Дәріс 25-26 Құжаттану қосалқы тарихи пән. 2 сағат, 13 апта Құжаттың көмегімен мекеме қызметінде жедел түрде басқару, қаржыландыру, жоспарлау, бухгалтерлік есеп және есеп беру, кадрлармен қамтамасыз ету міндеттерін шешу жүзеге асады. Құжатты жасау құжаттау деп аталады. Мекемеде жасалатын құжаттарды екі топқа бөлуге болады. Бірінші топқа басқару ісінің жалпы мәселелерін қамтитын құжаттар, екінші топқа басқару ісінің қызметтік салалары бойынша жасалатын құжаттар жатады.
Басқару ісінің жалпы мәселелері мекеменің негізгі және жедел қызметін қамтиды. Оның құжатталуы нәтижесінде қалыптасатын құжаттардың жиынтығы жалпы құжаттар деп аталады. Ал мекеменің жеке қызметтерінің салалары арнайы құжаттарда бейнеленеді. Мәселен, бухгалтерлік, статистикалық, жоспарлау құжаттары жүйелерінде.
Басқару процесінде қалыптасқан құжаттар түрлі деңгейдегі, саладағы іс-әрекеттердің іс жүзіне асуын қамтамасыз етеді. Яғни бизнесте өз серіктестеріңмен коммерциялық мәселелерді шешуді, сотта қызметкерлердің еңбек дауларын қарастыруды. Сонымен құжат қандай да шешім қабылдаудың негізі және оның орындалуының дәлелі, әрі негізгі мәселелерді талдау және қорытындылаудың көзі болып саналады.
Ертеде адамдар арасындағы дыбыстық қатынастарға қосымша құрал ретінде пайда болған құжат мыңдаған жылдар уақыт аралығын қамтитын бірнеше күрделі даму кезеңдерінен өтті. Жазу мен жазбаның пайда болуы дыбыстық қатынастарға қосымша, адамның ойлау қызметін ұзақ уақыт бекітіп сақтау мүмкіндігін арттыратын құралды дүниеге әкелді. Дыбыстық қатынас көмегімен тек адамның дауысын естіп, дыбыстың айтылуы барысында ғана қарым-қатынас
жасалады. Ол ақпаратты уақыт және кеңістікте жеткізуде оның сол күйінде сақталып, тұрақтылығын қамтамасыз ете алмады. Уақыт өте жазу мен жазба дыбыстық қарым-қатынасты бейнелеуді міндетіне алып, ондағы ақпаратты жеткізудің басты құралы болып бекіді.
Құжат ұғымының мәні латынша “documentum” – деген сөздің сабақ боларлық үлгі, айғақ деген мағынасын білдіреді. Іс жүзінде “құжат” ұғымы бір-бірімен байланысты бірнеше мағынаны білдіреді. 1. Объективті шындықты және адамның ойлау қызметін түрлі әдістермен (мәтіндік, суретті, дыбыстық және т.б.) құжаттаудың материалдық нәтижесі; 2. Құжатта бейнеленген фактілер, құбылыстар, оқиғалар туралы мәліметтерді сақтау құралы және әдісі; 3. Құжатта бейнеленген түрлі нәрсені куәландыру, растау, нақтылау, сәйкестендірудің құралы және әдісі; 4. Құжаттың заңдық күшіне сәйкес ондағы бейнеленген нәрсенің заңдық тұрғыдан дәлелдеу құралы және әдісі; 5. Құжатта бейнеленген ақпаратты уақыт пен кеңістікте жеткізу құралы; 6. Басқару ісінің және оны құжаттамамен қамтамасыз етудің құралы және әдісі; 7. Тарихи мәліметтердің дерегі. Сондай-ақ құжат мәдени ескерткіш және түрлі әдістермен ақпаратты бейнелейтін материалдық зат та болып табылады.
Құжат жасалу әдістеріне қарамастан объективті шындықты және адамның ойлау қызметінің нәтижелері туралы ақпаратты бейнелеуді мақсат етеді. Сол себепті құжат ақпаратты сақтаудың, жеткізудің негізгі және маңызды құралы. Өзінің дамуы барысында құжат ақпаратты растау, оның шындыққа, заңға сәйкестігін куәландыру құралы ретінде кеңінен қолданылып келеді. Барлық құжаттар қарым-қатынас жасау қызметін атқара отырып, өздерінде бейнелейтін ақпаратты жеткізуге бағытталады. Сондықтан құжаттың басты айғағы – ақпараттың көзі болып табылуында.