1.5 Шаруашылықтағы індеттанулық талдау мен бақылау Індеттанудың негізгі зерттеу әдісі. Жұқпалы ауру байқалған сәтте індеттанулық талдау арқылы ауруға балау қою мен қатар індеттанулық балау қойылады. Ауруға балау қою дегеніміз (нозологиялық балау) кай ауру екенің анықтау болса (мысалы, аусыл, немесе топалаң), індеттанулық балау-байқалған жұқпалы ауруға індеттану тұрғысынан толық сипаттама беру болып табылады. Яғни індет тізбегінің әрбір буынын, індет ошағының ерекшеліктерін анықтайды. Бұл әдіс арқылы аурудың себептері, таралу жолдары індет ошағының қалыпты жағдайлары айқындалады. Осындай талдау жүргізу барысында клиникалық, паталогоанатомиялық, бактериологиялық, вирусологиялық, серологиялық, аллергологиялық зерттеулер жүргізіледі. Барлық алынған мәліметтер індеттанулық талдау актісінде қортындалады. Соған сүйеніп індетке қарсы шаралар белгіленеді.
Індеттанулық талдау мен бақылау жұқпалы ауру байқалған кезде ғана емес, бұрын жұқпалы аурудан таза емес шаруашылықта да, жұқпалы аурудан таза шаруашылықта жүргізіледі. Бұндай зерттеудің мақсаты аурудан таза емес шаруашылықта жүргізілген індетке қарсы сауықтыру шараларының нәтижелілігін анықтау болса, аурудан таза шаруашылықта сақтық шараларына баға беру.
Салыстырмалы тарихи сипаттау белгілі бір жұқпалы аурудың бұрын-соңды байқалуын анықтайды, бұрынғы болған жұқпалы аурулардың қазіргі індеттік жағдай әсерін зерттейді. Жұқпалы аурулар туралы өткендегі деректерді мынандай ақпар көздерінен алады: ауырған жануарларды тіркеу журналы (№ 1 форма), індетке қарсы шараларды тіркеу журналы (№ 2 форма), ауданның індет ақуалын тіркейтін журнал (№3 форма), актілер, есеп-қисаптар мен ресми статистика материалдары. Аталған құжаттарды пайдалана отырып ретроспективалық (өткендегіні) талдау жасалынады. Оның нәтижесінде аурудың динамикасы, маусымдылығы, кезенділігі анықталынады. Жалпы алғанда салыстырмалы тарихи сипаттау — індеттік ақуалға уақыт тұрғысынан хронологиялық талдау жасау болып табылады.
Салыстырмалы географиялық сипаттау аурудың таралу ауқымын және індет ошағын қалыптасуына әсер ететін табиғи ландшафтық факторларды зерттейді. Нәтижесінде жұқпалы аурулардың белгілі бір әкімшілік аймақта (аудан, облыс), тексерілетін территорияның табиғи белдеулерінде таралуы туралы тұжырым жасалады. Салыстырмалы географиялық сипаттауды іске асыру үшін, сол территорияның індеттік картасы нозогеографиялық картасы пайданылады. Індеттік картада жұқпалы аурулардың әрқайсысының байқалған жерлері белгіленеді де (картада қазба байлықтарын белгілеген тәрізді), нозогеографиялық картада нақтылы бір аурудың таралу шекаралары көрсетіледі. Аурудың таралған аймағын нозоареал деп атайды. Осындай зерттеулер жұқпалы ауруды таралуына картографиялық талдау жасау болып табылады. Соңымен саластырмалы географиялық сипаттау арқылы белгілі бір аурудың кеңістіктегі моделі жасалынады.
