Грамматология (гр. gramma — жазу, гр. logos — ұғым, ілім) — жазу туралы ғылым. Жазудын кейбір түрлері жанама түрде ғана тілмен байланысты болғандыктан, Грамматология тұтас калпында тіл біліміне кірмейді.
Грамматология – жазу туралы, жазу жүйесі туралы, жазудың генеологиялық тарихы мен даму жолдары, мәдениеттегі жазудың рөлі мен орнын саралайтын тіл білімінің бір саласы. Бұл саланы алғаш жүйелеп, ғылыми тұрғыдан негіздеген америкалық ғалым И. Е. Гельб. Ол «Опыт изучения письма (основы грамматологии)» атты зерттеуінде алғаш «грамматология» терім сөзін қолдана отырып, адамзаттың жазу тарихына терең талдау жасайды.
Қазақтың төл жазуы деген түсінікті А. Байтұрсынұлы еңбектерінен кейін қолдануға мүмкіндік туды. Өйткені қазақ сөзінің өзіне тән айтылым, жазылым ерекшеліктері мен сипаты осы еңбекте жан-жақты анықталып, грамматология ғылымы талап ететін заңдылықтарға басты көңіл бөлініп, негізгі ғылыми жауабы берілді.
Кешеге дейін жазылған ғылыми әдебиеттерде көшпенді қазақ халқының мәдениеттен, соның ішінде жазу мәдениетінен кейін қалып, кешеуілдеп дамығаны тілге тиек етілетіні жасырын емес. Ал ХХ ғасыр басында жазылған Ақымет Байтұрсынұлы жазған еңбектерде қазақ жазуының жүйесі талданып, төте жазу ұсынылып, оның грамматологиялық табиғаты ашылғанын көрсету арқылы қазақ мәдениетінде жазу туралы ғылыми зерттеулердің болғанын, оның кеңестік саясатпен тұншықтырылғанын нақты деректер арқылы таныта аламыз. Тек әліпбидің жайы мен емлелердің мәні жөнінде ғана Ақымет Байтұрсынұлының жиырма шақты ғылыми мақаласы бар. Мұнда жазылған мәселелер өзінің ғылыми сипаты жағынан әртүрлі болып келеді. Заманындағы айтыс-тартыстарға жауап ретінде, елге түсіндіру мақсатында жазылған ғылыми еңбектің бүгінде де өзектілігі бар. Қазақ ғылымында қазірге дейін шешілмей, үлкен полемика туғызып отырған жазу, жазу ауыстыру мәселесі сол Ақымет көтерген және жауап берген деңгейден жоғары аса алмаған.
Ғалым зерттеулерінде әліпбидің жалпы ғылыми теориялық мәселелеріне қатысты да өз пайымдауларын айтып отырады. Мәселенки, «жақсы әліпбидің сыпатын таныту» үшін, оның төрт түрлі қасиетін санамалап көрсетіп, түрік әліпбиіне, латын әліпбиіне қатысты өзінің көзқарасын білдіреді. Бұл көрсетілген талдаулар қазіргі грамматологияда талданып жүрген ғылыми зерттеулердегі қисындардан артық болмаса, кем емес дер едік.
Қорыта айтқанда, Ақымет Байтұрсынұлы түзген әліпбидің Қазақ әліпбиі ретінде, грамматологиялық негізі жүйелі зерттелгендіктен, қазіргі таңда да қолданыста бар болғандықтан да, әлемдік деңгейде жазу ғылымы тарихынан орын алуы керек. Ал қазақ тіл білімінде жазу ғылымының (грамматологияның) негізін қалаған А. Байтұрсынұлы екені даусыз шындық.