайда көп қатар түзіп, орналасады. Негізгі қызметі – жапырақтың ішкі жұмсақ бөлігін кебуден, механикалық зақымданудан және микроорганизмдердің енуінен сақтау. Эпидерма клеткаларының сыртқы қабырғасын, әсіресе үстіңгі бетін, кутикула және балауыз дақ жауып тұрады. Бұл қабаттар эпидерманың қорғаныштық қызметін арттыра түседі.
Жапырақ тақтасы көлбеу бағытта ұсталып, үстіңгі бетімен жарыққа бағытталған жағдайда устьице негізінен астыңғы бетінде орналасады. Жапырақ тік бағытта өсіп, жарық екі бетіне бірдей түскен жағдайда устьице екі бетінде шамамен бірдей болады. Жапырағы су бетінде қалқып жүретін су өсімдіктерінде устьице жапырақ тақтасының тек үстіңгі бетінде кездеседі.
Мезофилл ( mesos – орталық, phyllon – жапырақ ) морфологиялық құрылысы, атқаратын қызметі жағынан бір-бірінен азды-көпті айырмасы бар екі түрлі бағаналы және борпылдақ ұлпадан тұрады. Клетка құрамындағы хлоропластарға байланысты бұл бөлімнің реңі жасыл болатындықтан, ол мезофилл хлоренхма ( грекше chloros – жасыл, enqchyma – құйлған ) деп те аталады.
Бағаналы ұлпа клеткаларының пішіні бағана немесе діңгек тәрізді болып, үстіңгі эпидерма клеткаларына көлденең бағытта, өзара тығыз орналасады.
Бағаналы ұлпа клеткаларында жапырақтағы барлық хлоропластардың ¾-тен 4/5-ке дейінгі бөлігі орналасқан, сондықтан жапырақтардың үстіңгі беті қою жасыл түсті және негізінен фотосинтез қызметін атқарады.
Көптеген өсімдіктерде бағаналы ұлпа бір қабатты, кейде екі қабатты ( камелия, фикус, кәдімгі серігүлдің жарық сүйгіш жапырақтары ), сирек жағдайда көп қабатты ( ақ тұт ағашы ) болып келеді.
Борпылдақ ұлпа клеткалары дөңгелек, сопақтау және басқа да әр түрлі пішінді, олар бір-бірімен тығыз жанаспай клеткааралық кеңістіктер қалдырып, астыңғы эпидермаға таяу орналасады. Бұларда хлоропластардың саны бағаналы ұлпамен салыстырғанда кем, сондықтан фотосинтез қарқындылығы төмен. Негізінен борпылдақ ұлпа арқылы ауа алмасу және транспираия жүзеге асады.
Борпылдақ ұлпаның бағаналы ұлпамен жанасып жатқан біраз клеткалары арнаулы қызметтер атқарады. Бұлар жинағыш клеткалар деп аталады. Бағаналы ұлпаның екі, үш клеткасына жинағыш клеткалардың біреуі жанасады да, онда фотосинтездің нәтижесінде пайда болған органикалық заттар ерітінділерінің сүзгілі түтік арқылы тезірек жылжуына әсерін тигізеді.
Мезофиллдің бағаналы және борпылдақ ұлпаға айқын жіктелуіне жарықтың мол түсуі үлкен әсерін тигізеді. Жапырақ тақтасы азды-көпті тік бағытта орналасса, жапырақ тақтатасының екі бетіне жарықтың түсуі бір қалыпты болады да жапырақтың анатомиялық құрылысы бірыңғай, борпылдақ ұлпадан тұрады. Осы типтес құрылым көлеңкеде өсетін және су өсімдіктерінің суға батырылған жапырақтарына да тән. Осы сияқты мезофилі бірыңғай ұлпадан тұратын жапырақтар изолатеральды, яғни тең беткейлі деп аталады.
Жапырақ тақтасын екі бетінен эпидерма жауып тұрады. Астық тұқымдасында эпидерма клеткалары бірыңғай емес, көбінің пішіні сопақша келген тік бұрышты, бүйір қабырғалары иректеліп жатады. Мұндай клеткалардың сыртқы қабырғасы кутикулаланады және кремнезем сіңіп, оған мықтылық, шытырлақ ( инкрустациялық ) қасиет береді. Сонымен қатар астық тұқымдастардың үстіңгі эпидермасында клеика қабықшалары жұқа, клетка жолағы шырынға толы, эпидерманың басқа клеткаларымен салыстырғанда ірі клеткалар тобы айқындалады, бұлар будақ ( моторные, двигательные ) клеткалар деп аталады. Құрғақшылық кезде бұл клеткалар ылғалын жоғалтып, тарылып, жапырақ жиектерін жоғары қарай тартады, соның нәтижесінде жапырақ алақаны ширатылып, одан түтік пайда болады. Бұл далалық астық тұқымдастарда ( мысалы, селеу т.б. ) жиі байқалады.
Өйткені оларда устьицелер жапырақ тақтасының үстіңгі бетінде орналасқан. Жапырақтың үстіңгі бетін ішке алып ширатылуынан судың булануы кеміп, өсімдік денесіндегі ылғал сақталып қалады. Жауын жауып топырақта ылғал молайған кезде бұл өсімдіктердің ширатылған жапырақ тақталары қайтадан жазылып, таспа тәрізденіп өзінің бұрынғы қалпына келеді.
Астық тұқымдастары устьице құрылысының өзіндік ерекшеліктері – жанаспалы клеткалардың гантель ( екі ұшы енді, жіңішке түтікпен қосылған ) пішінді болуы. Әрбір жанаспалы клетканың енді бөлігі хлоропластары бар жұқа қабықшалы, ал жіңішке орталық бөлігі хлоропластарсыз қалың қабықшалы. Жанаспалы клеткаларда тургор көтерілген кезде жұқа қабықшалы, енді бөлімі ұлғаяды да орталық қалыңдаған бөлігі бір- бірінен қашықтап, устьице саңылауы ашылады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет