29
жақсы оқитын, өзі пысық бір әйел көзі жалтылдап: «Жұмысына
барып айтып, тәртіпке салу керек. Оны мен-ақ алайын мойныма!
Біз келгенде, ол неге келмейді?» – деді айқайлап. Сөйтіп, ата-
аналардың өзі бірін-бірі «коллективтік тәрбиемен» түзейтін
болған соң, мұғалімнің ашуы біраз жеңілдеп қалды.
– Қойыңыздар, шешесінің жазығы не? – деді бір дауыс.
– Олай болса, маған телефонын беріңізші, күнде звандап
мазасын алайын! – деді әлгі әйел ызаланып. Өзі кластағы ата-
аналар ұжымының мүшесі, айтқанын орындатпай қоятын түрі
жоқ.
Мұғалім екеуі еңкейісіп, өзара сөйлесіп кетті.
Жиналысқа келмеген «кінәлі» әйелдің бір-екі күннен соң
мектеп алдынан аулақтау бір ұзын үстелде отырғанын көрдім.
Жұрттан оңашаланып, жападан-жалғыз отырысы өкпесі бар
адамдай, аяныш туғызады. Қарапайым, арықшалау, менің
жасымдағы әйел. Қараңғы ерте түсетін болған соң, баласын
сабақтан алып қайтуға келіпті. Амандасқан соң:
– Жиналыс болды ма? – деді әлсіз ғана. – Белгілі ғой не
айтатыны... Баламды не қыларымды білмей мен жүрмін.
Көршідегі Сергей дейтін бетімен кеткен ересек балаға еріп,
біреудің үйіне түсіпті. Аналар магнитофон ұрлаған. Менің
баламды сыртқа қарауылдатып қойған. Қорқытып ілестірді ме,
қайдам? Сотқа берсе, не боламыз?.. Әйел ішкі өксігін білдіргісі
келмей, жөтеліп қойды.
– Өзім көп жыл сылақшы болып істеп едім. Таңертең кетіп,
кешке бір-ақ келесің. Айлығы жақсы. Бірақ баламның бетімен
кететін түрі бар. Бір апта болды, кезекшілік жұмысқа ауыстым.
Кезекші болатын күні баламды қасыма алып аламын. Әйтеуір көз
алдымда. Енді қалай күн көретінімізді қайдам, айлығы тым аз.
– Көмектесетін әке-шешең жоқ па еді?
– Әкем жоқ, шешем ауру. Өзім Семейден оқу іздеп келіп, түсе
алмай, құрылысқа тұрғанмын. Тырбанып, он бес жылда әрең бір
бөлмелі үйге қолым жетіп еді. Елге қайтып баруға намыс
жібермеді. Жалғыз бастымын.
Әйелге не деп ақыл айтарымды білмедім. Қалай жұбатарсың?
Қайырымсыз қалада қысылғанша, етек-жеңі кеңірек ағайын
30
арасына кеткені дұрыс па? Осы кезде мектеп есігі лап етіп
ашылып, балалар бірін-бірі бастырмалата жүгіріп шыға бастады.
Жанымызға секпіл бет сары бала жақындап келді. Әркімнен бір
түрткі көрген сары күшіктей сенімсіз қарап, күтпеген ұрыс қай
жағымнан шығып қалады дегендей, іштей дайындықпен томаға-
тұйықтанып алған. Көңілсіз тіршілікке үйренген қалпы бар.
Аздан соң жанымдағы әйел маңдайына басқан жалғыз сүйенішін
ертіп, алыстай-алыстай қыбырлап, қараңғылыққа кіріп кетті. Ол
екеуде уайым көп, үміт аз.
٭ ٭ ٭
Не балаға, не ата-анаға пайдасыз әлгіндей жиналыстар керек
пе?
Достарыңызбен бөлісу: