Тілдің таңбалық табиғаты сөз етілгенде, сөздің дыбыстық жамылғышы мен оның (сөздің) семантикасының өзара қатысының сипаты еске алынады.
Тілдің таңбалық сипаты туралы мәселе сөздің лексикалық мәнімен тығыз байланысты. Ф. де Соссюрдіңпікірі бойынша, сөздің екі жағы бар: оның бірі - таңбалаушы (означающее), екіншісі - таңбаланушы (означаемое). Таңбалаушы - сыртқы жақ, ол – дыбыстардың тіркесі, кешені (комплекс). Таңбаланушы- ішкі жақ, ол - ұғым, мазмұн.
Ф. де Соссюр сөздің осы екі қырын еш уақытта бірінен бірін жеке бөліп қарауға болмайды, олар бір-біріне байланысты шыққан деп есептейді. Бұның қайшы пікір екендігі, таңбалаушы мен таңбаланушының арасындағы қатынастың бөлінбейтін біртұтас еместігі кейіннен анықталды. Бұл байланыстың (таңбалаушы мен таңбаланушы) бір жақты, шартты ғана екендігі жөнінде А. Ельмслевте өз еңбектерінде көрсетеді.
Тілдің таңбалық сипаты сөйлесімді құрайтын элементтердің жиынтығына (морфема, сөз, сөз тіркесі, сөйлем т.б.) және тілдік тұлғалардың кұрылысына байланысты. Тілдегі таңбалық қызметті осы сөздердің дыбыстық жамылғышы атқарады. Дыбыстық таңбалардың бәрі бірігіп келіп бір жүйе – таңбалар жүйесін құрайды. Бірақ тілдегі таңбалық бөлшектердің жүйесін таңбалардың басқа түрлерімен, мысалы, жол бойы белгілерінің жүйесімен, цифрлар жүйесімен немесе әскери сигналдар жүйесімен бірдей деп есептеуге болмайды. Олардың арасында көп айырмашылықтар бар.
Тіл – ойды білдірудің, пікір алысудың, адамдар арасындағы қатынастың кең көлемде қолданылатын күрделі құралы. Оны адамдар өмірдің, іс-әрекеттің барлық саласында қолданады. Басқа таңбалар жүйесінің қолдану өрісі тілге қарағанда әлдеқайда тар, хабарлау мүмкіндігі анағұрлым аз болады. Бұл – бір.
Екіншіден, тілдің көптеген басқа таңбалар жүйесінен айырмашылығы сол: тіл мазмұнды ғана білдіріп қоймайды, сонымен бірге адамдардың хабарланатын жайға қатысын, қалай қарайтынын, ұнатуын немесе ұнатпауын, эмоциясын т.б., оның түрлерін білдіреді. Стилистикалық синонимдер сөздердің эмоциональды және экспрессивті сапасына негізделеді. Мысалы, «қуаныш» дегеннен гөрі «шаттық», «қайғыру» дегеннен «зар жылау/қағу», «мұңаю» дегеннің эмоциональды-экспрессивті жағы күштірек. Сондай-ақ «жарық» дегеннен гөрі «сәуле» дегеннің эмоциялық бояуы қалыңырақ, экспрессивті қызметі күштірек болса, «сәуле» дегеннен гөрі «нұр» дегеннің эмоциональды-экспрессивті реңкі әлдеқайда басым. Сондықтан оларды бейнелеуіш құралы ретінде пайдаланады. Тіл, сөйтіп, логикалық ойлаумен ғана емес, сонымен бірге адамдардың психологиялық дүниесімен де байланысты. Мұндай қасиет таңбалардың басқа жүйелерінде, мысалы, транспорт (автомобиль, темір жол, су жолы) сигнализациясында жоқ.