Тұқымдастық ассоциациясы Біз бір нәрсені суреттесек, соған тұқымдас, ұқсас екінші нәрсе бір орында, бір уақытта болмаса да, ана нәрсеге өзі еріп суреттеледі. Тұқымдастық ассоциациясы дегеніміз осы. Тұқымдастық ассоциациясы екі түрлі: 1) ұқсастық ассоциациясы һәм 2) қарсылық (контраст) ассоциациясы.
Ұқсастық ассоциациясы.Біз бір нәрсені суреттесек, соған ұқсас екінші бір нәрсені де суреттейміз. Мысалы, біз бір адамды суреттесек, сол адамымыз пішіні, сөзі, жүріс-тұрысымен біздің бір досымызға ұқсайтын болса, сонда біз мынау досымызды да суреттейміз.
Осы ұқсастық ассоциациясы бойынша оқуды тез һәм жақсы меңгеріп алу үшін оқу материалын концентр қылып құрудың керектігі келіп шығады. Концентр – бір пәнді басқыштап, кеңейтіп оқыту деген сөз.
Қарсылық ассоциациясы. Бір нәрсені суреттегенде соған тіпті ұқсамайтын қарама-қарсы нәрсені суреттеуге болады. Қысты суреттегенде – жазды суреттеу, қараны суреттегенде – ақты суреттеу, байды суреттегенде кедейді суреттеу сықылды. Бұл қарсылық ассоциациясы тұқымдастық ассоциациясына жатады. Себебі біз тұқымы жат екі нәрсені бір-біріне байлай алмаймыз. Суреттегенде, соған қарсы болып, тіпті тұқымы жат екінші нәрсе суреттелмейді. Мысалы, қысты суреттегенде, оған қарсы сиырды суреттемейсің, бәлки жазды суреттейсің. Себебі қыс пен сиырдың тіпті тұқымы басқа.
Балаларды оқытқанда қарсылық ассоциациясының көп пайдасы тиеді. Бір нәрсені балаға ашық ұқтырмақшы болсаң, сол нәрсенің қарама-қарсысын алып кел. Мысалы, балаға жер ортасының ыстығын түсіндірмекші болсаң, солтүстіктің суығымен салыстыр.
Ес (зейін) Ес һәм еске түсіру. Суреттеулерді жанның жоғалтпай сақтай білуі ес деп аталады. Ал енді сақталып тұрған суреттеулерді бұрынғы түрі, бұрынғы ретімен жанның тірілтіп алып келе білуі еске түсіру деп аталады.
Әр адамның есі әр түрлі. Кейбіреулер тез алып, яғни тез жаттап алып, тез ұмытады. Кейбіреулер шабан алады, бірақ тез ұмытпайды. Кейбіреулер тез алады, сонда да ұмытпайды. Адамның білімді болуына, әрине, естің осы төртінші түрі, онан соң үшінші түрі пайдалы.