Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар
Ауызша аударманың түрлері қандай?
Кезекті немесе ауызша дәйекті аударма дегеніміз не?
Ауызша дәйекті аударманың ілеспелі аудармадан айырмашылығы қандай?
Тақырып №79/80. Аударма кезіндегі сөз тәртібін таңдау
Мазмұны:
Тавтология және оның мәтінде орын алуы
Плеоназмның қолданылу жайлары
Сөздерді дұрыс, орынды қолдану
Редакциялау және түзету ықпалы
Аударма мәтінінің түпнұсқалық негізі
Шығармадағы көпсөзділік
Суреткердің ұлттық, дербес қайталанбас өзгешелігі, талант деңгейі, шығармашылық ізденіс, шеберлігі туындының жоғары көркем мазмұнында, биік идеясында ғана емес, әсерлі, әдемі, мәнерлі баяндалуында. Шығарманың мазмұндалу, баяндалу ерекшелігі – автордың сөз саптау тәсілінде, стильдік қолданысында. Аудармашы туындының басқа елде, басқа тілде қайта мазмұндалуына аса жауапты. Кітаптың екінші елдегі тұрлаулы тағдыры, ұзақ жасауы аудармашының азапты еңбегіне, шеберлігіне байланысты. Аудармашы түпнұсқада айтылған ойды ғана емес, әр сөздің мағынасын жеткізуге жауапты. Аударма – шығарманы барлық көркемдік мазмұнымен, құрылымдық элементтерімен қайта жеткізу ғана емес, жазушының жандүниесімен сырласып, өз тілінде қайта жазып шығу.
Аудармада мәтін мағынасының дәлдігіне, көркемдігіне жетуде тілдік құралдарды үнемді, орынды қолдану керек. Аударма тілінде түпұсқалық мәтіннің мағынасына толық сәйкестікке жету үшін сөздерді сұрыптап, саралап пайдаланады. Мұның өзі сөздік қордың байлығымен байланысты. Жазбаша және көркем аударма үдерісінде іс жүзінде аударманың бірлігі жекелеген сөз немесе сөз тіркестері, сипаттамалары тұтас бір сөйлем және абзац және тұтастай аударма мәтін бола алады. Көркем шығарма мәтіні аудармасында (әңгіме, роман немесе пьеса) онда әр сөздің, әрбір қағытпаның (репликаның), әр сөйлемнің аудармасы автордың көркемдік-идеялық ұстанымына ойына, дербес стиліне, сөз саптау ерекшелігіне, интонациясына, баяндаудың тұтастай және жекелеген бөліктерінің ырғақтық, әуездігіне, кейіпкерлердің сөйлеу мәнерінің құрылымдық жүйесіне байланысты жасалады.
Көпсөзділік сөйлем мағынасын күшейте алмайды. Керісінше мәтінде не айтылғанын түсінуге қиындық туғызады. Кейде сөйлемде өзін-өзін ақтай алмайтын, сөйлем мағынасында ешқандай рөл атқармайтын, оқшуланып қалған сөздер ұшырасады. Алайда қысқалылықтың өзі де кейде ойдың айқындылығына кері әсерін тигізетіні бар. Қысқа жазуға дағдылану – жазу өнеріндегі ізденіс пен тәжірибе нәтижесі. А. Филонов: «Шамадан тыс қысқалық та ой айқындылығына нұқсан келтіреді» десе, Квинталиан «Қандай да бір қысқалық сөйлеген сөзден ең қажеттісін алып тастайды» деп дәлелдейді.
Көркем прозада, поэзияда қайталау жиі кездеседі. Белгілі бір сөздердің бір сөйлемде, не абзацта жиі қайталануы бұл ақын-жазушының ойды күшейту немесе бір нәрсеге, жағдайға оқырман назарын аударту ұғымында жұмсалады. Ол ойды күшейтіп, экспрессивтік-эмоциялық қуатын арттыру мағынасында қолданылады. Қайталау – стилдік тәсіл. Стилистикалық қателердің тағы бір белгісі – сөйлемдегі, сөздегі қателерден бөлек, мәтіндегі семантикалық қарама-қайшы сөздердің ұшырасуы.
Сөз қайталауда (анафорада) экспрессивтілік арта түседі. Сөздің түрлі бөліктерінде анафоралық қолданулар эмфатикалық құрылым жасайды. Ал эмфатикалық екпін – бұл бірінен бұрын эмоциональды, ол сезімді білдіруге қызмет етеді. Экспрессивті құралдар басқа тілге аударылғанда айтарлықтай қиындық туғызады. Олардың көпшілігі түпнұсқаның ерекшелігі саналады, мағынаның фондық белгілеріне байланысты және баламасыз бірлікті құрайды.
