Үшінші кезеңде педагогтың тікелей басшылығы, сырттай бақылауға алмасып, балалардың өзін-өзі басқаруына мүмкіндіктер жасайды. Топ өздігінен жұмыс жүргізетін деңгейге көтеріледі. Нәтижесінде барлық оқушылар ортақ жауапкершілікті сезініп, әр қайсысы өзіне тапсырылған міндеттерін жауапкершілікпен орындап, күнделікті топ мүддесіне қызмет ету барысында олардың жолдастық-достық қатынастары нығаяды. Сөйтіп, топ жалпы мектеп өміріне қамтылады. Топ мүшелері қоғамдық пікірге бой ұсынып, өз ісіне сын көзбен қарап, оған баға беруді меңгереді. Топтың әр мүшесі ортақ мақсатты атқаруға жұмыла отырып, өз ара қолдау мен достық қатынасты сезінеді. Мұндай жағдайда топтың жеке тұлғаға тәрбиелік ықпалы жоғары болады.
Топ оқушыларының осылай бірігу қалпы ұжым деп аталады. Мұндай ұжымда тәрбиеші белсенді топтар арқылы ұжым жұмысын басқарып, ұжымның жеке тұлғаны дамытып, қалыптастыруына мейілінше жағдай жасайды.
Жеке тұлғаны дамытып, қалыптастыру үшін ортақ мақсатты жүзеге асыруға бағытталған іс - шаралар ұйымдастырылуы шарт.
Бала мектеп табалдырығын аттағаннан бастап, өз қалауымен түрлі ұжымның мүшесі болады. Сынып ұжымына мүше болу үшін қалыптасқан қарым-қатынас ережелеріне бой ұсынады. Ұжым талаптарын орындау оның іс-әрекеттерін жетілдіреді. Ұжымның талаптарын саналы және белсенді түрде орындау, өзіндік ұстанымының дұрыстығын дәлелдеу, өз пікірін ортаға салу, өзгелердің пікірімен санасу тәрізді шешімдер қабылдауы қажет болады. Сонымен ұжым, ұжымдық қарым-қатынас тәжірибесін меңгеруге, кез келген басшылыққа мойын ұсынуға немесе оған байыпты түрде өз пікірін білдіруге тәрбиелейді. Ұжымдық қатынастар баланың азаматтық, ізгілік, өз еркімен іске араласу, жауапкершілік, әлеуметтік әділдік тәрізді әлеуметтік сапаларын қалыптастырады.
Ұжымда әр тәрбиеленуші өз іскерлігі мен қабілетін өзгелерге белсенділікпен көрсете алады. Тәрбиешінің басшылығымен әр ұжым мүшесі атқарған іс-әрекеттерімен құрдастарының қолдауына ие болады. Өзін-өзі бағалау, өзі қол жеткізгісі келетін мақсаттарды белгілеу, өзін құрметтеу, өзін тұлға ретінде сезіну, т.б. тұлғалық сапалар тек ұжымда ғана қалыптасады.
Жеке тұлғаның тұлғалық сапалары: еңбексүйгіштік, құндылық бағдары, этикалық, экономикалық, құқықтық, көркемдік-эстетикалық қырларының ұжымда қалыптасатыны түрлі зерттеулерде дәлелденген.
Ұжым жеке тұлғаның демократиялық өмір принциптерін игеруіне үлкен мүмкіндіктер ашады. Демократиялық принциптер алғашында мектептегі өзін - өзі басқару ісіне араласудан басталып, түрлі қоғамдық өмірдегі іс-әрекеттерді белсенді меңгерумен іске асады. Педагогикалық ұжым қоғамға әлеуметтік сапасы жоғары балалар ұжымымен қатар, жеке тұлғаны қалыптастыруға мүмкіндіктер жасайды.
Мектептегі тәрбие ұжымының құрылымы. Мектепте тәрбие жұмысын тиімді жүргізу үшін балалар ұжымының құрамын білу керек. Тәжірибе көрсеткендей жалпы мектептік ұжым 400-500 оқушыны қамтиды. Жалпы мектеп ұжымы әр оқушыға жеке тәрбиелік ықпал жасамайды. Тәрбиелік ықпал алғашқы ұжымда іс-әрекеттік және тұлғааралық қатынасқа түсу арқылы іске асады.
Оқушылардың мектептегі ұжымдық өмірін ұйымдастыру барысында алғашқы ұжымның алуан түрін қамтып, олардың кейбіреулерін тұрақты, ал кейбіреулерін уақытша қолдану керек.
Алғашқы ұжым атқаратын іс-әрекетіне қарай үш топқа бөлінеді: әр түрлі іс-әрекетке негізделе ұйымдастырылған ұжым, оның құрамында оқуға негізделген ұжым да бар (сынып, жасақ, т.б.); басты іс-әрекет негізінде құрылған ұжымдар (үйірме, секция, клубтар, т.б.); ойын және мекен-жайында басқа да іс-әрекет негізінде ұйымдасқан ұжымдар. Жас ерекшеліктеріне қарай ұжымдар жас шамасы бір мөлшердегі және әр түрлі жастағы балалар ұжымы болып бөлінеді. Мектеп ұжымның тиімді тәрбие жұмысын жүргізуі үшін алғашқы ұжым түрлерін өзара үйлестіре отырып, тәрбиелік міндеттерді шешуді көздеу қажет.
Балалар ұжымы нәтижелі қызмет атқару үшін оны басқарып, үйлестіретін орган болуы тиіс. Ұжымның басты органы болып тәрбиеленушілер жиналысы саналады. Шұғыл тапсырмаларды орындау үшін оқушылар арасынан белсенді топ және староста белгіленеді. Мектептегі іс-шараларды орындау үшін уақытша ұжымдық орган құрылады (кеңестер, штабтар). Олар алғашқы ұжымның тапсырмаларын жоспарлап, жүзеге асыруын басқарып, бақылауы үшін тағайындалған және сайланған ұжым мүшелерінен тұрады