Стиль – латын сөзі, қазақ тіліне аударғанда «жазу мәнері» дегенді білдіреді.
Стилистика – тілдің қолданылу заңдылықтарын зерттейтін ғылым, ол тілдік белгілердің дұрыс қолданылу нормасын көздейді.
Қазақ тлініде қалыптасқан бірнеше әдеби тіл стильдері бар, олар:
ауызекі сөйлеу стилі (ауызекі тұрмыстық және ауызекі ресми)
көркем-әдебиет стилі (поэзиялық ,прозалық және драмалық)
публицистикалық (көсемсөз) стиль (баспасөз, теледидар, радио, интернет журналистикасы, мақалалар мен очерктер)
ресми іс қағаздар стилі (ресми іс қағаздарының түрлері, заң шығарушылық құжаттар, дипломатиялық және әскери құжаттар)
ғылыми стиль (ғылыми-көпшілік және ғылыми-монографиялық, ғылыми-оқулықтардың жазылу тілдері)
Кеңселік іс қағаздар тілінің ерекшеліктері мәселесін талдамас бұрын, ең алдымен оның тілдік тұрғыдан бастыдеңгейі мен жүйесін нақтылап алған жөн. Бұл ретте, аталған тілдік мәселелерге қатысты жиі қолданылатын термин – ресми-іскерлік стиль деп аталады. Ресми-іскерлік стиль деп ресми қатынастар, басқару мен құқықтық қарым-қатынастар салаларында қолданылатын сөйлеудің тілдесім ортасы, тілдің функционалды стилі аталады. Аталмыш салаға халықаралық қатынастар, заңнамалық құжаттамалар, экономика; әскери салаға қатысты құжаттар, жарнама, ресми мекемелердегі тілдесім, үкімет қызметі және т.б. жатқызылады.
Оның негізгі кішірігім стильдеріне мыналардың қатысы бар:
- заңнамалық (мемлекеттің басқару саласында қолданылады);
- әкімшілік-кеңселік (мекеме құжаттары мен жеке іскери қағаздардың жүргізілуі);
- дипломатиялық (үкімет пен дипломаттар арасындағы қатынастардың халықаралық деңгейдегі сипаты).
Тіл білімі терминдерінің түсіндірме сөздігінде оған төмендегідей анықтама келтірілген: «Ресми тіл (лат. officialis) (лауазымды) – белгілі бір территорияда мемлекеттік заңдар, қаулы-қарарлар мен іс-қағаздарында қолданылатын құқықтық мәртебесі бар тіл. Ресми тіл мәселесінің шешілуі барлық елдерде бірдей емес. Көп ұлтты мемлекеттердің (Үндістан, Канада, Швейцария т.б.) конституцияларында қай тілге ресми тіл мәртебесі берілетіні көрсетіліп отырады. Кейбір мемлекеттерде (Азия, Африка елдерінде) жергілікті ұлттық тілмен қатар бұрынғы метрополия тілдері (ағылшын, француз, испан т.б.) ресми тіл болып қабылданған. Кейбір мемлекеттерде (Ресейде т.б.) ресми тіл мен мемлекеттік тіл ұғымдары бір-бірімен сәйкес келіп, ауысып қолданыла береді. Бірақ оларды бірдей деп қарауға болмайды. Мемлекеттік тіл – қоғамдық, саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдениеттік т.б. салаларда кең қолданылатын тіл. Ал ресми тіл қолданылу аясы негізінен ресми қатынастар шегінен аспайды. Қазақстан Республикасы Конституциясында қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ресми тіл болып қабылданған. 1997 ж. 11 шілдедегі «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» Заңның 5-бабында мемлекеттік ұйымдар мен өзін-өзі басқаратын жергілікті органдарда қазақ тілімен қатар орыс тілі ресми қолданылатыны айтылған. Қазақстанда құжаттар қазақ тілінде де, орыс тілінде де жүргізіледі» [1, 263-264 бб.].
Ал, «ресми-іскерлік стилі» термині «функционалдық стильдер» қатарында қарастырылып, оған мынадай анықтама берілген: «Функционалдық стильдер – белгілі бір елеулі әлеуметтік салада адамдардың қоғамдық-сөйлеу тәжірибесі нәтижесінде қалыптасқан әдеби тілдің түрі. Функционалдық стильдің тууы тілдің қызметімен, атап айтқанда, оның қарым-қатынас жасаудағы, бір нәрсе жайында хабарлаудағы және адамдардың санасына ықпал етудегі қызметімен және осы қызметтің үнемі кеңейіп отыруымен байланысты. Бұдан басқа функционалдық стильдің тууына қоғамдық сана, әлеуметтік қарым-қатынас, өндірістер сияқты тілден тыс факторлар әсер ететін мемлекеттік орындарда, ресми не жеке адамдардың сөздері (автор сөзі) мен олардың тыңдаушылары арасындағы қарым-қатынас та маңызды рөл атқарады. Функционалдық стиль тіл дамуының әр дәуірінде әлеуметтік, тарихи сипаты өзгеріп отыратын категория болып табылады. Функционалдық стиль ауызша және жазбаша түрде дамиды, оның ерекшеліктері лексика, фразеология, сөзжасам, грамматика, фонетика салаларынан, эмоционалды-экспрессивті сөздерден көрінеді.