Індеттанулық эксперимент — тәжірибе ретінде қолдан жұқтыру арқылы жануарларды арасында жұқпалы ауру таратып, індет процесіне бақылау жасау. Бұл бір ғана жануарға ауруды жұқтырып биологиялық сынама (биопроба) емес, ауруды жасанды түрде жануарлардың арасында тарату. Бұндай тәжірибенің індеттану ғылымына індетті таралуы туралы аса құнды мол мәліметтер беретіндігі даусыз. Індеттанулық эксперимент жасанды індет ошағында, аурудың одан тысқары тарап кетпеуін мұқият қадағалаған жағдайда өткізіледі. Бірақта бұл әдісті іс жүзінде пайдалану мүмкін бола бермейді. Соңдықтанда практикада бұндай эксперименттен гөрі экономикалық шығын келтірмейтін қоршаған ортаға қауіпсіз математикалық моделдеу мен індеттанулық болжам қолданылады.
Математикалық моделдеу деп абстракциялық жолмен індет процесінің әртүрлі көрсеткіштері арқылы індет процесінің моделін жасауды айтады. Індет процесінің математикалық моделі уақыттық және кеңістіктік деп екі түрге бөлінеді. Індет процесінің уақыттық (хронологиялық немесе динамикалық) моделі, індеттің басталу, даму, аяқталу кезеңдерін қарастырады. Кеңістіктік модель болса, ол індеттің жайылу ауқымын анықтауға бағытталады.
Індеттанулық болжау — індет процесінің пайда болуына, өршу кезеңдеріне ғылыми прогноз беру. Нақтылы жұқпалы аурудың табиғаты туралы ғылымға белгілі мағлұматтарды осы аурудың белгілі бір территорияда пайда болуына ықпал ететін табиғат пен шаруашылық жағдайларын ескере отырып індеттанулық болжам жасалады.
Болжамның қысқа, орта және ұзақ мерзімді түрлері болады. Қысқа мерзімді болжам жыл маусымдарына байланысты індеттік жағдайдың өзгеруін қамтиды. Бұндай болжам маусымдық ауруларға қатысты жасалынады да, оның негізінде жыл маусымдарына байланысты малды ветеринариялық домдау, ауру қоздырушыларын тасымалдаушылармен күрес шаралары жүргізіледі. Орта мерзімді болжам бір жыл уақытты қамтиды да оның негізінде індетке қарсы шаралардың жылдық жоспары жасалады. Ұзақ мерзімді немесе көп жылдық болжам табиғи ошақты немесе созылмалы ауруларға қатысты жасалынады. Індеттанулық болжамның дұрыс болуы үшін екі бірдей шарттың сақталуы керек. Біріншіден, аурудың табиғаты мейлінше терең зерттеліп, ол туралы ғылыми мағлұматтар толық болуы шарт. Екіншіден, ветеринариялық есеп-қисап жұмысы дұрыс жолға қойылып, статистикалық көрсеткіштерде қате болмауға тиіс.
Күнделікті практикалық қажеттікті өтеу үшін жан-жақты математикалық модель мен індеттанулық болжам болмаған жагғайдың өзінде де індет жағдайын статистикалық талдау арқылы қолда бар мәліметтерді бір жүйеге түсіріп індетке қарсы шараларды жоспарлау мен ұйымдастыру ісін нақтылап отыру қажет. Жоғарыда қарастырылған әдістер індеттанудың өзіне қатысты болып табылады. Осы ғылымның екінші бір саласы «Жұқпалы аурулар» курсына келетін болсақ, оның өзіндік әдістері ауруды балау, емдеу және дауалауға байланысты, үш топқа бөлінеді.
Жұқпалы ауруларды балау әдістері: індеттанулық, клиникалық, патологоанатомиялық, бактериологиялиқ, вирусологиялық, серологиялық, аллергиялық болып бөлінеді. Емдеу әдістері этиотроптық және симптоматикалық болып бөлінеді. Этиотроптық емдеуге өзіне тән және өзіне тән емес әдістер жатады. Дауалау әдістері де өзіне тән және өзіне тән емес болып келеді.
Індеттану курсында карастырылатын ветеринариялық санитарияның негізгі әдістері: дезинфекция, дезинсекция және дератизация. Балау, емдеу, дауалау және ветеринариялық санитария әдістері келесі тарауларда жан-жақты қарастырылады [1,2,4,6].