Хат жазысу. Шәкірт пен ұстаз, шәкірт пен шәкірт арасында
терең байланыс орнатуға, түсіністікке, достық қарым-қатынасқа
тәрбиелейді. Баланың креативті-шығармашылық мүмкіндіктерін
ашады. Бұл – бұрынғы қазақ өмірінде адамның адамға деген
сезімін, сағынышын, сыйластығын, парасатын жариялаудың бір
формасы ретінде кеңінен орын алған дәстүр болғанымен, қазіргі
жастар ортасында ұмытып бара жатқан өнер.
Практикалық-бейнелеу. Әсіресе әдебиет сабақтарында
көркем мәтінді сахналандырып отыру. Бұл әдіс сандық түсініктен
сапалы түсінікке әкеледі. Көркемөнерге, шығармашылыққа
тәрбиелейді. Көркем бейнелер арқылы оқыту бала қиялын
дамытады. Жан сезіміне әсер етіп, рухтандырады. Бұл сабақтарға:
пән мұғалімі, драма жетекшісі, музыка, қол өнері мен бейнелеу
өнері мұғалімдері бірдей қатысады.
Музыка – мектеп өмірінде негізгі мәнге ие. Үзіліс,
практикалық-бейнелеу сабақтары, жалпы сабақтар музыкамен
тығыз байланыста болады. Баланың ашылуына көмектеседі.