5.2 Балалар ұжымын ұйымдастырудың негізгі қызметі және мәні
Жоспар:
Ұжымның даму кезеңдері. Мектептегі тәрбие ұжымының құрылымы. Ұжымдағы белсенділер тобы – ұжымды нығайту орталығы. Ұжымның қоғамдық пікірді қалыптастыруы. Оқушылар ұжымының түрлері. Түрлі жастағы балалар ұжымымен сабақтан тыс жұмыс жүргізу.
Негізгі түсініктер: тәрбие ұжымы, балалар ұжымы, ұжымшылдық, педагогикалық қарым-қатынас мәдениеті, гуманистік педагогика.
Ұжымның даму кезеңдері. Педагог оқушылар тобындағы жағдайды аңғара білуі тиіс. Оқушылар ұжымын қалыптастыру жұмысы үнемі үздіксіз жүргізіліп отыруы қажет. Ұжымының күнделікті дамып жетіліп отыруы, жеке тұлғаның қалыптасуына барынша ықпал етеді. Сондықтан да тәрбиеші ұжымның тәрбиелік деңгейін арттыруды көздеп, дамытып отыруы абзал. А.С.Макаренко ұжымның қалыптасуын үш кезеңге бөледі.
Бірінші кезеңде топтағы балаларға талапты тек педагог қана қойып, олардың әрекеттері мен қылықтарын реттейді. Бұл кезеңде топ мүшелерінің нақты жауапкершіліктері анықталмағандықтан, сынып өміріне қатынастары бәсеңдік танытады. Топта қоғамдық пікір қалыптасып үлгермегендіктен жеке пікірлер орын алады. Топ құрамындағы балалар өзін топтан оқшау сезінеді. Топтың жеке тұлғаға тәрбиелік ықпалы стихиялы түрде болады.
Осылай біріккен балалар тобының қалпын Л.И.Уманскийдің жіктеу типіне қарай номиналды топ деп атауға болады. Мұндай топпен педагогтың тәрбиелік жұмыс жүргізуі күрделі және тәрбиелік нәтижесі төмен. Сондықтан, тәрбиеші оқушыларды түрлі іс-әрекеттер арқылы қызықтырып, топ аралық қатынастарды дамытып, ұяң балаларды мықтылардың жәбірлеуінен қорғап, оқушылар арасынан көмекшілер белгілеп, топпен жұмыс жүргізуді ұйымдастырады.
Екінші кезеңде оқушылар тобының құрылымы анықталып, олардың жауапкершілік міндеттері бөлінеді. Біртіндеп топ ішіндегі оқушылар педагогикалық міндеттерге орай түрлі қарым-қатынасқа түсіп, жолдастық-достық қатынастары нығайып, мұғалімді қолдайтын оқушылар саны артады. Біртіндеп күнделікті оқу-тәрбие процесінде және сынып жиналыстарында, ұжым мүшелерінің қоғамдық пікірі қалыптасады. Топқа ортақ іс-әрекеттерді атқару, олардың қарым-қатынасын дамытып, қоғамдық өмірге қатысуға белсенділіктерін арттырады. Топтың жеке тұлғаға тәрбиелік ықпалы күшейеді. Осыдан бастап, тәрбиеші ұжым жұмысын бір арнаға бұрып, оны нәтижелі ұйымдастыруды көздейді.
Л.И.Уманский балалар бірлестігінің осындай қалпын ассоциациялық, кооперациялық және автономиялық топтар типіне жатқызады.
Тәрбиеші ұжымның бірінші және екінші даму кезеңінде жүргізетін жұмыстарын онан ары жалғастырып, белсенді топтар арқылы олардың өміріне ықпал ете бастайды.
Достарыңызбен бөлісу: |