ISSN-p 2306-7365
ISSN-e 2664-0686
ЯСАУИ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ХАБАРШЫСЫ
, №3 (121), 2021
166
Есіктің картуштарындағы жазу. Қазақ тіліндегі аудармасы: Пайғамбар, ол кісіге сәлем
болсын, айтты: «Алланың сыйы – қақпасына келіп сұраған момынға [беріледі]» [8, 153-б.].
Есіктің ортаңғы бөлігінде, жарты бағанада куфа қолтаңбасымен парсы тілінде
жазылған құтты болсын жазуы бар. Тақташада гүл жапырақшаларына ұқсатылып
айналдырыла сулс қолтаңбасымен аса шеберлікпен өрнектелген жазуларда Алланың алты
көркем есімі таңбаланған [8, 149-б.].
Есіктің жік жапқышының орта белдеуіндегі жазу. Қазақ тіліндегі аудармасы: Құтты
болсын! Есіктегі екі дөңгелек қола тақташаларындағы жазу. Қазақ тіліндегі аудармасы: Йә,
Рахымды [Алла]! Йә, Пәк [Алла]! Йә, Дәлел [Алла]! Йә, Мейірбан [Алла]! Йә, Міндеттеуші
[Алла]! Йә, Есеп Сұраушы Патша [Алла]! [8, 154–155-б.б.].
Есіктің жоғарғы тұсында екі дөңгелек қола тақташалар (диаметрі – 15 cм) және гүлге
ұқсас сегіз жапырақты кішкене төстігі сақталып, алқаларының (тоқпақшалары) өздері
жоғалған. Деректер бойынша тоқпақшалар қақпа есігінің тоқпақшаларына ұқсас, сондағы
жазулар да қайталанып жазылған [9, 13-б.].
Қақпа есіктегі тоқпақшалар және қабірхана есігіндегі тоқпақша орындарына қарап,
адамның қолы еркін жететін тұстан жоғары тұрғандығын аңғаруға болады. Мұнда да
адамның Алланың құлы, жай пенде екендігіне меңзеген философия жатқанға ұқсайды.
Тоқпақша сөзі шартты түрде алынып отыр, зерттеулерде қабірхана есігіндегі тоқпақшалары
түрлі атаулармен беріліп жүр. Б. Тұяқбаева, М. Тұяқбаев, А. Иванов өз еңбектері мен
мақалаларында «балғаша (балға, молоток)» атауын қолданса, Ә. Муминов, М. Қожа
мақаласында «тоқылдақша» деп жазады. Міржақып Дулатов «болат тұтқа» деп атаса, «Қожа
Ахмет Ясауи кесенесі» кітабының авторлары «алқа» сөзін қолданған.
Қапсырма-есіктің тоқпақшалары болғаны туралы М.Дулатовтың «Қазақ» газетасында
жарияланған мақаласында жазылған. «Есігіндегі шынар ағашы ғалсайып нақышталып, болат
тұтқада (тоқпақша) жазылған жазуда «Газуддин Тәжуддинұғлы» деген шебердің аты бар.
Қазандағы һәм есіктегі жазудың екеуінде мешіттің 1397 жылы салынғандығы көрінеді» [4]
дейді. М. Массон кесененің тарихи екі есігінің де ұстасы Изз-ед-Дин екенін және көлемі
жағынан қақпа есігінің тоқпақшасынан кішілеу ішкі есік тоқпақшаларында жасалу мерзімі
хижра жыл санауымен 797 яғни, 1394/95 екендігі көрсетілгенін жазады [11, 42-б.].
Қабірхана есігінде болған, өзінің көркемдігіне қарай алқа аталған тоқпақшалар 1959
жылы жоғалған. Олардың архитектор А. Гуржиенко 1905 жылы салған суреті Санкт-
Петербугтағы Эрмитажда сақталған. [8, 149-б.]. Суретші Антон Гуржиенко 1905 жылы Орта
және Шығыс Азияны зерттеу жөніндегі Орыс комитетінің Н.И. Веселевский
басшылығындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің өлшемдерін алу үшін экспедициясына
қатысқан болатын. Оның өлшемдеріне дейін сәйкестендіріп үлкен дәлдікпен салған
тоқпақша суреттерін № КС-Ү-375 нөмерімен Эрмитаждың шығыс бөлімінен табуға болады
[12, 106-б.].
Кесененің қақпа есігі мен қабірхана есігіндегі жазулардың сәйкес келетіндігі және екі
есіктің де бір ұстаның қолынан шыққандығы туралы аз жазылған жоқ. Біз ендігі кезекте 1959
жылдан белгісіз жағдайда жоғалды саналатын, кейінгі жарық көрген әдебиеттерде суреттері
жарияланбаған қабірхана есігінің тоқпақшалары мәселесіне келейік.
Башқұрт ағартушылығының өкілі, ғалым, лингвист, аудармашы Бекчурин Мирсалих
Мирсалимович 1872 жылы Қазан қаласында жарық көрген «Түркістан аймағы. Мемлекеттік
кеңесші Бекчуриннің жазбалары» атты жинақтың «Әзірет мешітінің сипаттамасы»
тақырыбындағы мақаласында алғашқылардың бірі болып кесененің қабырғалары мен
босағаларындағы, шамдалардағы, есіктің тұтқаларындағы жылдар мен шеберлердің аты
жазылған арабеск жазуларды, Тайқазандағы және Рабия Сұлтан Бегім мазарындағы
жазуларды аударып жарыққа шығарды [13, 113-б.].
Достарыңызбен бөлісу: