Тақырып: Тіл мен таңба Мұратбек Бағила Құрманбекқызы



бет2/5
Дата03.05.2023
өлшемі0,5 Mb.
#89334
1   2   3   4   5
Байланысты:
14-апта ТҚН

Тілдің таңбалық табиғаты сөз етілгенде, сөздің дыбыстық жамылғышы мен оның (сөздің) семантикасының өзара қатысының сипаты еске алы­нады.
Тілдің таңбалық сипаты туралы мәселе сөздің лексикалық мәнімен тығыз байланысты. Ф. де Соссюрдің пікірі бойынша, сөздің екі жағы бар: оның бірі - таңбалаушы (означающее), екіншісі - таңбаланушы (оз­начаемое). Таңбалаушы - сыртқы жақ, ол – дыбыс­тар­дың тіркесі, кешені (ком­плекс). Таңба­ланушы - ішкі жақ, ол - ұғым, мазмұн.
Ф. де Соссюр сөздің осы екі қырын еш уақытта бірінен бірін жеке бөліп қарауға болмайды, олар бір-біріне байланысты шыққан деп есептейді. Бұның қайшы пікір екендігі, таңбалаушы мен таңбаланушының арасындағы қаты­настың бөлінбейтін біртұтас еместігі кейіннен анық­талды. Бұл байланыстың (таңбалаушы мен таңбаланушы) бір жақты, шартты ғана екендігі жөнінде А. Ельмслев те өз еңбектерінде көрсетеді.
Тілдің таңбалық сипаты сөйлесімді құрайтын элементтердің жиынтығына (морфема, сөз, сөз тіркесі, сөйлем т.б.) және тілдік тұлғалардың кұрылысына байланысты. Тілдегі таңбалық қызметті осы сөздердің дыбыстық жамылғышы атқарады. Дыбыстық таңбалардың бәрі бірігіп келіп бір жүйе – таңбалар жүйесін құрайды. Бірақ тілдегі таңбалық бөл­шектердің жүйесін таңбалардың басқа түрлерімен, мысалы, жол бойы белгілерінің жүйесімен, цифрлар жүйесімен немесе әскери сигналдар жүйесімен бірдей деп есептеуге болмайды. Олардың арасында көп айырмашылықтар бар.
Тіл – ойды білдірудің, пікір алысудың, адамдар арасындағы қаты­нас­тың кең көлемде қолданылатын күрделі құралы. Оны адамдар өмірдің, іс-әрекеттің барлық саласында қолданады. Басқа таңбалар жүйесінің қолдану өрісі тілге қарағанда әлдеқайда тар, хабарлау мүмкіндігі анағұрлым аз болады. Бұл – бір.
Екіншіден, тілдің көптеген басқа таңбалар жүйесінен айырмашылығы сол: тіл мазмұнды ғана білдіріп қоймайды, сонымен бірге адамдардың хабар­ланатын жайға қатысын, қалай қарайтынын, ұнатуын немесе ұнат­пауын, эмоциясын т.б., оның түрлерін біл­діреді. Стилистикалық синонимдер сөздердің эмоцио­нальды және экспрессивті сапасына негізделеді. Мысалы, «қуаныш» дегеннен гөрі «шаттық», «қайғыру» де­геннен «зар жылау/қағу», «мұңаю» дегеннің эмоциональды-экспрессивті жағы күштірек. Сондай-ақ «жарық» дегеннен гөрі «сәуле» дегеннің эмоциялық бояуы қалыңырақ, экспрессивті қызметі күштірек болса, «сәуле» дегеннен гөрі «нұр» дегеннің эмоциональды-экспрессивті реңкі әлдеқайда басым. Сондықтан оларды бейнелеуіш құралы ретінде пайдаланады. Тіл, сөйтіп, логикалық ойлаумен ғана емес, сонымен бірге адамдардың психологиялық дүниесімен де байланысты. Мұндай қасиет таңбалардың басқа жүйелерінде, мысалы, транспорт (автомобиль, темір жол, су жолы) сигнализациясында жоқ.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет