Баланың суреттеулері. Бір затты дұрыс суреттей алу үшін сол заттан адам жанында көп әсерлену болу шарт. Егер бір заттан бірлі-жарым ғана әсерлену болса, ол уақытта заттың барлық сыны жанда қалмайды. Баланың әсерленулері әлсіз. Бұл – бір. Сыртқы заттармен бала жаңа танысып келеді, яғни балада әсерлену әлі көп болған жоқ. Бұл – екі. Міне, осы себептерден бастапқы кезде баланың суреттеулері дұрыс болмайды. Жас балада бір заттан әсерлену болғанда, заттан түгел әсерлену емес, сол заттың бір балаға жат көрінген сынынан ғана болады. Мысалы, бала қанттан әсерлену алғанда қантты қатты ақ зат деп емес, тура тәтті бір зат деп қана біледі. Сондықтан ол екеуі де тәтті болғандықтан, қант пен кәмпитті айыра алмайды.
Балада дұрыс суреттеу болу үшін оның жанында көп һәм ашық әсерленулер болуы шарт. Сондықтан тәрбиеші баланы көп заттан әсерлендіруге, әсерлендірген соң, дұрыс һәм ашық әсерлендіруге ыждиһат қылу керек.
Суреттеу ассоциациясы Біздің жанымызда сансыз көп суреттеулер бар. Осы суреттеулер қанша көп болғанымен, біз оларды бір-біріне араластырып, жанастырып алмаймыз. Мұның себебі біз суреттеулерді байлам-байлам қылып байлаймыз да, жанымыздың әр түкпіріне тастаймыз. Бізге бір байламның ішіндегі бір суреттеу керек болса, біз сол суреттеулерді алып келеміз. Бұл суреттеу анау өзімен бірге байлаулы тұрған суреттеулерді бірге ала келеді. Міне, осы суреттеулерді бір-біріне байлау суреттеулер ассоциациясы деп аталады. Бірақ суреттеулерді беталдына бір-бірімен байлай беруге болмайды. Байлаудың яғни ассоциацияның белгілі жолдары бар. Олар: 1) жақындық ассоциациясы; 2) тұқымдастық ассоциациясы.
Жақындық ассоциациясы Бір уақытта яки бірінің артынан бірі болған әсерленулерді біз бір байлам қылып тастаймыз. Яғни сол бір уақытта яки бірінің артынан бірі болған әсерленулердің біреуін суреттегенде, сонымен бірге байланған әсерленулер өздері келіп суреттеледі. Жақындық ассоциациясы дегеніміз осы. Жақындық ассоциациясы екі түрлі болады: 1) орында бірлік ассоциациясы һәм 2) уақытта бірлік ассоциациясы.