Әдеби шығарма не публицистикалық мақалада көп жағдайда қажетсіз қайталауларға, сезімдік әсірлеулерге жиі орын беріледі. Бұл автордың сөздік қорының, тіл байлығының жұтаңдығынан, білімінің жеткіліксіздігінен, ой жүйесіздігінен, жазу ісіне дағдыланбағандықтан ұшырасады. Мәтіндегі артық сөз дегеніміз не? Бұл – мәтінде ойды жеткізуге сөйлемде мағыналық жағынан қайталанатын, қажетсіз қолданысқа енген сөздер мен сөз тіркестері. Мысалы, 22 футболшы, спортшы доп тебуге жасыл алаңға шықты. Мұндағы қарайтылып берілген сөздер сөйлемде артық қолданылған. Әйтсе де, кейде жазу өнерінде мұндай қателіктер жиі кездеседі. Тіл білімінде тавтология деп аталатын сөздердің, сөз тіркестерінің ешқандай себепсіз, мақсатсыз қайталануы мәтіннің мағыналық-стилистикалық құрылымын күрделендріп жібереді. Оқуға, ұғынуға ауыр тиеді. Алайда, өзін мағыналық жағынан ақтай алатын тавтологиялар да бар. Мысалы: Қайтадан оралды. Әрі қарай жалғастырды. Тұтастай және толығымен қолданды. Ой ойлады, т.б.
Сөздер адамның алуан сәттік сезімін сипаттайды, таңдану, шаттану, мақтану, сезімін білдіру, еркелеу, қалжыңдау, әзілдеу, мысқылдау, кемсіту, алдау, жек көру, үрейлендіру, т.б. Плеоназм – біріңғай немесе мағыналық жағынан жақын сөздердің орынсыз қайталануы. Сөздердің мағынасын толықтыруға пайдасы жоқ сөздердің қайталануы. Әдебиеттану ғылымында бір топ синонимді бір сөйлемде, не өлең жолдарында түйдектете тұтас қолдану плеоназм деп аталады. Плеоназмның жиі кездесуі – ойды дәл жеткізуге кедергі келтіреді.
Тавтология – грек сөзінен шыққан. Tautologia – tauto – соның өзі – logos – сөз, демек, сол сөздің қайта жеткізілуі ұғымын береді. Немесе сөздердің мағыналық сыңарларының қайталанып келуі.
Сөз мағынасының дыбыстық құрылымы бойынша біркелкі сөздердің орынсыз қайталануы – тавтология деп аталады. Мысалы: кәрі қарт, шынайы шындық, балғын сәби.
Тавтология өте сирек лексикалық қателік, алайда оның өзі де әдеби шығармаларда, аудармаларда, баспасөзде кездеседі. Мысалы: сый сыйлады.
Стилистикалық жағынан дұрыс қолданылмаған тавтология жазу мәдениетін бүлдіреді, сөйлемдегі сөздердің әсерін кемітеді. Бұл автордың не аудармашының сөздік қорының жұтаңдығын әрі үнемі жаттанды сөздерге, тіркестерге дағдыланғанын көрсетеді.
Өзара мағыналас сөздердің қатар орналасуы салдарынан немесе бір сөздердің сөйлемде негізсіз біреше қайталануынан жасалады. Тавтологияның 2 түрі бар: 1) мағынасы және дыбысталуы жағынан өзара жақын, яғни бір түрлі сөздер немесе бір сөздің негізсіз бірнеше қайталануы; 2) мағынасы жағынан жақын, бірақ дыбысталуы бойынша әртүрлі сөздердің қайталануы.
Мысалы, сірікіреп нөсер жауын жауып тұр. Тавтология әсіресе фольклорда сезімдік, тебіреністік ықпал ету мақсатында қолданылған. Ерте, ерте, ерте де, күндердің бір күнінде, т.б. Бір ғана әрі басқа сөзді мақсатты, саналы түрде қайталау шешендік сөз сөйлеу ерекшелігі. Алайда кейде бір сөзді сөйлем сайын қайталау, кейде тіпті үстемелете айта беру тыңдаушыны мезі етеді. Публицистикада әрі аудармада тавтологиядан аулақ болған жөн.
Тавтология бір түбірдегі сөздің бөгде сөзбен бірігуінен жасалады. Тавтология қажетсіз қайталауға ұшырайды, мұның өзі стильдегі мазмұндауға ғана емес, сөздің мазмұнына да кері ықпалын тигізеді. Сөздің мағыналық жағынан өзін ақтай алмайтын артығы, қатарласа қолданылатын екі не үш сөздің бір ғана мағынаға теліну. Өмірсүйгіш ақын. Жасырын тавтология. Егін орағындағы тұсаукесер (дебют),Комедияның ерекше эталоны.
Бірақ тавтология әркез стилистикалық қате болып табылмайды. Кейде сөздің шынайылығын арттыру мақсатындағы стильдік ретінде қолданылады. Тавтологиялық қайталаулар: Күштіден де күштіміз. Әдемінің әдемісі-ақ екен. Шебердің шебері бар т.б. Сөздің үнемі қайталанып кетуінен құтқаратын тәсіл - синонимдерді қолдану. Сонымен мәтіндегі негізгі қателер мыналар: логикалық, лексикалық, грамматикалық, стилистік, синтаксистік және пунктуациялық.
Түпнұсқада кездесетін тавтологияны аудармада қайталау қажет емес. Тәжірибелі аудармашылар, не редакторлар түпнұсқа мен аударманы салыстыру барысында сөздің қажетсіз қолданылғанын аңғарып, бірден стилистикалық түзету жасайды. Кейде түпнұсқадағы мақсатты қолданылған қайталауды үстемелеу стильді әрлеу емес, керісінше дұрыс мәтінді бұрмалау.
Достарыңызбен бөлісу: |